Қазақстан өзінің Қарулы күштерін уақыт талабына сай құра білді. Тәуелсіздік жылдарында Қарулы күштеріміз айбынымызды асырып, қарым-қабілетімізді әлемге көрсетіп келеді. Ал мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығын сақтауда – Ұлттық ұланның атқарып келе жатқан міндеті зор.
Егемендік Декларациясы жарияланғаннан кейін, небәрі 26 күннен соң, Президент Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскері, бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. 29 жыл бойы ұландық әскери қызметшілер абыроймен еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде құқықтық тәртіп әскері уақыт талабына сай дамып келеді. 2014 жылдың 21 сәуірі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен ІІМ Ішкі әскерінің заңды мұрагеріне «Ұлттық ұлан» мәртебесін берді.
Ұлттық ұлан жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін және қоғам құндылықтарын, территория тұтастығын, мемлекет мүддесін қорғауда қырағылықтың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Әскердің әлеуетін арттыру мақсатында Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 10 қаңтарында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң қабылданды. Онда әскерге жаңа міндеттер жүктелді. Жалпы тәуелсіздік жылдары офицерлер корпусы, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызметтегі сарбаздар халықтың мүддесі үшін кез келген міндетті орындай алатынын дәлелдеді.
Ұлттық ұлан Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де қол сұғушылықтан қорғауға арналған. Қалыптасу, құрылу, даму кезеңінде біз ішкі істер органдарымен және елдің басқа да күштік құрылымдарымен бірлесіп, қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етіп келеміз.
Әскеріміз пандемия кезінде де өз міндетін толық атқаруда. Елдің орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарында болған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Әскери қызметшілер Шығыс Қазақстан облысы Байдәулет орманшылығының аумағында ауданы 750 га орман өртіне қарсы күреске тартылды. Түрлі төтенше жағдайларды жоюға барлығы 5 мыңнан астам әскери қызметші мен 516 бірлік техника жұмылдырылды. Біздің жауынгерлер боран мен көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдарға көмекке келді. Қар құрсауынан 326 адам мен 112 бірлік техника эвакуацияланды.
Өткен жылы бөлімшелер Жамбыл облысындағы Қордай ауданындағы оқиғаларды оқшаулауға қатысты. Сондай-ақ алғашқылардың бірі болып Түркістан облысының Мақтаарал ауданына барып, су тасқынынан зардап шеккен халықтың мүлкін тасымалдау бойынша апаттық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Бұдан бөлек, біздің Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау (РХБҚ) бөлімшелеріміз карантиндік іс-шаралар кезінде еліміздің тоғыз елді мекенінің аумағындағы тұрғын үй алқаптарын, саябақтарды, балалар алаңдарын, жалпы ауданы 900 мың шаршы метрден асатын аумақты залалсыздандырды.
Өкінішке қарай, пандемиямен күрес кезінде біз үш бірдей әскери қызметшімізден айырылып қалдық. Олардың ел үшін еткен ерен еңбектері ескерусіз емес. Үшеуі де қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік марапаттармен наградталды. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары болған генерал-майор Мұхаметқали Сатов, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5 510 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы, медицина қызметінің майоры Маратхан Ардан, 28 237 әскери бөлімінің медициналық қызмет бастығы, капитан Бегалидин Алашбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұланның елордалық құрамасына барған алғаш сапарында Ұлттық ұланды нағыз ерлік пен патриотизм мектебі деп атады. Шындығында, Ұлттық ұлан патриотизм мектебіне айналып отыр.
Армия әскери дәстүрлерден тұрады. Бауыржан Момышұлы асыл тәрбие алған адам жауынгерлік қасиеттердің негізін – адалдықты, тәртіпті игереді деп сенді. Сондықтан жеке құрамды оқыту барысында қазақ халқының өткенінен жеткен барлық жақсылықты, халық даналығының алтын қазынасын кеңінен пайдаланамыз. Жастарды асыл дәстүрлермен тәрбиелеу керек, өйткені дәстүр – бұл өткеннің өлі жәдігері емес, қазіргі және болашақ ұлы күрестер үшін бұрын жасалған және қайралған күшті қару.
Біз жауынгерлік қызметтің озық үлгілерін, ұрпақтар сабақтастығын, Отанға деген қалтқысыз қызметтің маңызын терең түсінеміз. Бұл халықтық құндылықтарды дәріптеп, насихаттауда өнер саласының мүмкіндіктерін кеңінен қолданамыз. Халық пен әскер арасындағы алтын көпір Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің өнерпаздары болып отыр. Шығармашылық ұжым тек елордалық гарнизонда өнер көрсетпейді. Пандемияға дейін біз өткен жылдары барша Қазақстан бойынша 80-ге жуық концерттік іс-шара ұйымдастырып, алыс ауылдарда өнер көрсеттік.
Жеке құрамды тәрбиелеу – өте күрделі міндет. Жас жігіт әскерде үлкен өмір мектебінен өтеді. Командирлер мен тәлімгерлерден тәрбие алады. Бірақ тәрбиенің негізі, өмірлік ұстанымдары отбасында және қоғамда, қоршаған ортада қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Дегенмен, бір жыл ішінде әскерге шақырылушыға жауынгерге тән қасиеттерді, яғни, ерік-жігерді үйретуге, әскери-қолданбалы дағдыларды үйретуге міндеттіміз.
Біз үшін, аға буынның ізбасарларын даярлау өте маңызды. Сондықтан Ұлттық ұланның жас офицерлер корпусының кәсіби әлеуеті мен сапасы жақсарып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Офицердің туабітті қасиеттері қызметтік талаптарға қайшы келмеуін болдырмау үшін біз кадрларды мұқият зерттейміз. Олардың неге бейім екенін, кімді қандай қызметке бағыттауға болатынын анықтау үшін мұқият зерттейміз. Бірнеше жыл бұрын командаға кім келетінін және аналитикалық жұмысқа кім бейім екенін анықтаймыз.
Ұлттық ұлан қатарында Халық Қаһарманы, полковник Қайрат Үмбетов қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз, бүгінде ол – «Батыс» өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы. Батырдың өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбазды жарылған гранатадан құтқарғанын ел тұрғындары жақсы біледі. ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Жандос Баянбаевтың ерлігін де жауынгерлер мақтан тұтады. Осындай орденнің иегері Ербол Отарбаев ерлігінің шынайы желісімен «Алтыншы бекет» көркем фильмі түсірілген. Ақтөбеде қылмыскерлермен ұрыс кезінде жараланған сарбаздар бүгін келісімшарт бойынша қызмет етеді, біреуі офицер болды. Әскерде қаза тапқан әскери жолдастардың отбасыларына қолдау көрсетіледі. Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбаздың ерлігі ұмытылмайды. Жауынгерлер ерліктерінің оқиға желісімен жарық көрген «Қазбат» фильмі – осы тақырыптағы ең жақсы картиналардың бірі. Осылайша жас ұрпақ ел қорғаған соғыс ардагерлері мен бейбіт күннің батырларының ерліктері үлгісінде тәрбиелену үстінде. Бәсекеге қабілетті, кәсіби даярланған, өз елінің жалынды қорғаушыларын әзірлеу – біздің асыл парызымыз.
Әлібек СЕРӘЛИЕВ,
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор