• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Парламент 26 Сәуір, 2021

Партияаралық кеңестің мүшелері бюджетті талқылауға қатысады

105 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізу жұмысына кірісті. Жұмыс тобының құрамында Палата жанынан құрылған Партияаралық кеңестің мүшелері де бар, деп хабарлады Палатаның баспасөз қызметі.

Мәжіліске «2021-2023 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үкіметтік жоба таныстырылды. Заң жобасының таныстырылымы Палатаның Қаржы және бюджет комитетінде өтті. Іс-шараға депутаттармен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы мем­лекеттік органдардың, Ұлт­тық банктің, «Атамекен» ҰКП, Қа­зақ­стан қаржыгерлер қауым­дас­ты­ғы­ның өкілдері, сон­дай-ақ Мәжіліс жа­нын­дағы Пар­тия­аралық кеңестің мүше­лері – Парламентке ұсынылмаған Adal, «Ауыл» және ЖСДП пар­тия­­лары­ның өкілдері қатысты. Оты­рыста респуб­ликалық бюджет параметрлерін нақтылау тура­лы Қаржы министрi Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндады.

Заң жобасын әзірлеушілердің тү­сін­дірмелеріне сәйкес, бюд­жетті нақтылау шеңберінде Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасында белгіленген бірқа­тар міндетті шешу және Мем­лекет басшысының Қазақ­стан халқына жолдауларында айтыл­ған басым бағыттарды іске асыру жоспарланып отыр. Сон­дай-ақ қосымша қаражат коронавирус инфекциясымен күресуге бағытталады.

Түсімдер бойынша болжам 1,1 трлн теңгеге ұлғая отырып 12,6 трлн теңге болжануда. Тапшылық ІЖӨ-ге 3,5% дең­гейінде жоспарланды. 2021 жылы республикалық бюджет­тің шы­ғыс­тары 1,3 трлн теңгеге өсіп, 15,3 трлн теңгені құрайды.

Елдің 2021-2025 жылдарға ар­­нал­ған әлеуметтік-эконо­ми­­­ка­лық даму болжамы шең­берінде 2021 жылға арнал­ған мак­­­ро­экономикалық көрсет­кіш­тер­ді нақтылау кезінде номиналды ІЖӨ 2021 жылы 77 869 млрд тең­ге көлемінде болжанады, бұл мақұл­данған болжамнан 1 207 млрд теңгеге жоғары. Нақты ІЖӨ 103,1% деңгейінде болжанады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 655 мың АҚШ долларын құрайды.

Бюджеттік заң жобасын тал­қы­лау Қаржы және бюджет коми­тетінің мүшесі Анатолий Бой­чин бастаған жұ­мыс тобында жал­ғасады. Оның құра­мына Мәжі­ліс жанындағы Партия­ара­лық кеңестің де мүшелері кірді.

– Мәжілістің құрамына кір­меген партиялардың Партия­ара­лық кеңес шеңберінде жұ­­мыс істеп жатқан депутаттармен, сарапшылармен, ҮЕҰ-мен қа­тар жұмыс топтарына қаты­су­ға құқығы бар. Біз мұндай мүм­кін­­дік берілгені үшін зор алғыс біл­­дір­гіміз келеді. Біздің сарап­тама­­лық топ республикалық бюд­­жетке түзетулер енгізу жұмы­сы барысында бюджет­тік бағдар­ламалардың әрбір әкім­шісімен егжей-тегжейлі пысық­тайтын болады, – деді Adal партиясының хатшысы Әнуар Керембаев.

– Партияаралық кеңес өз қа­жет­тілі­гін дәлелдеді. Қа­зір рес­публикалық бю­д­жетті тү­зету мәселесі талқы­лану­да. Бұл эко­номикадағы жағдай­ды жақ­сар­туға байланысты мәсе­лелер­дің жиын­­тығы, – деді «Ауыл» ха­лық­тық-демо­кра­тия­лық пат­риоттық партия­сы төрағасының бірінші орынбаса­ры Тө­леу­тай Ра­хым­беков. Сонымен қатар Т.Ра­хымбеков бұл бюджеттің ат­­қа­­рылуына парла­мент­тік ба­қы­лауды, бюд­­жет ақшасы­ның мақсатты жұмса­луына бақы­лауды күшейтуге және осы өсім сомаларының неге бағыттал­ған­дығына назар аударуға болатынын атап өтті.

Ал Жалпыұлттық социал-демо­кра­тиялық партиясының өкілі Қуат Күн­болатов отырысқа бейнебайланыс арқылы қосы­лып, инфляция мәсе­лелеріне назар аударды.

Айта кету керек, Партияара­лық кеңес бір ай бұрын Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығматулиннің бастамасымен құрылды. Бүгінде кеңес мүшелері – Қа­зақстанда тіркелген барлық партия­лар­дың өкілдері Мәжілістің қарауын­дағы заң жобалары бойынша жұмысқа қатысуда.

Қазіргі уақытта Мәжіліс жұ­мы­­сын­дағы өзекті заң жоба­ларының қатарында «Қазақстан Респуб­ли­касындағы сайлау туралы» Қазақ­стан Республикасының Конс­титуциялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы, өнер­кәсіптік саясат туралы заң жобалары бар.

Мәжіліс мұндай жұмыс нысаны заң шығару процесін тиімді, ашық және Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемле­кет» тұжырымдамасымен үйлесім­ді етуге мүмкіндік беретініне сенімді.