• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2010

КЕЛЕШЕККЕ КРЕСТ АРҚАЛАП БАРАМЫЗ БА?

1689 рет
көрсетілді

Ескі сырқаты қайталап қалған көрші кемпір келіні шақырған “Жедел жәрдем” көлігіне отыру­дан үзілді-кесілді бас тартты... Кейуа­на­ны тіксіндірген нәрсе – дәрігерлік көмек мәшинесінің қапталында жарқырап көзге ұрып тұрған қызыл крест белгісі болып шықты. “Қанша ғұмырым қалғанын бір Алла ғана біледі. Төрімнен көрім жуық қалғанда мұндай көлікке мініп, кресіне кіріп жатқым кел­мейді. Екі дүниеде риза болсын десең­дер мені қыстамаңдар! Күнә арқалатпаңдар”, деп азар да безер болып, есінен танып тынғанша келген дәрігерлерге де, бала-шаға­сына да көнбей жатып алған екен. Басқа көлік тауып әкелгенше қарт ананың көзі жұмылып, жүріп кеткен... Дәл осыған ұқсас жәйттің бол­ғаны туралы көп жыл бұрын бір басылымнан оқыған да едім. Енді, міне, өз құлағыммен естіп, куәдүр болдым. Бұл жерде дәрігерлерді айыптау жөн бола ма? Кемпірді ықтиярсыз әкетпедіңдер деп қалай айтпақпыз? Кімді кім күштеп емдемек? Нау­қасы меңдеген шешелеріне сөзі өтпеген бала-шағасына не деп болады? Онсыз да қайғыдан қамы­ғып отырғанда. Бұл жерде біреуге кінә тағу орынсыз. Бірақ, бәрібір де байызсыз көңіл жауап іздеп, жай таппайды. Жарықтықты “ит көрген ешкі көздендірген” осы қызыл креске біздің көзіміз бен бойымыз үйре­­ніп кеткені сондай – назар да ауда­ра бермейміз. Ол да өзіміз өмір бойы жұтып жүрген ауа се­кілді елеусіз, етене болып кет­келі қа-шан?!. Күнделікті тұтыну тауар­ларының қатарына сіңіп алған. Мен осы оқиғадан кейін жан-жағыма бажайлап қарап бағып едім, қаладағы көшелердің тұс-тұсынан “менмұндалаған” қызыл-жасыл крестерді көре бастадым. Алматыда жүйткіп жүрген “Же­дел жәрдем” көліктерінің бәрі­­­нің де қабырғасында қызыл крест! Мәліметке қарағанда, мұн­дағы Жедел медициналық жәрдем стан­са­сының дәрігерлері жылына 600 мың адамның шақыруына барып, көмек көрсетеді екен. Сон­да Алматыдағы аурудан араша­лан­ған сол 600 мың адам алғы­сын Аллаға қоса қызыл креске де айта ма? Ал бүкіл Қазақстан бойынша ше? Сонау атеистік, құдайсыз Ке­ңес өкіметінің кезінде осы Қы­зыл Крестің қасында Қызыл Ай тұра­тын еді ғой? Біз сол мұсыл­мандық нышанымыздан тәуел­сіздік тұсын­да қалайша айырылып қалдық? Жалпы, қандай крест болса да ол қай-қашанғы ұғымда христиан дінінің белгісі болып саналады. Оның өзіндік терең тарихы бар. О баста көне Мысыр мен Бабылда, Ассирия мен Месопотамияда, т.б. жерлерде құдайлар рәмізі болып табылған крест кейінірек христиан конфессиясындағы елдердің көп­ші­лігінің діни құлшылығының бас­ты нышанына айналған. Христиан дінінде Иса пайғам­бардың Понтий Пилаттың үкімі­мен креске шегеленіп, азапталып өлтірілуімен байланысты пайда болғаны белгілі. Орыстың “крест” сөзі латын­ның “сrux” – яғни “дар ағашы, немесе ағаштан жасалған азаптау құралы” деген сөзінен шыққан. Осыдан латын тілінде “crucіare” – “азап­тау, қинау” деген етістік пайда болған екен. Ал бұл орысша “крестить” – қазақ тілінде “шо­қындыру” деген мағына бе­реті­нін әркім біледі. Орыс тіліндегі крес­ке қатысты тұрақты сөз тіркестері де қазақы ұғыммен қара­саң, оңып тұрған жоқ: “поставить крест – сызып тастау, жоқ қылу”, “нести свой крест – өз аза­быңды өзің арқалау” деген мағы­нада. Демек, азаптау, қинау, жоқ қылу, жою, азап арқалау, шоқыну сияқты ұғымдар беретін, ұлттық таным-түсі­нігімізге, салт-санамызға үй­лес­пек тұрмақ аса қайшы келетін крест белгісі бүгінгі егемен елімізді қалай­ша жаулап алған? Жер бетіндегі ислам дінінің тұқымын тұздай құртпақ болған Рим папасы Урбан ІІ 1095 жылы өзі мұрындық болып, сауын айтып, бүкіл батыс-шығыс Еу­ропа­ның қылыш ұстауға жарайтын еркек кіндіктісінің бәрін тік кө­теріп, қаруландырып, атқа қонды­рып, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбет­­теріне қарсы алғашқы крест жорығын ұйымдастырған. Содан бастап 1270 жылға дейін ислам дінін өмірден өшіруге, күллі мұ­­сыл­мандарды қырып-жоюға ба­ғыт­талған 8 крест жорығы жасал­ған. Оған қатысқан бүкіл жауын­герлер күллі сауыттарының, киім­дерінің өңірі мен сауырына, кеудесі мен арқасына, қалқаны мен тоқымына дейін крест белгісін салғызып соғысқандықтан солай аталған. Адамзат тарихында біздің діндестерімізді қанға бояған бұл сегіз крест жорығы – сол заман­дағы сегіз дүниежүзілік соғыспен парапар болған! Және барлығы да мұсылмандарға қарсы жойқын соғыстар еді. Біздің мақтанышы­мыз қыпшақ Бейбарыс сұлтан осы дүниежүзілік соғыстардың қаһар­ман жеңімпазы екенін айта кету артық болмас. Сол Бейбарыс баба­мыз бүгін тіріліп келсе, не бетіміз­ді айтар едік? Жалпы, Скандинавия мен Еуро­па ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі христиан дініндегі елдер­дің көпшілігінің тулары мен гербтерінде осы крест белгісі бар. Ал қазіргі қызыл крест Швей­царияның туынан алынған. 1859 жылы француздар мен итальяндар бірігіп, австрия­лықтармен соғыс­қанда екі жақтан 40 мың адам қырылған. Сол қанқұйлы соғыс­тың зардаптарын, ұрыс даласында қансырап өліп жатқан мыңдаған сарбаздардың жағдайын өз көзімен көріп, жаны түршіккен швей­цариялық іскер азамат Жан Анри Дюнан “Сольферино шайқасы тура­лы естеліктер” атты кітап жа­зып, соғыстан жапа шеккендерге қолұшын созып, жәрдем беретін бейтарап ұйым құру туралы ұсы­ныс айтқан. Және сол ұсыны­сы­ның іске асуына өзі бел шешіп кіріс­кен. Бұл игілікті іске заңгер Гюстав Муаньені және басқа дос­тарын тартып, 1863 жылы Жене­вада Халықаралық Қызыл Крест ұйымын құрған. Негізгі міндеті соғыста бүліншілікке ұшыраған, жер сілкінуден, тасқын-сел, қар көш­­кінінен апатқа ұшыраған адам­­д­арға медициналық, әлеумет­тік көмек көрсету, сондай-ақ ха­лықты індет ауруларынан сақтан­дыру, емдеу шараларын ұйымдас­тыру болған... Және осы игілікті де өнегелі ісі үшін Анри Дюнан 1901 жылы бейбітшілік үшін берілген тұңғыш Нобель сыйлығын алған. Ал ол ашқан Халықаралық Қызыл Крест ұйымына жүз жылдың ішін­де екі мәрте Нобель сыйлығы бе­ріл­гені де тегін емес. Бір назар ау­дарар жәйт, бағзы замандарда өмір қозғалысының, күннің, жа­рықтың, игіліктің нышаны болып келген свастика белгісін қанқұйлы Гитлер фашистік, нацистік рәмізге айнал­дырып, адамзат алдында қарабет қылып, өшпес күйе жақса, керісін­ше адамгершіл Анри Дюнан крес­тің қырғын-жойқын мағына­сын халықтар алдында ақтауға үлес қосты. Біз бұл жерде Қызыл Крест сынды аса беделді халықаралық ұйымға топырақ шашудан аулақ­пыз. Мәселе – басқада. Мәселе, осы салада да крест атаулы омы­раулап алға шығып, біздің Қызыл Айымыздың кенжелеп қалуында. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге хижрет еткен түнгі көкте ерекше жарқыраған асыл Ай соңыра күллі мұсылман қауымының қасиетті рәмізіне айналғаны аян. “Аспанда Ай бол­маса адасады” дейтін өлең жолы осындайда еске түседі. Сонымен қоса, жарты әлемді жаулаған жаһан­гер түрік Осман паша түсін­де жердің бір шетінен екінші шетіне дейін ұзынынан ұзақ жар­қы­рай созылып жатқан шалқақ Айды көріп, сол түсін жақсылыққа жорып, мұсылмандық сара жолға балап, Ай бейнесін өз туына жап­сырыпты деген де әфсана бар. Атам қазақтың жаңа Ай туғанда: Ай көрдім, аман көрдім, Әлдеқандай заман көрдім. Ескі айда есірке, Жаңа айда жарылқа, – деп Айға бата жасау салты, сүйікті қызына Айман, Айгүл деп ат қою ғұр­пы, сұлулықты Айға теңеу дәс­түрі әлмисақтан бері келе жатыр. Егер Еуропа тарихшыларына бақсақ, сонау ықылым заманнан жеткен мұсылмандық Ай бейнесін түріктер өздері жаулаған Визан­тия­дан алып, 1453 жылы Осман империясына рәміз етіпті-міс. Олардың жазуынша, Ай Констан­тинополь қаласының таңбасы кө­рі­­неді. Бұл жерде мұны өз би­дайың­ды өзіңе бұйыртқысы кел­меудің айқын мысалына балап, осы бір еуропоцентистік озбырлар қыл аяғы Айдың бейнесін де бізге қиғысы келмейді-ау деп күйікті ке­сім жасауға да болар еді. Бірақ тарихи факт, артефакт дейтін бұлтармайтын да бұлтартпайтын, бұлжымайтын да бұлжытпайтын жәйттер бар ғой. Оны жоққа шы­ғару қиын. Тарихтың арбасы­нан түсіп қалуға болар, бірақ түссең – тарихтың дөңгелегінің астына түсесің. Адамзат тарихын зерделейтін археологиялық қазбалардан табыл­ған аса құнды жәдігерлер қата­рындағы – кәдімгі Айдың таң­баларынан оның Күнмен, Жұл­дыз­бен, Креспен қатар рәміз ретінде біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі өркениеттер кезінде қол­даныста болғанын байқаймыз. Қазіргі басты діндер жаратыл­мас­тан бұрынғы замандарда ежелгі Месопотамия кезеңінен табылған атақты бір таңбада: шалқалаған Айдың аясында – дөңгелек Күн, ал оның ортасында – Крест бей­неленген. Осы таңбаны зерттеуші ғалымдар мұндағы Ай белгісі – Ай құдайы – Синаның бейнесі, ал Күн – Күн құдайы Ашшур деп санаған. Дәл осындай Айлы таң­балар ежелгі Ассирия мен Бабыл жерінен де табылғаны мәлім. Осы аталған символдар түгелімен (оның ішінде свастика да бар!) біздің Түркістандағы Кожа Ахмет Ясауи кесенесінің өрнектерінен де кездеседі. Қалай болғанда да әлем­дегі ең жас дін – исламның темір­қазығына айналған Ай рәмізінің тарихы жер серігі жаралғалы келе жатқандай тым әріде екені сөзсіз. өйткені түріктер иеленген Визан­тия мәдениеті – Месопотамия, Бабыл мәдениетінің жалғасы, Шығыс Рим өркениетінің жемісі. Саяси билікті алғанымен түріктер бұл елдің мәдени-тарихи мұралары мен жәдігерлерін бүліншілікке ұшыратпай, қиратпай, аман сақтап қалды. Бүгін соның арқасында еліндегі туризмді дамытып, жүрек жалғап отырған жайы бар. Шәкәрім атамыз Ыстамбұл шаһарының аты “Ислам бол” дегеннен шыққан десе, кеңестік атақты түрколог, академик Андрей Кононов Константинополь сөзінің бұрмаланып айтылуынан шыққан деп жазады. Қалай болғанда да кезінде православие дінінің ордасы әрі Шығыс Рим империясының орталығына айналған Византия мен оның астанасы Констан­тино­поль түріктер басып алмай тұрып-ақ шығыс өркениетінің ошағы, мәдениетінің ұстыны болғанын тарихи мұралар дәлелдейді. Сон­дықтан Түркия туындағы Ай мен жұлдыздың тарихы тым тереңде деп айтуға толық негіз бар. Кешегі Қытай мен Кеңес өкіметінің орта­сынан ойып орын алып, тәуелсіз­дікке қол созған Шығыс Түркістан республикасының туында да Ай мен жұлдыз болған. Ал біздің жас мемлекетіміз тым еуропашыл боламыз деп, киелі де аяулы Айымыздан айни бастаған жоқпыз ба? 1876-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде Түрік елі қорғаныс рәмізі ретінде Қызыл Айды қабылдайтынын, дегенмен, дұшпандары пайдаланатын Қызыл Кресті де құрмет тұтатынын мә­лім­деген. Сол тұста Парсы елі де Қызыл Крестен бас тартып, Қызыл арыстан мен Күн белгісін қабылдайтынын жариялаған. Бұл ұсыныстар кейін Женевадағы дипломатиялық конференцияда мақұлданып, бекітілген. Сондай-ақ, Иран Ислам Республикасы 1980 жылғы АҚШ-пен соғыс кезінде бұрынғы рәмізді тәрк етіп, Қызыл Ай белгісін қабылдаған. Қазақстан аумағында Қызыл Крест ұйымы 1877 жы­лы алғаш рет Қапалда құры­­лып, 1896 жылы Ал­матыда ауруханасы ашыл­ған. Ал Кеңес өкіметі болса со­нау 1923 жылы-ақ Қы­зыл Крест пен Қызыл Ай қоғам­дарының одағын құрып, таразы басын тең ұс­тауға тырысқан. Осы тақы­лет­тес ұйым Алматыда 1936 жылы құрылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы аттас қоғам да өзгеріске ұшыра­ды. Ол 2002 жылы жаңадан Қазақ­стан Республи­касы­ның Қы­­зыл Ай қоғамы болып қай­та құрылып, келесі жы­лы Халық­аралық Қызыл Крест пен Қы­зыл Ай қоғам­­дарының Халық­ара­­лық федерациясына мүше болды. Меніңше, біздегі бұл ұйым­ның аты дардай да, заты болма­шы сияқты. Ғаламтордағы екі сайтында да бір қайырымдылық концертін өткіз­ген­нен басқа тындырған істері туралы ештеңе айта алмапты. Шекесіндегі “Қазақстан Респуб­ли­касының Қызыл Ай қоғамы. 1938 жыл құыл­ған” деген (“ ...жылы құрыл­­ған” деп жазғандағы түрі) қате жазылған шала мәліметтен басқа қазақша ештеңе көре алма­дық. Бұл қоғамда жақсы психолог мамандар бар сияқты, өйт­кені, психология жөнінен қызықты электронды кітапхана жабдықтаған екен және әр облыстағы үздік психолог маман­дардың аты-жөні, мекен-жайларын көрсетіпті. Бірақ қоғам басшылары зардап шеккен жұрт­тың жүйкесін емдегеннен басқа да медицинал­ық-әлеуметтік көмектер керек екенін естен шығарып алған ба дейсің. Кеңес заманында Зайсан зілза­ласы кезінде зардап шеккен жұрт­қа зор қолғабыс жасаған ардақты ұйымның бүгін үні өшкен. Бүгінгі Қызылағаш трагедиясы мен Тар­бағатай тасқыны кезінде де төбе көрсеткенін байқамадық. Сонда осындайда апатқа ұшырағандарға атсалыспай, мойын бұрмай, қайрат қылмай Қазақстанның “Қызыл Айы” айға бата қылып отыр ма? Әлде қолынан түк келмейтін қауқарсыз, қаржысыз, болымсыз ұйымға айналғаны ма? Біз Қызыл Айды қадірлеп, қасиеттеп, қастерлеуді ұрпақтар санасына балабақшадан, мектеп қабырғасынан сіңдіре беруіміз қажет. Бәлкім, Қызыл Ай қоғамын жұрт болып жұмыла қолға алып, мемлекеттік деңгейде қолдау керек болар. Бұл тұста Түркия, Мысыр, Иран, Сауд Арабиясы сияқты елдерден үйренсек артық емес. Анкара қаласындағы ең орталық үлкен аудан Қызыл Ай деп аталады. Жауынгер ер түрік Қызыл Айды бағалай біледі. Бұл күнде Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да дәріхана, аптека, фармация дүкені дегендер­дің қай тұста екенін алыстан-ақ бағамдауға болады: бәрінің белдеуі мен дөдегесінде Қызыл немесе Жасыл крестер андыздап, жар­қылдап, лапылдап тұр! Біздің елімізде бұрын болмаған осы бір Жасыл крестер соңғы кезде қайдан қаптап кетті? Бақсақ, мұны шығарған басқа емес, өзі­міздің нысаналы Михаил Гор­бачеві­міз болып шықты. Ол Но­бель сыйлығын алғаннан кейін 1993 жылы Рио де-Жанейрода өткен Әлемдік саммитті пайда­ланып, “Халықаралық Жасыл крест” атты экологиялық ұйым құрып, оған жасыл кресті рәміз етіп алған. Ұйымға дүние жүзінің жиырмадан астам елі мүше болған. Содан келесі жылы алдымен Мәскеу, артынша бүкіл Ресей үкіметі Горбачевтің сол жасыл кресін сәл өзгертіп, ортасына ақ түсті жылан оратылған көзені бейнелеп, дәріханалардың сыр­тына эмблема-белгі ретінде ілу туралы шешім қабылдады. 2005 жылы Украина Денсаулық сақтау министрлігі де осыған ұқсас ше­шім шығарды. Көршілерден не жаңалық көрсе соны қайталап, көшіріп үйренген біздің шенеунік­тер қалыссын ба – ортасындағы жыланы бар көзені оймыштап жатуды артық жұмыс көріп, сылып тастап, жасыл креске бас салып жармаса кетті! Міне, содан бері біздің дәріханаларымыздың бәрі жасыл крестің аясына көше бастады. Жасыл түстің экологиялық және мұсылмандық екі астары бар. Бірақ сол жасыл түс креске айнал­ған соң мұсылмандық мән-мағы­насынан жұрдай болады. Осының астарында біздің дінімізді аяқ асты ету ғана емес, әжуалау да жатқан жоқ па? Крестің аты – крест, оны мейлі қандай түске боясаң да өзінің о бастағы діни мазмұнын, христиандық мән-мағынасын жоғалтпайды. Сөйтіп, біз біреудің тотияйын басқан мыс кресін жер­ден жеті қоян тапқандай жарнама­лап жүргенде өзіміздің алтындай айымыз жетімсіреп, айдалада адыра қалды. Соңғы халық санағы бойынша, Қазақстан халқының 74 пайызға жуығы мұсылман екені анықталды. Ал мұхиттың арғы бетіндегілер бұл пайызды да төмендетіп көрсеткісі келеді. Мысалға, АҚШ Үкіметінің Пью зерттеу орталығының мәлі­меті­не сүйеніп, дайындаған жаһан­дық мұсылман елдері жөніндегі баяндамасында 2009 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан халқының 56,4 пайызын ғана мұсылман деп көрсеткен. Ал көршілес қырғыз елінде бұл көрсеткіш 86,3 пайыз делінген. Біздегі соңғы санақта ұлтымыздың саны 64 пайызды құрап отыр, ал бізден басқа татар, ұйғыр, әзірбай­жан, чешен, ингуш, курд, т.б. мұсылман діндес жұрттар мен ұлыстардың өкілдерін қоссақ, жамағаттарымыз туралы көрсеткіш одан да өсе түспей ме? Алаш кө­семі Ахмет Байтұрсыновша: “Ал­хамдулиллах... 11 миллион мұсыл­ман еліміз” деп ауыз толтырып айтуға болар еді. Әттең, бірақ... тіліміз бармайды, ахуалымыз әлгіндей. Ендеше, сонда 11 млн. мұсыл­ман өмір сүріп жатқан елімізде, төрімізге қызыл-жасыл кресті қаптатып қойып, біздікі не талтаң? Конфуций: “Дүниені рәміздер мен белгілер билейді” деген. “Тү­бінде Қазақстан Хазар қағана­ты­ның кебін киіп қалмасын” деген қауіпті академик Рахманқұл Берді­баев бекер айтпаған. Хазар тари­хы­ның індеті қазақ тарихына жұға бастаған сияқты. Осыдан сақтан­­бай отырмыз, сақтанғымыз да кел­мейді. Сақтанбағанды кім сақтайды? Мақаламыздың басында айтып өткендей, азаптау, қинау, жоқ қылу, жою, азап арқалау, шоқыну сияқты ұғымдар беретін, ұлттық таным-түсінігімізге үйлеспек тұр­мақ аса қайшы келетін крест бел­гісінен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан­ның құтылар күні бола ма? Онсыз да Иеһова куәгерлері, баптистер, кришнаиттер, т.б. сияқты қаптаған жат діндердің жастарымыздың санасын улап, жан-жүрегін шыр­мап жатқаны мынау. Онсыз да исламит, қоранит, ахмедит... және басқа да түрлі ұхит-сұхит деп, жал­қы ұлтымыз, жалғыз наны­мымыз­ды, дініміз бен ділімізді бөлшектеп бара жатқан сыртқы күштер анау! Осынау бір қарағанда елеусіз кө­рін­генімен, күрмеуі күрделі мәсе­леге Парламент депутаттары мен Денсаулық сақтау министрлігі, мұсылмандардың діни басқар­масы, Қызыл Ай қоғамы қалай қарап, не деп жауап берер, қандай шешім қабылдар екен? Әлде, әдеттегідей, жауырды жаба тоқи сала ма? Адамзатқа біткен ойшыл қаламгерлердің маңдай алдындағы Лев Толстойдың өзі: “Түбінде бүкіл әлем исламға келеді”, дегенді бекер жазбаған. Біз де осы көріп­келдік сөздің тереңіне бойлап, түкпіріне үңіліп, өзіміз үшін, еліміз үшін, ұрпақтар үшін қорытынды жасай алсақ қанеки?! Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.