Шөптің шығымы биыл Қостанай өңірінде де мәз емес. Мамыр, маусым айларындағы аптап ыстықтың салдарынан жылда бітік шығатын шабындықтың біраз бөлігі ерте қурап кетті. Сондықтан биыл шабылған шөптің орташа түсімі гектарынан шамамен 4 центнерден ғана келді. Биыл өңірде қысқы мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындап алу мақсатында орман іші, су жағалары мен оты мол жайылымдық жерлерге де шалғы түскен.
Биылғы құрғақшылық, әсіресе, Жітіқара, Денисов, Бейімбет Майлин аудандарына ауыр тиді. Бұл өңірлердегі шабындық жерлердің көбін ыстық үйтіп жібергендіктен, жергілікті шаруашылықтар мен қарапайым жұрттың біразы қысқа қажетті шөптің жартысына жуығын ғана жинай алған. Оларға шабындығы мол өзге аудандардағы шаруа қожалықтары қолұшын созып, тонналап шөп жіберіп жатыр. Мәселен, таяуда ғана меңдіқаралық шаруалар Жітіқара ауданына 120 тонна шөп жөнелтті. Ұзынкөлдіктер Бейімбет Майлин ауданына 50 тонна шөп басып берсе, науырзымдықтар алдағы 2-3 күн ішінде Денисов ауданына 70 тонна шөп жіберуді жоспарлап отыр.
Мәселен, шілденің 30-ы күні Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» агрофирмасы Жітіқара өңірінің тұрғындарына 100 тонна шөп жеткізіп берді. Аудан әкімінің орынбасары Радик Есқалиевтің айтуынша, бұл шөп зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларға, басқа да мұқтаж тұрғындарға үлестіріліп жатыр.
Облыс көлемінде ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық шарасынан биыл шөптен қысылмай қоңды отырған шаруашылықтардың ешқайсысы қалыс қалып жатқан жоқ. Бірауыз сөзге келмей, қолындағы барымен бөлісуде. Өткен аптада Бейімбет Майлин ауданының тұрғындарына Ұзынкөл өңіріндегі «Веста» шаруа қожалығынан 10 тонна, «Казанка» және «Надежда» серіктестіктерінен 30 тонна, «Крутоярск» ЖШС-нен 10 тонна рулондалған шөп жетті. Биыл алқаптағы астығының біразы күйіп кеткен Науырзым өңіріндегі шаруалардың өзі шөп қорын толық қамдай алмай жатқан көршілес аудандағы ағайынға көмек қолын созуға бел байлап отыр.
Ауыл тұрғындарын қолжетімді бағада жемшөппен қамтамасыз ету жұмыстары Арқалық өңірінде де ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, бұл өңірде 370 шаруашылық бар. Оның 122-сі мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда Көктау, Екідің, Жалғызтал, Қайыңды, Целинный, Аңғар, Жаңақала ауылдарында шөп дайындау қызу жүріп жатыр. Ал Родина, Фурманов, Восточный, Молодежный, Үштөбе, Арқалық қаласын мал азығымен қамту мәселесін көршілес Амангелді ауданының кәсіпкерлері көтеріп алып отыр.
Қиын-қыстау кезеңде қысқы шөп бағасының шарықтап кетпеуі үшін облыс басшылығы жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаржы фермерлерге субсидия түрінде берілмек.
Жалпы, алдағы қыстан қысылмай шығу үшін облыста 1 млн 84 мың тонна шөп қоры жиналуы керек. Аудандық әкімдіктердің мәліметінше, бүгінге дейін 840 мың тоннадан аса шөп қоры жиналып алынған.
Қостанай облысы