Атырау облысы экономикасының басым бағыты – мұнай-газ өнеркәсібі болғанымен, өзге салаларды да өркендетуге бетбұрыс жасалып отыр. Әсіресе балық шаруашылығына кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық байқалады. Қазір осы салада тіркелген 19 балық шаруашылығында 614 адамға тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал көктемгі және күзгі балық аулау маусымында 3 217 адам жұмыс істейді.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметіне сүйенсек, биыл сәуірде салаға жаңа серіктестік қосылған. Бұл – «Шағала-Атырау» ЖШС. Исатай ауданында жаңадан жұмысын бастаған серіктестікте тәулігіне 6 тонна балық өңдеу цехы, қоймалар, сыйымдылығы 250 тонналық 12 тоңазытқыш бар. Сондай-ақ уылдырық дайындау, балықты ыстық-салқын күйде қақтау, кептіру, консервілеу, өнімді пісіру-бұқтыру құрылғыларымен, 17 қайық, 1 кемемен қамтылған. Жаңа жобаның құны – 250 млн теңге. Бұл қаржының 104 млн теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несиеге алынған.
Биыл балық аулайтын кәсіпорындарға жануарлар дүниесін пайдалану үшін 2 256 рұқсат қағазы берілген. Судан маржан сүзіп үйренген балықшылар көктемгі маусымда Жайық-Каспий су бассейнінен 11 225 тонна балық аулады. Оның ішінде Жайық өзенінен – 2 850, Қиғаш өзенінен – 2 505, Каспий теңізінен 5 870 тонна балық сүзілген. Өңір балықшылары ақпан-мамыр айларында 10 190 тонна балық пен 870 тонна балық өнімдерін шетелге экспорттады. Атырау балықшыларының өнімдеріне Ресей Федерациясынан, Әзербайжан мен Израильден сұраныс көп түсіп отыр.
Жайық-Каспий су бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтар қорын молайту мәселесі де назардан түскен емес. Биыл «Жайық-Атырау» және «Атырау» бекіре балығын өсіру зауыттары үшін Жайық өзенінен бағалы балық түріне жататын 222 балық ауланды. Оның ішінде 64 аналық балық бар. Соның бірі – 197 килолық қортпаны биылғы 19 сәуірде «Амангелді атындағы» ЖШС балықшылар бригадасы Жайық өзеніндегі «Кіші Дамбы» тартымынан аулады. Кейін бағалы бекіре тұқымдас балыққа жататын алып қортпадан «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытының қызметкерлері орташа салмағы 15 грамды құраған 729 мың шабақ алды. Аталған зауыттың тоғандарында 3,5 млн бекіре өсіріліп, Жайық өзеніне жіберілді. Оның ішінде 629 мың дана сүйрік, 419 мың дана орыс бекіресі мен 1,723 млн дана орыс бекіресінің шабағы су айдынына жол тартты. Осындай екінші кәсіпорын – «Атырау» бекіре балығын өсіру зауытынан да 3,5 млн шабақ су айдынына жол тартты.
– Балық шаруашылығын өркендету ісіне үлес қосқысы келетіндер аз емес. Мәселен, 2021-2025 жылдары 7 балық өсіру жобасын іске асыру жоспарланған еді. Оның ішінде Атырау қаласында «Тілекші» ЖШС, «Сагиева», «Жұмағалиева» шаруа қожалықтары, Құрманғазы ауданында «СевКаспийФиш» ЖШС, «Каспий балық» өндірістік кооперативі, «Абдолов» шаруа қожалығы, сондай-ақ Жылыой ауданында «Сәт» шаруа қожалығы тауарлы балық өсіруді көздеді. Алайда бұл жобаларды іске асыру кезінде бірқатар проблемалық мәселе туындап отыр. Мәселен, тауарлы балық өсіру үшін тоған шаруашылығына су айдынына жақын орналасқан үлкен жер телімі қажет. Осыған орай «СевКаспийФиш» ЖШС Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылынан қосымша 400 гектар, «А-Дана» шаруа қожалығы Махамбет ауданының Талдыкөл ауылы маңынан 50 гектар, «Тілекші» ЖШС Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылдық округінің аумағынан 22,47 гектар, «Сагиева» шаруа қожалығы Бесікті елді мекенінің тұсынан 9,1 гектар қосымша жер телімін сұраған болатын. Бірақ балық шаруашылығын өркендетуді мақсат еткен кәсіпкерлердің бұл мәселесі әлі оң шешімін тапқан жоқ, – дейді басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы.
Басқарма басшысының пікірінше, балық шаруашылығы саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет пен мемлекеттік органдар деңгейінде шұғыл шешуді қажет ететін бірнеше проблемалық мәселе бар. Бұл қандай мәселелер? Оның жедел шешу жолы бар ма?
– Біздің өңірдегі 19 балық шаруашылығы кәсіпорны аталған өзендерден кәсіптік балық аулаумен айналысады. Алайда биылғы көктемгі маусымда ауланған балықтың көлемі төмен. Мұның басты себебі – Жайық пен Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасы таязданып, соған байланысты өте күрделі, апатты жағдай орын алып отыр. Қазір Жайық өзенінің теңізге құяр тұсының тереңдігі 30-40 см құрайды. Ал Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің Каспийге құятын сағасы бітеліп қалған. Бұл ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті кемелерінің, Солтүстік Қашаған жедел құтқару экипажы құтқару кемелерінің, облыстағы 19 балық шаруашылығы кәсіпорындары кемелерінің теңізге кіріп-шығуына үлкен қиындық келтіріп отыр. Міне, осы себептен Атырау облысының балықшылары балық аулау лимитін орындай алмай келеді. Мәселен, былтырғы 1 шілдеден биылғы осы кезеңге дейін 20 мың тонна лимиттің 16 мың тоннасы ғана игерілген. Бұл – лимиттің 75 пайызы, – дейді Артур Сәдібекұлы.
Жайық-Каспий су бассейніндегі апатты жағдайға ұласуы мүмкін алаңдатарлық ахуалдың мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізетін бірнеше себебі бар. Біріншіден, 4 мыңнан астам балықшыны біріктіретін 800-ге жуық балық аулау бригадасы теңізге шыға алмаса, болашақта жалғыз табыс көзіне саналып отырған кәсібін тоқтатуы мүмкін. Екіншіден, бұл облыстағы балық шаруашылығы субъектілерінің қаржы институттары алдындағы 1,7 млрд теңгеге жуық берешегін өтеуге үлкен қиындық келтіреді. Сондай-ақ балық аулау лимитінің орындалмауынан жергілікті бюджетке бірнеше миллион теңгенің салығы түспей қалу қаупі бар. Үшіншіден, бекіре тұқымдас балықтардың басым бөлігі уылдырық шашатын табиғи орын саналатын Жайық пен Қиғаш өзеніне кіре алмай, мекендейтін орындарын ауыстырып, Каспий теңізінің жағалауындағы басқа елдерге қарай миграциялау жолын өзгертуі әбден мүмкін.
– Сондықтан аталған өзендердің теңізге құяр сағасына жедел түрде тереңдету жұмысын жүргізу қажет. Бұл – өте күрделі мәселе. Жайық өзенінің сағалық бөлігінің ұзындығын – 6 шақырым, енін – 40 метр, тереңдігін 3,60 метрге, ал Қиғаш өзенінің сағалық ұзындығын – 20 шақырым, енін – 30 метр, тереңдігін 2,5 метрге дейін тереңдету керек. Егер бұл мәселе оң шешімін таппаса, осы өзендер мен Каспий теңізінің арасы үзіліп, экологиялық апат орын алары сөзсіз. Себебі өзен мен теңіз арасының үзілуі, су құрамындағы оттегінің азаюының әсерінен, балықтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады, – деп алаңдаушылығын білдірді А.Сәдібекұлы.
Тағы бір мәселе балық шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға қатысты болып отыр. Қазір балық шаруашылығы субъектілеріне суда жүзетін көліктерді, балық аулау құралдарын, оның ішінде ауларды дайындау үшін тор материалдарын, сондай-ақ балықтан сүбе жасау желілерін, уылдырық, консервілер, пресервілер даярлау, кептіру, қақтау секілді күнделікті жұмысқа қолданылатын жабдықтарды жаңарту қажет. Бұл техникалар, жабдықтар мен материалдар ауылшаруашылық саласына жатқызылғанмен, алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің классификаторына енбей қалған. Сол себептен, балық шаруашылығы субъектілері жоғарыда аталғандарды жаңарту үшін несие алу немесе лизингке сатып алу үшін қаржылық-несиелік ұйымдарға жүгінеді.
– Бірақ бұларды сатып алу ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға жатпайды. Соған байланысты балық шаруашылығы субъектілері субсидияланбайды. Балық аулау саласындағы шектеулер заңнамасының өзгеруіне орай Жайық өзенінің сағалық кеңістігінде 3 метр тереңдікке дейін жағалауда балық аулауға тыйым салу қарастырылған. Мұндай шектеуден соң теңіз кемелері мен бағасы қымбат тұратын аулау құралдарын сатып алу қажеттігі туындап отыр. Мәселен, кәсіпорындардың бірі «Колонок» үлгісіндегі теңіз кемелерін, шортан уылдырығын өңдеу желісін, сонымен қатар жаңа ғылыми-негізделген теңіз аулау құралдарын дайындауға арналған тор материалдарын сатып алуы мүмкін. Сөйтіп, бұл кәсіпорын 3 метрден астам тереңдікте теңізде толыққанды балық аулауды ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Бұл Жайық-Каспий су бассейнінің экологиялық ахуалына да, сондай-ақ балық ресурстарының алуан түрлілігінің сақталуына да оң әсерін тигізеді. Себебі кәсіпшілік емес мөлшердегі балықтардың (шабақтардың) аулануына жол берілмейді. Осы орайда агроөнеркәсіптік кешеніндегі өсімдік, мал және құс өсіру шаруашылығы секілді балық аулайтын, балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға да субсидиялаудың бірдей шарттарын жасақтауды ұсынамыз, – дейді Артур Сәдібекұлы.
Бұл – отандық экономиканы әртараптандыруды көздеген Үкімет пен Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері ерекше назар аударатын мәселелер. Сол себептен, Жайық пен Қиғаш өзендерінің теңізге құяр сағасын тереңдету, балық шаруашылығы саласын субсидиялау мәселелері жедел шешілуі қажет-ақ. Әйтпесе Жайық-Каспий су бассейніндегі балық шаруашылығы саласы жақын арада өркендеуі мүмкін емес.
Атырау облысы