• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Ғылым 12 Ақпан, 2023

Даналық һәм диалектика

693 рет
көрсетілді

Еліміздегі диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы, академик Жабайхан Әбділдиннің отандық ғылымға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Санаулы күндерден кейін 90 жасқа толатын ғалымның ғибраты – бәрімізге ортақ өнеге.

Осыдан он жыл бұрын Жабайхан Мүбәракұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Еуразия университеті» газетіне ға­лымнан сұх­бат алғаным бар. Сонда философ ұстазымыз: «Са­­­налы ғұмырымда, негізінен, таным, логика мәселесімен айналыстым. Соңғы кезде адам мәсе­лесі, кісілік, сұлу­лық тақы­ры­бы толғандырып жүр. Де­німе саулық берсе, осыларды те­ре­ңірек қарастырғым келеді» деген еді. Осы сұхбаттың өзінен Жабайхан Мүбәракұлының ұлт даналығын жақсы біле­­тіні бай­қал­ды. «Кісілік демекші, қа­зақ «Кісіні кейде таршылық сы­найды, кейде баршылық сынайды» дейді. Осыған қатысты не айтар едіңіз?» деген сұ­раққа ғалым: «Өте жақсы айтылған. Жаман адам басына қиындық түссе, салы суға кетіп, сүмірейіп, жер болады. Өмір болған соң қайшылықсыз болмайды ғой. Ол қайшылықтар шешу үшін беріледі. Ал «баршылық сынайды» деген, кейбір, бұрын жалпылдап, шалғайыңа оралып жүрген адам қолы билікке жетсе, зорға амандасып, шалқайып қалатыны бар. Мұндайда қазақ «Жаман атқа жал бітсе – жанына торсық байлатпас, жаман адам­ға мал бітсе – жанына қоңсы қон­дыр­мас» деп тауып айтқан», деп жауап қатқан еді.

Тағы бір отырыста «Қазақ дәс­түрлі дүниетанымында жаман адам түсінігі бар ма?» деген сұрақ туындады. Аяз би тура­­­лы аңыз­ды мысалға келтіріп, жа­ман адам түсінігі жоқ деген пікір айтылды. Сонда академик Жабайхан Әбділдин: «Қазақта жаман адам түсі­нігі бар. Болмаса қазақ «Жаман мал­ды асырасаң – аузы-мұрныңды май етер, жаман адамды асырасаң – аузы-мұрныңды қан етер» демес еді ғой» деп тұжырымдайды. Ғы­лы­ми еңбектерін орыс тілінде жаза­тын ға­лым­ның қазақ мақал-мәтел­дерін, ауыз әдебиетін терең білетіні және осы білімін өз пікі­рін негіздеуде ретімен қолда­на­тыны таң­дандырады.

Жоғарыда айтылған сұхбаттан Жабайхан Мүбәракұлының өмір­дің мәні, адам туралы қазақ­ша ойлайтыны байқалды. Осы әңгімеде аға әйел туралы мынадай ой толғады: «Әйел, ең алдымен Ана. Адамдағы барлық асыл қасиет – анадан. Бұхар жырау айтқан ғой:

«Жал-құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас». Яғни адамның адамдығы – анадан, ана сүтінен, ана мейірінен, ана тәр­бие­сі­нен. Әйел, екіншіден, қыз бала. Қазақ халқының қыз ба­лаға үлкен құрметпен қарай­ты­ны мәлім. Әсіресе әке мен қыз бала арасындағы қарым-қа­ты­нас ерекше. Қазақ отбасында әке қызға ешқашан қатты сөйлемеген. Ескертулерін де ана­сы арқылы айтқан. Өзім де үш қыз­дың әкесімін ғой. Қыз бала нәзік, ерекше ыстық. Оларды осындай қы­латын да әке махаббаты». Осы арада айта кететін маңызды мәлімет, Жабайхан аға­мыздың балаларына жай ғана әке емес ұстаз бола білгендігі. Қызы Раушан – әке жолын қуып, фи­ло­софия ғылымдарының док­торы, профессор, академик атақ-дәрежелерін алған әлемдік дең­гей­де белгілі ғалым.

Жабайхан аға әрі қарай сөзін былай деп жалғады: «Әйел, тағы да ер адамның жары. Әйелдің ер адамның өміріндегі орны туралы қазақ жақсы айтқан: «Алғаның жаман жолықса – қайтесің дүние шіркінді-ай» деп түйін­деп еді. Сексен бестен асып, жер ор­та­сынан ауғанда жан-жарынан ай­рылып, қанаты қайырылса да, аға­мыз мойымай, ғылыми-зерт­теу­лерін жалғастырып, дәріс оқып, еңбектерін жариялау үс­тін­де.

Соңғы он жыл ішінде бұрын батыс­тың философтарын үңіле зерттеп, зерделеген Жабайхан Мүбәракұлының отан­дық, ха­лық­аралық деңгейде жа­рия­лан­ған көптеген ғылыми шығар­маларымен қатар перзенті, академик Рау­шан Жабайханқызымен бірігіп жазған «Абай – гениальный мыслитель и гуманист», «Чо­кан Валиханов – великий ученый и мыслитель» және «Проблема целостного и абстрактного человека в творчестве Ч.Айтматова» атты сүбелі ең­бек­тері жарық көрді. Бұлар ағыл­шын, түрік тілдерінде де жария­ланды.

«Абай – гениальный мыслитель и гуманист» кітабының бір бөлімін «Абай о вере, о любви, о прекрасном» деп атаған екен. Абай поэзиясындағы сұлу­лықтың жырлануын, атақты «Шоқ­пардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген өлеңін негізге ала отырып, былай талдаған екен: «В образе прекрасного боевого коня художник рисует свое­­­­образное сочетание признаков гармонического целого. Возможно все эти признаки не всегда присутствует в конкретном животном, однако это обстоятельство не говорит о том, что изображение коня поэтом выдумано, поскольку художник создал истинный образ, понятие идеального коня, который по существу является всеобщим, истинным» / «Су­реткер сұлу жарау ат бейнесінде гар­мониялық тұтастық белгілерінің ерекше үйлесімін сипаттайды. Мүмкін бұл белгілердің барлығы нақты бір жануарда бола бермейтін де шығар, бірақ бұл жағдай ақынның жылқы бейнесін ойынан шығарғанын білдірмейді. Өйткені суреткер шын мәнінде жалпы, ақиқат болып саналатын идеал жылқы ұғымын жасады» (аударған – автор). Жабайхан ағамыз жоға­ры­да берген сұхбатында жас кезінде Абайдың өлеңдерін жат­қа айтқанын, өзінің де өлең жаз­ғанын есіне алған болатын. Енді диалектикалық логика тұр­ғы­­сынан Абайдың өлеңдерін осылай талдайды.

«Чокан Валиханов – великий ученый и мыслитель» атты ға­лымның 180 жылдығына орай жазған кітабында Шоқан Уәлиханов феноменінің қазақ халқы­ның өмірінде, өзіндік сана­сының дамуында аса маңыз­ды орын алатынын, Еуропаға қа­зақ­тың зияткерлік мүм­кін­ді­гі­нің деңгейін көрсеткен, аққан жұлдыздай аз ғұмырында батыс әлемін таңдай қақтырған дарынды тұлға екенін айта келіп, ға­лымның әдіснамалық тәсілінің ар­тық­­шылықтарын айқындайды. Соң­ғы, алтыншы ерекшелігі ретінде Ш.Уә­лихановтың дәс­түр­лі халық мә­де­ниетіне үл­кен қызығушылық біл­діріп, те­рең зерттегенін атап көр­сетеді. «С точки зрения Валиханова, только народ, освоивший свое историческое бытие, знающий свою историю, свою культуру как форму освоения им мира, отношения человека к человеку, может быть творческим, живым, конкретным» / «Уәлихановтың көзқарасы бо­йынша, өзінің тарихи болмысын игерген, өзінің тарихын, мәдениетін әлемді игеру формасы, адамның адам­ға деген қатынасы ретінде білетін ха­лық қана шығармашыл, тірі, нақты бола алады» (аударған – автор) деп түйеді.

Жабайхан Мүбәракұлы бір есте­лі­гінде атасы Әбділданың кіре тарта жүріп, атақты ақын, әнші Мәди Бәпиұлымен кездес­ке­нін айтады. Боран­нан шаршап тоңған көп жолаушы айдалада бір кішкентай үйге кез болады. Бірақ үй иесі іште қонақ барын айтып, кіргізгісі келмейді. Оны естіген төрде жатқан үлкен кісі: «Мына боранда қайда жібересің олар­ды, жиырма адам жатқан жерге тағы жиыр­ма адам сыймай ма?!» деп үй ие­­сінің бетін қайтарып тастайды. Атасы Мә­ди­дің кісілігіне риза болып, азығынан бөліп тастап кетіпті. Яғни бұл – кісілік. Кісілік туралы Жабайхан Мүбәракұлының түсінігі. Даналық – кісілікті тану құралы. Атасы азығын Мәдидің жақсылығының өтемі ретінде тастап кетті десе, бұл даналық емес. Мәдидікі – кісілік. Оны кісілік деп тану үшін даналық керек.

Абай отыз сегізінші сөзінде: «Әрбір ғалым – хакім емес, әр­бір хакім – ғалым» дейді. Да­­на­лық философиялық ұғым бол­ға­нымен, мазмұнының терең­дігі мен сан қырлылығы жағынан, оған философияның көп­теген функция­ларының (ғылым, таным теориясы, логика, методология, идеология және тағы басқасы) бірі ретінде қарауға болмайды. Философия ғылымсыз да өмір сүре алады. Ал даналықтан қол үзсе, философия аты ғана қалып, заты (мәні, мазмұны) жоғалады.

 

Гүлнар АДАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры