• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Бизнес 25 Мамыр, 2022

Бизнеске ашық талап ететін кез келді

1212 рет
көрсетілді

Мемлекет басшыларының бизнес өкілдерімен кездесуі халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Елімізде бұл үрдіс біршама жүйеленіп қалды. Мұндай кездесулер осыған дейін де болған, қазір де өтіп жатыр. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қаңтар оқиғасынан кейін әлемде ғана емес, біздің елде де талай нәрсе өзгерді.

Қалыптасып қалған, тіпті өзгерместей болып көрінген тәртіптерге көзқарас та өзгерді. Бизнес үшін ашық экономикалық талап қоюға мүмкіндік туып тұр. Бүгінге дейінгі бизнестегі ойын ережесі таңдаулыларға ғана басымдық бергені белгілі болса да ашып айтуға мүмкіндік болмағанын білеміз. Бұл кәсіпкерлердің көңілінде түйін болып қордаланып қалды. Мемлекет басшысы енді осының бәрі өзгеретінін, бәріне бірдей ашық экономика жарияланатынын ашып айтып отыр.

Жұмысты дұрыс жүргізу үшін мем­лекеттік органдардың есебі жеткі­ліксіз. Бизнес мемлекеттік органдардан жалпыға бірдей ойын ережесін талап етеді. Бизнес секторда өздерін мемлекеттік органдардан жоғары тұратын, тіпті қолданыстағы заңдарды өзіне икемдеп алған топтар үстемдік құрды. Олардың алдында мемлекеттік органдардың өзі әлсіз болғандықтан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Жоғарыда айтып өткендей, қаңтардан бері біраз нәрсе өзгерді. Бірақ бұл аз. Ендігі жерде ашық экономика саясатын батыл жүргізу арқылы бизнес пен билік арасындағы айқынды­лық заңдастырылуы, қолданыстағы заң соған бағдарлануы тиіс. Бұл біреулердің қолтығына кіріп алып, әмір жүргізуге бейімделіп қалғандарды заңмен шектейді деп үміттенемін. Аталған өзгерістер референдум барысында Конституция арқылы заңдастырылуы тиіс.

Әлемдік тәжірибеде ішкі нарықта бизнестің бәсі басым болса, бізде бизнес арқылы билікке ықпал ету басым. Майшелпек орындар мен жайлы қызметтер қолдан үлестірілді. Мұның соңы мемлекеттің болашағын айқын­дайтын органдарда кәсіби біліктілігі төмен мамандардың отыруы, тіпті басшы­лық етуіне алып келді. Арыстандар мен жолбарыстардан тұратын армияны түлкі басқарса, алдыңғы екеуінің табиғи болмысынан айрылып, түлкіге айналып кететіні туралы тәмсіл еске түседі. Бізде сауатты, білікті кадрлар бар. Солай болса да идея тапшылығы, маман тапшы­лығы мемлекеттік деңгейде ашық мойындалып отыр. Бұл шын мәнінде бизнес элитасы туралы сауатты көзқарастың қалып­тасуына көп кедергі келтірді. Біз­дің жағдайда бизнестің «бетін тырнап қалсаң» ар жағынан бір шенеуніктің немесе бір ықпалды адамның туысқаны шыға келетіні қалыпты жағдайға айналды. Экономикалық өсу тұрғысынан алғанда, халықтың табысын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту арқылы ғана кедейшілікпен күресуге болады. Әлемде басқа рецепт жоқ. Қарапайым болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл үлкен жүйелі жұмыс, оны қазақстандық кәсіпкерлер Үкіметпен, Президентпен бірге қалыптастыруы тиіс. Билік пен бизнес арасындағы сенімсіздік синдромын қалыңдатып немесе тас қамал орнатып тастаған ықпалды топтардың құзыреті шектелген кезде ғана бизнестің күретамырына қан жүгіреді, ұлттық эконо­миканың алғышарты қалыптасады.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып барады. Ақордада Мемлекет басшысы тарапынан айтылған сөз осы уақыт ішінде алға жылжымағанымызды және бизнестің жұмысын үйлестіріп отырған құзырлы органдардың әлсізді­гін, тіпті шарасыздығын көрсетті. Билік пен бизнес арасындағы интеграцияны ашық экономикалық саясатпен үйлестіре алмаудың салдарынан осыған тап болып отырмыз. Мұны билік пен бизнестің дағдарысы деп қабылдауға болады. Екінші мәселе, Мемлекет басшысы дәл осы проб­леманы жыл басынан бері екінші рет көтеріп отыр. Жемқорлықтың кез келген түріне төзе алмайтын мемлекет құруды өзімізден бастау керек деген ұран айтуға ғана оңай. Президент пәрмені – орындалуымен құнды. Бірақ құзырлы орындар оны орындауға шарасыз болса айтылған сөз айтылған жерде қалады. Президенттің әр тапсырмасының қалай орындалып жатқанын жеке қадағалауға мүмкіндігі жоқ. Айтылған ұсыныс орындалуы тиіс. Ендігі жерде Президенттің тапсырмасын, ұсыныстарын орындауды бақылайтын, талап ететін органдардың құзыретін күшейтуге назар аударған дұрыс. Онсыз біз алға жылжи алмаймыз.

 

Георгий КРАВЧЕНКО,

«Жаңа Жібек жолы» ЖШС бас директоры

 

АЛМАТЫ