• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Қыркүйек, 2022

Жыл соңына дейін «Әлеуметтік әмиян» жүйесі іске қосылады

200 рет
көрсетілді

Үкімет отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық жобаны іске асыру ІТ секторындағы ІЖӨ үлесін 5%-ға дейін және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жекеменшік бірлесіп қаржыландыруда жеке сектордың үлесін кемінде 50%-ға арттыруы тиіс. «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасын жүзеге асыру атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаждық тууы мүмкін 480 мыңнан астам отбасын және зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы алып отырған 100 мыңға жуық азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Жобаны биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Жыл соңына дейін «Әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосу жоспарлануда.

Жер қойнауын пайдалану саласының тартымдылығын арттыру мақсатында «Kaznedra» платформасын енгізіледі. Бұл инвесторларға нақты уақыт режимінде минералдық ресурстардың деректер банкіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Біз зерттеу жүргізуіміз керек деп, ғылыми зерттеу жұмыстарын көбейте бермеуіміз керек. Ең алдымен, олардың нәтижелілігі мен экономиканың түрлі секторларында қолданылуын арттыру – маңызды міндет. Соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға біршама өзгеріс енгізілді және оны қаржыландыру екі есеге жуық өсті. Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс»,  деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр жоба аясында бірқатар бағыт бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғанын атап өтті.

Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақытылы жүргізілмеген.

«Цифрлық агрокәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар көп.

Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталмаған.

«Жалпы интернет-қызметтердің сапасына қатысты сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда интернет байланыстың сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Егер интернет байланыс жақсы болмаса, цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау керек», деді Үкімет басшысы.