Кезектен тыс президенттік сайлау 20 қарашада өтеді. Тиісті Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл кезектен тыс сайлаудың алдыңғылардан айырмашылығы сайлауға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін маңызды элементтерді қамтиды.
Біріншіден, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы 1 қыркүйекте хабарланса, Жарлыққа бір айдан кейін қол қойылды. Яғни қоғамдық талқылау мен дайындық жұмыстарына уақыт берілді.
Екіншіден, Президент алдағы парламенттік сайлау туралы кемінде алты ай бұрын жариялады. Саяси күштерге өздерінің саяси бағдарламаларын әзірлеу және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін дайындалуға уақыт бөлінді.
Үшіншіден, алдағы сайлау – бетпе-бет келіп тұрған ішкі және сыртқы сын-қатерлерге берілген жауап. Бізге басталған саяси және экономикалық реформаларды аяқтау керек. Сондықтан саяси институттардың жаңаруы әлеуметтік-экономикалық саланы нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда саяси реформалар құр сөз жүзінде емес, нақты іске асырылып жатқандығы ешбір күмән келтіруге келмейтін шындыққа айналып келеді. Ең бастысы, бұл көзқарастар мен идеялар құр айтылған күйінде қалып қоймай, заң жүзінде орындалатын ұстанымдар мен нақты мемлекеттік саясатқа айнала бастады. Ұсынылып отырған нақты саяси реформалардың кешені тәуелсіз Қазақстанның демократиялы, ашық және теңгермелі саяси жүйесін қалыптастырып, оны түбегейлі орнықтырудың негізі болмақ. Еліміздегі қолға алынып жатқан батыл қадамдар еліміздегі қоғамдық-саяси қатынастарды азаматтардың ұстанымдары мен құндылықтарын өзгерту негізінде оны жаңаша қалыптастыруға бағытталған. Мұнда мемлекеттік биліктің барлық институтын реформалау негізінде бүкіл мемлекеттің жұмыс істеуінің тиімділігін көтеруді мақсат етеді. Ендеше, аталған саяси реформаларды жүйелі түрде, популизмге ұрынбай, терең жəне жан-жақты ойластыра отырып жүргізуге де ерекше мән беру керек.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселесі Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уəкілге конституциялық кепілдіктер мен иммунитет беру арқылы өз шешімін таппақ. Қоғамды дəйекті түрде демократияландыру бағытында іске асырылып жатқан осы іс-шаралар мемлекеттің орнықты əрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етері анық.
Бұл – өте маңызды сәт, өйткені әртүрлі себепке байланысты алдағы кезеңдер экономикалық даму тұрғысынан қиын болуы мүмкін. Бізге экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды еңсере алатын мықты саяси жүйе қажет.
Әсел ӘБЕН,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Алматы қаласындағы өкілдік басшысы