• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2022

Кибералаяқтардан қалай қорғанамыз?

342 рет
көрсетілді

Ел ішінде ауызын ашқан аңқауды әп-сәтте аңқитып кететіндердің түр-түрі бар. Алдыңнан атып шыға келетін жалт-жұлт еткен жарнамалардың да жарға итере салатындары жоқ емес. Ондай жарнамаға сендім дегенің – жел сөзге ердім дегенің. Оның үстіне бүгінде екінің бірінің басында несие барын білетін алаяқтар қарапайым халықты «несиеңді жауып беремін» деп те алдайтын болған.

Талайдың тауын шағып, қас пен көздің арасында арам ойын жүзеге асыратындардың адам баласына жаны ашыған кезі жоқ. Ішіңде не жатқанын, неден қиналатыныңды бірден көре қоятын алаяқтарды көріпкел, не жаралы жаныңды емдейтін тәуіп, не жо­лыңды ашатын балшы ма деп қа­ла­сың кейде.

Жақында Тelegram әлеуметтік желі­сіндегі 600-ден аса жазылымы бар «Кредит жабу әлеуметтік жобасы1» деген арнаға көзім түсті. Әлеу­мет­тік жоба болған соң айналып өтпей, бірден тіркеліп алдым. Басында мән бермегеніммен арна ішінде әңгіме қызу талқыланады екен. Мәселен, «Сіздер де түсіп қалмаңыздар. Ақы­мақ басым-ай. 14 650 теңгем ауаға ұшты. Несие төлейтін уақытым жақын­да­ған­да, қарызға батырып кетті» деген жазбаны оқып, арна артындағы алая­қ­пен жазысып бақтым. Сөйтіп, «Микро­займ, кредит есепшотын аресттен шешіп беремін, график орнатамын. Сот арқылы кредиттеріңізді өшіріп бере­міз. Бірақ сот жұмысына ақы алады» де­ген жарнама кімнің болсын көзіне бір­д­ен ілігеді.

«Несиемді жауып бере аласыздар ма, ол үшін не істеуім керек?», дегенім сол еді, бірден өзін «Айгерім Айбер­ге­нова, Алматы қаласы, Сейфуллина 112/2 мекенжайын­да Абзал Төреку­лов­тың сот көмекшісімін» деп таныс­тыр­ған қыз мәселемнің екі-үш сағатта шешілетінін нық сеніммен айтты. Ол үшін толық аты-жөнімді, қай қалада тұратынымды, қанша теңге несием бар және қай банк­терден екенін жазып жіберуім керек екен. Сұрағанын берген соң ақысын қашан жазады деп отырғанда, «ұялы телефон нөміріңізге 5 650 теңге бірлік са­луыңыз керек, тек тариф ұстап қой­масын» деп алаңдаушылық білдірді ол. «Төрт күнде 8 адамның кредитін жауып бердім» деп сенімді күшейте түскен ол ақша жарты сағатта түспесе, сот мырза көмек тізімінен өшіретінін айтты. Яғни бүгін төлемесеңіз, мүлде кө­мек­теспейміз деді тағы да жаны ашы­ғансып. Сылтауратып ақысын тө­леу­ді созбалақтадым...

«Кредит жабу әлеуметтік жобасы1» деген арнаға қайта кіргенімде, «Алаяқтар, сенбеңіз! Ақша сұраған соң аударып едім, енді бармағымды тістеп отырмын. Бірінші 5 650 теңгені Вeeline нөмірге сал деп, екінші күні 15 мың теңге сұрады. Таба алмаған соң 9 мың теңге төлей салыңыз деді. Жіберіп едім, енді күні бойы желіде отырса да жазғанымды елемей, жа­уап қайтармайды. Ақымақ басым-ай. Ұмсынай, ұятсыз екенсіз, мұқтаж адам­ды қарызға батырып, алдап кет­тіңіз. Айгерім, Абзал деген сот бәрі өтірікші болып шықты. Егер ертеңге дейін ақшаны қайтармаса, полицияға барамын», деген тағы бір жазба жылт ете қалды. Ал бұл сәтте сот көмекшісі-мыс Айгерім маған қайта-қайта ақшаны қашан аударасыз деп жазып отырған-ды. Жауап жазбаған соң Тelegram арқылы аудио қоңырау шалады, қабылдасам дыңылдаған түсініксіз дыбыс қана естіліп, жоқ болып кетеді.

Ал аталған арнаға тіркелген шым­кент­тік студент Динара Мелдебек мұ­ның бәрі қып-қызыл өтірік екенін ашына айтады. «Ешкім сен қиналып жатырсың ғой деп несиеңді жа­уып бермейді. Керісінше одан бетер қа­ры­зы­ңа қарыз қосып беретінін қай­тер­сің. Адамдары да аз. Басында рет-ретімен жауып беретін болып көрінеді. Ол үшін бар-жоғы 1 500 теңге салу керек-тін. «Бір-екі жылда кезегің келсе аласың, несиеңді жабасың» деді маған. Сенген жоқпын. Себебі несиесі жабылған ешкімді көрмедім», дейді ол.

Иә, әлеуметтік желінің пайдасы­мен бірге көлеңкелі жақтары да етек жа­йып, алаяқтардың құрбаны бол­ған­дарды жиі кездестіріп жүрміз. Ал аталған арнада алаяқтықпен айналысып отырған жалғыз адам емес екені анық. Бір алаяқ жұмысын жарнамаласа, екіншісі «несиемді жаптым, алақай» деп жарияға жар салып клиент шақырады. Оны оқығандар имандай сеніп, соңынан опық жеп, салы суға кетіп жатады.

Мұндайлардың арбауына түспес үшін психология ғылымының PhD докторы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы Балабек Сақтағанов онлайн-орта өте жылдам қарқынмен өзгергенін, әлеуметтік желі адам мінез-құлқына қатты әсер еткенін, психология, коммуникация, информатика, бизнес, саяси ғылымдар және басқа да салаларда жүргізілген белсенді зерт­теулер адамның интернеттегі, әсі­ресе әлеуметтік желілердегі мінез-құл­қы жайлы жаңа пайымдар жасап жат­қанын айтады.

– Нағыз алаяқ – ол ешнәрсеге мәж­бүр­лемейді. Ол біздің күйреуі­міз­ге, алдануымызға серіктес болады. Ол ұрламайды, біз өзіміз бере­міз. Ол бізге айтқызбайды, біз оған өмірбаянымызды өзіміз айтамыз. Біз сенеміз, өйткені сенгіміз келеді. Осылайша, алаяқтардың арбауына қалай түсіп қалғанымызды аңдамай қала­мыз. Неге? Оған себеп не? Психо­ло­гиялық тұрғыда керек емес жерде «ашықтық», керек емес жерде «сенгіштік» басым болып кетеді. Адам өзіне қызықты немесе қорқынышты хабарлама естігенде импульстік күйге еніп, абдырап, барлық шынын ақтарып тастайды. Мысалы, «Сіз пәтер ұтып алдыңыз, құттықтаймыз» деген адамға қуанғаннан бар шындықты айтып, алдын ала салық ретінде сұраған ақшасын аударып жіберіп, соңынан сан соғып қалатындар қаншама?! Ал қорқыныш кезінде «Сіздің туысыңыз немесе балаңыз апатқа ұшырады, тез арада қаражат жіберіңіз» деген хабарламаға бірінші импульстік әрекет – бірден сұраған ақшасын аударып жібереді. Кейін адам есін жиған соң барып, алданғанын түсініп, ұялғанынан ешкімге айтпай жасырып жүреді. Алаяқтар кез келген ақпаратты сенімге ену үшін және жеке өлшеміңізге сәйкес жасалған алдау нұсқасын ұсыну үшін өте шебер пайдаланады. Интернетте, әлеуметтік желілерде өзіңіз туралы хабарлаған ақпараттан ерекше сақ болу керек. Олардың дамуымен алаяқтар әлдеқайда жеңіл жұмыс істей бастады, өйткені цифрлық әлемге енген сайын шындықты фантастикадан ажырату қиынға соғады, – дейді психолог маман.

Ал ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ержан Тәкеновтің айтуынша, егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз, яғни материалдық шығынға ұшырасаңыз, дереу 102 нөмірі бойынша полицияға хабарласып, сонымен қатар сізге қызмет көрсететін банкке шығып, шоттар мен карталарды бұғаттау керек.

– Мұндай қылмыстарға қарсы тұру үшін министрлік бірқатар ұйым­дас­­тырушылық-практикалық шара қа­былдады. Өткен жылдан бастап ки­бер­­қылмысқа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі ведомстволық бағдарлама іске асырылуда. Өңірлерде арнайы жедел-тергеу топтары құрылды. Ин­тернет-алаяқтықтарды ашу мүдделі мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асырылады. Тоқсан сайын киберқылмыстың алдын алу бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, 26-28 шілде аралығында «anti-fraud» іс-шарасы өткізілді. Үш күн ішінде интернет пайдаланушыларға қатысты 204 алаяқтық анықталды. Сонымен қатар басқа да бірқатар іс-шара өткізіледі, бірақ олар көпшілікке жария етілмейді. Биыл 9 айда 15 747 интернет-алаяқтық тіркелді, 3 061 қылмыс ашылды, қалғаны бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл ретте осы жылы интернет-алаяқтық жасағаны үшін 432 адам, сондай-ақ 17 қылмыстық топ ұсталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кел­тірілген материалдық залалды өтеу үшін жәбірленуші талап-арыз береді. Күдікті адамды ұстаған және істі сотқа жіберген кезде осы талап-арызды сот қарайды және сот үкімі бойынша не күдікті өзінің кінәсін мойындаған және жәбірленушіге келтірілген залалды өтеуге келіскен жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қанағаттандырылуы мүмкін, – дейді Е.Тәкенов.

Байқағанымыздай, алаяқтар – өз-өзіне өте сенімді, жоғары эмоционалды интеллектіге ие манипуля­тор­лар. Олардың психикасының ерек­ше­лігі – балалық шағында алған жа­ра­­қат­та­рының көптігінен де болуы мүм­кін. Яғни бала күнінде махаббат пен сүйіспеншіліктің болмауынан олар кейбір сезімдерді адам сенетіндей бейнелеу арқылы өздерінің құрбандарын бірден табады. Алаяқтар үшін эмоцио­налды осал құрбанмен жұмыс істеу әлдеқайда оңай. Адамдардың өмірден түңіліп, эмоционалды құлдырау жағ­дайына түсіп, стрестік күйде жүр­ген уақыты – олар үшін сәттілікке же­тудің ең жақсы мүмкіндігі. Сол се­бепті де ондай жағдайда олар­дың «қар­мағы қапқыш» келеді. Алаяқ­тар­дың құрған торына түскіңіз келмесе, әрқашан өзіңіз­­ді тыныштандырып, сабырлықпен қор­қынышқа берілмей, жан-жағыңызда не болып жатқанын үнемі ұтымды тү­сінуге ты­рыс­қаныңыз дұрыс.

Айтпақшы, алдап ақшамды алғысы келген Тelegram арнасындағы алаяқ­тар­ға уақыт созбалақтап жүріп, біраз сырына қанықтым. Мұндағы мақсатым, әлбетте, кибералаяқтардың қитұрқы әре­кетіне көз жеткізіп, көпшілікті сақ­тандыру болатын.