• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2010

ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

644 рет
көрсетілді

Академик Серікбай Бейсем­байұлы Бейсембаевты зиялы қауым үлкен ғалым, ғылымның шебер ұйымдастырушысы ретінде жақсы біледі. Үлкен қызметтер де атқарды. Бір адам осындай-ақ болсын дейтін азамат. Ал енді сол азаматтың өмі­ріне үңілгенде, көп адамның көңі­ліне алдымен оның Ұлы Отан соғы­сына қатысқаны оралады. Өйткені өмірінің бұл кезеңіне Се­кеңнің өзі де айрықша мән берген. Сондай-ақ, зер салып қараған адам­ға оның азаматтық өміріне қан­дай із қал­дырғаны айқын аңғарылады. Сол соғысқа ол күні бұрын да­йын­далғандай еді. Ауылда өскен бала ізденіп оқып, жоғары оқу орнын бітіре салысымен, 1936 жыл­дың ая­ғын­да әскери борышын өтеу­ге ша­­қы­рылып, қатардағы жауын­гер болып бір жыл қызмет етеді. Сонда-ақ ол жалынды сөзі­мен жастарға ықпал ететін қабі­летін аңғартқан. Оны өзі де аң­ғарып, әскери қызмет­тен оралы­сы­мен сол жастар арасына барды. Рес­публика комсомол ұйы­мы­ның Орта­лық Ко­митетінде наси­хатшы болып орна­ласып, көп кешік­пей насихат­шылар мектебінің дирек­торлығына таға­йын­далады. Одан ке­йін Компар­тияның Орталық Ко­ми­те­тіндегі сон­дай жұмысқа ша­қы­ры­лады. Қа­бі­­леті жоғары адамды ша­қыру­шы­лар көп, оны әскерилер де ұмыт­папты, ол қай­та­дан әскерге алынды. Сөйтіп, 1940 жылдың басынан Серікбай Бейсембаевтың қауырт әскери қызметі басталды. Дайын­дығы жоғары жас маман әскери оқу орындарында мұғалім болды. Және сонау келер жаудың өтінде, Батыс Әскери округінде алдымен Минскі­дегі, содан кейін Бори­совскі­­дегі әскери училищелерде сабақ берді. Сірә, ауылда өскен баланың орыс тілін жете меңгеріп, әскери ауди­торияда, дайындығы жоғары адам­дардың алдында дәріс оқуын оның ерекше қабілеті десек жөн болар. Сөйтіп қара­пайым қа­зақ баласы сонау қиыр шетте жү­ріп, жұрттың жүрегін баурар сөз айт­қанын бір жағы өз ұлтының мерейін көтерген қызмет десек те артық емес-ау. Соғыс батыстан басталды. Сол жақтағы ел, мекемелер шығысқа қа­рай көшті. Жұртпен бірге оқу орын­дары да көшті. Сол тұста нағыз пат­риоттар жаумен бетпе-бет келіп, тіке­лей шайқасқанды қалай­­тын. Серікбай Бейсембаев та сон­дай пат­риот­тардың бірі еді. Әскери маман­дар­ды даярлау да маңызды ғой, ал Серікбай майдан­ның алғы шебіне сұранды. Алдымен оны алыстан бом­ба­лайтын №456 авиаполктің эска­дри­лья­сына насихат жөніндегі нұс­­қау­шы, сонан соң комиссар етіп таға­йын­даған. Бұл да мәнді жұмыс, ұшқыштардың да бұл соғыста орны бөлек. Оларды саяси жағынан шайқасқа дайындау да үлкен шаруа. Оған да Серікбай жанын салып кіріскен. Күн сайын талай тарлан майдан шебіне ұшып кетеді. Кейбірі оралмайды. Қандай жағдайға ұшы­рады, ол жағы өзіне белгісіз. Өзі оның қасында бола алмайды. Серікбайдың жүрегі жанын шүберекке түйіп, жаумен бетпе-бет жағаласқан адамдардың қасында болғанды қалап еді. Мұндай өтінішін ол басшы­ларға талай рет айтқан. Ақы­рында оның да сәті түскені бар. Қызыл армияның Бас саяси бас­қармасы оны 1942 жылдың қыркүйегінде Ста­лин­град майданының 57-ші армия­сына үгітші етіп жібер­ді. Барған да ұлы майданның от-жалынына түскен де кет­кен. Бұл жауыздық пен ма­хаб­баттың, ақ пен қара­ның, жарық пен қараңғылық­тың шарпысқан сәті еді. Әркім сол екі жақтың бірін қалап, қарсыласын жоюға бір жола тоқтасқан, иә өлім, иә өмір деп қайтпас белдесуге шық­қан кезі еді. Серікбайлар осы­нау арпалыс­тың ортасында жүрді. Секеңнің кейін соны еске ала­ты­ны бар. Ұлы Жеңістің 40 жыл­дығы қарсаңында шығарылған “Сталин­град шайқасы” дейтін видеофильмде академик Серікбай Бейсембаев былай дейді: “Әсіресе, 1942 жылдың 17, 18, 19, 21 қара­ша­сында жағдай аса күрделі бол­ды, осы күндері жау­дың 300 мың адамдық тобына қарсы шешуші шайқасқа әзірленіп жаттық. Біздер, саяси қызметкерлер, жауын­герлердің қа­сын­да жүріп, жүрекке жеткендей сөздер айтып, мақсат-міндет­тері­мізді түсіндірдік. Сондағы жауын­гер­лердің рухын көтерген ай­рық­ша бір жай – “Қазақ халқының қазақстандық жауын­герлерге ха­ты” болды. Ол жұрт­тың бәрін тебі­­­рентті. Әр ұлттың жауын­гер­лері­мен кезде­сіп, әңгіме­лес­кенде, халықтар досты­ғының не екенін, оның қан­дай күш екенін шын ұқтым. Сол­дат­тар жауға ұм­тыл­ғанда, олар не мақсаты бар екенін, жаудың кім екенін, бізге қандай қауіп бар­лығын, өз Отаны­мыз­ды қалай қорғау керектігін айқын білді”. Әскерге 1940 жылдың басында алынып, 1946 жылдың аяғына дейін болған Серікбай Бейсембаев 1941 жылдың қарашасынан 1944 жылдың шілдесінде жараланғанға дейін алдыңғы шепте болды. Жауын­­герлер­мен бірге жаумен бет­пе-бет шайқасқа қатысты. Құр­ғақ құжат­тың арғы жағында жау­мен жағалас­қан, аласапыран өмір жатыр. Оның көпшілігі бізге бей­мәлім. Сөйтсе де жауынгердің жүрек лүпілін білдіре­тін біраз құ­жат­тар сақталып қалып­ты – ол Серікбай Бейсембаевтың майдан­нан елге жазған хаттары. Бұл хаттардың көпшілігі әдетте “Қымбатты апа! Қымбатты бауыр­ларым Махмет, Қуандығым, Рау­кешім, Нұртай, Майдешім, Бақыт, Шатлан аға!” деп басталады. Осынау арнау сөздің өзінде қан­шама жылылық, сағыныш сезім­дері жатыр. Бауырларын “Рауке­шім, Майдешім, Қуандығым...” деп еркелеткені не тұрады! Сонда хат, әсіресе, жауын­гер­лер­ге жан азығы болғандай. “Сен­дердің жазған сөздерің біз сияқты майданда – соғыста бұршақтай жауып тұрған оқтың астында, әрине, қиыншылықтың неше түрін кө­ріп, өз жерімізді сақтап қалу үшін күзет­те, ұрыста жүрген жауын­герлерге үлкен күш береді” деп барша жауын­герлердің көңіл-күйін аңғартады. Хаттың бірі ұзақтау болса, енді бірі тым қысқа. Ол да жауын­гер­дің өмірін көрсетеді. Біріншісі дамыл алған шағы шығар, екін­шісі – тым асығыс сәт. Жазбауға болмайтын­дай, көп толғануға және уақыт жоқ. 1943 жылдың 8 қаңтарындағы қысқа хат мынадай: “Осы айдың жетісінде майданның қызулы жеріне аттанып едім, қазір нағыз қызудың орта­сын­да, мына Еділ бойындағы қор­шал­ған жауды қыру үшін барлық күшті жұмсау­да­мыз. Газеттен оқып жатқан бо­лар­сыңдар, біздің табысы­мыз жақсы, сірә, жақында атақты қа­ла­ны жауден босатармыз. Әзірше, қыс­­қа­ша хат жазып отырмын. Серікбай.” Жауынгердің хаты елдегілерге де үлкен қуаныш. Үлкен демеу. Со­дан да Серікбай хатқа ұқыпты қара­ған сияқты. Әсіресе, қуаныш­ты жағдай­ды хабарлауға көп көңіл бөледі. 1943 жылдың 3 ақпанын­дағы хат елге сондай қуаныш әкел­гені анық. “Ме­нің денім сау, халім жақ­сы, та­быс күшті, мына Стали­нин­град бо­йында қоршалған жау­дың груп­пировкасын бітірдік – мұны газет­тен оқып, қуа­нып жат­қан болар­сыздар. Қай май­дан­­да болсын, қазір жағдайымыз жақ­сы ғой. Енді бұл шақ­та мой­ны­мыздағы міндетті орын­даған соң, алға бар­мақ­пыз. Немістерден басқа жері­міз­ді бо­сатуымыз керек. Қайда ба­ра­­тыны­­­мызды жазып болмайды. Қайда барсақ та мақ­сатымыз бір ғой – жауды құртып, Отанымызды сақтап қалу...” Тағы бір қысқа хаттан үзінді келтірген жөн сияқты “...Менің жан ая­май соғысуымды мұнда еске алып, маған “Қызыл жұл­дыз” орденін беріп, “майор” деген ата­ғын қойды. Сонымен, құр­мет­ті жан­дарым, сендердің Отан қорғау үшін фронтқа жібер­ген туысқан­дарың осымен үшінші рет награ­да алды. Бұл қуанышқа сіздер де ор­тақ болыңыздар. Ме­нің ден­сау­лығым жақсы, жара­қат­­­тан аман. Жұмысымыз жақ­сы. Жауды қуып алға барудамыз”. Осы хаттардан-ақ майдан­дағы өмір тынысын аңғарған­дай­сың-ау. Ал жауынгердің жүре­гін мазалай­тын басқа да жайлар көп. Майдан­нан жазыл­ған хаттан соны да ұғасың. Ауыл­дағы әр жаңа­лыққа қуана­ды. Сүйіндік деген бауыры­ның дүниеге кел­геніне қуанады. Махмет деген іні­сі­нің қызметке тұр­ғанына қуа­нып, ақылын айта­ды. Әр хатта дерлік, өзінің салған қара­жат­тарды алған-алмағанын сұрайды. Елдегі туысқандарының ауыр күйін сезеді, содан да өз аузынан жырып дегендей, оларға ақша салып тұрған. Осы хаттарда көп айтылатын бір жай, кімді де болса тебірент­кендей. Бір хатында: “Нәзиядан хат алдым. Сірә, тұрмысы нашар сияқты. Жақын жерден қарасып тұрыңыз­дар” десе, екінші хатында: “Нәзия­дан хат алып тұрамын. Хал-жайы мәз емес көрінеді. Сон­дық­тан аздап жәрдем көрсетіп тұра­мын. Бірінші­ден, бұған Зура, Күләйім бізді ала­лады деп ренжіп жүрмесін. Олар­дың халі Нәзияға қарағанда тәуір болу керек”, деп жазады. Бұл да азаматтықтың бір биігі дерсің. Хаттар бізді Серікбайдың қат­ты жараланған жеріне де, 1944 жылдың шілдесіне де алып бара­ды. Вильнюсті азат ету кезінде оның қатты жаралан­ғаны сонша­лық, ол өзінің жеке заттарын алуға да шамасы келмейді. Кейін Серік­байдың майдандасы Мария оған оның заттарын Гольштейн деген­мен Мәскеуге жөнелткенде, жолда мәшине өртеніп, сонда зат­тары жойылып кеткенін хабарлайды. Сол Вильнюстегі оқиғаның кейін де жалғасы болды. Серік­бай Бейсембаев 1960 жылы Вильнюске Қазақстан делега­ция­сын бастап барғанда, сол шай­қасқа қатысқан­дардың зиратына да барады. Сон­да қаза болған өз командирі Мұха­медовтің мола­сын тауып, бұл жайында Тәжік­станға, оның ұрпақтарына хат жа­зып, әкесінің әруағымен табыстырады. Серікбай Бейсембаев соғыс­тан кейін де өзінің майдан­дастарын ұмытқан емес. Олар­мен хат алы­сып, түрлі жиын­дарда, бас­­қосу­лар­да кез­десіп те жүрді. Майдан­дасы Г.С.Дуганов бір хатында: “Мен сенен – ҚазКСР ҒА корреспон­дент-мүшесінен, ғылым докторы, про­фессордан хабар ал­дым. Бұл жақ­сы­лық қой, сен үл­кен адамсың, қарапайым зей­нет­керге хат жазуға уақыт таба­сың” дейді. Бұл соғыс біткен соң 30 жыл өткенде жазыл­ған хат. Ол кең байтақ Кеңес Одағы­ның жер же­рін­дегі достары­мен өмірінің соң­­ғы күндеріне дейін хат жазы­сып тұрды. Ал 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығын тойлаған кезде акаде­мик Серікбай Бейсембаев 1-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды. Содан бері де ширек ғасыр уақыт өтіп кетіпті-ау! Мамадияр ЖАҚЫП.