Креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасы Парламент қарауына енгізілетіні туралы хабардың тарағанына көп уақыт өткен жоқ. Ізін ала жастар арасында аса танымал топтың өңірлерде жоспарлаған концертін өткізуге әкімдік тыйым салыпты деген хабар көбейді.
Бұл мәлімдемелер бір мәселенің екі ұшын көрсетіп тұрғанын байқау қиын емес. Бір жағынан, мамыр айында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов креативті индустрияның табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бірі екенін айтып, осы саланы дамытуға мемлекет ерекше көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді. Ал екінші жағынан бір айдан кейін кейбір әкімдіктер отандық шоу-бизнесте өзіндік орны бар, музыкадан табыс тауып отырған топтың концертін өткізуден нақты себепсіз бас тартады. Танымал топ деп отырғанымыз – 2015 жылы құрылып, жеті жылда жас аудиторияның қазақ тіліндегі әндерге деген сұранысын арттырып, қазақ музыкасына тың серпін мен сілкініс алып келген Ninety one немесе «91» тобы. Бұл топқа қатысты көзқарастың алуан түрлі екені жасырын емес. Топ жеті жыл бойы алған бағытынан айнымай, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, отандық медиа индустрияның ықпалын көршілес елдерге таратуға көп еңбек сіңірді.
Кейінгі жылдары отандық медиа контент Ресей өнімдерін ығыстыра бастағанын және қырғыз, өзбек, татар, бурят халықтарының арасында танымал екенін зор мақтанышпен айта аламыз. Оны YouTube секілді әлеуметтік желілердегі қазақстандық жобалар мен өнімдердің миллиондап қаралым жинауынан байқалады. Қазақ контенті ТМД аймағында өте танымал, жоғары сұранысқа ие. Түсінгенге, Қазақстанның аймақтағы креативті индустрия хабына айналуға мүмкіндік мол. Бұл мемлекеттің қолдауы емес, «91» секілді дарынды, шығармашыл жастардың еңбегі екенін атап өту аса маңызды. Үкіметте мінберден айтылып жүрген креативті индустрияны дамытуға елімізде барлық алғышарт бар. Бірақ кейінгі оқиғалар елімізде белгілі бір деңгейде қалыптасқан жас шығармашыл ортаға жасалған қастандық секілді көрінеді.
Креативті индустрияның маңызы туралы сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтіре кетейік. Ералы Тоғжанов Сенатта сөйлеген сөзінде әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы 2,3 трлн долларды құрайтынын, осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын сауық нарығында жетінші орынға шыққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Корея Республикасының креативті экспорт көлемі 12 млрд доллардан асқан.
Поп мәдениетімен әлемді жаулаған елдер жайлы жақсы білеміз. Мәселен, АҚШ, Түркия және Индия елдерінің кино өнімдері шартарапқа таралған. Ендеше қазақ ауылына дейін жеткен киноның табысын есептей беріңіз. Корея мен Жапония комикс, манга, аниме және K-pop арқылы экономикасын дамытып отыр. Креативті индустрия экономикаға тікелей үлес қосуымен қатар, елдің беделіне, туризмнің дамуына жанама әсер етеді. Интернеттің дамуымен ақпарат ағынында тіл, шекара, мәдениет секілді ұғымдар жойылып бара жатқан заманда қазақ тіліндегі контентті бәсекеге шығарған жастарды қолдаудың орнына, әкімдік деңгейінде кедергі болған бұл әрекет түсініксіз.
Жалпы, аты айтып тұрғандай, шоу-бизнес – табыс әкелетін кәсіптің түрі, креативті экономиканың айқын үлгілерінің бірі. Концерт өткізу, өткізбеу мәселесі әкімдіктің пәрменімен шешілетіні үлкен сұрақ тудырады. Қазақстан секілді зайырлы мемлекеттің азаматы кәсіп жасауға, концертке баруға, қалаған әнін не әншісін тыңдауға неге мемлекеттен рұқсат сұрауы керек? Заң аясында өз қызметін жүргізуге, ұсынуға әркімнің құқығы бар. Бұл жағдайда Ninety one тобының жоспарланған концертін нақты себепсіз тоқтатып тастаған Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал қалаларының әкімдігі жауапкершілікке тартыла ма?
Ел Үкіметі ерекше көңіл бөліп, дамытуға барынша тырысып жатқан салаға жергілікті атқамінерлер неге қарсы? Әкімдіктерден бұл мәселеге қатысты мардымды жауап та болмай тұр. Түркістанда халық қарсы делінді. Бірақ концертке мыңдаған адам билет алып күтті. Бір күн қалғанда әкімдік «концерт болмайды» деген үкім шығарған. Аталған өзге қалалардағы концерттердің болмауын топтың өзі «өңірлердегі қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа байланысты» деп мәлімдеді. Бұл жерден әкімдіктердің халық арасында шығуы мүмкін титтей наразылықтан немесе қарсылық тудыратын кез келген әрекеттен қорқатынын аңғартқандай. Ресми мәлімдеменің болмауынан осындай қорытынды шығады. Осылайша, жергілікті билік өкілдері кейбір топтың жетегінде кеткенге ұқсайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың I отырысында «Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді» деген сөзі іс жүзінде осылай көрініс тауып отыр.
Халық арасындағы қарсылыққа келсек, музыкалық топтың концертін өткізбей тастауға қауқарлы әкімдіктер бұл іс-шараға нақты кімдер, қанша адам қарсы және қарсылық танытуына нендей себеп барын анықтады ма? Топтың заңға қайшы әрекет жасаған кезі болды ма? Бұл мәселені зерттеп, түбіне жетудің орнына, жылы жаба салу тиімдірек секілді. Бірақ бұл шешім әр концертінде нағыз шоу көрсету үшін айлап дайындалатын, жанды дауыста ән шырқап, сахна мәдениетіне аса жауапкершілікпен қарайтын топқа қатысты әділетсіздік емес пе деген заңды сұрақ туындайды.
Жауыр болған шашын бояу, сырға тағу секілді сахналық образға тағылған айыпқа не дейсіз? Бір қоғамда түрлі пікір болады. Оны қабылдау, талқылау, өзгелердің сөзіне құрметпен қараудың орнына, біреудің ойын жоққа шығарып, белгілі бір әрекетті жасауына тыйым салу барлық стандарт бойынша дамыған ортаның белгісі емес. Сонда біздің қоғам 2015 жылдан бері өзгермегені ме? Топтың сұхбаттарын тыңдап, қандай әңгіме айтып жүргенін, нені насихаттайтынын, жастарға қандай үлгі беріп жатқанын шын бақылап, зерттеген адам бар ма? Мәселе, сол түрлі-түсті шаш пен сырғаға бола, қазақ тілін жастар арасында, медиа кеңістікте дамытып, қатарластарына еңбекқорлығы мен қайсарлығымен үлгі болып жүрген дарынды әртістерді сөге беретініміз не?
Қазақ жастары отандық медиа өнімдерге қатысты сапасыз, қызықтыратын шоу элементтері жоқ, корей топтарымен бәсекеге түсе алмайды деген сын айтады. Қазақ музыкасын, киносын көргісі келмейді. Қазір K-pop, яғни Корея музыка индустриясын білмейтін мектеп жасындағы ұл-қыздарды табу қиын. Жастардың трендке еліктегіш келетіні табиғи нәрсе. Интернет дамыған заманда көрме, тыңдама деп тыйым сала алмайсың. 2000 жылдары жастар Батыс киносы мен әншілеріне еліктеп өссе, 20 жылдан кейін сахнаға Шығыстың креативті индустриясы шықты. Тағы да шетелдік өнім сұраныста. Одан бөлек ТМД елдерінің аймағына Ресей эстрадасының ықпалы қашанда жоғары болатын. Мұны қазақтың шығармашыл жастары соңғы жылдары өзгертті. Жастарға шоуды отандық әртістер ұсынбаса, өзге шетелдің топтарын іздеп тыңдайды.
Көзқарастар қақтығысы күнде көрініс тауып жатқан бүгінгідей күрделі кезеңде бүкіл қоғамды бір пікірге бағындыру бос әурешілік. Әркімнің өз талғамы, таңдауы, пікірі бар. Оны тыңдап, талқылап, құрметтеуді үйрену керек. Кез келген адам тәрбиені, ең алдымен отбасында алады. Ең жақын адамдардың ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бала тәрбиесіне жауаптыны түзден, әртістерден іздеудің орнына, сыртқы күштердің әсеріне төтеп бере алатын, отбасының құндылықтарына берік, өзіне сенімді, адал азаматты тәрбиелеу – ата-ананың ең үлкен жауапкершілігі екенін алға тартуымыз керек.
Сайып келгенде, креативті индустрияны форум өткізіп, аттас басқарма ашып дамыта алмайтынымыз анық. Бір сала алға шығып оза бастаса, қалғаны да тартыла бастайды. Ауыр сөз бен түрлі бопсаға тойса да, арманынан адаспаған, оны жеті жыл бойы дәлелдеп келе жатқан, ісіне адал, білікті жастарды қоғамдық пікірдің құрбаны етіп, аяқтан шалып, мемлекеттің креативті индустрияны дамыту туралы шешіміне қарсы әрекет етіп жүрген әкімдер шешімін қайта қараса дейміз.
Меруерт БҮРКІТБАЙ