Владимир Волковтың төрағалық етуімен өткен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында еліміздің қылмыстық-атқару жүйесінің қызметіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Сенат комитетінің төрағасы өзінің кіріспе сөзінде пенитенциарлық жүйеде соңғы жылдары бірқатар оң өзгерістер байқалып отырғанын, сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға, сотталғандарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және түрмедегі өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне, медициналық қызмет көрсетуге байланысты бірқатар өзекті проблемалар әлі де шешілмей келе жатқанын атап өтті.
Ел Президенті "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауында пенитенциарлық мекемелерде жаппай бейнебақылау орнату қажеттігін атап өткен болатын. Сенаторлардың талқысына салынған мәселелердің ішінде осы тақырып та болды.
"Ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы қабылданып жатқан жүйелі шаралар түрмедегілердің санын едәуір азайтуға, жазаларды орындау жүйесін ізгілендіру үшін құқықтық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді", - деді ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев.
Бүгінгі таңда 64 түзеу мекемесінде 25 827 сотталған жазасын өтеп жатыр, 16 тергеу изоляторында 5 805 адам қамауда отыр.
Түрмедегілер санының көп болуына байланысты Қазақстан әлемдегі түрме рейтингі бойынша 100-ші орын алады (тәуелсіздік қарсаңында Қазақстан 100 мыңға жуық тұтқын саны бойынша АҚШ пен Ресейден кейін 3-ші орынға шыққан болатын).
Комитет депутаттары отырыс барысында ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Ж.Ешмағамбетовтың еліміздегі пенитенциарлық жүйенің жай-күйі туралы баяндамасын тыңдады. ҚАЖК басшысы өз сөзінде пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа түрмелер салу жөніндегі қабылданып жатқан шараларға қарамастан көптеген түзеу мекемелеріндегі тозығы жеткен ғимараттар мен құрылыстар әлі де проблема болып отырғанын айта келіп, оны шешу үшін бюджет қаржысын бөлу қажет екеніне депутаттардың назарын аударды.
"Қазір камерада ұстайтын 9 мекеме жұмыс істейді, онда 4 мыңға жуық сотталғандар бар. Жұмыс істеп тұрған ҚАЖ мекемелерінің негізгі қорында өткен ғасырдың 30-70-ші жылдарында барақ үлгісінде салынған ғимараттар мен құрылыстар болып отыр. 42 түзеу мекемесін қайта құру қажет", - деді ҚАЖК төрағасы.
Отырысқа қатысушылар, оның ішінде Бас прокуратура мен "Еңбек" РМК өкілдері мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке инвесторлардың қаражатын тарту, оның ішінде түзеу мекемелерінің өндірістік әлеуетін дамыту, жаппай бейнебақылау орнату мүмкіндігін қамтамасыз етуді талқылады. Сондай-ақ сотталғандарды және тергеу-қамауға алынған адамдарды медициналық тұрғыда қамтамасыз ету функцияларын Ішкі істер министрлігінен алып Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына кезең-кезеңімен беру мәселесі де талқылаудың өзекті тақырыбы болды.
Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты қорытындылай келіп, Қазақстан БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар халықаралық құжаттарына қосылғанын, осы тұрғыда тұтқындарды ұстау жағдайларын қарым-қатынастың ең төменгі стандарттарына жақындату жөнінде қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Одан басқа, ұстау жағдайларын қамтамасыз ету, сотталғандардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау, оларды еңбекпен және сұранысқа ие кәсіби дағдылармен қамтамасыз ету еркіндікке шыққан азаматтарға босатылғаннан кейін қоғамға қайтадан толыққанды кірігуге мүмкіндік береді.
Отырыс нәтижесі бойынша қорытынды дайындалды, ол Үкімет пен мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.