• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Мамыр, 2022

Торғай: Кешегісі, бүгіні, ертеңі

1296 рет
көрсетілді

Торғай десек, кешегі Торғай облысында өткен өмір белестері­мізді, жастық шағымызды еске алып жадырап қаламыз, бүгінгісін көріп, жүрегіміз сыздап қиналамыз, ал ертеңгісі тағы да толғантып, тығырықтан шығар жол іздеп, қайраттанып, қатуланамыз...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауын­да жаңадан үш облыс ашы­латы­нын жария етіп, жабырқау жұрттың көңілін көтеріп тастады. Бірақ олардың қатарына бұ­рынғы Торғай облысы ілікпей қа­лды. Президенттің «Біз тарихи әділ­дікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз», деген сөзі Торғай өңіріне де қатысты емес пе? Сонау 1916 жылы Торғайда басталған патша империясына қарсы көтеріліс, Амангелді батыр мен Торғай халқының ерлігі Қазақ елінің азаттық жолын­дағы ғасырлар бойғы күресіндегі ұмытылмас оқиғалардың бірі емес пе? Ал халқымыздың саяси өмірінде алғашқы егемендік идея­сының жалауын 1917 жылы қазақ съездерінде осы өңірдің төл перзенттері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов көтергенін қалай ұмытамыз? Ендеше, Торғай неге жаңғырту көшіне ілікпей тұр? Мұны торғайлықтар түсіне алмай, жиын өткізіп, қол жинап, Мемлекет басшысына ашық хаттар жолдады. Осыған байланысты «Торғай облысын ашуға қандай әлеуметтік-экономикалық негіз бар және оның болашағы қандай?», деген сұрақ туындап, әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылып жатыр. Осы сауалға жауап беру үшін Торғай өңірінің кешегісіне, бүгінгі жағдайына, келешегіне назар аударайық.

Торғай облысы республика бас­шысы Д. Қонаевтың бастамасы­мен 1970 жылы 23 қарашада ашылды, орталығы – Арқалық қаласы, құрамында Қостанай және Ақмола облыстарынан бөлінген 9 аудан болды.

Облыста ауыл шаруашылы­ғы саласы басымдау болды, жер көлемі – 11215,1 мың га, шабын­ды­ғы – 257,7 мың га, жайылымы – 6685,7 мың га, егістігі – 2370,6 мың га болатын. 112 кеңшар, 2 ұжым­шар, 1 Есіл тәжірибе стан­са­сы жұмыс істеп тұрды. 1971-1985 жылдары өнеркәсіп сала­сында Торғай боксит кен басқар­масы (ТБКБ) бастаған зауыт, фабрикалар, халыққа тұрмыс­тық қызмет көрсететін, жеңіл өнер­кәсіп, тамақ өнімдерін шыға­ратын жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Энергетика, көлік, жол, байланыс, құрылыс, сауда, білім, денсаулық, фармаколо­гия, мәдениет, қаржы, банк, сақ­тан­дыру салалары да жедел қар­қын­мен дамып, тұрғындарға қызмет етті. Халық саны 1970-1990 жыл­дар арасында 223,3 мыңнан 301,3 мың адамға жетіп, 35,8 па­йыз­ға көбейді, экономиканың бар­лық саласындағы жұмыс орында­ры 88 мыңнан 121,8 мыңға же­тіп, 38,4 пайызға артты, айлық жал­ақы 122,60-310,40 рубль ара­лы­ғында болып, 153,2 пайызға өсті, ха­лықтың тұрмыс деңгейі жақсарды.

Экономиканың өсу қарқы­ны төмендегідей болды: 1970-1990 жылдар аралығында ауыл­шаруа­шылық өнімдері 77,5 пайызға, 1980-1990 жылдары өнеркәсіп өнімдері 36,5 пайызға өскен. Торғай облысында Қазақстандағы бидайдың ең сапалы сорттарының (1-2 класс) 20-28 пайызы, ең жоғарғы сорттарының (қатты бидай) 10-15 пайызы өндіріліп, мемлекетке тапсырылды. 1970-1990 жылдары ет өндіру – 73,3 пайызға, сүт өнімдері 86,3 пайызға өскен. Торғай облысы Қазақстандағы боксит рудасының 60-80 па­йы­зын өндірген, ал темір-бетон, тамақ өнімдерін өндіру еселеніп өсіп отырған. Жоғарыдағы көр­сет­кіштер Қазақ КСР Статис­тика комитетінің 1970-1990 жыл­дар­дағы ресми ақпаратынан алынып отыр, сондықтан оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мен Торғайда 16 жыл еңбек етіп, оң өзгерістердің бәрін өз көзіммен көрдім.

Торғай облысы 1973 жылы 5 нау­рызда экономикадағы, ауыл шаруашылығындағы үздік жетіс­тіктері үшін сол кездегі КСРО-дағы ең жоғары награда – «Ленин» орденімен марапатталды.

Әлбетте, осындай жетістіктер 1970-1985 жылдардағы жасампаз Торғай халқының, есімдері Қазақстан тарихында қалған айтулы мемлекет қайраткерлері С.Құ­сайынов, Е.Әуелбеков, Ө.Жәні­беков, Ю.Трофимов, Қ.Тұрысов, М.Сағдиев сынды басшылардың, көп­теген облыстық мекемелерді бас­қар­ған іскер азаматтардың ерен ең­бек­терінің нәтижесі екені белгілі.

Сонымен Торғай облысы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрал­қа­сының 1988 жылғы 2 мау­сым­дағы Жарлығымен (Төрағасы Закаш Камалиденов) жабылуы қар­саңында ешқандай дағдарыс­қа ұшырамаған өңір еді. Ал оның жабылу себебін Г.Колбиннің қазаққа қарсы жүр­гізген жымысқы саясатынан іздеген жөн. Өйт­кені эконо­микалық тұрғыдан Торғай облы­сын жабуға ешқан­дай негіз бол­мағанына жоғары­дағы көр­сет­кіштер дәлел бола алады. Сондықтан торғайлықтар әділетсіз шешімге қарсы болып, облыстың қайта ашылуы үшін күресті. Сөйтіп 1990 жылы Торғай облысы қайта ашылды.

Енді 1997 жылы Торғай облы­сы­ның екінші рет жабылу себеп­теріне тоқталайық. Біріншіден, 1988 жылы облыстың жабылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен соққы болды. 10 мыңнан астам жұмыс орны (-33,3 пайыз) қысқарып қалды, көптеген өндіріс орындары, мекемелер тоналып, талан-таражға түсіп жойылып кетті. Бұрынғы Торғай облысының экономикасын көтерген облыс басшылары, талай қиындықты жеңіп шыңдалған, таптырмас тәжірибе жинаған облыстық мекемелер басшылары, өндіріс жетекшілері, іскер мамандар Алматы қаласына, басқа облыстарға кетіп қалды. Бірақ осыған қарамастан, Торғай облысы қайта құрылған 1990 жылдың қорытындысына көз салып, 1985-1987 жылдармен салыстырсақ, өңір экономикасының негізгі сала­­ларында тоқырау болмағанын көреміз. Алайда бұл үрдіс ұзаққа бармады, бір-екі жылдан соң барлық салада құлдилап құлдырау басталды, оның соңы 1997 жылы облыстың қайта жабылуымен тынды. Мұндай жағдайға тағы да мемлекеттік биліктің нарық­тық экономикаға өту кезеңінде жібер­ген стратегиялық қателіктері себеп болды. Өйткені меншік түрлерінің тиімділігі ескерілмей, тек жекеменшік қана бізді та­бысқа жеткізеді деген таяз идеяға негізделген, Халықаралық валюта қоры, Батыс елдерінен келген сарапшылар ұсынған жаппай жекешелендіру саясаты ауыр күйзеліске әкелді. Мысалы, 1992-1995 жылдары Торғай облысында 119 кеңшар таратылып, 7 мемлекеттік шаруашылық пен 2 ұжымшар ғана қалды, 1 465 шаруа қожалығы, 7 акционерлік қоғам, 141 кооператив құрылды. Осының салдарынан ауыл шаруашылығы жерінің көлемі өзгермегенімен, егіншілік өнімдерінің жалпы көлемі 72,5 пайызға азайды. Бұған дейін Торғай өңірінің ерекше мақтанышы болып келген 1-2 класты бидай мен оның ең жоғарғы қатты сорты жоғалып кетті. Мал шаруашылығында қой-ешкі саны 51,2 пайызға, ірі қара – 30,5 пайызға, ет өндіру – 49,7 пайызға, сүт өндіру – 13,8 пайызға, жұмыртқа 92 пайызға азайды. Өндіріс орындары­ның 71 пайызы, соның ішінде кера­микалық фабрика, жиһаз шығаратын кәсіпорындар, мал шаруашылығы үшін машина жасайтын зауыттар жойылды, темір-бетон өнімдері 97,3 пайызға кеміді. Жұмыс орнының саны 33,9 пайызға қысқарды, әрбір жұмысшының айлық жалақысы 88,5 пайызға төмендеді. 1995 жылғы орташа айлық жалақы деңгейі республикадағы орташа көрсеткіштен 25,3 пайызға төмен болып, Торғай өңірінде елдегі ең кедейшілік жағдай орын ала бас­тады. Жаппай жекешелендіру, әсіресе ауыл қазақтарының өмір сүру қарекетіне қарсы бағыт­тал­ған кереғар саясат болды. Ал басқа елдерде ауыл шаруашылығын жеке­шелендірудің бірнеше нұс­қасы болды. Мәселен, Өзбек­стан мен Беларусь жұмыс істеп тұр­ған кеңшарлардың басым көп­шілігін бөлшектемей, мемлекет меншігінде немесе әртүрлі нысандағы ұжымдық меншікте қалдырды. Қазір осы елдердің ауыл шаруашылығы ештеңе де жоғалтпай, өз өнімдерін басқа елдерге молынан шығарып жатыр.

Енді Торғайдың ертеңіне көз сал­айық. Қазір Торғай өңірі­нің мәселесін шешуде Парла­мент депутаттары арасында, әлеу­мет­тік желіде бірнеше нұсқа ұсы­нылып, талқыланып жатыр. Осы ұсыныстардың бірі – Қос­танай облысының атауын өз­гертіп, Торғай облысы деп атау. Бірақ бұл ұсыныстың моралдық қана­ғат­танудан басқа, Амангелді, Жанкел­дин аудандары мен Арқалық қала­сына не берері белгісіз.

 Енді бір топ аталған үш аймақ­ты жаңадан құрылған Ұлытау об­лысына қоссақ дейді. Бұл ұсы­ныс­тың да қисыны шамалы. Себебі, бұрынғы Жезқазған облысы жабылғаннан кейін осы өңірде қордаланып қалған түйінді мәселелер жетерлік. Сондықтан облыс әкімі өз жұмысын тоқырап қалған Жезқазған қаласынан және оған жақын аудандардан бастауға мәжбүр болып, шалғайдағы (550-600 шақырым) торғайлықтардың мәселелерін кейінге қалдырары даусыз.

 Үшінші ұсыныс – Амангелді, Арқалық, Жанкелдин аудандары үшін арнаулы даму жос­парын құрып, экономикасын өр­кендетіп, облыс ашу мәселесін ке­йінге қалдырған дұрыс деген тұ­жырым. Алайда елімізде бұ­ған дейін қабылданған өңір­лер­ді, мо­но­қалаларды дамыту бағ­дар­ла­­ма­ларының халыққа тигіз­ген пайдасы шамалы. Статис­тикаға жүгінсек, елдегі айлық орташа табыс 2020 жылы 278,47 доллар болып, 1990 жылғы деңгейден (271,00 доллар) кейінгі 30 жыл ішінде небәрі 7,47 доллар ғана (2,7 пайыз) өсіпті. Әртүрлі даму бағдарламаларының нәтижелері қандай екенін осыдан-ақ көруге болады. Демек, аталған ұсыныстан да оң нәтиже шығуы екіталай.

 Төртінші, ең негізгі нұсқа – Торғай облысын қайта ашу. Өйт­кені өңірлерді өркендетудің тура жолы – билікті халыққа жа­қындату. Сонда ғана екі жасам­паз күш бірлесіп, жеңіске жете ала­ды. Егер билік халыққа жа­қын­даса, онымен бірге сол ха­лық тұратын өңірге қаражат та келіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Олай болса, биліктің қасына халық жиналып, саны жылдам көбейеді. Қазіргі нарық заманындағы даму процесінің негізгі сүйенер тіректері – қомақты қаражат, халық саны және террито­рия. Ал жо­ғарыдағы үш нұс­қа­ның үше­уін­де де Амангелді, Ар­қа­лық, Жан­келдин аудандары об­лыс ор­та­лығынан (Қостанай, Жез­қаз­ған) 550-700 шақырымдай алыс­та қалады. Мұндай жағдайда бас­ты даму күштері – халық пен би­лік үшін өз қуаттарын бірікті­ру­ге керекті алғышарттар туын­да­майды. Сондықтан Торғай облы­сы­ның қайта ашылуы – тұрғындар мүддесі қорғалатын бірден-бір әділ де тиімді жол.

 Енді осы тиімділік мәселесіне, Торғай облысының келешегіне көз салайық. Бірінші байлық, әрине, Торғайдың халқы, екіншісі – территориясы, оның жерүсті және жерасты байлығы. Торғайдың жер көлемі, шабындығы, жайылымы мол, егістігі ғана – 2370,6 мың га. Бұл – мол табыс көзі. Басқасын айтпағанда, тек 2 млн га егістік жерден орта есеппен гектарына 11 центнерден бидай алсақ, 2 200 мың тонна бидай жиналады. Оның 70 пайызын (1 540 мың тонна) экспортқа шығарсақ, соңғы 12 айдағы орташа бағамен (халықаралық биржа бағасымен 2021-2022жж. орташа бидай бағасы – 797,97 доллар/тонна (https://bhom. ru/commodities/pshenica/)) 1228,9 млн АҚШ долларына тең түсім түседі екен. Бұл 2020 жылғы Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өнімінің шамамен 85 пайызына жуық, ал Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімінен 3,4 есе көп. Осындай аса бай, сапалы және бағалы шикізат ортасындағы Торғай өңірінде ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін, экспортқа эко­логиялық таза тамақ, ет, сүт өнім­дерін шығаратын көптеген за­манауи кәсіпорындар неге сал­масқа? Өйткені таяу келешекте тамақ өнімдері мұнай мен газдан да өтімді, ең жоғары бағалы тауар­лар қатарына қосылып, халық­ара­лық нарықта тұрақты сұра­нысқа ие болатынын байқап отырмыз.

Өндіріске келсек, Арқалық қала­сының маңында боксит кені әлі сарқылған жоқ, отқа төзімді балшықтың зор қоры қалды. Ол жерде мыс, скандий, иттрий, лантан, неодим, празеодим де бар. Жаңа Арқалық кенінде қорғасын, иттрий, мыс, мырыш, кадмий, алтын, күміс, қалайы, ниобий, галлий, литий бар. Ақбұлақта сирек металл қоры бар. Бұлар – келешекте сыртқы нарыққа аса жоғары бағалы өнім шығара алатын кен орындары. Арқалықтан Есілге қарай 100 шақырым жерде – үлкен темір қоры, Жарқайыңға қарай – көмір (Орлов кені), «Заречноеда» – қорғасын, Маятаста – алтын, Торғай – Тосын аймағында – сапалы ас тұзы, шипалы бұлақтар, балшықтар, жерасты ауыз суы бар. Осынша байлықты жер беті­не шығаратын бірнеше тау-кен ком­бинатын құрып, оны өңдеп байы­та­тын заманауи зауыт-фабрикалар, зертханалар, санаторийлер салып, тиісті инфрақұрылым­дар­мен қам­тамасыз ететін арнау­лы мем­лекеттік жоспар жасап, іске асыру – қолдан келетін шаруа. Торғай өңірінде туризм, автожол, әуе қатынасының транзиттік әлеуетінің де келешегі зор. Табиғи байлығы ұшан-теңіз өлкеде ауыл шаруашылығы жерлерін қалпы­на келтіріп, кен орындарының кө­зін ашып, тұрғын үй, әлеуметтік объек­тілер, «Торғай – Ырғыз», «Астана – Арқалық» автожолдары са­лы­нып, инвестиция құйылса, мың­даған жұмыс орны ашылары сөзсіз. Мұ­ның өзі өңір тұрғындары са­нын тез көбейтуге мүмкіндік берері анық.

Тағы бір маңызды мәселе: жаңа облыс ашу үшін 0,6 – 1,0 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет. Бұл ретте 2021 жылғы Ақтөбе облысы бюджетінің жалпы шығыны – 383,1 млрд теңге немесе 899,2 млн АҚШ доллары, Солтүстік Қазақстандікі – 330,7 млрд теңге немесе 776,2 млн доллар, Батыс Қазақстандікі – 302,9 млрд теңге немесе 711,0 млн доллар болғанын айтқан жөн. Торғай облысын ашудағы бірін­ші кезектегі негізгі шығындар – облыстық басқару органдары мен облыстық мекемелер құруға жұмсалатын шығындар. Олар жоғарыда көрсетілген өңірлердің шығын көлемдерінен кем болмаса, көп болмайды. Облыс ашу мәселесін мемлекеттік бюджетке ауыр салмақ салмай шешетін жол да жоқ емес. Айталық, Үкімет 10-20 жылға облигация шығарсын, оны Ұлттық банкке беріп, Ұлттық банктің өзінен төменгі пайызбен кредит алсын немесе Ұлттық қор және Зейнетақы қорына беріп, оларға тиімді үстеме ақымен керек­ті қаражатын алып, Торғай об­лысының ашылуына және дамуына, инфрақұрылымдар салуға пайдалансын. Мұндай опера­ция­ларды құнды қағаз нарығын­да АҚШ, ЕО елдерінде Орта­лық банк­тер мен Үкіметтер жасап жүр, біздің өзімізде де осындай тәжірибе бар. Егер ашылған об­лыстың даму процесін дұрыс жол­ға қойсақ, қазіргі жаһандық на­рықтағы сұраныстың, бағаның ұдайы өсуі жағдайында алынған қаражатты толығымен қайтаруға мүмкіндік туары анық.

Торғай облысының жабылуы жоғарыда айтылған ұшқары сая­саттан болғанын ешкім теріске шығара алмасы хақ. Енді Торғай облысы қайта ашылсын деген халық талабына билік құлақ асып, әділ шешім қабылданса, оның елге де, торғайлықтарға да, билікке де тиімді боларына еш күмән жоқ.   

 

Ғалым БАЙНАЗАРОВ

НҰР-СҰЛТАН