«Жұтылған» жер атаулары қайта «тіріле» ме?» деп аталатын мақаласында автор Тобыл жеріндегі жер-су атауларының тарихи негізін қозғаған екен. Мақалада айтылған Аманжол Күзембайұлы экспедициясының құрамында мен де болдым. Меңдіқара, Ұзынкөл, Федоров, Қарабалық, Қостанай аудандарындағы елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатыстым. Содан бері 13 жыл уақыт өтсе де көп дүние өзгермепті.
Тобыл өңірінде елді мекендердің тарихи атауларын қайтару жұмыстары 1990 жылдары ерекше қарқынды жүрді. Мысалы, 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қостанайдың орыс тіліндегі транскрипциясы қазақша өзгертілді. Облыстағы аудан атаулары Камышин – Қамысты, Комсомол – Қарабалық, Ленин – Ұзынкөл, Семиозер – Әулиекөл, Урицкий – Сарыкөл, Орджоникидзе Денисов ауданы болып аталды. Бұл жерде Денисов атауынан басқаларының тарихи атаулары қайтарылды.
Бірақ кейіннен белгілі себептермен бұл жұмыс тоқырап қалды. Өзге этнос өкілдері көбірек тұратын елді мекендердің тарихи атауларын қайтару мәселесі жеке адамдардың, не болмаса топтардың қарсылығына ұшырап, шешілмей келеді. Сайып келгенде мұның өзі тарихи фактіге негізделген ғылыми ономастикалық жұмыстың қажеттігін білдіреді. Міне, осы мақсатта облысымызда тілдерді дамыту басқармасы мен ономастикалық комиссия облыстық әкімдіктің тапсырмасымен аймақтағы А.Күзембайұлы, Е.Әбіл, Қ.Орманов, Т.Әлібек, Р.Байдалы, Қ.Мырзахметов сияқты тарихшы ғалымдармен бірлесіп, Қостанай облысының топонимикалық картасын құрастыру мақсатында арнайы зерттеу жүргізу жұмысын қолға алды.
Тобыл өңіріндегі жер-су атауларына қатысты архив материалдарын, саяхатшылардың жазғандарын зерделей отырып, жер-су, елді мекендерге орысша айдар тағудың бірнеше түрін ажыратуға болады:
Бірінші түрі – Ресей жерінен келген қоныс аударушылар жердің бұрынғы қазақша атауын қиынсынып, өздерінің келген жағының атының алдына «ново» деген сөзді қосып жіберіп айтқан. Мысалы: Николаевкадан келген болса Новониколаевка, Александровкадан болса – Новоалександровка деген.
Екінші түрі – сол жердің қазақша атауын орысша аударған. Мәселен, Қарағайлы дегенді Боровское, Ақбалшықты Белоглинка (Қарабалық ауданы) деген.
Үшіншісі, қазақша атауды бұрмалап атаған. Мысалы, Ұзынкөл ауданындағы Бабакөлді – Озеро Бабье, Өзенкөлді – Узынколь деген.
Төртіншісі – ең алдымен қай отбасы көшіп келіп орналасса, соның фамилиясымен атаған. Мысалы, Павловка, Романовка, Александровка, т.б.
Атап айтар болсақ, 1888 жылы Орынбордың вице-губернаторы И.П.Кереев қазіргі Меңдіқара ауданындағы Михайловка деген ауыл тұрған жерге келеді. Сол кезде ауылдың аты сол жердегі Қараңғылық деген өзеннің атымен аталған екен. И.П.Кереев болса жергілікті халықты жинап алып, «Орыстар тұратын жерге неге орысша ат қоймағансыңдар?» дейді де, елді мекенді Михайловка деп өзгертіп кетеді. Михайлов – Қараңғылыққа Ресейден алғаш келген қоныс аударушының аты-жөні екен.
Бір анығы – жер атауларының осылай өзгертілуіне патша өкіметі бірден жарлық шығарып отырған. Ал Кеңес өкіметі орнағаннан кейін көптеген жерімізге партия қайраткерлерінің, съездердің реттік саны берілген. Одан кейін тың көтерілген жылдары құрылған ұжымшарлар облысымызға кім қайдан келсе, солардың келген жағының атымен аталды.
Қорыта айтқанда, Тобыл өңірінде тоқырап қалған тарихи фактіге негізделген ғылыми ономастикалық жұмысты қайта жаңғыртуымыз керек. Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілгенде тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Осы игі үрдісті солтүстік аймақтарда да жалғастыруға болады.
Байдалы РАУАН,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор
Қостанай