• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Маусым, 2021

Түркияның жаңа міндеті – Кабул әуежайын қорғау

726 рет
көрсетілді

2021 жылғы 14 маусымда Бруссельде өткен НАТО саммиті тек Еуро-Атлантика аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өте терең мәнге ие болды. Бұның себебі Президент Д.Трамптың кезінде АҚШ ішкі мәселелеріне басымдық беріп, НАТО-ға көп көңіл бөлмегені мәлім. Ал Президент Джо Байден билікке келгеннен бастап, НАТО-ны күшейту керектігін мәлімдей бастады. Сондықтан НАТО саммиті ұйымның болашағы және оның ықпал ету аймағы тұрғысынан өте маңызды еді.

Саммит аясында өткен Байден-Ердоған кездесуінде түрік әскеріне Кабул әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті берілетіні туралы келісім жасалғаны анықталып отыр. Бұл келісім Түркияның НАТО тұрғысынан стратегиялық маңызын арттырып, Анкараның аймақтағы ықпалын күшейте түсуі мүмкін.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жө­ніндегі кеңесшісі Джейк Салливан «Түркия Кабул халықаралық әуе­жайы­ның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жетекші рөл атқаратын болып келісілді. Енді біз мұны қалай жасау керектігі туралы жұмыс істеп жатырмыз», деп мәлімдеді. Осы мәселені пысықтау мақсатында 24 маусымда Пентагон делегациясы Анкараға келіп кетті. Кездесуден кейін Түркия қорғаныс министрлігі тарапынан жасалған мәлімдемеде: «НАТО-ның Ауғанстандағы миссиясы аяқталғаннан кейін Хамид Карзай халықаралық әуежайын пайдалану бойынша ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Тараптар келіссөздерді жалғастыруға келісті», делінген. Ал Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар: «Ауғанстанға жаңа сарбаздарды жіберу туралы ойымыз жоқ. Біздің ол жақта онсыз да әскерлеріміз бар», деді.

Түрік әскерінің жаңа міндеті туралы Анкараның талаптарын Байденмен кездесуінен кейін Ердоған мәлімдеген болатын. Ол Байденге өзінің Ауғанстан туралы ойларын өте анық білдіргенін айта келіп: «Егер біздің Ауғанстанда қалуымызды қаласа, бізге АҚШ-тың дипломатиялық, логистикалық,  қаржылық мәселелерде белгілі бір қолдауы қажет болады», деген. Бұған қоса, Ердоған әуежайды қорғауда Түркияның Пәкістан және Мажарстанның қасында болуын қалайтынын Байденге жеткізгенін айтты.

24 маусымдағы екі жақтың әскери­лері арасындағы кездесуден кейін АҚШ-тың Түркиядағы елшілігі интернет парақшасында жарияланған хабарда: «Президент Байден мен Президент Ердоғанның Брюссельдегі соңғы кездесуінен кейін АҚШ пен Түркия делегациялары екі күн бойы келіссөздер жүргізіп, Ауғанстанның Хамид Карзай халықаралық әуе­жайына болашақта көрсетілетін қолдау мәселесінде белгілі нәтижеге қол жеткізілді», делінген.

Дегенмен, түрік әскерінің Ауған­станда қалуына байланысты мәселе аз емес. Мысалға, Талибанның Дохадағы өкілі Сүхейіл Шахин Түркияның НАТО-ның мүшесі екенін, сондықтан түрік әскерлерінің де Ауғанстаннан кетуі керектігін мәлімдеді. Дегенмен Шахин өз сөзін былай жалғады: «Түркия – үлкен мұсылман елі және Ауғанстанмен тарихи байланысы бар. Біз болашақта Ауғанстанда жаңа исламдық үкімет құрамыз. Сол кезде Түркиямен тығыз және жақсы қарым-қатынас орнатамыз деп үміттенеміз».

Осы мәлімдемелерге қарағанда, Түркия осы уақытқа дейінгі Батыспен болған мәселелерін бір шетке ысырып, АҚШ – Түркия қатынасында жаңа күн тәртібін қалыптастыра алған. Қазір Түркия өзінің мұсылман және түркі болмысына байланыс­ты АҚШ және оның НАТО-дағы одақтастарының мүдделері үшін таптырмас ел болып табылады. Атап айтқанда, Таяу Шығыстағы мәселелерді былай қойғанда, Түркия Ресей мен Қытайдың ықпалы күшті Еуразия аймағында маңызды ойыншы болып отыр. 14 маусым күні НАТО-ға мүше елдер лидерлері қабылдаған мәлімдемеде және 2019 жылы жария­ланып, осы саммитте лидерлер тарапынан қабылданған «НАТО-2030» құжатында Ресей мен Қытай басты қауіп ретінде көрсетілгенін ескерсек, Түркияның аймақтағы ықпалы арта бермек.

Анкара – тек Батыс үшін ғана емес, сонымен қатар Мәскеу мен Пекин үшін де тіл табыса алатын маңызды серіктес. Түркия АҚШ – Ресей, АҚШ – Қытай арасында теңгерім қалыптастыруға тырысуда. Мысалға, Астана үдерісі осындай теңгерімнің жемісі болатын. Кабул әуежайын қорғау мәселесінде Түркияның Пәкістанды тартуы АҚШ – Қытай арасында теңгерім қалыптастыру талпынысы тәрізді. Егер Түркия Пәкістанмен бірге әрекет етсе, бұл Исламабадтың одақтасы болып табылатын Пекин үшін кепілдік болады. Еске сала кетсек, Қытай – Пәкістан Экономикалық дәлізі және Гвадар порты – Пекиннің «Бір белдеу, бір жол» жобасының басты бағыты.

Оның үстіне, Пәкістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мүшесі екенін де ұмытпауымыз керек. Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу да ШЫҰ-ға Ауғанстанның барлық көршісінің мүше екенін атап өтіп, бұл ұйымның маңыздылығына тоқталған болатын. Шойгудың айтуынша, «Исламабадпен және Те­геранмен өзара әрекеттесусіз ауған түйі­нін шешу мүмкін емес». Осыған қара­ғанда, Анкара Кабул міндетінің нәти­желі болуы үшін жауапкершілікті тек өзі ғана алмай, аймақтық елдермен ын­ты­мақтастықты дамытуды көздеп отыр.

Кабул міндетіне Түркияның Ма­жарстанды тартуы да қисынды. Бірін­­шіден, Мажарстан – ЕО мү­шесі және осы одақтағы Түркияға тілектес елдердің бірі. Мажар әске­рінің Кабул миссиясында түрік әске­рімен бірге болуы Түркия – ЕО ын­тымақтастығына жаңа тереңдік бере­ді. Екіншіден, Мажарстан – Түркі кеңесінде бақылаушы ел. Сондықтан Кабул міндеті екі елдің Түркі кеңесі шеңберіндегі ынтымақтастығына да жаңа серпін бермек.

Қорыта айтқанда, НАТО лидер­лері «жаңа кезең» деп атаған дәуір­де Түр­кияның стратегиялық маңыз­ды­лығы арта түседі. Бұл жерде Ан­караның міндеті – АҚШ – Ресей және АҚШ – Қытай теңгерімін сақтау. Осы уақытқа дейін Анкара АҚШ – Ресей теңгерімін сақтап келді. Бірақ экономикалық дағдарыс және панде­мияға байланысты Түркия бетін Батысқа бұруға мәжбүр. Дегенмен, Түркияның Ресейдің мүдделеріне қарсы әрекет етуін күту қиын. Бас­қаша айтқанда, Анкара Мәскеумен ынтымақтастықты жалғастыруға барынша тырысатын болады. Түркияның Ауғанстанға байланысты міндеті Анкараның АҚШ – Қытай арасында да маңызды ойыншы болу ықтималдығы бар екенін көрсетіп тұр.

 

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,

сарапшы