• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2022

Қыдыр дарып, құт қонған Қарқаралы...

792 рет
көрсетілді

Арқаның арқары көп ауданы Қарқаралыға астанадан сәтті күні сәрсенбіде сиыр сәскеде аттандық. Жол шалғай, бас қаладан бақандай төрт жүз шақырымнан асады. Бірақ қасиетті өлкедегі Құнанбай қажы мешіті, балбал тастар, көне қорымдарға зиярат етеміз деген ой-сана, рухани шөл кезінде Қарқаралыда өткен Қоянды жәрмеңкесіне ағылған қалың жұрттың көңіл күйін сыйлаған еді.

Айырмашылығы тақымымыз­да ат емес, он алты адам қаз-қаз қона қалған ақ «Спринтер» көлігі. Алдымызда сексеннің сең­гіріне шықса да, сұңғақ бо­йын тік ұстап, сергек қимылдап, тың қозғалған Елтаңба авторы Жан­дарбек Мәлібекұлы, осы баспасөз турын ұйымдастыруға ұйытқы болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Гераль­дикалық зерттеулер орта­лы­ғы­ның басшы­сы Асылбек Байжұма­ұлы мен «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының төраға орынбасары Нұржан Игібаев мінген жеңіл көлік жол бас­тап бара жатты. Сонымен Қара­ған­дыға дейін тақтайдай түзу жол­мен зырғып барған біздің «ап­ты­ғымыз» Қарқаралыға қарай құл­дилай бергенде басылды. Жүр­гізуші жолдың қырық жамауынан жылдамдықты бәсеңдетуге мәжбүр болды. Десек те сәске түс­­­тен аса Қарқаралы шаһары­­ның кіреберіс қақпасынан өттік. Аста­надан ат арылтып, арнайы келе жатқан құтты қонақтарды Қар­қаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын Қарқабат ананың еңселі ескерткішінің қасында қарсы алып, «Елдіктің нышаны – ерлік­тің белгісі» мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған баспасөз турын ұйымдастырушылар мен қаты­сушыларына өлкенің өмірімен танысуына қолдау білдіретінін жеткізді.

Қарқабат – ел анасы

Қаздауысты Қазыбектің арғы әжесі Қарқабат, Мейрам сопының сүйікті жары болған. Қарқабат күйеуінің аяғына сыз өтпесін деп, кебісін көдемен ұлтарақтап, дәрет алар құманын қойнына салып жы­лытқан деседі. Ажарына ақылы сай Қарқабаттың күйеуіне деген осынау сый-құрметі ақиқаттан гөрі аңызға ұқсайды. Алайда Мейрам сопы адал жарының осы асыл қасиетіне риза болып, «Ұрпағың өссін» деп ақ батасын берген екен. Дуалы ауыздан шыққан асыл сөз шындыққа айналып, Қарқабат анамыздан тараған ұрпақтар – Қаздауысты Қазыбек бастаған көптеген би, Әсет, Мәди, Қасым бастаған ақындар, небір батыр­лар, көсемдер мен шешендер, ал бертінде қазақ халқынан тұң­ғыш көкке көтерілген ғарышкер Тоқтар ағамыз елге танымал тұл­ғалар көшін салды. Алыстан мен мұндалап, барша қазақ баласына мейірімін төге қараған монумент қоладан қойылса да, аналық жылуын сыйлағандай әсер береді. Биіктігі тұғырымен қоса алған­да 7,5 метрді құрайтын мүсіннің авторы – белгілі сәулетші Бейбіт Мұстафин.

– Қазақта батырлығымен, қай­сарлығымен тарихта қалған ару­ларымыз да, даналығымен, па­ра­саттылығымен, асыл қасиетімен ардақталған аналарымыз да көп болған. Арыда Тұмар пат­шайым, бертінде Домалақ, Қы­зай, Болған аналарымызбен қа­тар Қарқабат есімінің аталуы да те­гін емес. Ұрпағы Қарқабат ана­сы­ның есімін ұранға қосып, атқа қон­ған. Қарқаралының кіре­бе­рісіне Қарқабат анамыздың ескерт­кішінің қойылуының да себебі осы. Ол жауға аттанған ұрпағына ақ батасын берген және жаудан қайтар ұлының жолын тосып, жанын шүберекке түйген қазақ елінің аналарының бар асыл қасиетін бір арнаға тоғыстырып, бейнесін сомдайды, – деп Қарқабат ана хақында сыр шертті Қарқаралы ауданы­ның әкімі Ерлан Құсайын.

Елдіктің нышаны – Елтаңба

Еліміздің егемендігін, әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде өз алдына дербес мемлекет екендігін айшықтай, айқындай түсетін рәміздеріміздің бірі, ен таңба – Елтаңба. Биыл қазақ мемлекетінің еңселі Елтаңбасының қолданысқа берілгеніне 30 жыл толып отыр. Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы Қарқаралы ауданының әкімдігін­де өткен кездесуде Елтаңба­ның тарихына қысқаша тоқталып өтті. Шеңбер түрінде бейнеленген Ел­таңбаның негізгі элементі – киіз үй. Шаңырақ қазақ елінің кеңес­тің одақ құрсауынан бо­сап, тәуелсіз мемлекет ретінде қа­лып­­тасуымыздың айқын айғағы болса, аспанымыздың әрқашан ашық болуын меңзеген көгілдір түс аясындағы шаңырақ, кереге, босаға – шаңырағымыз биік, керегеміз кең, босағамыз берік болсын, елімізде шаңырақ кө­терген отбасыларымыз көп болсын деген мағынада қойылған. Ал шаңырақты ұстап тұрған уық­тар, автордың айтуынша, Қазақ­станда тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты бейнелеп, ын­тымақ-бірліктің нышанын біл­діреді. Елтаңба ер қанаты аттың, онда да қарапайым емес, мүйізді аттың бейнеленіп, ал сол мүйіздің жеті бөлікке бөлінуі қа­зақ­тың қан тазалығын, тектілі­гін сақтап, жеті ата ұғымына аса мән беруін меңзейді. Жоғары жақ­тағы бес бұрышты жұлдыз, елі­міздің жұлдызы биік, жарық бол­сын деген бата-тілектермен тұс­палдасқан. Ал төрт жыл бұ­рын латын қарпіне ­ауыстыры­лып, «QAZAQSTAN» деп өзгертіл­ген жазу мемлекетіміздің атауы ­екені дүйім жұртқа мәлім. Жан­дар­бек Мәлібекұлы ағамыз Ел­таңбамыздағы алтын немесе сары бидай түстес реңді байлық­тың, әділдіктің және молшылық пен тоқшылықтың белгісі ретінде сипат­тайды. Міне, осындай тарихи тұлғаны Қарқаралы төрінде қарсы алып, әңгімесін тыңдау бақытына ие болған аудан әкімі Ерлан Құсайын қазақы дәстүр­мен ақсақал иығына шапан жапты. Сәулетші ағамыз да «Сыйға сый, сыраға бал» демекші, құтты қонағын Құдайындай сыйлаған Құсайын мырзаға Елтаңбаның тарихын үш тілде талдап беретін кітап сыйлап, кеудесіне Елтаңба төсбелгісін тақты.

Құнанбай қажы мешіті

Ресми жиыннан шығып, ат басын бұрған келесі нысан – Құнанбай қажы мешіті болды.

«Мешітті жақсы көргенді, Құдай да жақсы көреді» демекші, Қарқаралы сілемдерінің баура­йында мешіт салып, Меккеге бар­ған қазақтарға түсетін үй салдыр­ған Құнанбайдың көрегендігін, биік парасат иесі екенін дін орталығын қар тоқтап, су тимейтін қырат үстіне салуынан-ақ байқайсың. Мешіт құрылысы он тоғызыншы ғасырдың елуінші жылдарының басында салынып, пайдалануға берілген. Бұл діни орын еліміздегі ең көне мешіттердің бірі болып табылады. Бір қызығы, екі қабатты етіп салынған мешіт бір шеге қағылмастан ағаш бөренелері қиюластыра орналастырылып, шебер жасалған. Мешіт жанынан балаларды оқытатын медресе, жатын орындар, молдалар үйі салынған және бұл ғимараттардың құрылысын Құнанбай қажы өзі қаржыландырған. Құнанбай қажы мешітіне қатысты сан қилы алып қашпа әңгімелер де бар. Бір дерек көздерінен ғибадатхананы кітапхана етпекші болған дегенді көзім шалғанымды бар-ды. Кітап­тарды сөрелерге орналастырып кеткен кітапханашылар екінші күні кітаптың ортада бір жерге үйіліп қалғанын көреді. Бұл оқиға екі-үш рет қайталанған соң, кітапхана жасау ойларынан айны­ған деседі сол кездің би­лік өкілдері. Ал енді бір деректе, «1924 жылы Имаш дейтін кісі мешіт­тің мұнарасын балтамен шауып құлатқан. Мұнараны жық­қан бетте оның қолынан балтасы ұшып, өзі де жерге құлайды. Екі қолы көкірек тұсына қарай бүгілген күйінде ол, өзі құлат­қан мұна­раның жанында жан тәсілім болыпты. Тағы бір дереккөздері, ағаш мешітті өртеймін деп, іске кіріскен бір кісінің көзіне шоқ­тың ұшқыны тиіп, жанарынан айырылғанын имам аузынан естігендерін айтқан. Халқымызды дін исламнан алыстатып, атеизмді насихаттаған Кеңес үкіметі жылдары Құнанбай мешіті тұрғын үй, қойма, архив ретінде пайдаланып, киелі орынның тоз-тозы шыққан екен. Тек 1980 жылда­ры мешіт қалпына келтіріліп, дін өкілдеріне берілген. Осы кезең­де көне мешітке Қарақаралы ата­­уын бермек болғанда, Дінмұхамед Қонаев атамыз Құнанбай қажы салдырған мешіт, сұлтанның аты­мен аталсын деген екен. Құнан­бай қажы мешітінің діни, рухани орталық ретінде қайтадан ба­ғы­ның жанып, халыққа қызмет көрсете бастауы Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар. 2001-2002 жылдары ішіна­ра, 2009 жылы толық рестав­рация жұмыстары жүргізіліпті. Ал қазіргі кезде көк күмбезді көркем мешіт Мұсылмандардың діни басқармасына қарайтын діни орталық және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. Қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап, қаймана қазақтың зиялы қауымдары бас сұғып, табаны тиген руханият орталығына өңірдің көркем табиғатын тамашалап, тарихымен танысуға келген қонақтардың кірмей кетуі кемде кем. Ал мешіт жанында баласы Абайдың иығына қолын салып, ойға шомған Құнанбай қажы бейнеленген еңселі ескерткіш мешіттің қадірін арттырып, ажарын аша түседі. Ел билеп, болыс болған Құнанбайдың да, хәкім Абайдың да өміртарихы Қарқаралының қасиетті топырағымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда қаладағы Құнанбай қажы салдырған ағаш мешіт пен Абай тоқтаған үй тарихи ескерткіш ретінде мемлекеттің қорғауына алынған.

Жәдігерлер сыр шертеді

1980 жылы Қарқаралы тари­хи-өлкетану музейі дәрежесін ал­ған мұражай қоры Қарқаралы­ның түгел тарихын жиыпты. Жеті залға бөлінген музейде 8300 жуық жәдігер бар екен. Жиырмасын­шы ғасырдың 18-ші жылдары бұл ғимаратта Совдеп орналасқан. Көз­дің жауын алатын жәдігерлер қа­тарында сегіз тұтқалы темір сан­­­дық қаржы тасымалдауға қыз­мет еткен. Бір қызығы, сан­дық­ты ашу­дың өзіндік құпиясы бар. Сандықтың құлпы оңай ашылмайды. Кілт жанындағы көзге көрінер көрінбес қуыстағы құ­лып­тың темірін басқанда ғана, кілт­пен аша аласың. Бұл ұры-қа­ры­дан сақтық үшін жасалған құпия көзі екен. Ал әдемі оюмен өрнектеліп жасалған буфеттің ­бояуы қаша бастағанымен, «мү­сіні» мұқалмаған. Бір қараған­дай ыдыс-аяқ, анау-мынау дүниені жи­нап қоятын жай буфет болып көрінгенімен, бұл мүліктің атқа­ратын тағы функциясы бар екен. Оның тартпасын керек кезінде жайып, жазу үстелі ретінде пайдаланса, қалған уақытта орын алмау үшін жинап қойған. Ал му­зейдегі балбалтастың қақ ортасында бокал бейнесінің қашалып, салынуы өркениет қазақ даласында ерте кезден болғанын айғақ­тай­ды. Енді бір бөлмеде, өзге емес өз жайын өзі айтқан ақиық ақын Қасым Аманжоловтың жұмыс үстелі, қолданған майшамы, ұс­таған папкасы тұр. Үстел тұсына ақынның алғашқы қаламақысы­на сатып алған орман мен оның «тұрғындары» бейнеленген кі­лем­шесі ілінген. Қазыбек би сын­ды талай бидің, Тәттімбет, Шөже, Мәди, Жүсіпбек сияқты тұғырлы тұлғалардың кіндік қаны там­ған Қарқаралы кейін де Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев, қазақтың өнер тарланы, сұлу да кербез Шолпан Жандарбекова, батыр тұлғалы Тоқтар Әубәкіровтей көптеген азаматын сыйлағаны, әлі де сыйлайтыны көңілге қуаныш ұялатады. Арқаны кеңге салып ара­лауға уақыттың тапшылығы қол­байлау болған біз сәтін салса тағы бір келіп қуантамыз деп, му­зей қызметкерлерімен қош­та­сып, екінді кіре бере ауданды ара­латып, бізге жол серік бол­­ған әкім­нің орынбасары әрі өлке­та­ну­шы Сайлау Әбиұлының соңы­­нан ердік. Бұл жолғы нысана Қар­қара­лыдан 17 шақырым жерде, яғни Қарағанды бағытындағы жол бойында жатқан көне қорғандар, Қызыл мола қыстағы, Балбалтас та­рихы орындары.

Қорымдардың бүккен бар құпиясы

– Біздің болжам бойынша, адамдар Қарқаралы өңірін адам­зат пайда болған сонау тас дәуі­рінен бастап мекен еткен. Оған өңіріміздің әр түкпірінен табылатын көне қорымдар дәлел. Жа­қында тауып алып, қоршап қой­ған мынау үлкен қорымға «мұртты қорым» деп ат қойдым. Бұл қорымдар үш дәуірге, ерте темір, орта ғасыр, қола дәуірге тиесілі екенін ғалымдар да айтып отыр. Бұл жерлерді өз бабаларымыз мекендеген. Қазақстан­ның жаңа тарихын қалыптастыру үшін бұл қорымдарға археолгтер мен тарихшы ғалымдар бірлесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Көне сақ, ғұн тайпаларының белгісі «Алтын адамның» бір­нешеуі осы өңірден табылуы да тарихымыздың тереңнен бас­тау алатынын көрсетеді, – дейді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әбиұлы.

Оның айтуынша, көптеген қо­рымның қойтастары құры­лыс­тар салғанда қолды болған. Де­генмен адамның қолы тимеген, үстіне жабылған тастары ор­нынан қозғалмаған қорымдар да бар екен. Осы қорымдарды қызғыштай қор­ғап жүрген Серік Жұмабек суыр қазып тастаған бір қорымнан сын­ған құмыраның бір бөлігі жә­не садақтың ұшы шыққанын айта­ды. Ашық аспан астында қар-жаң­бырдың салдарынан ба, құ­лап қалған балбалтасты дау құ­мырсқалардың мекеніне айналып, қарсылығын білдіріп, шағып алғанына қарамастан Бақытбек Қадыр есімді журналист орнынан қозғап, басқа ер-азаматтар қостап көтеріп қойды. Әріптестер әзілдесіп, «Бақытбектің балбалтасы» деген атау да беріп тастадық.

Түйін

«Бұл экспедицияның мақсаты – мемлекттік рә­міз­дер мен ге­ральдикалық бел­гілерді насихаттап, журналис­тер мен ғалымдардың қазақ гераль­дикасының ертеден басталатын арғы-бергі тарихын зерттеу. Көнеден қалған тарихи ескерт­кіштер, 6-8 ғасырларда­ғы Түрік қағандығы мен 8-13 ға­сыр­лардағы қыпшақ заманында жасалған Қарқаралы тас мүсін­дерінің тарихи құндылығын зерттеуге назар аударту, көпшілікке насихаттау», – деген Геральдикалық зерттеу­лер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлын ізгі бастама келешекте жалғасын табатынын атап өтті.

 

Сұлугүл БАКЕСОВА,

журналист