Еліміз алдағыны дұрыс болжауға құрылмаған, оқшауланған стратегиядан бас тартып, болашаққа ұмтылады.
Бұдан сәл ертерек, нақты айтсақ, осы айдағы Қазақстан халқына Жолдауымда әлдеқайда әділетті де ашық Қазақстан туралы ұстанымымды, жаңа демократиялық мандатқа ие болуға бел буғанымды жарияладым.
Таяу айларда еліміздегі сайлау қарсаңында, әлемде беймаза уақыт туған кезде біз оқшаулануға қарсы тұруға тиіспіз.
Жаһандануға, өзара тәуелділікке және ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке балама болу мүмкін емес. Тәуелділікті азайтуға және тұрақтылықты арттыруға күш салу түсінікті әрі көп жағдайда ақылға қонымды болғанымен, бұл кейінгі онжылдықтарда жаһандық көркеюді қамтамасыз еткен нәрсенің бәрінен кең көлемде кері шегінуге әкеліп соқпау үшін нәзік шекті сақтай білу қажет.
Біз тәуекелді азайтуға, жаһандық жүйенің осалдығын кемітуге міндеттіміз және бұған ынтымақтастықтан бас тарта отырып емес, оны нығайту жолымен қол жеткізуге тиіспіз.
Мұны жаһандық бөлініске байланысты туындаған қауіп-қатердің алғы шебіндегі елдің көшбасшысы ретінде айтып отырмын.
Қазақстан әрдайым Жібек жолының нақ жүрегінде, Шығыс пен Батыстың арасындағы көпір болды. Біздің Ресеймен – 7600 километрлік, Қытаймен 1800 километрлік шекарамыз бар, Еуропамен, жалпы әлеммен ауқымды сауда байланыстамыз.
Бүкіл тарихымызда, әсіресе тәуелсіздік алғаннан бері біз көршімен арадағы күрделі мәселелерге сындарлы қарап, оның байланыстарды үзбеуге, ынтымақтастыққа және сенімге негізделмеуін басшылыққа алдық.
Бұл Қазақстан мен Орталық Азияның әлеммен үйлесімділікте өңір халқының мүддесін көздеп дамуына ықпал етті.
Оның үстіне, біз халықаралық саладағы ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттары ел ішінде де құнды деп санаймыз. Шынында да, осы рух біздің саясатымыздың ішкі реформалар жолын айқындады.
Тіпті басқа елдердегідей мемлекетіміздің басына қиындық туғанда халықаралық қысым жағдайында да біз оқшауланбаймыз.
Оның орнына біз бүкіл әлемдегі өмір сүру деңгейінің айтарлықтай көтерілуіне әкелген либералды, халықаралық, ашық саясатты күшейтуге ниеттеніп отырмыз.
Менің елім жол айрығында тұр. Осы кезеңде алдымыздағы аса маңызды мәселелерді дер кезінде шешпесек, «орташа кіріс тұзағына» түсіп, оптимист, жігерлі, өршіл тұтас буынды жасытып алуымыз мүмкін.
Екі апта бұрын мен Парламентте «Әділетті және Берекелі Қазақстанды» құру жоспарын ұсындым. Бұл жоспар шешім қабылдауды орталықсыздандыруға, заң үстемдігін нығайтуға, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, әр азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Ол саяси жүйемізді түбегейлі қайта құруға және жаңа амбициямызды жүзеге асыруға, тиімді басқару үлгісі саналмайтын «суперпрезиденттіктен» бас тартуға бағытталған.
Оның орнына біз Парламент пен жергілікті билік органдарының рөлін күшейте отырып, билікті орталықсыздандырып, халық пен қоғамның рөлін арттырып жатырмыз.
Біз саяси партияларды тіркеу мен құруға қойылған шектеулерді алып тастау арқылы плюрализмнің жаңа дәуірін ашып отырмыз.
Және де мен бірыңғай жеті жылдық президенттік мерзім енгізу туралы бастама көтердім, өйткені бұл Қазақстанда демократияны дамыту мен елімізді дамыған мемлекет ретінде жаңғыртудың айқын серпілісі болады деп ойлаймын. Бізге қатысты әлем бөлігінде бірде-бір мемлекет бұған дейін мұндай батыл қадамға барған емес.
Осы өзгерістердің барлығы бізге жаңа үлгіге – күшті Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республика үлгісіне қарай жылжуға мүмкіндік береді.
Мұны ұлттық саясатымызды толық трансформациялау деуге болады. Сондықтан да осы реформаны ілгерілету үшін берік сенім мандаты қажет.
Менің биылғы күзде президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдағанымның және еліміздегі болашақ президенттердің бір мерзімнен артық қызмет етуіне тыйым салатын заң енгізгенімнің себебі осы.
Кейбір байқаушылар мұндай амбициялы реформаларды жүзеге асыра алатынымызға күмәндануы мүмкін. Алайда тарихи өзгерістердің барлығы саяси батылдық пен жанкештілікті талап етеді. Мен бұл міндеттің қаншалықты ауқымды екенін жақсы сезінемін.
Сондай-ақ біздің ұлттық ой-санамыз кейінгі жылдары бастан өткерген терең әлеуметтік өзгерістерден, экономикалық және қауіпсіздік дағдарысынан туындаған, бәрінен де гөрі біз әлдеқайда әділетті, әрбір азаматқа қызмет ететін ел құруымыз керек екенін айқындаған түбегейлі өзгеріс деңгейіне көтерілді деп санаймын.
Егер біз тоқырауға ұрынғымыз келмесе, үдемелі реформаларға қарай барынша жылдам алға басуға тиіспіз.
Бұл біздің қаперсіздігімізді немесе аңғалдығымызды білдірмейді. Қажетті қарқынмен, бәрін ойластырып әрі байсалды түрде ілгерілейміз. Ішкі және сыртқы ұстанымымыз да осы жолда.
Біз кез келген проблема – мейлі мемлекеттік болсын, мейлі жаһандық болсын – ортақ проблема екенін мойындау арқылы ғана алға жылжи аламыз. Ал осы ортақ сын-қатерлерге тек топтасқан, бірлескен іс-қимылмен жауап бере аламыз.
Біз Қазақстанда билікті неғұрлым ашықтық пен орталықсыздандыру арқылы әділ бөлу, ұлттық даму және экономиканы әртараптандыру мәселелерін шешіп жатқанымыз сияқты, климаттың өзгеруі, азық-түлік, энергетикалық қауіпсіздік проблемаларын шешу үшін халықаралық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Осы жаһандық проблемалардың барлығын шешуде Қазақстанның өз орны бар. Мұны қалай атқаратынымызды БҰҰ Бас Ассамблеясындағы үндеуімде егжей-тегжейлі айтамын.
Осы күрделі бетбұрысты кезеңде ұлттық, жаһандық деңгейдегі дағдарыстардан дұрыс сабақ алып, жолымызды жаңартып, жабық оқшауланған тәсілден бас тартып, нығаюға ұмтылуымыз қажет.
2022 жылғы 20 қыркүйек