Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы биыл 20 қарашада өтетін болды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл туралы Мемлекет басшысы кешегі үндеуінде кеңінен тоқталып, аталған сайлау электоралдық циклді бастайтынын, оның қорытындысы бойынша бүкіл саяси жүйе түбегейлі қайта жанданатынын айтты.
Бірінші кезекте бұл сайлау жаңа форматта өтеді. Өйткені қазақстандықтар осы қызметте бір рет қана болатын Президентті сайлайды.
Бұл сайлауды келесі жылдың бірінші жартысына жоспарланған Парламент сайлауымен тұтас алып қарастырған жөн. Бұған жаңа саяси күштерді, елдің болашақ саяси элитасын көрсететін көптеген түрлі партиялар мен өзін-өзі ұсынушылар қатысуы мүмкін. Бұл Парламент сайлауының айтарлықтай бәсекелі жағдайда өтуіне барлық алғышарт бар. Ел дамуының көптеген жаңа тұжырымдамасы, идеясы, тұғырнамасы пайда болады. Осы тұрғыдан алғанда, өткір тақырыптар бойынша пікірталастар өтетін кәсіби Парламенттің қалыптасуын күтуге болады және біз пікірлердің нақты плюрализмін көреміз. Бұл саяси үдерістің басқа динамикасы мен сапасына бастайтын қайта жаңару болмақ. Сосын бұл жүйе бізге өткенге оралуға енді мүмкіндік бермейді.
Ал Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі туралы айтатын болсақ, бір реттік президенттік мерзім – прогрессивті норма. Егер болашақта біреу осы ережені қайта қарағысы келсе, онда олар өздерінің өкілеттігін ұзартуға тырысудан басқа ешқандай негіздеме таба алмас еді.
7 жылдық президенттік мерзімнің өзіндік қисыны бар. Бір реттік 5 жылдық мерзім Президенттің бағдарламалар мен жобаларын толыққанды іске асыру үшін жеткіліксіз. Егер халықаралық тәжірибемен салыстыратын болсақ, біздің 7 жылымыз АҚШ-тағы 4 жылдан екі мерзіммен тең. Бірақ бір ерекшелігі бар: алғашқы төрт жыл ішінде Америка президенті сайлау рейтингтеріне назар аударып, танымал емес шешімдер қабылдаудан қорқады. Оның алдында жаңа сайлау бар, ал басты мақсат – оны екінші мерзімге қайта сайлау. Керісінше, жетіжылдық бір мерзім президентке сайлау салдарынан қорықпай, неғұрлым батыл және сенімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Келесі Мемлекет басшысы Конституцияда өкілеттік мерзімін қайта өзгерте ме, әлде екі мәрте президенттікті енгізе ме деген сұраққа нақты жауап жоқ. Бірақ жұмыс істеп тұрған Конституциялық сот пен жоғары азаматтық белсенділік болған жағдайда бұл норманы өзгеріссіз қалдыруға болады деп санаймын. Өйткені заңның мызғымастығы үшін Конституцияның кепілі ретінде Президент қана емес, бүкіл қоғам жауап береді.
Маусымдағы референдумда суперпрезиденттік басқару жүйесінен күшті Парламенті бар президенттік республикаға ауысуды қамтамасыз ететін түзетулер қабылданды. Жаңа түзетулер өкілеттіктерді бөлуге қатысты емес, олар билікті басып алудан қорғауды қамтамасыз етеді деп айтуға болады. Сонымен қатар бір рет 7 жылдық президенттік мерзімде реформалар тезірек жүргізіледі. Көп нәрсе біздің азаматтарымызға, олардың патернализмді жеңу қабілетіне байланысты болады.
Талғат ҚАЛИЕВ,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры,
саясаттанушы