Соғысты әдетте «ер адамның ісі» деп жатады. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыста майданға тартылған әйел саны бойынша КСРО алдыңғы орында тұрды. Деректерде 800 мың кеңестік қыз-келіншек Ұлы Отан соғысына қатысқаны жазылған. Олардың арасында қаракөз қазақ қыздары да аз емес еді.
Кеңес Одағының әскери заңнамалық құжаттарында «әйел азаматтар қажетті жағдайда Қызыл Армия қатарына қосымша қызметтерге тартылсын» деп жазылғанымен, жалпы кеңес әйелінің әскери міндеткерлігі болмады. Алайда соғыстың алғашқы кезеңінде Кеңес әскері орасан зор шығынға ұшырап, 1942 жылдың көктемінен бастап Кеңес Одағы қыз-келіншектерді майданға, тылдағы өндірістік еңбекке жаппай мобилизациялаған. Соңғы кезде біртіндеп әскери құпия құжаттар ашылып жатыр. Бас қолбасшы Сталиннің 1942 жылдың сәуір-қазан айлары аралығындағы шығарған 3 бұйрығының негізінде 120 мың әйел байланыс, әуе қорғанысы, құрлықтағы жаяу әскер қатарына алынғаны белгілі болды.
Белгілі ғалым Манаш Қозыбаев өз еркімен майданға сұранып, өтініш жазған қазақстандықтардың 40 пайызы қыз-келіншек болғанын айтады. Қазақстаннан майданға жалпы саны 6-7 мың қыз-келіншек аттанды деген дерек бар. Ал біздің ұзақ жылғы зерттеуіміз Батыс Қазақстан облысынан ғана 1 100 жауынгер қыз-келіншек майданға алынғанын көрсетті.
Кеңес Армиясы құрамында гитлершіл фашизмге тойтарыс берген қазақстандық арасында Ақ Жайық өңірінен шыққан сондай қаһарман қыздарды – радиобайланысшы Ғарифа Рахметова мен Замиха Наушеваны оқырманға таныстыра кетейік.
Ғарифа Мәжитқызы Рахметова 1922 жылы 1 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы Азғыр ауылында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетінің 2-курсында оқып жүрген Ғарифа өз еркімен майданға аттанады. Бұл жөнінде ол: «Орал қалалық комсомол комитеті қаланың оқу орындарында және орта мектептердің 9-10-кластарында оқып жүрген белсенді жас комсомол қыздарды жинап, митингі өткізді. Сөйтіп Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің үндеуі талқыланып, жас қыздарды Отан қорғау ісіне қатысуға шақырды. Митингіде мен топ алдына шығып, өз еркіммен Отан қорғауға баратындығымды айтып, қыздарды қатарыма шақырдым. Тағы біраз қыз сөз алып, бұл ұсынысымды қуаттады. Сөйтіп митингіден кейін 600 қыз Ленинград қаласынан Оралға эвакуацияланған әскери радиотелеграфшылар дайындайтын училищенің 5 айлық курсына жазылдық. Оралда ай жарым оқыған соң әскери училище Мәскеу түбіндегі Мытищи қаласындағы оқу базасына қайта көшірілді. Оралдан 600 қыз тиелген эшелонды бүкіл қала халқы шығарып салды», дейді.
Осылайша, Мәскеу түбіндегі училищеде оқуын жалғастырған Ғарифа Рахметова жерлестері Замиха Наушева, Майра Мақатова, Нұрғаным Байсейітова, Лида Ружейникова, Катя Литовамен бірге 1942 жылы қарашада 5 айлық курсты тәмамдап, ІІ класты әскери радиобайланысшы мамандығына ие болады. Сөйтіп, Ғарифа Рахметова мен Замиха Наушева Калинин майданында ұрыс жүргізіп жатқан І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпусқа жөнелтіледі.
«Мен әскери авиация корпусы құрамында 5000 шақырым жауынгерлік жолды жүріп өттім. Қарапайым радиотелеграфист қызметін атқарып, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындадым. 32 438 мәрте әуеге көтерілген әскери ұшқыштармен біздің бөлім арасындағы әуе байланысын үздіксіз қамтамасыз етуге бар күшімді жұмсадым. Ұлы Отан соғысы тарихында біздің І гвардиялық шабуылдаушы корпустың ерекше орны бар. Корпусқа «Минскілік» деген құрметті атау беріліп, атақты ұшқыштарымыз – А.П.Маресьев, И.М.Березуцкий, И.М.Глухих, Е.М.Горбатюк, В.А.Ореховтың ерліктері тарихқа алтын әріппен жазылып қалды», дейді жауынгер Ғарифа Рахметова.
Ғарифа Рахметова Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, І, ІІ Прибалтика, І, ІІ Белоруссия майданы және «Багратион» операциясына қатысып, Минск, Липецк, Орел, Брянск, Великие Луки, Логова, Вильнюс, Шауляй, Берлин т.б. қалаларды азат еткен.
«1943 жылы қараша айында біздің корпус Невель қаласынан 2-3 шақырым жерде тұрды. «Отан үшін» атты майдан газетінен Невель қаласын азат етуге қатысқан 100 және 101-ші ұлттық қазақ атқыштар дивизиясының шабуылы жайлы, жерлесім Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы оқып білген едім. Қасыма бір жауынгерді ілестіріп, бұдан 1 ай бұрын шайқас болған жерге келіп, қаза болған жауынгерлердің және топырағы әлі кеппеген, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың жерленген жерін көрдім», дейді бір естелігінде Ғарифа Рахметова.
Радиобайланысшы Ғарифа Рахметова «Әскери ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатымен 6 мәрте марапатталды. 1945 жылдың қазан айында соғысты Берлин қаласынан 100 шақырым жердегі Перлиберг елді мекенінде аяқтаған Ғарифа Рахметоваға гвардия сержанты атағы беріледі.
Майданнан оралған соң Ғ.Рахметова Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтта оқуын жалғастырып, оны бітірген соң мектеп мұғалімі, Орал қалалық комсомол комитетінің, облыстық, аудандық партия комитетінің түрлі деңгейдегі хатшысы қызметтерін атқарды. Кейін Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Мемлекеттік киноматографистер институтының жанындағы жоғары мектепті бітіріп, Орал облыстық кино басқармасын басқарды. Соғыс ардагері Рамазан Таукинмен отау құрып, үш қыз тәрбиелеп өсірді. 1980 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты.
Зейнеткер Ғ.Рахметова Орал қаласындағы ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі болды. Орал қалалық депутаттар кеңесінің 1989 жылғы 23 шілдедегі №659 шешіміне сәйкес жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі ерен еңбегі үшін Ғарифа Рахметова «Орал қаласының Құрметті азаматы» атанды. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Елбасы Н.Ә.Назарбаев соғыс және еңбек ардагері Ғарифа Рахметоваға «Отан» орденін тапсырды.
Соғыс салған сырқаты салдарынан Ғарифа Рахметова 2001 жылы 17 тамызда дүниеден озды.
Мәскеуден Берлинге дейінгі әскери жорықта Ғарифа Рахметовамен бірге болған 2-класты радиобайланысшы Замиха Наушева 1924 жылы Орал облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. 8 жасында ата-анасынан айырылған ол туыстарының көмегімен Орал қаласындағы №4 мектеп-интернатқа орналасады. Кішкентай Замиха мектепте жақсы оқиды, скрипка класына қабылданып, музыкалық аспапты да меңгереді. Замиха 9-сыныпты бітірген жылы Ұлы Отан соғысы басталады.
Жоғарыда айтылғандай, Оралға Ленинград қаласынан эвакуацияланып келген әскери радиотелеграфшылар училищесіне қабылданған 600 қыздың арасында Замиха Наушева да болады. Училище Мәскеу түбіндегі Мытищи қаласындағы оқу базасына қайта көшірілгенде, Замиха да бірге кетеді. 1942 жылдың қараша айында 5 айлық курсты тәмамдаған Замиха Наушева құрбысы Ғарифа Рахметовамен бірге Калинин майданындағы І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпусқа жөнелтіледі.
Радиобайланысшы Замиха жауынгерлік өмір жолын былайша баяндайды: «Біздің жауынгерлік жолымыз Калинин майданынан басталды. Міндетіміз – радиостанса қызметін басқару еді. Жау біз отырған аймақты жиі нысанаға алып оқ жаудыратын, бомбаның астына алатын. Сондықтан орнымызды жиі ауыстырып, жау көзіне түспеу үшін түрлі әдіс қолданып, бүркеніп, тығылатынбыз. Жоғарғы Бас қолбасшының басқаруында болған біздің гвардиялық шабуылдаушы корпус майдандағы шешуші соғыстарға қатысып, бағытын жиі ауыстырып отырды. Біз өзіміздің истребительдер корпусының ұшқыштарын мақтан етіп жүрдік. Олардың көпшілігі немістің асқан шебер ұшқыштарымен шайқасып, көрсеткен ерлігі үшін батыр атанған еді. Ал ұшқыш Алексей Маресьевтің есімі соғыс жылдарында-ақ әдебиет тарихына жазылған еді».
Жеңіс күнін Берлин түбінде қарсы алған Замиха Наушева жауынгерлік ерлігі үшін Сталиннің алғыс хатына және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болды. Майдангер ана: «Мен, бұл соғыста адамзат баласының қайғы-қасіреті мен төгілген қанын, жер бетінен бір сәтте жойылған ауыл, қалаларды көрдім. Барлығы көз алдымда, оларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Орта жас шамасындағы командир, генерал-лейтенант В.Белецкийдің бізге қарап: «Жалбырақтарым-ау, сендер ертең осы соғыстың тарихына кіресіңдер!» дейтіні әлі есімде», дейді.
Елге аман-сау оралған жауынгер қыз бейбіт еңбекке араласып, Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің баспасында корректор болды. Кейін Орал қаласындағы тері комбинатының кептіру бөлімінде ұзақ жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шықты.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Адамдар бір-біріне қарыздар екенін әрқашан ойлай жүруі керек. Әсіресе Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деген екен. Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан қазақтың қаһарман қыздарының жауынгерлік ерлігі мен өнегелі өмірін үлгі етіп, мақтаныш ету – бүгінгі жас ұрпақтың парызы деп білеміз.
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты