• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Ақпан, 2023

«Хат қоржын»

274 рет
көрсетілді

Теңіздің суы ащы, құдықтың суы тұщы

Есіме ертеректе болған бір оқиға түсіп отыр. Кезінде мен «Қазақтың Қадыры» атты тақырыппен толық бір фотокөрмемді жерлес ақын, біртуар тұлға Қадыр Мырза Әлі ағамызға арнаған болатынмын. Бірде Оралдағы орыстың ұлы ақыны Пушкин ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойған соң, «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жырлап өткен Қайрат Жұмағалиев екеуі өткен-кеткенді әңгіме етіп келе жатты. Қайрат Жұмағалиев: «Қадеке, мен сенің барлық кітабыңды оқыдым, мына жағдай «Иірімге» де кірмей қалыпты ғой, оны қалай жіберіп алдың?» деп сұрады. «Нені айтасың?..»

Жайымен тыңдасам, ол былай болған екен. Бірде Жазушылар одағында басылып шыққан кітаптардың қаламақысы беріліпті. Көптеген ақын-жазушы ақшаға қарық болған екен. Қайрат Жұмағалиев ағамыз да айтарлықтай көлемде ақша алған болса керек. Бірақ ең көп қаламақы Қадекеңе тиіпті. Айтуынша, сол ақшаға үй де, машина да сатып алуға болады екен. Сол кезде Қадыр ақын жымиып: «Жігіттер бәрің де қаламақы алдыңдар ғой. Жақсы. Бірақ ең көбі менікі екен, сіздерді жақсылап қонақ етейін, жүріңдер», деп өздерінің үйреншікті жеріне ертіп келеді.

Даяшылар бірнеше үстелді қосып, дастарқанды әп-сәтте жайнатып жібереді. Үстелде не керектің бәрі толып тұр. Қадыр ақын кассаның алдына келіп, ақшасын төлеуге дайындалған кезде Қайрат Жұмағалиев ағамыз: «Пай-пай, шіркін! Не деген кеңдік, не деген дарқандық, Қадеке! Сіз телегей теңізсіз, ал біздер сіздің қасыңызда бір кішкентай құдықпыз ғой», демей ме. Сол кезде Қадекең: «О, міне, теңіздің суы ащы болады, адамдар суды теңізден емес, құдықтан ішеді, құдықтың суы таза әрі тұщы болады», деп сөз тауып кеткен екен. Сөзден ұтылған Қайрат ағамыз жайылған дастарқанның ақшасын толықтай өзі төлеген екен.

Рафхат ХАЛЕЛОВ,

фототілші

ОРАЛ

 

Кешенге Омаровтар есімі берілсе

Кезінде ағайынды Махмұт, Мақсұт Омаровтар спортсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ағайынды қос саңлақ Қазақ елі спортының көш басында жүрді. Мыңдаған жанкүйер ағайынды Омаровтардың боксын көру үшін Алматының спорт ареналарына қарай лек-легімен ағылып жататын. Ол кезде Қазақстанда қазақтың үлесі кем. Мәскеудің отаршыл саясатының салдарынан ұлтымыздың рухы жаншылып, еңсесі түскен бір кезең еді. Сол тұста қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының қаршығадай ғана шәкірті Махмұт Омаров 1947 жылы КСРО чемпионатының ең бірінші медалін Қазақстанға алып келді. Бұл тарихи жеңіс болатын. Себебі Мәскеу қолдан жасаған қанды қасап – ашаршылық пен алапат репрессияның қайғысы сейіле қоймаған, Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы тарқамаған, ел жартылай аш, түгелге жуық жалтақ болып қалған тым ауыр кезең еді. Осы кезде ұлттың қолындағы алмас қылыштай жарқылдаған Махмұт Омаров Мәскеудегі чемпионатта атой салды. Одан кейін де Орталық Азия мен Қазақстан жарыстарында талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Көп ұзамай Махмұттың ізін басып туған інісі Мақсұт шықты атойлап. Ол спорттық нәтиже жағынан ағасынан асып түсті. 1957 жылы КСРО чемпионатының қола медаліне ие болған Мақсұт 1959 жылы КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері атанды. Тарихи шежірені парақтасақ, КСРО халықтары спартакиадасында медаль алған алғашқы қазақ спортшысы Мақсұт Омаров екен. Енді қараңыз, Махмұт Омаров КСРО чемпионатының жүлдегері болған ең алғашқы Қазақстан боксшысы болса, Мақсұт Омаров – одақ спартакиадасында жүлдегерлер сапына кірген тұңғыш қазақ боксшысы.

Уақыт озып барады. Кейінгі жастардың басым көпшілігі бұл кісілердің тарихи жеңістерінен бейхабар. Бұған олар емес, көп жағдайда біз кінәліміз. Себебі осындай тарихи тұлғаларды насихаттауға, шежіреге тіркеу жағына жете мән бермейміз. Ендігі тілегіміз: Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай ауылындағы спорт кешеніне жерлестеріміз Махмұт, Мақсұт Омаровтардың есімі берілсе. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ақсақалдардың үніне құлақ асады деп сенеміз.

 

Жұмахан СӘДУАҚАСОВ,

Мұрат ОСПАНОВ,

еңбек ардагерлері

Қостанай облысы

 

Атақты күйшіні еске алу кеші

Күләш Байсейітова атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған музыка мектебінің үлкен залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халық-ағарту саласының үздігі, күйші-композитор, зерттеуші, шертпе күйдің шебері Уәли Бекеновті еске алу кеші болып өтті. Іс-шараға күйшінің жары Үмітжан апай, ағайын-туыстары мен шәкірттері, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар, оқушылар қатысты.

«Қазақ өнері үшін ол кісі өшпес мұра қалдырды. Шертпе күйді қолданысқа енгізіп, оны ғылыми дәрежеге дейін көтерді. Бұл – ерекше атап көрсететін жайт. Дәулетті отбасынан шыққан атам Үрімші қаласы маңында дүниеге келді. Кезінде Қытай патшасының алдында қазақ өнерін дәріптеп, кеудесіне алтын төсбелгі таққан», деді немересі Серік Бекенов. Ағайындары көп қуғын көрген сонау қилы заманда Уәли Бекенов 5 жаста екен. Өнерге жақын жас күйді алғаш ағасы Раздықтан үйреніп, кейін атақты күйшілер Рүстембек Омаров, Ғабидолла Тастанов, Жаппас Қаламбаевтан дәріс алады. Шертпе күйдің оқу бағдарламасына енуіне көп еңбек сіңіреді.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Біләл Ысқақов, күйшінің алғашқы шәкірттерінің бірі, «Құрмет» орденінің иегері Қайырбек Әділов ұстаздары туралы естелік айтып, оның күйлерін орындады. Соңында мектептің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Асылзат Ибраева Үмітжан апайға қамзол кигізіп, гүл шоқтарын ұсынды. Серік Бекенов те атасының шәкірттерінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Бұл тәрбиелік мәні зор іс-шара болды.

 

Гүлфарам СТАМҚҰЛОВА,

мектеп қызметкері

АЛМАТЫ