• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Тамыз, 2021

БҰҰ-да Семей сынақ полигоны жөнінде алғаш айтылған сөз

1938 рет
көрсетілді

Семей полигонындағы ядролық сынақтар мәселесі алғаш рет 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында айтылды.

Менің БҰҰ-мен қатынасым 1989 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрі болып тағайындалғаннан кейін бір жыл өткен соң басталды. 1951 жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясына жіберілетін кеңес делегациясының құрамына КСРО одақтас республикаларының ішінде біреуінің сыртқы істер министрі кіретін, бұл ретте БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер ретінде Украина КСР және Беларусь КСР өздерінің бөлек делегацияларын жіберетін.

Мен 1990 жылы КСРО Сыртқы істер министрі Э.А.Шеварднадзе бастаған кеңес делегациясының құрамында БҰҰ БА 45-сессиясының жұмысына әлеуметтік және гуманитарлық мәселелерді қарай­тын БА Үшінші Комитетіндегі кеңес деле­га­циясының басшысы ретінде қатыстым.

Мүше мемлекеттердің делегаттарымен және БҰҰ Хатшылығының басшылығымен көптеген сұхбаттарымда, журналистермен кездесулерде мен Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарына байланысты проблемалар туралы үнемі айтып жүрдім.

КСРО Сыртқы істер министрінің орынбасары және қарусыздану мен қауіпсіздік мәселелерін қарайтын Бірінші Комитеттегі кеңес делегациясының басшысы В.Ф.Петровский мұны білетін. Ол осы орайда маған аталған комитетте сөз сөйлеуді ұсынды. Мен ықыласпен келістім және КСРО-ның қарусыздану жөніндегі конференциядағы Тұрақты өкілі С.Б.Бацановпен бірлесіп, ядролық сынақтарға толық және жалпыға бірдей тыйым салу мәселесі бойынша сөйлейтін сөздің мәтінін дайындадық.

23 қазан күні таңертең мен КСРО делегациясының атынан тізім бойынша бірінші болып сөз сөйледім. КСРО-ның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ю.М.Воронцов мені тыңдауға арнайы келді. Залда БҰҰ мүшесі емес одақтас республиканың өкілі Бірінші Комитеттің отырысында алғаш рет сөз сөйлейтінін және бұл үлкен қызығушылық тудырғанын атап өткен делегаттар көп болды.

БҰҰ Бірінші Комитетінің 1990 жылғы 23 қазандағы 13-отырысының ресми стенографиялық есебі негізінде осы баяндаманың бір бөлігін дәйек ретінде келтіргім келеді.

«Арыстанбекова ханым (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы):

Ядролық қаруды сынауға тыйым салу мәселесі шындығында адамзаттың өмір сүруін не жойылуын айқындайтын проблемаға айналды. Оны шешу үшін күллі халықаралық қоғамдастықтың, парламентшілердің, жұртшылықтың және әлбетте, Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлескен күш-жігері талап етіледі. Аумағында Семей сынақ полигоны орналасқан Қазақ КСР Үкіметінің мүшесі болғандықтан, бұл мәселе маған әсте жақын әрі түсінікті. Қазақстан, өкінішке қарай, осы зардаптың бәрін бастан өткерді. Семей полигонында сынақтар жүргізілген 40 жыл ішінде сансыз ядролық зарядтар жарылып, олардың жиынтық қуаты мыңдаған Хиросима бомбаларымен теңесті. Айта кету керек, 1963 жылға дейін бұл сынақтардың көпшілігі ашық түрде өткізілді. Осының бәрі адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және іргелес аумақтардың экономикасына орасан зор залал келтірді.

Мен Бірінші Комитетте ядролық сынақтардың адамзатқа қарсы жасалған зұлмат екені және олардың адам денсау­лығы мен қоршаған орта үшін нақты қа­уіптілігі туралы айтқан мемлекеттердің өкілдеріне толық қосыламын.

Қазақстанда, сондай-ақ бүкіл Кеңес Одағы елдерінде демократияландыру мен жариялылық процестерінің өрбуіне байланысты соңғы жылдары елімізде ядролық сынақтарды дереу тоқтату және ядролық полигондарды жабу жөніндегі қоғамдық қозғалыс күш алып келеді. Қазақстан – «Невада – Семей» сияқты қуатты қоғамдық қозғалыстың отаны, оның қызметі біздің елде ғана емес, шетелде де кеңінен танымал.

Ядролық қаруды сынауды дереу тоқ­тату туралы талапты қолдау үшін үсті­міздегі жылы мамырда өткен «Ядро­лық қаруға қарсы әлем сайлаушылары» халықаралық кон­гресі атынан төрткүл дүние жұртшы­лығының Қазақстан астанасы Алматыдан қуатты дауысы жаң­ғы­руының символдық мәні бар. Бұл конгреске әртүрлі елдердің көрнекті өкілдері ғана емес, сонымен қатар әскерилер, дипломаттар, дәрігерлер мен ядрошы-физиктер де қатысты.

Мұндай форумдар ядролық сынақ­тарды тоқтату бағытындағы күш-жігер­ге елеулі серпін беріп қана қоймай, ядро­­лық сынақтарға қарсылар мен жақ­тау­шы­лардың дәлелдерін жақсы түсінуге, жалпы адамзаттың ымыраға келуіне мүмкіндік береді. Конгреске қатысушылар ядролық мемлекеттердің басшыларын ядролық қару сынақтарын дереу тоқтату туралы үндей отырып, бірлескен жолдау жасауы осы іс-шараның қорытындысы болды және бұл кездейсоқ емес. Бүгінгі таңда, әлемдік қоғамдастық «қырғи қабақ соғыс» кешегі күннің еншісінде қалып, «террор теңгерімін» «ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл теңгерімі» алмастырған текетірестен кейінгі кезеңге енген кезде, ядролық сынақтарды тоқтату міндеті жаһандық, жалпыадамзаттық өлшемге ие болады. Сондықтан ядролық қаруды жер астында сынауды шектеу туралы және бейбіт мақсаттағы жерасты ядролық жарылыстары туралы кеңестік-америкалық шарттардың ратификациялануына байланысты үстіміздегі жылы 9 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі қабылдаған әлем пар­ламенттері мен жұртшылығына үндеуде, егер АҚШ Үкіметі біржақты тәртіппен немесе өзара негізде өзінің ядролық сынақ бағдарламаларын жабатын болса, КСРО бүгін өзінің ядролық сынақтары үзілісін мерзімсіз және түпкілікті етуге да­йын екені атап өтілді. КСРО жаһандық ядролық қарусыздану жөніндегі өз ұсынысын растай отырып, басқа ядролық державалар да осылай жасаса, ядролық емес мемлекет болуға дайын екенін біл­дірді. Үндеуде ядролық сынақтарды дереу тоқтатуға және осыған байланыс­ты парламенттік референдум өткізуге қа­тыс­ты өзінің қатынасын айқындауға ша­қыр­ған тұжырым болды. Әлемнің бар­лық елдерінің парламенттері мен жұрт­шылығы КСРО Жоғарғы Кеңе­сінің бұл үндеуіне таяу арада үн қосып, кеңес заң шығарушыларының осы бастамасы Бас Ассамблеяның 45-сессиясында қа­был­данатын ядролық сынақтарды тоқтату туралы мәселе жөніндегі қарарлардың бірінде көрініс табады деп үміттенемін.

Қазақстан қазірдің өзінде ядролық сынақтарды дереу тоқтату және сынақ полигондарын жабу бойынша өзінің біржақты таңдауын жасады. Бұл бағытта Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев, республиканың Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметі нақты қадамдарға баруда.

Қазақ КСР-інің жаңадан сайланған Жоғарғы Кеңесі өзінің бірінші сессиясында өз аумағындағы сынақтарды дереу тоқтатуға қатысты халық талаптарын қолдайтын қаулы қабылдап үлгерді. Қазіргі күндері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясында талқыланып жатқан Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға республика аумағында ядролық қаруды өндіруге, сақтауға және сынауға тыйым салу туралы бап енгізілді. Қазақстан жұртшылығы ядролық сынақтар бағдарламасын КСРО Республикасының қандай да бір аумағына көшіруге үзілді-кесілді қарсы.

1989 жылғы 19 қазанда Семей полигонында ядролық қарудың соңғы сынағы өткізілді. Бұл күн КСРО-дағы ядролық сынақтар бағдарламасына нүкте қоятын күн болады деп сенім білдіргім келеді. Біз басқа ядролық державаларды да ядролық сынақтарға қатысты тарихтың «көлеңкелі парағын» жабуға шақырамыз».

...Мен сөз сөйлеген кезде залда қандай үнсіздік орнағаны әлі есімде. Сөзімді аяқтаған соң Ю.М. Воронцов мәтінге «тең­дес­тірілген» деп баға беріп, мақтау айтты.

Кейіннен, мен Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі және Бірінші Коми­теттегі біздің делегациямыздың басшысы болып жұмыс істеген кезде, көптеген делегаттар менің бұл алғашқы сөзімді және оған әртүрлі реакциялар болғанын еске алды. Пәкістанның БҰҰ жанындағы елшісі Джамшид Маркер маған респуб­ликамыздың бұл мәселе бойынша ядролық сынақтарды дереу тоқтату туралы КСРО-ның ресми көзқарасымен сәйкес келмейтін батыл шешіміне таңданғанын жасырмады.

С.Б.Бацанов маған сол кездері КСРО-ның әскери ведомствосы менің сөйлеген сө­зіме «қатты алаңдай» қоймағанын айтты.

Алайда келесі күннің оқиғасы жағ­дай­ды шиеленістіріп жіберді. БҰҰ-ның құрылған күні болып табылатын 24 қазанда, яғни ядролық сынақтарды тоқтату туралы үндеуден кейінгі күні, Ке­ңес Одағындағы Новая Земля полиго­нында ядролық бомба сынағы өткізілді. Кейінірек маған С.Б.Бацанов түсіндіргендей, оны енді ұңғымада ұстап тұру мүмкін болмады. Бірақ маған жарылыс үшін таңдалған күн аса сәтсіз екені анық болды.

24 қазанда БҰҰ ғимаратына кіргенім­де маған сауалдар мен ашынған реніштер қарша борады. «Сіз, министр ханым, кеше ядролық державаларды ядролық сынақ­тарды дереу тоқтатуға шақырдыңыз, ал бүгін КСРО-ның өзі ядролық бомба жарып отыр. Мұны қалай түсінуге бола­ды?», деді Моңғолия елшісі Лувса­гийн Эр­дэнэчулуун. Менің кешегі тың­дау­шы­ла­рымның көбісі түсініктеме сұрай бастады.

Мен не жауап бере аламын? Айтып өткенімдей, халқы ядролық сынақтардан соншама зардап шеккен Қазақстанның ұстанымы дұрыс екендігіне енді өз­деріңіз де көз жеткізіп отырсыздар дедім. Түптеп келгенде, бұл оқиға респуб­ли­ка­мызға үлкен ықылас туғызып, пробле­ма­ла­рымызға жанашырлықпен қарауға әкелді.

Тұңғыш Президент Н. Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей полигонын жабу туралы Қазақстан­ның тарихи шешімі, кейіннен жаңа тәуелсіз мемлекеттің ядролық емес мемлекет ретінде ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуы мен мұраға қалдырылған және қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартуы әлемдік қоғамдастықта елімізге деген лайықты құрмет пен сенім тудырды.

Қазақстанның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудегі нық және дәйекті ұстанымы мен көшбасшылығы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен Ұйымның Бас хатшысы тарапынан үнемі қолдау тауып келеді, бұған 8 жыл бойы Қазақстанның БҰҰ жанындағы бірінші Тұрақты өкілі және БҰҰ БА Бірінші Комитетіндегі делегациясының басшысы болып жұмыс істеген кезде толық көзім жетті.

1996 жылғы 10 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассам­блеясы Ядролық сынақтарға жан-жақ­ты тыйым салу туралы шартты қабыл­дады, оны дайындауға БҰҰ Бірін­ші Комитеті шеңберінде тәуелсіз мем­лекетіміз 1993 жылдан бастап белсенді қатысты. 1996 жылғы 30 қыркүйекте Сырт­­­қы істер министрі Қ.К.Тоқаев Нью-Йоркте Шартқа қол қойды және Қазақ­стан қарусыздану саласындағы осы тарихи халықаралық келісімге алғашқы қаты­су­шылардың бірі болды.

Қазақстанның ядролық қарусыздануға және ядролық қаруды таратпауға қосқан үлесін бағалай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2009 жылы Семей полигонының жабылған күні – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады, бұл күн содан бері бүкіл әлемде атап өтілуде.

Президент Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 28 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күніне орай жасаған үндеуінде – ұзақ уақыт бойы ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдар мен аумақтарды әлеуметтік оңалту Қазақстан үшін полигон жабылғаннан кейінгі бірінші кезектегі міндеттердің бірі болғанын атап өтті. Президент бұрынғы сынақ алаңы аума­ғында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мем­лекеттік саясаттың маңызды басым­дығы болғанын баса айтты.

БҰҰ БА-ның 2020 жылғы 23 қыр­күйек­те өткен мерейтойлық 75-сессиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы әлем­дік қоғамдастықтың назарын ядролық қару­ды таратпау және қарусыздану дағда­рысына аударды. «Бүгінде Қазақстан – өзінің зымырандық-ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі», деп мәлімдеді Президент.

Алайда ядролық қаруды таратпау режі­мінің созылмалы дағдарысы әлемді аса осал және қауіпті жағдайға душар етіп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы бар­лық мүше мемлекеттер адамзатты ядро­лық апаттан құтқаруға бағытталған қажет­ті әрі кезек күттірмес барлық шараны қа­­был­­дау туралы Қазақстанның ядролық дер­жа­валар саналатын елдерге жолдаған үн­деу­ін қолдайды деп үміттенетінін атап өтті.

Қазақстан Республикасы өз тәуел­сіз­дігінің 30 жылы ішінде бейбітшілікті және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, жап­пай қырып-жою қаруын таратпауға елеулі үлес қосып, өзінің халықаралық өзара іс-қимылдың жауапты акторы және пла­нетаның барша адамдарының игілігі жолында қауіпсіз әлем құру жөніндегі жаһандық ынтымақтастықтағы сенімді әріптес ретінде танылған беделін дәйекті түрде растап келеді.

 

Ақмарал АРЫСТАНБЕКОВА,

ҚР СІМ-інің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 1989-1991 жылдары Қазақ КСР және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, 1992-1999 жылдары Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы алғашқы Тұрақты өкілі