• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛДАУЫ

543 рет
көрсетілді

ЖҰМЫСТЫҢ БӘРІ – ЖОЛДАУДЫҢ АЯСЫНДА Елбасының биылғы Жолдауы алдағы 10 жылдықта атқарылатын жұмыстар ауқымын айқындап бергені мәлім. Жолдауды тұрғындар арасында түсіндіру, оның мән-мағынасын талқылау бойынша ауданымызда сала басшы­ларынан, мәслихат депутаттарынан, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен ақпараттық топтар құрылып, насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеті – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Аудан бойынша бүгінгі күнге 41 адам жұмысқа орналастырылып, 23 жаңа жұмыс орны ашыл­ды. 307 адамды қоғамдық жұмысқа орналас­ты­ру қажет болса, бүгінгі күнге 115 адам жібе­ріл­ді. Республикалық “Жол картасы” бағдар­ла­масы бойынша 120 әлеуметтік жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ал жазасын өтеп келген­дер­ден 5 адам жұмысқа орналастырылды. Жа­за­сын өтеп келгендерді жұмыспен қамту мә­се­лелері Елбасының биылғы жылғы Жолдау­ын­да баса айтылған. Аудандық жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен ішкі істер бөлімі арасында жазасын өтеп келген азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жос­пар жасақталып, тығыз байланыс орнатылған. Жастарды, оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамту бойынша өткен жылы қолға алынған “Дипломмен – ауылға” жобасы өз өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл бағыт бойынша аудан әкімдігінің сайтында (www.chіngіrlau.westkaz.kz) “Дипломмен – ауылға” жобасы ашылып, бос орындар тізімі орналастырылды. Өткен жылы 51 жас маман жұмысқа алынып, біржолғы көтермеақылар берілсе, биыл 20 жас маманды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Алдағы айда Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс­ке 65 жыл толады. Елбасы Жолдауында да ар­дагерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдауға ай­рық­ша маңыз берілген. Жеңістің мерейтойына орай майдангерлерге Үкімет тарапынан 65 мың теңге көлемінде ақша берілетін болса, аудандық бюджеттен жеңіс сарбазының әрқайсысына 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілмек. Сонымен қатар, Жеңіс күні жақындаған сайын соғыс және тыл ардагерлерінің жас ұрпақпен кездесуі жиілеп, патриоттық тәрбие өрістей түсуде. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамуымыздың бағдарын ай­қындағанда, білім беру саласына да айрықша на­зар аударған болатын. Соның ішінде мек­тепке дейінгі тәрбие мен оқыту – алдымызда тұрған үлкен мақсаттардың бірі. Бүгінгі күнге аудан бойынша тоғыз шағын орталық, сегіз ба­ла­бақша мен үш мектеп балабақшасында мек­теп жасына дейінгі 627 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш 83,8 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта аудан орталығында 140 орындық бір балабақша, Қарағаш ауылында 35 орындық бір балабақша ашу жоспарланып отыр. Осы балабақшалар ашылған жағдайда балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамту аудан бойынша 90 %-ды құрайтын болады. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарта түсуге ықпал етері сөзсіз. Бұл сала бойынша ауданда “Жарас”, “Жақып”, “Есен”, “Полтава” секілді агроқұрылымдар ұжымы табысты еңбек етіп келеді. Биыл 28300 гектар жерге жазғы дәнді дақылдар және 3300 гектар алқапқа майлы дақылдар, 161 гектар жерге көкөніс, барлығы 31761 гектар егістік алқапқа көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту бағытында да біраз жұмыс атқарылуда. “Бірлік”, “Төре” шаруа қожалықтары еділбай қойын өсірумен айналысса, “Өнім”, “Төре”, “Жарас”, “Османғалиев” шаруа қожалықтары облыстың мамандандырылған шаруашылықтар тізіміне енді. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын жыл он екі ай бойы көкөніспен қамтуды түбегейлі жақсарту мақсатында бау-бақша саласына көңіл бөліп, жылыжай шаруашылығын жетілдіруді қолға алудамыз. Еліміздің экономикалық әлеуетінің артуы – ішкі саяси тұрақтылықтың кепілі. Елбасының сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде этносаралық татулық салтанат құрып, бұл фактор экономикалық ілгерілеудің берік алғышартына айналды. Демек, айқын мақсат, мерейлі міндет жүктеген Елбасының биылғы Жолдауы Отанымыздың экономикасын дамытып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында бізді жаңа жеңіс-жетістіктерге жігерлендіре бермек. Марат ТОҚЖАНОВ, Шыңғырлау ауданының әкімі. Батыс Қазақстан облысы. БЕЛСЕНДІЛІК – ТИІМДІЛІК БАСТАУЫ Еліміздің “Қазақстан Респуб­ли­касындағы жергілікті мемле­кет­тік басқару және өзін-өзі бас­қару туралы” Заңы қолданысқа енгізіл­ге­лі бері қоғам мүшелері мен оның сан-алуан құрылым­да­ры белсен­ді­лікті ұштай оты­рып, игі істердің ұйытқысы бола білді. Ауданның соңғы жылдары, оның ішінде әлемдік эко­номикалық дағдарыс денде­ген кездің өзінде айрықша сер­пі­ліс­пен алға жылжы­ған­дығы қуан­тады. Біз мұны Пре­зи­дент Нұр­сұл­тан Назар­баевтың “Жаңа онжыл­дық – жаңа эконо­ми­калық өрлеу – Қа­зақ­стан­ның жаңа мүмкін­дік­тері” деп ата­латын биылғы ха­лық­қа Жолдауын­дағы “Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асыр­ған­дықтан, біздің дамуымыз сәтті бол­ды”, деген сөздерімен байла­ныс­тырамыз. Бұл орайда аудандық мәслихат пен депутаттарымыздың өңірлік даму саясатын оңтайлы жүргізуге септік жасағандығын айта кеткен жөн. Ауыл шаруашылығы еңбеккер­ле­рі 2009 жылы 11 миллиард 214 миллион теңге жалпы өнім өнді­ріп, 2008 жылдың көрсеткішін үш есеге арттырды. Ал егістік алқап­тың түсімі гектарына 18,4 цент­нер­ден айналып, бес есеге өсті. Малшы қауымның қарауындағы ірі қара саны 2235 басқа жетіп, тұ­тыну­шы­ларға 636 тонна ет өнімі жөнелтілді. Өңірдегі ең ірі “Қаз­Гер­Құс” фабрикасының құры­лы­сы аяқ­та­лып, жыл ішінде 20 мил­лион дана­ның үстінде жұ­мырт­қа алынды. Ел ішіндегі абыройлы азамат­тар­дан жасақталған депутаттық кор­пус экономика­лық өсу орта­лық­тарын қалып­тас­тыруға негіз­дел­ген жоспар, жобалар­дың іске асы­ры­луы­на күш салуда. Бү­гінгі күні ауданы­мызда қолайлы ин­вес­тициялық жағ­дай орнықты. Мә­се­лен, 2009 жылы негізгі капиталға құйылған қар­жы­ның көлемі 59 пайызға өсті. Осы­ның нәтижесінде 5,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, облыстық үлестің 4,5 пайызын құрап отыр. Мем­ле­кеттік бюджетке түскен салық мөл­шері болжамдық жоспардың 110 пайызын қамтамасыз етті. Аудан бұрын-соңды мұндай көр­сет­кішке қол жеткізбегендігін ес­кер­сек, болашақ күндердің үміт шамы жарқырай түсетініне сенімдіміз. Депутаттар президенттік “Жол картасы” бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруға да белсен­ді­лік­пен атсалысты. Осының арқа­сында 112 әлеуметтік жұмыс орны құрылып, жоғары оқу орнын біті­ріп келген 11 маман жастар тәжі­ри­бесіне тартылды. Былтыр тап­сырылған 32 пәтерлік тұрғын үйге әлеуметтік сала өкілдерінің қоныс­тануы ерекше бақылауда болды. Қазір аудан орталығы ғана емес, шалғай елді мекендерде де кәсіп­керлік қозғалыс жандана түсті. Аудан бойынша орташа еңбек­ақы­ның көлемі 56424 теңгеге жетіп отыр. Демек, бізде “Жол картасы—2020” бағдарламасының да табыс­ты орындалатыны күмәнсіз деп са­наймыз. Бұл аудандық мәсли­хат­тың билік буындарымен ын­ты­мақты, үйлесімді іс-қимылының нәтижесі деп білеміз. Аудандық мәслихаттың ІV шақырылымы кезеңінде 23 сессия шақырылып, көкейкесті 184 мә­се­ле қаралды. Биылғы жылдың үш айының өзінде депутаттар 19 мә­селені талқыға салды. Оның ішін­де халықтың күнделікті сұраны­сын­дағы денсаулық сақтау ісін дамыту, ауыл шаруашылығын өр­кен­дету, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, тарифтер мен салықтық тө­лемдерді реттеу, аудан құры­лы­мына әкімшілік-аумақтық өзге­ріс­тер енгізу, тағы басқа мәселелерді бөлектеп айтуға болады. Сессия – депутаттық қыз­мет­тің басты тірегі. Оны дайындаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруге ұм­ты­лыстың өзі депутаттарымыздың уа­қыт талабындағы ізденісін, сай­лаушылар алдындағы жауапкер­ші­лігін терең сезінетіндігін көрсетеді. Біз арнайы құрылатын жұмысшы тобының алдын ала есептерін тыңдауды тәжірибеге енгіздік. Бұл жұмыс сапасын көтерді. Сондай-ақ, мәслихаттың кез келген шара­сы ашықтық пен мөлдірлік жағ­дай­ында өтетінінен жұртшылық хабардар. Мұнда мемлекеттік қыз­меткерлермен қатар, саяси пар­тиялар мен қоғамдық бірлестік­тер­дің мүшелері, қарапайым тұр­ғын­дар өз пікірлерін білдіріп, ұсы­ныс­тар енгізе алады. Осының арқа­сында қабылданған шешімдері­міз­дің орындалуына қоғамдық ба­қы­лау күшейтіле түсті. Жекелеген сессияларға Парламент депутат­та­ры, облыстық басқармалар мен ұйымдардың басшылары қатысуы да тиімді қайтарымын беруде. Тұрақты комиссиялардың жұ­мысы елеулі түрде жанданды. Мұн­­да өткен жылдан бері 14 мә­жіліс өткізіліп, 16 мәселе қаралды. Ал тексеру комиссиясының ес­керт­пелері бойынша қабылданған шешімдер аудан тіршілігін жақ­сар­туда маңызды орын алуда. Осы рет­те, 9 адамнан тұратын “Нұр Отан” ХДП депутаттық фрак­ция­сының бастамашыл жұмыстарын атап өткен жөн. Оның жетекшісі аудандық газеттердің редакторы Ва­лерий Устьянцев бес елді ме­кенді біріктіретін Үлгі ауылдық округінде өзін-өзі басқаратын қо­ғамдық кеңестің құрылуына ұйыт­қы болды. Кеңес құрамындағы елге сыйлы азаматтар ауыл өміріне қатысты мәселелерді батыл көте­руі­мен көзге түсуде. Қазір мұнда бюджет қаржысының мақсатты жұм­салуы, ауыл тазалығы, қоғам­дық тәртіп пен ел дәстүрінің сақ­талуы, болашақ ұрпақ тәрбиесі өзгелерге үлгі етіп көрсететіндей жағдайда. Аудандық мәслихат де­путат­тарының тең жартысына жуығы – қатарынан екі мерзімге сайланған беделді азаматтар. Соған қара­мас­тан, олардың білімдерін көтерудің әр­қилы тәсілдерін қолданып ке­леміз. Мәселен, біздің бастама­мыз­бен “Тұрғындарға қызмет көр­сету орталығы” мемлекеттік меке­месінде, “ҚазГерҚұс” фабрика­сын­да, “Бүркітті” туристік-сауық­тыру кешенінде өткізілген се­ми­нар-кеңестердің әсері мол болды. Алдағы жоспарымызда, Жолдауға сәйкес ортақ ісімізді жандандырудың басқа да қадамдары қарастырылып, қолдау табатын болады. Марат ИСАЖАНОВ, Еңбекшілдер аудандық мәслихатының хатшысы. Ақмола облысы. МАҚСАТ – БІЛІКТІ МАМАН ДАЯРЛАУ Тәуелсіз мемлекетіміздің сәулет-құрылыс мамандықтары бойынша талапкерлерге білім беріп келе жатқан Қазақ бас сәулет-құрылыс академия­сы­ның шаңырақ көтергеніне де отыз жыл болыпты. Білім – қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогресті қамтамасыз етеді. Бұл жоғары құндылық та болып саналады. Оның негізгі қызметіне келер болсақ, адамның ой-санасын өсіріп, мен­талитетін қалыптастырады. Адам­гершілік рухын көтеріп, шығармашылық қабілетін шыңдайды. Жоғары оқу орындарының бүгінгі алға қойып отырған негізгі мақсаты, Елбасы Жол­дауында атап көрсетілгендей, егемен еліміздің өркендеуіне қажет білікті мамандар дайындау болып табылады. Іргелі оқу орны алғашқы қадамын бұрынғы Политехникалық институт, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде нақтылай түссе, 1957 жылы өндірістік және азаматтық құрылыс мамандығына алғашқы талапкерлерді қабылдаған екен. Араға алты жыл салып, сәулет мамандығы қосылып, соның негізінде факультет құрылған. Ал 1980 жылы аталмыш факультет Алматы сәулет-құрылыс институты, артынан академия болып бой тіктеді. Институттың алғашқы ректоры профессор С.Байболов еді. Бұл оқу орнының биік дәрежеге жетіп, қалып­тасуына қазақтың айтулы құрылыс­шылары әрі сәулетшілері Т.Басенов пен М.Меңдіқұлов, өзге де азаматтардың қосқан үлесі ерекше. Олардың еңбегінің өлшеусіз болғанын кейінгі біздер әркез есімізге сақтаумен қатар, құрмет көр­сетіп отырамыз. Соңғы он жылдан бері академияның президенті қызметін атқарып келе жатқан А.Құсайыновтың оқу орнын әлемдік деңгейге көтеріп, бәсекелестікке төтеп беру жолындағы ізденісі мен  еңбегі елеулі деп ойлаймын. Акаде­миямызда қазір 6 факультет,  9 кеңестер мен бірлестіктер жұмыс істейді. Соңғы жылдары мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы игілікті істер өз нәтижесін беруде. Қазақ тілінде дәріс оқитын оқытушылардың саны артуымен қатар, ұлтымыздың рухани дүниелеріне ден қоюшылық басым бола бастады. Әсіресе, жастарға сапалы білім беріп, өмір талабына жауап беретін маман­дық­тар дайындау жұмысы жақсы жолға қойылған. Бәсекелестік пен жоғары техноло­гия­ларсыз ғылым мен білімді ілгері бастыру әсте мүмкін еместігі Жолдауда нақты айтылды. Бұрынғыдай қала ма, қалмай ма, мұғалімнің дәрісін тоқсан минөт тапжылмай отырып тыңдаудың орнын кредиттік технология алмастырды. Бұл дегеніңіз, білімге құштар әрбір студент өзінің қалаған оқытушысының дәрісін тыңдауға құқылы. Мұның тағы бір артықшылығы, жақсы оқыған жастарға әлеуметтік жеңілдіктер жасалып, мүм­кін­діктер туғызылатындығы. Тек студент­тер­ге ғана емес, біздерге де көрсетіліп жат­қан қамқорлықтар аз емес. Соның бірі жұмысқа қатынау үшін бөлінген арнайы автобустар. Мұның өзі акаде­мия­ның материалдық базасының, техни­ка­лық жағдайының айтарлықтай екенін көрсетсе керек. Сонымен бірге, оқу орнындағы дә­ріс­ханалардың бәрі компьютермен жабдықталып, интернет желісіне қосыл­ған. Оны оқытушылар мен студенттер кез келген уақытта пайдалана  алады. Дәріс кезінде біз электронды байла­ныстар арқылы қосымша ақпараттар алып, соны тақырыпқа пайдалана оты­рып, талапкерлерге жан-жақты мәлімет­тер береміз. Кітапханадағы кітаптар мен электронды оқулықтарды ұштастырудың тиімділігі өз алдына бір әлем. Студенттер жатақханасында жастарға қажет жағдайдың бәрі жасалған. Соның бір дәлелі өткен жылы қаладағы сту­денттер жатақханалары арасында өткен байқауда бірінші орынды жеңіп алуы. Жалпы, ел дәулетіне сай сәулетті құрылыстарды бұрын, қазір, болашақта жүргізетін құрылысшылар мен сәулет­ші­лер дайындау саласындағы еліміздегі тұңғыш оқу орнының отыз жыл ішінде жеткен биігі алдағы асуларының одан да зор екенін айғақтайды. Аида САРИЕВА, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының оқытушысы. АЛМАТЫ. ӘЛЕМ ӨЗ НАЗАРЫН ҚАЗАҚСТАНҒА АУДАРДЫ 2010 жылғы қаңтар айы­ның соңындағы Қазақстан хал­қына Жолдауында Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев 2008-2009 жылдары көптеген экономикаларды иықтан бас­қан қаржылық және эко­номи­ка­лық дағдарысқа қарамастан, елдегі дамудың біршама оң ырғағы қа­лып­тасқанын атап айтты. Іс жүзін­де бұл дағда­рыстың теріс сал­дары­мен кү­рес жүргізу үшін Қазақстан бар мүмкіндігін пайдалан­ға­нын көрсетеді. 2009 жылы өсу небәрі 1,1% құрады және бұл алдыңғы жыл­дардағы екі еселенген көрсет­кіштерден төмен болды, бірақ ел өзінің оң дамуын тоқтатқан жоқ. Қазақстанның келесі бір же­тістігі 56 елді біріктіретін Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төр­аға­лығы болып табылады. Кейбір қарама-қай­шылықтарға қара­мас­тан, Ба­тыс Қазақстанды дамыған, демократиялы ел ретінде ба­ға­лап, өңірде және жалпы әлем­де лидер болуға зор әлеуеті бар екендігін мойындады. Президент Назарбаев сая­сатты, экономиканы, әлеумет­тік саланы және адам капи­талын дамытуда Қа­зақстанға өте іргелі міндеттер қойды. Болашаққа қарай отырып, ол бірқатар ең құнды жағ­дай­ларды атап өтті. Экономикада Қазақстанның мүмкіндіктері жаһандық қар­жылық және экономикалық дағдарысқа төтеп беретіндей деңгейде. Әлемдік эконо­ми­ка­да турбуленттілік әлі де ту­ла­у­да. Оның әсері Қазақстанды да шарпитыны анық. Сондықтан қа­лайша қаржылық инсти­тут­тар мен үрдістерді бекемдеуге болады? Алдағы уақытта шектен тыс кре­дит­теу мен артық заемдар беруді қа­лай болдырмаған жөн? Мем­ле­кеттің табиғи ресурстарынан түсетін табыстарды эконо­ми­каның беріктігін және икем­ділігін арттыру үшін қалай стратегиялық түрде инвести­циялауға болады? Басқару қалайша фискалды бола ала­ды? Президент Жолдауында белгі­лен­ген мақсаттарға тек мемлекеттің қа­зақ­стандық адам ресурстарына жүйелі түрдегі инвестициялауды жал­ғастыру арқылы ғана жетуге болады деп көрсетілген. Білім беру мен кадрларды дайын­дауға да бас­ты көңіл бөлінуі керек және нақты дарын­дар­ды танып, жақсы нәти­же­лерге қол жеткізу үшін олар бар мүм­кіндіктермен қамтамасыз етілу­лері қажет. Қазақстанның табиғи бай­лық­та­ры мен халықаралық беделінің өсуі, ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қоса ал­ғанда, әлемдік қоғамдастықтың на­зарын өзіне аудартты. Бұл жағдай Қазақстанның эконо­ми­калық және әлеуметтік да­муына өз үлесін қоса алатын ел серіктерінің мүдделерін пайдалануға жәрдемдеседі. Соны­мен қатар, ол елдегі демократиялық институттар мен құқық норма­ла­ры­ның даму мәселесіне көңіл аудару­ды міндеттейді. Президент өз Жол­дауында мемлекеттің заңнамасын “ізгілендіру... және сапасын арт­ты­ру” қа­жеттігін атап көрсетті. Сон­дай-ақ, ол “екпін ведомство мүд­де­сінен азаматтар мен мемлекеттің мүддесін қорғауға ауыстырылуы қажеттігін” айтып өтті. Осылайша, қазақ­стандық саясаткерлер жоғары мақсаттарды жүзеге асыруда айтар­лықтай табыстарға қол жеткізіп отыр. Және де осын­дай үдерістер жақсы жал­ға­са­тынына күмән жоқ. Астрид С.ТУМИНЕЗ, доктор, Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің проректоры.