Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының білім орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Ашаршылықтың ащы шындығы» атты кеш өтті. Тарихи тағылымы мол іс-шараға өткен ғасырдың отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандардың талайлы тағдыры туралы он шақты кітаптың авторы, ҰҚК ардагері Ғалихан Мәулетов қатысты.
30 жыл ғұмырын ұлттық қауіпсіздік қызметіне арнаған қарт қаламгер жастарға зұлмат жылдары нақақ айыпталып, жазықсыз атылып кеткендерге қатысты қылмыстық істердің жай-жапсары туралы әңгімелеп берді. Кезінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне тікелей қатысқан ақсақал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде жатқан қылмыстық істердің біразымен таныс.
– Прокуратураның келісімімен «үштіктің», «екіліктің», ерекше кеңестің шығарған үкімдерінің күшін жойып, көптеген құрбанды ақтап шығардық. Мәселен, 1936 жылы осында өзіміздің Қостанай облысы ұйымдастырылып жатқанда жер-жерден банк бастығы, облыстық соттың, облыстық атқару комитетінің төрағалары, облыстық партия комитетінің, комсомол комитетінің хатшылары, облыстық газеттің редакторы сияқты қолынан іс келетін азаматтар көп келген. Сол кісілердің бәрін 1937 жылы атып жіберді, – дейді ҰҚК ардагері.
Ғалихан Мәулетовтің «Үміт пен Үрей» атты көлемді еңбегінде Қостанай облысының алғашқы қазығын қаққан елтұтқа азаматтардың қасіретті тағдыры мен Ахмет, Міржақып, Бейімбет сынды Алаш арыстары өмірінің ақырғы кезеңдерінен мағлұмат беретін құжаттық материалдарға негізделген деректі зерттеу-толғамдар топтастырылған. Автор кешке қатысушыларға осы кітапқа енген «Ақиқаттан алшақ іс» атты мақаласы туралы баяндай отырып, Ахмет Байтұрсынұлына тағылған айыптың негізсіз екендігі жөнінде дәйекті ой тарқатты.
– Ол кісінің «Мен бұл мәселеге қатысты отызыншы жылы жауапқа тартылдым. Одан кейін өкіметке қарсы істеген ештеңем жоқ. Енді мені отыз жетінші жылғы баяғы айыппен қазір неге соттайсыңдар?» деген бір сөзі бар. Тергеушіге берген жауабы да өте сауатты. Ахаңның өзі аз уақыт партия қатарында болған ғой. Кейін партия қатарынан шығарып тастаған. Сонда Ахаңның: «Мен партия жиналыстарында отырып уақытымды бос кетіргім келмейді. Ғылыммен айналысуым керек. Халыққа сонда ғана көбірек пайда келтіремін», деп жазғаны бар, – дейді қария.
Ғалихан Нұржанұлы қаламгерлік ізденіс барысында Орталық партия комитетінің 1934 жылғы 1 желтоқсанда шыққан қаулысын қолға түсірген екен. Онда Кеңес өкіметіне дұшпан пиғылдағы адамдарды тез арада анықтап, жазаға тарту шарасы міндеттеліпті.
– Ол қаулы бойынша өкіметке қарсы адамдардың тізімін 10 күннің ішінде жасап бітіру керек болған. Бір кісінің тағдырын шешуге он-ақ күн береді! Сосын ұрып-соғуды заңдастырған. Ал сот шешімін қайта қарау туралы шағым беруге болмайды. 1934 жылғы қаулыларда сот үкімі шыққан кісіні сол күні түнде атып тастау туралы шешімдер бар. Мысалы, қаулыда 25 адам атылу керек деп көрсетілген. Демек тізімде 25 іс жату керек. Егер бұған бір-екі адам жетпей қалып, 23-24 іс жатып қалса, «сен неге өкіметке қарсы адамдарды жасырып қалдың» деп тергеушінің өзін жазалаған. Сондықтан тергеуші мүлде басқа қылмыспен 10-20 жылға сотталғандардың ісін алады да, жаңағының үстіне тастай салады. Ал ол бейшаралар «халық жауы» ретінде атылып кете береді. Адамның тағдырын ойыншыққа айналдырған заман ғой. Енді бұл жерде бұрынғы «чекистердің» ішінде жаны, қолы таза азаматтардың да болғанын айта кету керек. Алматыдағы үлкен бір бөлімнің бастығы Жақыпов деген кісі бір жедел кеңесте отырғанда біреулер «Сәкен Сейфулиннің халық жауы екенін анықтадық. Бүгін түнде тұтқындау керек, дәлел құжаттар жеткілікті», дейді. Сонда Жақыпов деген кісі, өзі ұлтжанды азамат, орнынан ұшып тұрып: «Тар жол, тайғақ кешу» деген шығарманы жазған адам ұлтшыл болуға тиіс емес. Бұл жерде бір қателік бар шығар. Мұны қайтадан тексеріп, анық-қанығына жетейік», дейді. Сен сөйтіп айттың деп ол кісінің өзін тұтқындап, атып жіберген, – дейді ҰҚК ардагері.
Қостанай облысы