• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Өнер 09 Ақпан, 2023

Ұлт зиялыларының бейнесі

1503 рет
көрсетілді

Алаш зиялылары қазақ қауымының санасын ұлттық деңгейге көтерді. Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқарып, дербес мемлекеттілікке қол жеткізу, қазақ жеріне Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып жаңғыру, демократиялық қағидаттарды қолдау, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды.

 

Қадірбек Каметов. Алаш арландары. Кенеп, майлы бояу

 

 

Садығұлов Рахымжан Тағдыр. Кенеп, майлы бояу

 

 

Дулат Үсенбаев «Алашорда» принт авторы

 

 

Маржан Бақытбекова. «Әлихан аңсаған егемендік». 2020. Кенеп, майлы бояу, коллаж

 

 

Қадірбек Каметов «С.Торайғырұлының портреті». 1986. Қағаз, литография

 

Қазақ халқы үшін Алаш – көкей­кесті, өзекті тақы­рыптар­дың бірі. Тарихшылар мен зерттеуші­лер осы кезеңнің ақиқатын ақтарып келеді. Бірқатар суретші де өз туындыларына Алаш идея­сын арқау етіп жүр. Мысалы, жас сурет­шілер­дің ішінде Маржан Бақыт­бекова «Әлихан аңсаған егемен­дік» атты портрет ­жазды. «Алаш» қоз­ғалысы жетекшісінің қазақ халқына жа­саған қызметі өлшеусіз. Мұнда қа­таң мінезді ер кісінің қатқыл қа­бақты бейнесі сипатталған. Ағара бас­таған шаштары мен мұрты көп қиын­шылықты өткергенін бей­не­лейді. Газет қиындыларынан жасал­ған коллаж жан-жағында жабысып, кейіпкер заманындағы даулы уақи­ғалардың елесін береді.

Белгілі суретші Серікбай Әл­жанов Алаш қозғалы­сының белді қай­раткері, ақын, қазақ әдебиеті­нің жарқын жұлдызы Мағжан Жұма­байұлы образын ауқым­ды трип­тихта орындаған. Қыс­қы мез­гілдегі қазақ ауылы маңа­йын­дағы төбеде, шоқтығы биік ұлы Мағ­жанды қолына кітап ұстатып, үлкей­тіп бейнелеген. Дарқан дала­ның топырағынан туған қа­зақ баласы осы туындыда байтақ ел­дің жанашыры ретінде суреттеледі. Мұнда тіке қараған Мағжан бейне бір, елінің болашағын бүгінгі ұрпағына үмітпен аманат қылып тапсырып тұрғандай.

Қазақ графика өнерінің ең жар­қын өкілдерінің бірі Қадырбек Қаметов қазақ халқының тарихи тұлға­ларына байланысты бірқа­тар жұмыс арнаған. Соның ішінде «Алаш арландары» атты Алаштың негізгі қайраткерлері Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлына арналған пор­т­реттер триптихын жасаған. Жы­ры­мен жұлқылап оятып, оларды білім­ге, ел үшін пайдалы іс-әрекетке шақы­рып, әдебиеттегі ұлтшылдық, елшіл­дік ұрандарды күшейткен қа­зақ интеллигенциясының отыр­ған бей­нелері үш кеңістікте орна­лас­ты­рылғанымен, бір форматқа ен­гізіл­ген. Осы арқылы бір ой, бір мақ­сат идеясын жеткізген. Ақшыл қоңыр түс­тердің реңдерінде, құры­лымды бір­ың­ғай шешу арқылы әр ке­йіпкер­дің жеке даралығын көрсетеді. Қадыр­бек Каметов литографияда С.То­рай­ғырұлы портреті мен оның өлең­­деріне арналған топтамалық ил­люстра­цияларды жасады. Мұнда көш­­пелі қазақ халқының бейғам өмі­рі мен бол­мысын, табиғатын бей­нелеген. Сон­дай-ақ бай мен кедей, жас пен кәрі, білім мен қараң­ғы­лық тақырыптарын қозғаған. Осы гра­фикалық парақтарға көз жүгірткенде:

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам,

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда кім болам?»

деп, елінің егемендігі мен тәуел­сіз­дігін жырлаған Сұлтанмахмұттың өлеңдері еріксіз еске түседі.

Заманауи жас суретші Дулат Үсен­баев Алаш­орда қайраткерлерін жас­тарға өзінше танытып жүр. Ол ком­пьютерлік графика көмегімен бір шаңырақтың айналасында шо­ғыр­ланған алаш­тықтардың топтық порт­реттерін жейделерге принтпен басып шы­ғарған. Дулаттың «Facebook»-тегі па­рақшасында жас­тар үстіне осы жей­делерді киген. Тарихи тұлғаларды жас ұрпаққа жар­намалауда ұлттық рухты көтеріп, пат­риоттық сезімді оятады.

Ал Қазақстан Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі Рақымжан Садығұ­лов «Тағ­дыр» атты кескіндемелік туындысында Алаш қайраткерлерін қы­зыл бөлме кеңістігінде тоғыстыра­ды. Олардың бірі саяси жоспарларын қағазға түсіріп, идеяларын іске асырса, енді бірі ой үстінде отыр. Мұндағы қызыл түс қай­шылықтар мен қатерді сипаттайды.

1937-1938 жылдары репрессия нәубетінен Алашорда қай­раткерлері бірінен соң бірі түр­­меге түсіп, азапталып, «халық жауы» ре­тінде атылды. Ресейдің отар­лау сая­саты түрлі қитұрқы заң ар­­­қы­лы қазақтардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын шектейтін іс-әре­кет­терге дейін барып, ұлттық мем­ле­­кеттілік институтының кез кел­ген көрінісін жоюға тырысты... Де­ген­мен Алаш азаматтарының есім­дері халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Олардың соңында ұшан-теңіз мұра қалды. Бейнелеу өнерінде қайта жаңғырған Алаш ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіреді деп санаймыз.

 

Сандуғаш МЫРЗАБЕКОВА,

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері,

графика бөлімінің жетекшісі