• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Парламент 02 Қыркүйек, 2021

Парламенттің II сессиясы ашылды

91 рет
көрсетілді

Кеше палаталардың бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясының ашылуын жариялады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Жаңа сессия ресми ашылғаннан кейін еліміздің Әнұраны орындалды. Парламенттік сессияны ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақ­тау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаң­ғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыс­тыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

Президент Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөз­дерімен бастады.

– Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болдық. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық, – деді Президент.

Қ.Тоқаев сондай-ақ өзі­нің сөзінде іргемізді бекі­тіп, еңсемізді тіктегені­мізді, халық­аралық қоғамдастық­тың белді мүшесіне айналға­нымызды, тұрақты қо­ғам қалып­тастырып, орнықты даму жолына түс­кені­мізді атап көрсетті.

– Мемлекеттілігімізді нығай­ту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңызды­сы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның бас­ты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен ты­ныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Жол­даудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандық­тар­дың әл-ауқатын арттыру – өзі­нің Пре­зидент ретіндегі бас­ты мақ­саты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды.

Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 тең­геден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматқа жанама түрде әсер етеді.

Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қа­лып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда, Үкіметке жұмыс­шы­лар­дың жалақысын көтеру үшін биз­несті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсыр­ды. Жұ­­мыс­шыларының жалақы­ларын өсірген жұмыс беруші­лер­ге сатып алуларда жеңілдік қарас­тырылып, мемлекеттік қол­дауда басымдық беріледі.

Үшіншіден, Мемлекет бас­шысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.

Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапхана­шылар­дың, техника­лық қыз­мет­керлердің, қорықшылар­дың, көлік жүргізушілерінің және бас­қалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игі­лігін тұ­тас­тай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.

Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.

Президент бірлескен оты­рыс­қа қатысқан Парламент депутат­­тарына әрбір заң жоба­сының қыр-сырына терең үңі­ліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мем­лекет басшы­сының айтуын­ша, әрбір шешім елдің сұ­ра­нысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппа­рат­тың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды.

– Мемлекет басшысының сая­сатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңі­не қадам бастық. Мемлекет­тік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз, – деді Президент.