• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қаңтар, 2022

Байлығы – білім, еңбегі – ғылым, өнегесі – ілім

434 рет
көрсетілді

Бүгінде қазақ мұнайының жүз жиырма жылдан астам тарихын барласақ, қазақ жерінде мұнай өндірісінің қалыптасуына және дамуына еңбек сіңірген мыңдаған отандасымыз тәуелсіз еліміздің гүлденуіне, экономикалцық қуа­ты­на негіз болып отырған мұ­най өндіру саласының «Алтын кіта­бын» өздерінің ерен де даңқты ең­бек­терімен өшпестей етіп жазды.

Солардың ішінде ғылымды, ұстаз­дықты, өндірісті өзара тығыз байланыс­та өрбіте алып жүрген көрнекті ғалым Ербол Сахитұлы Махмотовтың сіңірген еңбегі арнайы дәріптеуге лайық. Ол – химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы мемлекеттiк сыйлығының лауреаты. Мұнай саласының ғылыми-инновациялық менеджері және жоға­ры оқу орнында ұзақ жылдар ұйымдас­тырушы ғылым жөніндегі проректор-ұстаз болып қызмет еткен Ербол Мах­мотовтың ерекшелігі – ғылым мен өнді­рістің өзара байланыста дамуына зор үлес қосуы, олардың кіріккен же­тіс­тіктерін жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды даярлауға және мұнай-химия өнеркәсібі саласында ұштастыра пайдалануы. Үнемі ізденіс үстінде қарымы мен талғамы сай жүретін ғалым 40 жылдан астам еліміздің химия ғылыми-зерттеу, жоғары білім беру және мұнай-химия өнеркәсібі, оның ішінде мұнай мен су тасымалы салаларында тоғыстыра еңбек еткен ғалымдардың бірі де бірегейі десек артық айтқандық болмайды. Оның ауқымды ғылыми-зерттеу еңбектері мен практикалық жұмыстары елімізде және алыс-жақын шетелдік ғылыми-өндірістік ортада жоғары бағаланып әрі қолданылып келеді.

Өмірде осы жолға түсуін және жеткен жетістіктерін саралағанда ол өзіне ықпал еткен және өмірлік нық ұстанымдарын қалыптастырған үш тұғырды еске алады. Ол тұғырлары – ата-анасы, ұстазы және әрдайым бұлтақтатпай алға жетелеген арман-мақсаты. Ұрпаққа жақсы тәрбие беруді талапты ұштау, үлкен асқақ армандарға баулу деп білген, қарым-қабілетін дөп танып, бағыттай алған әкесі Сахит Махмотұлы мен анасы – Үзік Сапарқызы, ұстазы Бекболат Абатов екен. Әкесі Сахит ата-анасының 13 перзентінен аман қалған жалғыз ұл мен қыздың бірі, ауылда есепші болып еңбек еткен, ой өрісі кең, әдебиет пен тарих, өнер, әлеуметтік мәселелер жөнінде пайымы терең, мәдени талғамы жоғары, ауылдың құрметтісі болған кісі еді. Әлденеше рет қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданы Дәшін ауылдық кеңесінің депутаты болып сай­ланып, ел мүддесі үшін қоғамдық жұ­мыс­қа белсене араласыпты. Анасы Үзік – үйдің ұйытқысы, отанасы. Ата-ана балаларының бәрінің өздері қалаған жоғары білім алуына қамқорлық жағдай жасай алды. Олардың екеуі математика мен химия саласының ғалымы, про­фессор. Әдетте жақсы оқушы пән­дерд­ің бәрін жақсы көреді, сондайда балапанды бейімдеп, қанаттандырып, үлкен өмірге ұшырып жіберетін ұстаз. Химияның құпияларын тани түсуге құлшындырған ұстазы КСРО білім беру ісінің үздігі Бекболат ағай химия пәнінің мұғалімі еді. «Бұлақ көрсең көзін аш», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген – осы! Бүгінде айтулы ғалым Ербол Сахитұлы осы өз бастауларын осылай зор құрметпен әңгімелеп отырады.

Бүгінгі Атырау өңірінің Құрманғазы ауданы Дәшін (қазір Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атында) ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мек­тептің түлегі Ербол Махмотов 1979 жылы Алматыда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті) техникалық химия және ка­т­а­лиз мамандығы бойынша үздік дип­ломмен бітірді. Мемлекеттік комис­сия оның ғылымға бейімділігін байқап, осы оқу орнында жұмысқа қалдырды. Бірақ мұнда көп аялдамады, әкесі Са­хит Махмотұлының ақыл-кеңесімен өндіріске жол тартты. Ол кісі нағыз химик ғалым болу үшін өндірісте шыңдалу, оның қыр-сырын тікелей өндірісте істеп, көзбен көріп, көңілмен танып білу міндет деп санады. Жаңа іске қосылып жатқан Шевченко қаласындағы (қазір Ақтау қаласы) пластмасса шығару зауытына инженер-зерттеуші болып орналасты. Алғашқы ғылыми-өндірістік тәжірибе сынақтарын осында жасады.

Бұдан әрі еңбек жолын Маңғыстау мұнай өндірістік бірлестігіне қарас­ты Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жо­балау институтында аға ғылыми қыз­меткер болып жалғастырды. Ербол Сахитұлы сол жылдары Батыс өңі­рін­де өндірілетін мұнайды дайындау жә­­не тасымалдау, экология келелі мәселе­лерімен ғылыми-зерттеу тұрғысынан кешенді айналысты. Өзінің болашақ­та жазатын ғылыми диссертациялары­ның тақырыптары осылай анықталды. Қазыналы Маңғыстаудың Бозащы, Же­ті­бай, Қаламқас, Қаражанбас, Өзен ке­ніштерінде мұнайды дайындау мен та­сымалдаудағы әдістерді саралады, жаңа тәсілдерді өндіріске енгізудің тиім­ді жолдарын іздестірді. Алматы, Гроз­ный, Мәскеу қалаларында шығатын мұнай-химия салалық беделді журналдарына ғылыми мақалалары жарияланды. Ғылыми тұжырымдарды сынап байқау үшін аса қажетті тиісті зерттеу қондырғылары ол кездері ведомстволық зертханаларда жеткіліксіз еді. Сондық­тан ғылыми ізденіс жұмыстарын ака­демиялық институтта жалғастыру қа­жеттігі туындады.

Сол мақсаттың үдесінен шығу үшін Ербол Сахитұлы 1987-1990 жылдары Алматыда Қазақстан Ғылым ака­демиясының Д.В.Сокольский атындағы Отын, катализ және электр-химия инс­ти­туты аспирантурасына күндізгі бө­лім­ге түсті. Бұл қадамы академиялық зерт­ханада тиянақты зерттеу жүргізіп, іргелі ғылыммен шұғылдануға жол ашты.

Аспирантурадан кейін химия ғы­лымдары кандидаты дәрежесін жемісті қорғап шыққан соң жас ғалым өндіріс пен ғылымды педагогикамен ұштастыру жолын таңдады. Республиканың сол жылдардағы Білім министрі, мем­лекетшіл тұлға Шайсұлтан Шаяхметовтің ұсынысымен Ақтау қаласындағы жо­ға­ры оқу орнына 1991 жылы аға оқы­тушы болып қызметке келді. Ерекең Шахмардан Есенов атындағы Ақтау уни­верситетінде 2001 жылға дейін ғы­лыми-педагогикалық және басшылық жұмыста болды. Қазақстан Білім және ғылым министрлігі университетке 1994 жылы ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметін енгізген кезде осы лауазым Ербол Сахитұлына ұсынылды. Ол университетте ғылымды жол­ға қою, жаңа ғылыми зертханалар ашу, аймақтағы өндіріс орындарымен байланысты нығайту, жас ғалымдар даярлау сияқты іргелі жұмыстарды қолға алды, оларды іске асыруға белсене кірісті. Өндірісті, ғылыми зерттеуді және ғылыми педагогиканы ұштастыра білуіне АҚШ-та ғылыми-практикалық тәжірибе алмасуы оның ғылыми ізденіс аясын кеңейте түсті.

Абыройлы еңбегімен танылған азамат Маңғыстау өңірінің сан салалы қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Ақтау қалалық мәслихатының депутаты және оның әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде қала және облыс экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Депутат ретінде өзек­ті ұсыныстарын батыл қоя да, қорғай да білді. Бұл ретте де жас кадрларды даярлауға, ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға барынша атсалысты.

Ерекең қай жерге, қай қызметке барса да өзіне жүктелген істі түбегейлі меңгеріп, білікті ұйымдастырушы, көп­ке ұйтқы, талапшыл басшы бола білді, бастама көтергендерді ұдайы қол­­д­ап отырды. Маңына білімді, іс біле­­тін, бір сөзді, уәдені қадірлейтін, ұя­ты, ары бар адамдарды жинауға ты­рыс­ты. Онымен қызметтес болған аға-іні замандастарының бәрі оның бұл қасиетін бірауыздан мойындайды. Ол іскер маман мен жаны жақсы адам­ды өзі іздей жүрді, көптеген аға-іні замандасымен дос-жар, пікірлес болды, жанынан орын беріп, жақын тарта білді. Ерекеңнің бұл адамгершілік қасиеттеріне «ҚазТрансОйл» акцио­нерлік қоғамында қатар қызмет атқарған жылдары талай куә болғанбыз. Әкеден берілген тағы бір қабілет Ерекең тарих пен әдебиетті, оның ішінде поэзияны жа­ны сүйеді, тіпті ара-тұра ойына келген шуақты сезімдерін өзі үшін жыр шу­мақтарына айналдырып, жазып қояды.

Ербол Махмотовтың авторлық ұжым­мен бірге ұсынған «Мұнай құбы­ры бағыттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауда энергия үнемдеудi ғылыми-техникалық қам­тамасыз ету» ғылыми жұмысы 2019 жыл­ғы Қазақстан Республикасының ғы­лым мен техника саласындағы әл-Фа­раби атындағы мемлекеттiк сыйлығын алды. Бұл Е.Махмотов қызмет еткен Ш.Есенов атындағы университет пен өндіріс орындарында қол жеткен алғаш­қы мемлекеттік сыйлық еді.

Ербол Сахитұлы өзінің өмірдегі және ғылымдағы жетістіктерінің бар­лығы ғы­лым жолына түсуіне ақыл-кеңес бер­ген ең қымбат адамдары – әкесі Са­хит Махмотұлы мен анасы Үздік Сапа­рқызының, ұстазы Бекболат Аба­товтың арқасы деп біледі. Жазған кітаптарын ардақты әкесі мен анасының рухтарына арнап келеді. Ұстазының құрметіне Атырау облысы Құрманғазы ауданының Дәшін ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте КСРО оқу ісінің үздігі марқұм Бекболат Абатовтың өмірі мен ұстаздық жолына арналған, еңбектерін талдаған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырғаны бар. Бекболат ағайы туралы «Ұлы ұстаз» атты естелік кітап та шығарды. Отбасында көрген үлгілі тәрбие мен әке-шешенің өнегелі өмірінен нәр алған, ерекше ықыласынан сусындаған, тәлімді ұстаздардан білім алып, өмірлік жолын күмәнсіз таңдаған ғалым-өндірісшінің басқаша болуы, басқа жолмен жүруі тіпті де мүмкін емес еді. Оның аяулы ата-анасына арнаған «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» естелік-сағыныш кітабын оқығанда осындай ойға еріксіз тоқтайсың.

Көрнекті ғалым, химия ғылымда­рының докторы Ербол Сахитұлы Мах­мо­товтың ойынша, еліміздегі ғылым мен өндірісті байланыста дамыту үшін бірнеше жобаны іске асыру керек. Оның ең бастылары: елімізде жасалған ғылыми жұмыстарды сала бойынша тұжырымдап, олардың өндіріспен байланысын жан-жақты негіздеп, мамандар үшін қажетті кітап етіп шығару, ғылым мен өндірістің сан салалы же­тіс­тіктерін өз елімізде, жақын және алыс шетелдің ғылыми журналдарын­да жүйелі түрде жариялап, оның техникалық әлеуетін өз деңгейінде көрсету, еліміздегі жасалған және болашақта жасалмақшы ғылыми-өндірістік жұмыстарды әлемдік деңгейде салыстыра зерделеп, оның ерекшелігін жаңашылдық тұрғыдан екшеп, үлкен әлемдік деңгейдегі конкурстарға шығу.

Мұсылман әлемінің алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әліге біреулер «Білім артық па, байлық артық па?»  деп сұрақ бергенде, ол кісі былай деген екен: Біріншіден, білім артық, өйткені ол Пайғамбардан қалған мирас, ал байлық – қалған мұра. Екіншіден, білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сон­дықтан білім артық. Үшіншіден, бі­лім досыңды көбейтеді, байлық дұш­паныңды көбейтеді. Төртіншіден, білім іздей берсең көбейеді, оны жұм­сағанмен азаймайды, ал байлық жұмсаған сайын азаяды. Бесіншіден, білімді ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек. Алтыншыдан, білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады. Жетіншіден, білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мүлік бүлінеді. Сегізіншіден, білімді адамның көкірегі даңғыл, жан-дүниесі имани нұрға шүпілдеп тұрады, ал білімсіз адам байлығына мастанып Алланың бүкіл нығметінен құр қалады...

Ғылым жолы инемен құдық қазған­дай. Ғылым деген құдірет осы. Оның түн ұйқыңды төрт бөлгізген ой кемеріне толып, сол ойдың ел игілігіне айналған жемісін көру қандай бақыт!

 

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

журналистика ардагері