• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Сәуір, 2022

СОДОМ мен ГОМОРРА

6980 рет
көрсетілді

Көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайдың кейінгі жылдары жазып жүрген кең тынысты кесек поэмаларын көзі қарақты оқырман жіті бақылап отырады.

Жаһандық пандемия жайлаған жылдары жазған «Сұрақ белгісі» поэмасын да біз «Egemen Qazaqstan» газетінің сайтында жариялаған едік.

Енді редакциямыздың поштасына мәңгілік тақырып: қасиет пен күнә, ізгілік пен зұлымдық, тазалық пен тексіздік мәселелерін қаузаған жаңа поэмасы – «Содом мен Гоморра» келіп түсті. Хаттың қанатын талдырмай, сөзін суытпай, сиясын кептірмей жариялап жібергенді жөн көрдік.

Поэма көлемін газет беті көтермейтіндіктен, газет сайты арқылы ұсынып отырмыз.

 СОДОМ мен ГОМОРРА

( Осы заманғы нұсқа. ХХІ ғасыр. )

Поэма

 

...Ізгі ой ойла, ізгі сөз сөйле, ізгі іс тындыр!

 

ЗАРАТУШТРА

 

«... Ал енді кім Раббының алдында тұрудан қорқып, нәпсісін қалаған нәрседен тежеген болса, негізінде оның барар жері жұмақ.»

 

(Назиғат, 40-41)

 

... Содом мен Гоморра   ̶̶  Жаратылыс кітәбінда тарихы бар көршілес екі қаланың атауы. Інжілге сәйкес, бұл қалалар  күнәларының ауырлығы үшін Құдайдың жазасы ретінде өртеледі.

Ал, қасиетті Құранда Содом мен Гоморраның

тарихына бірнеше  сілтемелер бар.

Кейбір мәліметтер қарғыс атқан қос қаланың аңыздары біздің дәуірімізге дейінгі 1650жылдары Өлі теңіздің жағасында, қазіргі

Иордания жерінен бастау алғанын айтады.

 

дерек көздерінен.

***

 

Інжілде де,

Тәуратта,

Құранда да,

Қол бұлғайды бір аңыз мұнарлана.

Түрлі-түрлі баян боп шығады алдан,

Ақиқаты аян боп бір Аллаға.

 

Дүниенің жиналып бар сұмдығы,

Ғасырлардың қойнында жаншылды үні.

Саналыға селт етер сөз бастадым  ̶

Қаламыма Тәңірдің тамсын нұры!

 

Бір аңыздың сорабын жалғадым ба,

Мүлгіп жатты ұлы шөл жан-жағымда.

... Құм көшкінін көргенмін сонау жылы

Иорданның еліне барғанымда.

 

Қайда табан тимейді құс-ғұмырда,

Елейді елі малып ап қышты құмға.

Үр күніне Үрдіннің жолыққанмын

Ми қайнатар шілденің ыстығында.

 

Тағдырлары барханның төсінде өрген,

Бәдәуидің түйелі көшін көргем.

Ежелгі Рум жазығы алақандай

Бадраның тауының кешін көргем.

... Қайран күндер  ̶  қалт кетпес есіл мерген.

 

Жаралғандай сабыры ізгі анадан,

Мұздан аман жұрт көрдім,

құздан аман.

Жатты алдымда жабығып,

жалғызсырап  ̶

Өлі теңіз ернеуі тұз жалаған.

 

Аңыздарын бұл өлке үйіп-төккен,

Жөн сұрап ем айтпады тұйық көктен.

... Бағзы-бағзы дәуірде осы өлкеде  ̶

Қарғыс атып қос қала күйіп кеткен.

 

Үзік-үзік аңыздың табын алып,

Жаратқанға жүгіндім жаны жарық.

Содом және Гоморра  ̶

Сайтан шаһар  ̶

Ұшыраған құдайдың кәріне анық.

 

Бір басының бітпеген шырғалаңы,

Жаратқанның сотына шырмалады.

Жермен жексен етіпті жалғыз сәтте

Ібілістер жайлаған бұл қаланы.

 

Адамзаттың шайқалып тұнық ары,

Көз алдыңда дүние құбылады.

... Қатынының қатыны төсін жалап,

Еркегі мен еркегі ылығады.

 

Диірмендей уақыттың тасы айналып,

Ақ, қараға ескерткіш қашайды анық.

... Содом менен Гоморра масайрапты

Алтынының буынан басы айналып.

 

Хабар алмай азған ел Ақыреттен,

Төбесіне ділдасын шатыр еткен.

... Жарым жасын шарапқа шомылдырып,

Қарындасын ағасы қатын еткен.

 

Ол жайлы айтсам жас болып жылға да ағар,

Солай дейді көнерген жылнамалар.

Дүниенің боғына көзі тұнып  ̶

Апиынға уланған бұл қалалар.

 

Жар бол, Алла!

бұл өзі әмір неткен,

Қарғыс тисе соғады дауыл да өктем.

 

 

... Аспан асты,

жер үсті

отқа оранып

Күкірт болып жауыпты жауын көктен.

 

Сарнап соққан теңізден жел жетім бе,

Ізгі амал жоқ Ібіліс келбетінде.

Содом менен Гоморра өртке күйіп

Тірі пенде қалмаған жер бетінде.

 

... Иордания!

Аңыз бен ертегі елі,

Өлі теңіз жағасы шер төгеді.

Қай заманда Құдайын ұмытқандар  ̶

Гоморра боп,

Содом боп өртенеді.

 

 

                          * * *

Өлі теңіз жағасы...

Өлмеген соң тұрмын мен,

Ақ-қараның арасы

Ажырай ма кім білген?

 

Иектесе Әзәзіл,

Сайтан ойлар сайрандап,

Имансыздың қайығы қалады екен қайраңдап.

 

... Хазіреті Ибраһим аяқ басқан сол маңға,

Бабыл тартып Харронға Хижрет ете барғанда.

 

Сол сапарда жан-жары Сара болған қасында,

Лұт бауыры бірге еріп дара қонған қасында.

 

Ибраһим пайғамбар...

Сонда қалған тұрақтап,

Түс көреді түсінде,

Құс көреді бір аппақ.

 

̶  Азған елді баста  ̶   деп нелер ізгі амалға,

Лұт інісін пайғамбар аттандырған Содомға.

 

Өлі теңіз өртеніп жатқан кезде кешқұрым,

Осы аңызды есте жоқ, ескі сөзден естідім.

 

Мұздан аман болса да,

тұз жалаған кемері.

Өксіп-өкісіп өзегі,

Өлі теңіз не деді?

 

Ізгілік пен Ібіліс майданында ырғасып,

Содом жұрты мастанған,

тағылыққа тұр басып.

 

Табанының астында жанған ұят,

қалған АР,

Ысқырады жыландар,

қарқылдайды қарғалар.

 

Тас атады пендеге тобыр келіп тасадан,

Кімге тисе кесегі құтылмайды басы аман.

 

Азған елдің азабы қара түсті келте өлең,

Ұстағанын қорлаған,

ар-иманын өртеген...

 

Осы аңызды естіген қара-қара түс көрер,

Содом елі  ̶  шайтанның тұзағына түскен ел.

 

Жайлап алса жаныңды жәлләптіктің көп түрі,

Шыңырауға батырар қу құлқынның тоқтығы.

 

Содом деген азған жұрт   ̶  адалдықтың күні өлген,

Жаратқан Хақ Лұтты онда пайғамбар қып жіберген.

 

 

 

 

 

                         * * *

... Лұт пайғамбар (а.с.) өзіне уахи келісімен, дереу іске көшіп оларды ақиқат жолына шақырады. Ол алдымен өзінің оларға жіберілген пайғамбар екенін айтып, өзіне бағыну қажеттілігін түсіндірді:

«... Сол уақытта оларға туысы Лұт:

«Қорықпайсыңдар ма?,»  ̶   деді. Мен сендерге сенімді елшімін. Енді Алладан қорқыңдар да, маған мойынсұныңдар»

 

(«Шұғара» сүресі, 161-163)

 

 

... Хақ пайғамбар оларға күн-түн демей тура жолды уағыздап, жасаған істерінің жиіркеніштілігін түсіндіріп, тәубаға шақырды.

 

(«Ағраф» сүресі, 80-81)

 

 

... Алайда Содом елі оның сөзін елең ғұрлы көрмеді. Кейбіреулер оның іс-әрекетінің астарында дүниелік мақсат жатыр деп ойлады. Сол себепті бірде Лұт пайғамбар: «Уа, халқым! Егер де тәубаға келмей, осылай кете беретін болсаңдар, іс насырға шабады. Мәңгілік азапқа ұшырап, мына азғын істеріңнің сазайын тартасыңдар. Одан да мүмкіндіктерің бар кезде, тәубаға келіп, Хақ Тағалаға сәжде етіп, адами қасиеттеріңе қайта оралыңдар. Мен сендерге екі дүниенің пайдасы мен зиянын көрсетудемін. Осы уәзипамның астарында қандай да бір дүниелік пайда жатыр деп ойламаңдар. Осы  ісім үшін сендерден ешбір ақы талап етпеймін. Менің ақым Хақ Тағалаға ғана тиесілі»

 

(«Шұғара» сүресі, 168-169)

 

                            * * *

Солай ...

тегістеледі,

Бұл ел нені істемеді?

... Жетті Содом жұртына

Азап періштелері.

 

Жеткен

Желмен дерегі,

Аңыз өрістеп еді.

... Келді мейман кейпінде

Азап періштелері.

 

 

                          * * *

... Қабыл болар дұғасы да, тілегі,

Лұт пайғамбар бақшасында жүр еді.

Жүздерінен нұр саулаған үш жігіт,

Дарбазаның есігінен кіреді:

 

«  ̶  Уа, Хазірет! 

 ̶  сапардамыз ұдайы,

Сіздің елге мейман едік құдайы.

Азғынданған жұрт қой мынау,

Сіздің жұрт   ̶  

Оң жағынан тумай қойған бір айы.»

 

  ̶   Деген-ді олар,

Лүпіл қағып жүрегі,

Дүниенің түрілгендей түнегі.

Хақ пайғамбар:   ̶  Төрлетіңдер!

 ̶   дейді де,

Үш жігітті үйге бастап кіреді.

 

Аңыз тыңда,

байлам жаса,

әңгіме ет,

Тап сол күні атқан шығар таң жүдеп.

Сыртқа шығып жар салыпты Уахила:

  ̶ Үйімізге қонақ келіп қалды,  ̶   деп.

 

Хақ пайғамбар қатыны еді  ̶  Уахила,

Сайтан ойға жақын еді   ̶  Уахила.

Бұл-дағы бір хатқа түскен оқиға –

Имандының тырнағына тати ма?

 

 

Дүниенің тас түйіліп қабағы,

Бұл өлкеде шайтан оты жанады.

Содом халқын бір-ақ сәтте жинады,

Уахиланың тез жеткізген хабары.

 

Хақ жолынан адасқаннан қашты өмір,

Тас жүрегің жібімесе,

тас көңіл.

Ақ сарайдың ұрды келіп есігін

Есірткіге есі ауысқан мас тобыр:

 

  ̶   Мына бізді деп ойлап па ең байқамас,

  ̶   Ей, Лұт, қане, есігіңді айқара аш!

̶   Ана үшеуді қарсыласпай бер бізге

Өмір, Өлім түскен бір кез ­ ̶  Тайталас.

 

«Ақ қараның арасында майдан бар,

Ей, жаратқан!

басымдағы жайды аңғар.

̶  Үш жазықсыз мейманымды мерт қылар

Мына ессіздер ...»

қиналды-ай кеп  Пайғамбар ...

 

Ізетпенен сөзін айтты ізгі өрен:

̶  Раббының елшісіміз біз деген.

̶  Кірсін үйге,

Мына адасқан пенделер,

Жазаларын өзі тартар іздеген.

 

Қалың тобыр енген кезде өңмеңдеп,

Бір тылсым күй тартты білем,

жер мен көк.

Сұлап жатты,

құлап жатты әлгілер,

Көзін түнек басқан кезде ербеңдеп.

 

Тұңғыш рет күйге түсіп тұманды,

Сейілте алмай жанындағы күмәнды.

Әмірінде шек болған ба Алланың,

Осы жерден кетуді олар құп алды.

 

Тайраңдаған мына жұртқа талайдан,

Үкім жетті ...

басталады сан ойран.

Періштелер Лұтқа сонда

̶  Кеш бата,

Кет,  ̶  деп еді қарғыс атқан маңайдан.

 

Құдай өзі тас атқызған тасырға,

Бұл бір аңыз жеткен біздің ғасырға.

Содом елін тастап шықты Пайғамбар

Өзі сенген үмбеті бар қасында.

 

«Ізгі Раббым,

Ібіліске қаһарлы,

«Мың асқанға ̶  бір тосқан» кез тақалды.»

... От ұшқындап,

Нөсер болып тас басып,

Жермен жексен еткен дейді шаһарды.

 

 

... Оларға апат әміріміз келген сәтте, ол жердің үстін астына келтірдік. Сондай-ақ үстеріне әдейі әзірленіп қыздырылған тас жаудырдық.

 

(«Һұд» сүресі,  82)

 

 

Қария сөзден қарағым,

ұқтың нені,

Заман екен білгенге тіпті ілгері.

... Өлі теңіз айтады

өлмес дерек,

Шәрия өзен айтады,

Лұттың көлі.

 

 

                                ***

«... Көз көрмеген, ғайыпта уәде қылынған нәрсе үшін сондай иман келтіріп, құмарлықты тәрік қылған адам  ̶  неткен керемет жан!»

 

Иса пайғамбар

 

... Ішпек жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алдампаздық  ̶  бұл нәрселердің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса боғы шығады.

 

(Абай.  43-қара сөзінен)

 

 

 

Қара түнек түнеген мұнараға,

Қайдан,

қашан келгенмін бұл араға?

... Құлан көрдім құдыққа құлап өлген,

Жылан көрдім түсімде шұбар ала.

 

Жылан көрдім,

жыланда будан жаман,

Көлді көрдім түбінде су қалмаған.

Елді көрдім елсізде елеңдеген   ̶  

Сайтан ойлар салтанат қуған заман.

 

Ілеспесе толқыным бір ағынға,

Қос бүйірді таянып тұрамын ба?

... Құлан көрдім құдыққа құлап өлген,

Құрбақалар ойнаған құлағында.

 

Ғұмырыңа болсаң да бес күн алаң,

Хикметті басыңнан кештің,

Адам!

Белес,

белі бағзының баян айтып,

Елестеді есте жоқ ескі заман.

 

Құдіретіңді алғанда құдай сынға,

Құз басынан құлдилап құлайсың ба?..

Сайдағыны сайтандар иектесе,

Ай жарығы түспейді ылай суға.

 

Жер-Ананың кеткендей тәні суып,

Ібілістен жаһанның жаны шығып.

... Құлшынбадың құлшылық ауылына,

Қыршындардың жатса да қаны ішіліп.

 

Нәпсіңді тый,

жарықта құлқыңды емде,

Сұрақ болар бәріңе,

бір күн, пенде!

Таспадағы Тәураттан сан оқығам,

Құраннан да,

Зәбүрден,

Інжілден де.

 

Құдай  ̶  десең құбылаң,

байтағы нұр,

Кеше алмайсың, жарығым,

қайта ғұмыр.

Неткен күшті ең,

Алланың Аманаты  ̶ 

Көктен түскен төрт кітап  ̶  айтары бір!

 

Сағыныштың айналса саны арманға,

Самал болып соғайын санаң барға.

Ізгілік пен Ібіліс

қатар туған,

Адам ата ̶ Хауа Ана жаралғанда.

 

Күн тұтылды түнектен,

Ай үркіді,

Дүниенің болса екен қайыр түбі.

Хауа Ана мен Адамды адастырған  ̶ 

Әбжыланның Әзәзіл айыр тілі.

 

Бір күн қара ана бұлт,

бір күн ала,

Сауып іштім сәскеден мұңды ғана.

Қанатымның қағысын көрсетпейді

Қара түнек түнеген бұл мұнара.

 

Бар пендеге түбінде бар ақырет,

Ұрпағыңа ұлағат,

сана тілеп.

Шұбар ала жыландай сумаңдайды,

Мұнараға түнеген қара түнек.

 

Жұқпайтыны ақиқат аққа қара,

Бақыт ізде басыңа,

бақты арала!

Жалын кешіп келеді көш-керуен,

Бәрін шешіп береді Хақ Тағала!

 

Жүректе иман болмаса,

жалған өнер,

Үміт сөнер,

аһ ұрып Арман өлер  ̶ 

Ізгілік пен Ібіліс майданында

Жаппар Ием, Жаратқан жар бола гөр!

 

Шемен күйге түсірме шерліні көп,

Имандыға құдайдың кеңдігі көп.

... Ақ қараның арасы ашыларда  ̶ 

Үкімін де шығарар,

сен  ̶  Құдырет!

 

 

             Ебі желі соққанда...

 

Тұнған тарих болса да төңірегі,

Қария сөзден бұл ұрпақ не біледі?

... Ор Қашардың тауынан оқтын-оқтын,

Ойландырды соғатын Ебі желі.

 

Үркіп қалсаң берілер Үрейге адам,

Жүрегіңнің түбіне түнейді алаң.

... Ебі деген жел емес,

Сарғосынға  ̶ 

Орай-борай соғатын дүлей боран!

 

Жел иесі...

Жаныңды шоқ қылатын,

Жолдағының бәрін де жоқ қылатын.

Ор Қашардың ойында,

Қара үңгірден   ̶ 

Ауық-ауық Ебіні соқтыратын.

 

Долы дауыл желді үрлеп,

аспанды орап,

Қасқыр болып ұлитын қашқанға бақ.

Ертелі-кеш  Ебінің екпінінен

Тау қозғала жаздайтын,

тастар борап.

 

Жарым патша орнынан ыршып тұрып;

 Өкпесіне өкпектің қырсық тұнып!

  ̶  Үңгір аузын бітеймін   ̶  деп ышқынды

Ебі желін мәңгіге тұншықтырып.

 

Боп кетпей ме құдайсыз қақпас құрбан,

Ақылсыздың айтағы аспас қырдан.

... тоқсан өгіз терісін таспаменен

Тіктірген де,

үстінен тас бастырған.

 

Қалған бұл сөз бұл-дағы не көнеден,

Қара нарды сонда әкеп шөгерер ем.

Қалың әскер сатымен құзға шығып,

Үңгір аузын шегендеп,

шегелеген.

 

 

 

  ̶  Бір тыныш күй кешпеген өңір едің,

деді патша,

  ̶  риза бол, төңірегім!

... Жел иесі оянып қаһарланып,

Соқтырды-ай бір сол замат Ебі желін.

 

Қосылғандай бір белең,

бір белеңге,

Жердің беті айналды дүрбелеңге.

Тасы бұршақ,

тулағы қаңбақ болды  ̶ 

Ебі желін үңгірден үрлегенде.

 

Осындай түс көремін жай түс көрмей,

Қос көрінгір  көзіне байғұсқа өңдей.

... Жарым патша жынданып кеткен дейді,

Төбесінен сол күні жай түскендей.

 

 Менің Елім аймаңдай Ай, Күн елі,

Қараша қаз қаңқылдап қайтып еді.

... Осы аңызды Алтайдың аршалары,

Тарбағатай тастары айтып еді.

 

 

            Інжілдегі ілкі аңыз

 

...Жалт етті де жоқ болды.

Анна Ахматова.

 

 

 

... Тығырықтың тұнбасын тынып ішті ел,

Діңі мықты болады діні күшті ел.

Иманы кем,

Ұяты аз Уақиланың  ̶ 

Жаулап алған санасын Ібілістер.

 

Арсыздыққа кім қалды арбалмаған,

Қасиетіңнен айрылып қалған жаман.

Сайтан қала

бұл Содом

сайқал қала  ̶ 

Ақиқатқа алаңдар жан қалмаған.

 

Қол созғанмен келмейді төбедегі,

Хақ Тағала не деген шебер еді.

Лұт әулетін жолға сап періштелер:

  ̶  Арттарыңа бұрылма!    ̶  деген еді.

 

Мәңгіліктің тілімен айтар сынақ,

Тас нөсер боп аспаннан,

Жай тамшылап.

қимасы да,

зинасы Уақиланың  ̶ 

Жалт қарады Содомға сайтансырап.

 

Ұрғашының ұясы ұялмаған,

Шайтан қалып барады жиі арбаған.

Құдайсыздар қаласын қия алмай тұр 

  ̶  Ұжмақ мекен осы  ̶  деп қиялдаған.

 

Күтеріне сене алмай алдан бақыт,

Мойынына ілгені жалған жақұт.

... Жалт қараған Уақила сайқалыңыз

Тұз мүсінге айналып қалған қатып.

 

                          ***

ҚЫРАН  ҚҰСТЫҢ  ҚИЯСЫ  ҚҰЗДАН  БОЛАР,

ҚАРАШАДА  ҚАҚ  ТҰРСА  ЫЗҒАР  ҚОНАР.

ЕСІ  АДАСҚАН  ЕССІЗДІҢ  ЕСКЕРТКІШІ

МҰЗДАН  БОЛАР...

болмаса ТҰЗДАН  БОЛАР...

 

 

 

 

 

 

                         ***

Бәрі айналған отынға,

Жас айналған отынға,

Кәрі айналған отынға

Жоғалған соң асылы,

Алшы тұрмай асығы.

Жаратқанның сотында  ̶ 

Құдайсыздар ғасыры!

 

Қара қобыз жырласа,

Хабар айтар қаралы.

Қоғалы көл құрғаса,

Көз жасың боп тамады.

 

Уысыңда

ұста, Күн!

Дүние деген безбенді.

... Сыңар қанат құстарым  ̶ 

Сынық шанақ,

бозда енді!

 

Шемен болса шер үні,

Сөз өретін секілді.

Құба жонның еріні

Кезеретін секілді.

 

Көзің бір сәт ілінсе,

Түсіңе енер шөл,

дала.

... Қара сабаң тілінсе,

Жылан кірер ордаңа.

 

Жаңбыр болды жасың,

АР,

Көктем дүниең көнерді.

Қарағайдың басын,

ал  ̶

шортан шалды ...

не болды?..

 

Жететіндей ұққанға,

Хат жазыпты

Жақсылар.

Құлқын алға шыққанда  ̶ 

Тыйылмаған нәпсі бар.

 

Шамасынан әрі асса,

Серуен де қинайды.

Бағытынан адасса  ̶ 

Керуен де қирайды.

 

Айналдырар отынға,

Жазаның ең ауыры.

Жаратқанның сотында   ̶  

Құдайсыздар дәуірі!

       

 

Заманалар зар айтса...

 

...Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз.

 

Құлпытастағы жазу

 

Айдан айдың  несі артық,

Күннен күннің несі артық?

Керуенбасы сау болса, керуеннің десі артық.

 

Ұлы сапар алдында тәуекелге түстің бе?

көк аспанның астында,

қара жердің үстінде.

 

Тұманданып жанары,

Мұнарланып тұр мансап,

Күдеріден бау тағып,

қамқап киер күнді аңсап...

 

Ашөзек боп жүрсе де қырдағы мен ойдағы,

Әміршісі әлемнің қанға неге тоймады?

 

 

 

Тыя алмасаң нәпсіңді­—АР, ИМАНың ыластанар,

«Алтын, күміс тас болар,

арпа бидай ас болар...».

 

Таусылмайды күмәні,

тарқамайды тұманы,

тексіз болса билеушің құлқын алға шығады.

 

 

Ібілістен қашады,

ізгі ниет-іргелі ел,

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ-құлан қайтіп күн көрер?»...

 

Сайтан билеп алғанда,

Сабырың мен САНАНЫ,

қызыл қаны қыршынның қызыл су боп ағады.

 

Осы жырды жазарда,

мөлдіреді таңғы шық,

қанға құмар патшалар өледі екен қан құсып...

 

Аллаға аян қашаннан-дүниенің кезегі,

Опасыздар Отаннан орын таппай безеді.

 

Иманыма байландым,

көгергенде бұтақтар,

Қасиетіңнен айналдым-көктен түскен кітәптар!

 

Қызыл сөздің қырманын сапырмайын қыздырып,

Патшаларға ынсап бер,

басқаларға-ІЗГІЛІК !

 

 

Заманалар зар айтса...

келетұғын ғасырға,

өшіп тынам демесең-ауруыңды жасырма!

 

Аңыздарға үңілдім,

жазуларға тастағы,

СОДОМ және ГОМОРРА сан ойларға бастады...

 

 

 

 

                           Елес

 

Ала ма күндер кей-кейде құтын адамның,

Жетіген шертіп шер құсты жетім өлеңім.

Қара қобыздың шанағы шытынаған күн,

Қарагер аттың терлігі сетінеген күн.

 

Алқынып барып сүрінсе арғымақтары,

Айдардан жел де еспейді

Ай жарығында.

Көкбөрілерді шыңғыртты-ау,

қарғылап бәрі  ̶ 

Байрақтың бауын шыңға емес...

байлады мұңға.

 

Нелерді көрдің,

не дейсің,

несін айтасың,

Бір бозара ма,

мына бел,

бір қызара ма?..

Түнгі сәуленің түнерген көшін айтасың  ̶ 

Құлан жосыған жазықта жұлдыз аға ма?

 

Құба дүздердің түн ауса оттары жарық,

Намыс налыса қайтейік,

қайралмай қалам...

Ұлары шулап,

ұлиды топталып алып,

Аңыз естімей абызға айналмайды адам.

 

Самалдай бір ән салғанда сағынып айдын,

Аққу-қаздарын көңілдің ұшырған күнім.

Қондырып алып жалына жарығын Айдың,

Ағып бір өтті ақ боз ат тұсымнан бүгін...

 

 

 

 

               Ақ қараның арасы...

 

Лұт келіп те құтқармайды қоғамды,

Тұнық суды сімірмесең бастаудан.

... Күнде көрем отқа оранған Содомды,

Гоморраны көрем және тас жауған.

 

Ізгі амалдың мүмкін бе еді келуі,

Жүрегіңнің ашылмаса құлыбы.

... Ана жерде феменистер шеруі,

Мына тұста трансгейдің клубы.

 

Еркегі де қатын болып қайқаңдар,

Қарғыстардың қарғылары мойында.

... Сақ-сақ  күліп сайрандайды сайтандар,

Бір жынысты некелердің тойында.

 

Шұға жауар күнді күтпей төбеден,

Жыр-жалғадым үзік-үзік үмітке.

...Көкке қарап қол жаям да,

көнерем –

көкейдегі қайғы ма әлде

                               күдік пе?

                            ***

 

...Жолсыздықтан жоғалады құт кейпің,

Иман нұры орнамаса санаға.

Ылығуы,

былығуы бітпейтін  ̶ 

Онда бәрі...

Содом менен Гоморра.

 

Қонса деп ем,

ертең емес бүгін бақ,

Жаратқанның қолында ғой қалғаны.

Түсінбедім...

несіне тұр жымыңдап  ̶ 

түнгі шаһар,

қызыл-жасыл шамдары?

 

Төбемізден төнген бүгін қандай сын,

Таланымды табаныңа таптама!

Қызыл жасыл...

сен енді алдай алмайсың  ̶ 

Мен көретін екі-ақ түс бар:

АҚ,  ҚАРА.

 

Солай енді,

қарағым,

Дүниенің бағамын деп қабағын.

... Имансызды қоштай алмай барамын,

Қияметтік дос таба алмай барамын.

 

Тас жауады ...

аулақ кетсең жар асып,

Ой мен Сана айналғанда масылға.

... Жаһандану кірді ме әлде,

адасып  ̶  

Жиырма бірінші  ғасырға?..

 

Ғалым Жайлыбай,

Қараөткел.

Сәуір, 2022 жыл.