• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Шілде, 2021

Алматы агломерациясын дамыту жөнінде кеңес өткізді

195 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Алматы агломерациясын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Са­ғынтаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады. Дүниежүзілік банк­тің Орталық Азия бойынша ба­ғ­дарламалар үйлестірушісі Саша Джумена агломерациялар­ды дамыту бойынша әлемдік тәжі­рибені қолдану туралы баяндады. Талқылауға Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар минис­трі Мағзұм Мырзағалиев, Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және т.б. қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 17 нау­рызда Алматы қаласының әлеу­меттік-экономикалық даму мәсе­лелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалу ба­рысы қаралды.

Бірыңғай интеграцияланған көлік жүйесін құру, инженерлік, тұрғын үй, туристік және әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инвестициялар тарту, қоршаған ортаны қорғау және Алматы агломерациясының елді мекендерін газдандыру, сондай-ақ Алматы қаласының ай­наласындағы азық-түлік белдеуін нығайту жобалары талқыланды.

Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі өңіраралық іс-шаралар жоспары 2030 жылға дейін 108 іс-шараны орындауды көздейді. Жоспарлау кезінде пайдаланылған болжамдарға сәйкес, қала тұрғындарын қоса алғанда, Алматы агломе­рация­сының халқы 2030 жылға қарай 1,6 млн адамға ұлғаяды және 4,7 млн адамнан асады, олар 860 мың га астам аумаққа қоныстанады. 2020 жылдан бастап жоспардың 60 тармағы бойынша жобаларды іске асыру басталды, олардың 13-і аяқталды.

Премьер-Министр биылғы 20 тамызға дейін «Үлкен Алма­тының» төрт қанатқақты жобасын іске асыру: экологиялық проблемаларды шешу (Green Almaty), бір­ыңғай көлік моделін және да­му стратегиясын әзір­леу, ШОБ цифр­лы картасын қалып­тастыру, мониторинг пен ТЖ алдын алу­дың кешенді жүйесін әзірлеу мәсе­лелерін пысықтауды тапсырды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне биылғы 1 қарашаға дейін Алматы қаласында цифр­лы технологияларды (АT-құм­салғыштар) дамыту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігіне би­ылғы 20 қазанға дейін агло­ме­рацияның бірыңғай көлік мо­делін әзірлеу тапсырылды.

Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысына Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалын салу жобасы ұсынылды, ол жылдық жолаушылар айналымын 6 млн адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Іске асыру мерзімі – 2021-2023 жылдар.

А.Мамин «Аюсай» сел ұстай­тын бөгетінің, сондай-ақ Алматы қаласының көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс алаңдарына барды.

Алматы метросы

ұзара түседі

Сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында қалалық метрополитеннің даму барысын тексерді.

Қазіргі таңда метрополитеннің бірінші желісінің жұмыс істеп тұрған 9 метро стансасына қо­сымша «Сарыарқа», «Достық» және «Қалқаман» стансалары салы­нып жатыр, бұл желінің жалпы ұзын­дығын 10,3 шақырымнан 15,9 шақырымға дейін, ал жолау­шылар ағынын тәулігіне 46 мың­нан 93 мың адамға дейін арттырады.

Осы жылдың соңына дейін «Сарыарқа» және «Достық» стансаларында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, техникалық іске қосу жоспарланған. 2022 жылдың I тоқсанының соңы­на дейін іске қосу-реттеу жұмыс­та­рын аяқтау және стансаларды пай­далануға беру көзделген.

«Қалқаман» стансасында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Үкімет басшысы Алматы метро­политенінің бірінші желі­сінің II кезегін дамыту бойынша жоспарланған барлық жұмыстың уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

«Алтын Орда»

көлік айрығы пайдалануға беріледі

Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Алтын Орда» базары маңындағы көлік айрығы – «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының 16-19 км учаскесін қайта жөндеу барысымен таныс­ты.

Жоба инженерлік коммуникацияларды қайта орната отырып, учаскені 4 жолақтан 10 жо­лаққа дейін кеңейтуді, негізгі магис­трал­ды эстакаданы, «таға» тү­ріндегі бұрылу эстакадасын, Ақ­сай өзені арқылы өтетін көпір­ді, сон­дай-ақ жерүсті жаяу жүр­гін­­ші­лер өткелдерін салуды көз­дейді.

Үкімет басшысы барлық сапа стандарттарын қамтамасыз ете отырып, жұмыс қарқынын арттыруды және оларды биыл қазан айында аяқтауды тапсырды.

«Көлік айрығын осы жылғы қараша айында пайдалануға беру қажет. Жоба Алматы қаласы мен Алматы облысы арасындағы кө­лік қа­тынасын жақсартады», деді А.Ма­мин.

Үлкен Алматы айналма жолын аяқтауды тапсырды

Премьер-Министр Асқар Мамин биылғы 1 шілде күні Ал­маты қаласына жұмыс сапары ая­сында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) салыну барысын тексерді.

ҮАААЖ – Қазақстан мен Ор­талық Азиядағы мемлекет-жеке меншік әріптестік сала­сындағы жол құрылысының ірі инфрақұрылымдық жобасы. Құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңгені құрайды. Жо­­баны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму бан­кі, Еу­разия даму банкі қаржы­лан­дырады.

Концессия шартына 2018 жылы 20 жыл мерзімге қол қо­йылды. Концессионер – «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары құрған «ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС.

Алматы қаласының төңіре­гіндегі ұзындығы 66 шақырымдық және алты жолақты қозғалысты үлкен айналма автомобиль жолы I техникалық санат параметрлеріне сәйкес келетін болады. Автожол құрылысымен қатар жаңа көпір­лер, көлік жолайрықтары мен эстакадалар салу көзделген.

Жобаны іске асыру көлік қызметін көрсету сапасын арттырады, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль көлі­гінің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады. ҮАААЖ пайда­лануға берілгеннен кейін барлық транзиттік ағын – тәулігіне шамамен 38 мың автомобиль Алматы қаласын айналып өтетін болады. Бұл ретте Қытай мен Еуропа ара­сындағы жүк тасымалдау көлемі өседі деп күтілуде.

Құрылыс алаңына шамамен 1600 адам мен 600 бірлік техника жұ­мылдырылған. Құрылыс аса белсенді жүргізілетін кезде 3 мыңға жуық адамды тарту жос­парланып отыр.

Үкімет басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарының қар­қынын арттыруды және барлық сапа стандарттарын қамтамасыз ете отырып, кестеден 2 жылға ерте­рек, жұмысты 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. «ҮАААЖ құрылысы Алматы агломерациясын ғана емес, сондай-ақ жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін де маңызды», деді А.Мамин.