• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Қыркүйек, 2022

Ғ.Мүсірепов: «Абай» – ұлттық роман»

671 рет
көрсетілді

Ғабит Мүсіреповтің «Абай», «Абай» романы туралы», «Абай» – қазақ операсының жаңа белі», «Абай» – Қарағанды қазақ драма театрының жаңа табысы» атты төрт мақаласы бар. Бәрі де, аттары айтып тұрғандай, Абай тақырыбына, М.Әуезовтің шығармашылығына арналған.

1940 жылы 30 қазанда Қазақ­тың мемлекеттік академиялық драма театрын­да М.Әуезов пен Л.Со­болевтің «Абай» атты пьесасы бо­йынша қо­йылған спектакльдің премьерасы болды. Қоюшы режиссері – Асқар Тоқпанов. Осы спектакль туралы Ғ.Мүсіреповтің «Абай» атты мақа­ласы «Лениншіл жас» газетінің 1940 жылғы 3 қарашадағы санында жарияланды. М.Әуезовтің Абай тақырыбына ерекше ден қоюындағы бұл бір бетбұрысты кезең еді. Абай туралы роман әлі жарық көрген жоқ. Ал пьесаның жазылуы және оның театр сахнасына шығуы сол кездегі қазақ қоғамындағы, қазақ театрының тарихындағы ерекше оқиға болды. Ғ.Мүсірепов мақаласында пьеса туралы «Шебер қолдан, үлкен ой, шын жүректен туған еңбек» деп, «Абай» сезіміңді босатпай ұстайды, бір жерде түйілген түйін оңай шешілмей­ді, көбінесе кесуді керек етеді. Ол ке­сілген түйіндер: Айдардың өлімі, Абдрахманның Мағышқа «Мен өлім­ге бұйырылған адаммын!» дейтін жері, Абайға шоқпар жұмсалуы» деп кесімді баға бере отырып, енді оның сахналық сипатына қатысты «Театр «Абайдың» стилін дұрыс тапқан. Абай дәуірінің мазмұнын беруге көп еңбек сіңірген. Әсіресе жас режиссеріміз Асқар Тоқпанов­қа қатты риза болуымыз керек. Алыста қалған өмірдің тек сыртын ғана емес, сырын да ашу үшін барын аямағандығы айқын-ақ. Сахнаға шығарған басты геройлары бірі арғы замандікі, бірі бергі замандікіне ұқсап тұрған жоқ, бір өмірдің, бір кезеңнің адамдары сияқты, шүбә туғызбайды. Кейде сөз жазушынікі, декорация мен киім суретшінікі, образ әрбір артистікі болып тұратыны бар ғой, «Абайды» қойған Асқар бұған ұшыраған жоқ. Сөз бен киім образдікі, образ пьесанікі, постановка Асқардікі. Алдымен көңілге қатты қонатыны Абай образы» деп терең ой тарқатады. Ғ.Мүсірепов осы мақаласы арқылы Шекспир, Гете, Горькийдің шығармалары деңгейіндегі драмалық туындыларға қол жеткізу арқылы ғана театрымыздың өсетініне назар аудартады.

Жазушының «Абай» романы ту­ралы» мақаласы – 1943 жылы нау­рыз айында Жазушылар одағында М.Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабын талқылауда сөй­ле­ген сөзі. Алғаш рет 1959 жылы «М.О.Әуезов: Алпыс жылдығына ар­­налған мақалалар жинағы» ат­ты кітап­та жарияланды. Кейін жа­­зу­­­шының «Суреткер парызы» (1979), «Бес томдық шығармалар жи­нағы» (1975, 4-том) кітаптарына енген. Жаңа романды жатсынбай қа­былдау, түсініп қабылдау, оның қазақ әдебиетіндегі эпопеялық ­туынды болатынын болжап-сезіну М.Әуезовтің замандастарына оңай бол­маған. Романды талқылауда баян­­дама жасаған сыншының «мақ­тауында – қуаныш, жамандауында кейіс жоқ» еді. «Абай» романы шыға салысымен-ақ солақай сынның соққысына ұшырай бастағанда бұл романның қазақ әдебиетіндегі жаңа көркемдік әлем екендігін, қазақ сөз өнеріндегі айрықша құбылыс болатынын алғашқы болып аңғарған және қаламгер қауымға соны қалтқы­сыз жеткізген Ғабит Мүсірепов еді! «Абай» романы қазақтың рухын, әлеу­меттік тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, этнографиясын, тари­хын, шежіресін мол қамтыған күрделі де кесек туынды екенін таразылай талдайды. Әсіресе Әуезовтің тіл бай­­лығынан, сөз өрімінен, ой қисы­нынан жаңалық табады. Романның артықшылықтарын санамалай келе: «Абай» – әрі шын мағынасында қа­зақ халқының шын өмірінің шын бейнесін көрсете алған ұлттық роман, әрі мәдениетті елдердің жақсы деген қай романымен болса да са­лыстыруға болатын роман», деп берік тұжырым жасайды. Кейін «ұлт­тық роман» деген бағаны біз әдебиет сыншыларының аузынан көп жылдар бойы ести алған жоқпыз. «Ұлттық» деген атау бергені үшін-ақ «ұлтшыл» деген айып тағылатынын біле тұра Ғ.Мүсірепов мұндай қадамға неге барды? Біріншіден, «Абай» романының табиғатын ашу үшін ештеңеден қаймықпай-ақ осылай атауды жөн санады. Екіншіден, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында тұңғыш рет ұлт мүддесін, ұлт рухын, ұлттың мақсат-мұратын ақын образы арқылы сомдаған кесек туындының келгенін жария жасады. Үшіншіден, осы роман қазақ жазушыларының алдағы уақытта ұлтқа қызмет етуінің ең озық үлгісі, адастырмас Темірқазығы, айқын нысанасы болуы керек дегенді ұқтырды.

1944 жылы 24 желтоқсанда Қа­зақ­тың Абай атындағы мемлекет­тік академиялық опера және балет ­театрында «Абай» операсының премьерасы өтті. М.Әуезов, А.Жұ­ба­нов, Л.Хамиди – үшеуінің шығар­машылық үндесуімен сахнаға шық­қан бұл туынды қазақ опера өнерінің тарихындағы елеулі оқиға болатын. Осы опера туралы Ғ.Мүсірепов 1945 жылы 16 қаңтарда «Абай» – қа­зақ операсының жаңа белі» атты ма­қаласын бірінші болып «Социа­листік Қазақстан» газетінде жа­рия­лады. Ғ.Мүсіреповтің байсалды пікірі, қоюшылардың еңбегіне, әрбір образдың қалай шыққанына, актерлік шеберлік пен режиссерлік шешімдердің қаншалықты иланымды болғанына кәсіби сыншының көзімен қарап баға беруі тәнті етеді. Мәселен, операда Абай образы қалай шықты деген сауалға былайша жауап береді: «Абай рөлін ойнаған Ришад Абдуллиннің еңбегін ерекше атау керек. Шындап келгенде, опера сахнасындағы жас әртістеріміздің бірі Ришад бұл жолы ойлаған жерден шықты. Ол әрі күшті, әрі сұлу дауыс­ты, сирек кездесетін әншілердің бірі екені рас. Ришад Абайдың әнмен ашылар, әнмен жасалар бейнесін терең-ақ жасап шыға алды... «Кескіні келмейді» деген сын айтушылар жоқ емес, бірақ көркемөнерге «кескін келтіру» міндет те емес, заң да емес». Немесе «Абай бейнесін Қанабек Бай­­сейітов жолдас ойнағанда да өте жақсы. Ең алдымен, Қанабек Абайға құйып қойғандай ұқсайды. Екінші, ол әртістік шеберлігінің арқасында азғана қимылдармен, әсіресе көз қарауларымен Абайдың сыртқы бей­несін түгел шығарады. Өлең мен әннің ішкі мағынасын да жеткізе алады». Осындай салыстырулар операдағы Абай бейнесінің қалай жасалғанынан дәл мағлұмат беріп тұр. Сондай-ақ Күләш Байсейіто­ва мен Шабал Бейсекованың, Құр­манбек Жандарбековтің, Мүсілім Абдуллиннің сомдаған образдарына оң бағасын берсе, Әнуар Үмбет­баевтың Айдарына, Манарбек Ер­жа­новтың Әзіміне, т.б. жекелеген рөл­­дерге қатысты сыны да бар. Ша­ғын мақалада операның образдар жүйе­сіне сарабдал талдау жасала­­ды, кемшін тұстары атап көрсетіледі, же­тілдіретін жақтарына назар аудар­тады.

«Абай» – Қарағанды қазақ драма театрының жаңа табысы» атты мақаласы 1951 жылы жазылып, об­лыс­тық газетте жарияланып, одан соң «Әдебиет және искусство» жур­на­лында (1951, №4) басылған, «Суреткер парызы» атты кітабына енген. Бұл мақаласында да Ғ.Мүсірепов Абай тағдыры, заманы, әлеуметтік ортасы, тұрмыстық жағдайы, ескі мен жаңаның тартысы арқау болған романнан бастаған ой-толғаныстарын облыстық театрдың батыл қадамына деген ризашылығына ұштастырған. «Абайды» қойған Лурье жолдас пен артистердің арасында бірін-бірі жете түсінгендік, бірге ойласып, бірге өлшесіп, коллектив қолымен бірге көтеріскендік байқалады» деген байлам жасайды. Абай рөлін сомдаған Мүлік Сүртібаевтың ойынына сүйсініп: «Сахнаға қонымды сырт көрінісімен қатар, бұл – іші бай, мәдениетті артист. Қозғалыс-қимыл­дары есепті, бос қозғалысы жоқ, жү­зінің аз құбылысымен көпті аңғарта алады. Сүртібаев жасаған Абай образына қалтқысыз сеніп отырасыз» деп жас өнер иесінің еңбегін жоғары бағалайды. Әрине, қарағандылық өнер ұжымының озық талпыныстарымен қоса, олқы тұстарына сыни көзқарасын да ашық жазған.

Осы мақалаларының бәрінде де Ғ.Мүсірепов М.Әуезовтің шы­ғармашылық табыстарына шын қуа­нып, шынайы көңілден тілектесті­гін білдіріп отырған. Ал М.Әуезов 1958 жылы Мәскеуде жарық көрген «Абай» романын «Габиту – любимому брату-содругу, сотоварищу на всю жизнь во всех наших лучших порывах. 1958 г.11 июня» деп қолтаңбасымен ұсынған екен. Ғабеңнің Мұхаң дүниеден озғандағы қоштасу сөзінде «Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас!» деп егіле сыр ашуында да көп мән бар.

Өзі де сол ХХ ғасырда спектакльге айналатын талай пьесаның, опера болып қойылатын либреттоның, үздік кино сценарийінің авторы болған шебер, жазушы-драматург алдындағы кемеңгер ұстазы М.Әуезовтің Абай тақырыбын әртүрлі жанрда игеру тәжірибесін жіті қадағалағанын және жете бағалағанын байқаймыз.

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының кандидаты,

Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі