• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Тарих 19 Ақпан, 2023

Ашаның алты салы

408 рет
көрсетілді

(Басы 33-нөмірде)

Кеңес үкіметі осылайынша он жыл бойы Ашаның алты салының арты­нан түсіп аңдумен болады. 1929-1931 жылдары Голощекиннің «Кіші қа­зан» қиянаты кезеңі, тәркілеу мен кол­хоз­дастыру науқаны кезінде 1929 жылы ақын­дарды НКВД ұстатады 

2015 жылы көктемге таман Әлқуат біздің үйге Шу өлкесінің шежі­решісі, құймақұлақ ақын Мұрат Әбдірәшит­ұлын ертіп келді. Ол тек Сауытбек пен Қазақ­байдың өлеңдерін ғана емес, Жетісу мен Оңтүстік ақындарының жырларын түгел жатқа біледі екен. Аман-саулықтан кейін шежіреші бір­ден жыр жолдарын оқуға кірісті:

«Аралтөбе басында бес үй отыр,

Айырылып Ақбөпеден несіне отыр?

Малым болса бір шатақ етер едім,

Қолымды кедейшілік кесіп отыр...»

Сауытбектің атақты «Ақбөпесін» толығымен айтып шықты. Құлағы­ның ауырлығынан ба, дауыс қарқыны кү­шейіп, шежіреші арқаланып тағы бір төгілді:

«Құрметті елге сәлем Қазақбайдан,

Жатырмыз Алматыда,

аһ..ау-әй..мән!

Көз салған осы хатқа

қатар-құрбым,

Білерсің хабарымды біздің жайдан.

 

Сегіз ай болды, міне, жатқаныма,

Жайымды алыс-жақын

білсін қайдан?

Елестеп көз алдымнан

кетпей қойды,

Үйренген қайран

жұртым кішкентайдан»

– деп бір қайырып алып: «бұл Әлқуат­тың атасының өлеңі. НКВД-ға ұстат­қандар Шудағы Аша болысынан Қазақ­бай мен Шөңгербайды ұстасаңдар, қалғаны тырп етпейді деп, мұның ата­сын Ашадан ең бірінші ұстатып жіберген.

«Жолықтың әрекетке өзгеше боп,

Анасы қарамастай «құлынына».

Әуелі баршаңызға жолашар боп,

Кеңестің мен іліндім құрығына»,

– деген жолдар Қазақбайдың өз өле­ңінде бар.

«Аман ба, қадірлі іні Жақсыбайым,

Бейнет көрдім елуге келгенімде.

Кейінгі бозбалаға ақылыңды айт,

Құдайдың шүкірлік қып бергеніне», – деп, өз інісі, шәкірті, ақын Жақсыбай Жан­төбетовке ағалық кеңес берген» – деді де тоқтады. Жөн сұрасып, әңгіме құрдық.

Мен дереу Сауытбек Абдрахманов­қа телефон шалып, мән-жайды айттым. Сауыт­бек көп ұзатпай 31 мамыр қу­ғын-сүргін күніне орай «Қазақбай­дың қа­маудағы хаттары» мен жаздың кү­ні жоға­рыда Мұрат молда айтқан Сауыт­бектің атақты «Ақбөпесінің» толық нұсқасын «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады.

­Мұрат молда: «Қайрақбай Мойын­құм жағында болған шығар. Палуан болуы мүмкін, білмедім оны. Жалпы, Қай­рақбай туралы естігенім жоқ, біл­меймін» деді. Демек Қайрақбай Аша бойынан емес. Қайрақбай ескіше сауат­­ты, молда ақын. Қазақбайдың араб­­ша хат танығанын, ша­риғатты же­тік біл­­генін ескерсек, екеуі­нің бір адам екенін аңғаруға болады.

Мұрат молданың айтуынша: «Ата­бек деген бергі заманда Төреде, Жам­был совхозында өмір сүрген. Ақын емес, атбегі болған. Мүмкін ертеректе Шымыр-Күнтудің ішінде Атабек деген басқа бір тәуір кісі болған да шы­ғар, ол белгісіз». Ал Кенекең мен бас­қа да деректердегі Әтибек, Әтібек, Ата­бек немесе Бейсембек, Бәйсімбек, Бейсенбек және Жиенбай, Жиынбай, Жиымбай деп атағандарының бар­­­лы­ғы бір кісінің есімдері екені айт­паса да түсінікті. Айтылуына, естілуі­не, жа­зылуына байланысты өзгеріс­ке ұшы­­­раған. Ол заңдылық. Сол секіл­ді Қай­рақбай, Қайранбай, Қазақбай да бір адам.

Қазақбай өз заманында өте беделді, оқығаны көп, әділетті кісі болған екен. Салт-дәстүр мен ата жолына берік, Аша­­дағы дауларды Сауытбек пен Жи­де­баймен бірге шешетін болған. Про­­фессор Темірбек Қожакеевтің «Қа­лың­­дықтың қасіреті» деген деректі әңгі­месінде: «Ендігі әңгіменің тек ақылдасу емес, арбасу болатынын сезген Өмірбек сөзімді сөйлесін, мият болсын деген ниетпен көрші ауылдағы әрі ақын, әрі беделді адамдар Ұсаұлы Сауытбекті, Ергөбекұлы Қазақбайды, Қаленұлы Жидебайды алдырды. Шай ішіліп, бас қосылып болған соң сөзді Байболат бас­тады:

– Өмірбек, «жар басына диірмен сал­саң, жар құлар, аралға ұя салсаң, тас­­қын алар» деуші еді. Сені құлап түсер жар, тасқын таптап өтер табан деп білген жоқ ем! Айтысқан ант қайда, беріс­кен серт қайда? Терезесі тең, иық тіресер, сүйеніш болар құда таптым деп қуанғандығымның ақыры осы ма? – Байболат мұны егіліп отырып, езіліп отырып айтты. Өмірбек оған:

– Байеке, орынды өкпе, орынды наз айтып отырсыз. Сіздерді түсінем. Осының бәрін мен әдейі істесем, міне, Алланы аузыма алып айтайын, барым бұйырмасын, ішкен-жегенім һарам болсын. Сіздерді де, бізді де тасқа отырғызып кеткен – қу қызым. Мен одан мұны күткен жоқ едім, қайтейін! Сізбен құда бола алмай қалу, сенсеңіз, маған да қиын, әрі үлкен өкініш. Енді қалай десеңіздер де, қалай шешсеңіздер де мен сіздермен біргемін, дегенді айтты. Жылай айтқан, жалына айтқан бұл сөздерден Өмірбектің Шымырлар тегеуірінен сес­кеніп, алған малдың төлеуінен қашқақ­тап, Байболаттай баймен құда болып қалудың қамын қарастырып отырғаны аңғарылды. Осыны сезе қойған сұңғыла Сауытбек сөзге араласып, екі жақты жанастыра сөйледі:

– Байболат, өзің де мойындап отыр­сың, Өмірбек – осы өңірдегі биік те ісі ірі кісілердің бірі. Күн мен ай қанша биік тұрса да, олардың да бетін бір сәт тоқымдай ғана бұлт жабады. Сол сияқ­ты Өмекеңнің де бетіне құрғыр қызы кішкене кірбең түсіріпті. Бұлт көшер, өтер, сол сияқты бұл кісінің жүзіне түс­кен кірбің де кетер. «Кісенді кісі кіріп­тар, айдағанға жүреді» демекші, бұл да қол қусырып, құлдық ұрып, не десеңдер де көндім деп отыр. Қажай бермейік, не істейміз, не ойларыңыз бар, соған келейік! – деді.

Жидебай бұған:

– Қас деп ойлағанның бәрі бірдей қас бола бермейді. Тіпті бүгінгі қа­сың ертең досың болуы да мүмкін, түсіні­сіңіздер, – дегенді қосты. Қазақбай да қарап қал­мады:

– «Құлап бара жатқанға иығыңды тос» деген. Бұл істе бәріміз бірге бола­й­ық, бірге қимылдайық, – деп ынты­­мақ­қа шақырды. Осыдан кейін Бай­болат өз елінің шешімін айтты:

– Біздің шешім – «әйел ерден кетсе де, елден кетпейді», тірі отырып адамымыздан айырылмаймыз. Келінімізді аламыз, намысқа шабамыз.

– Иә, сұлуға сұқтанушы да, тор құру­шы да көп болады. Алданып, абай­сызда торға түсіп қалған болар. Ке­шіріммен қарайық, қызды алып қай­тайық, – деді, кезінде торда кеткен Ақ­бөпесінен айырылып, аңырап қалған Сауытбек. – Мұндағы байлам да осы болды» – деп жазылған Қожакеевтің әңгімесінде.

Бұл даудың артынан Сауытбек пен Қазақбай, Жидебайлар қамауға алынады. Ол туралы мәліметтер халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлының 1924 (27) жылдары Сауытбектің ауылына барып «Ақбөпе» дастанын жазып алғаны­мен тығыз байланысты. 1945-1963 жылдар аралығында ҚҰҒА Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қоры­на тапсырған қолжазбасында: «Шуға барып, Сәукеңе жолыққандағы себе­бім – Оңтүстікте Түлкібас ауданын­да Сәрсен­баев Иманәлі деген елге қа­дірі бар кісі болған еді. Сол кісі: «Бел­гі­бай, сен менімен Шудағы менің туыс­қан­дарыма бірге жүр, тамашалап қай­тамыз», – деді. Менің үйленбеген кезім еді, өзі менімен тамыр еді. «Мақұл» деп, екеу­міз Әулиеатаға келдік. Осы күн­гі Жам­был жерін Әулиеата деуші еді ол кезде.

Әулиеатаға Есеналы Мәделиев деген Шымкенттің найманы ояз екен. Қа­рымбай Қошманбетов орынбаса­ры екен. Сол кезде Шу елінің 7 кісі­сі абақ­тыда қамалып жатыр екен: Са­уыт­­бек, Жидебай, Қазақбай, Берік, Әлі­құл және екі кісі. Бұларды қаматқан қора­лас Қабылбек Сармолдаев көрінеді. Қа­ма­ту себебі: Сармолдаевтың жақын туыс­тарының жесірін Шудың Шымыры тартып алып кетіпті. Сол үшін «Сенің Шымырың», – деп, 7 адамды соттат­қан екен. Есқызы Сара – крайлық сот екен. Крайлық сот (Есқызы, Қожанов, Сапаров) Сармолдаевтың айтуымен жеті кісіні 16 жылдан әр адамға үкім шығарып, енді Ташкентке айдағалы тұрса керек.

Сол кезде Түлкібасыдан Иманалы келіп қалады. Оязы Мәделиевтің ағасы Есеналы Иманалымен құда екен, ал Қарымбай Қошманбетов Билікөлдегі Шымыр ағайын. Иманалы сол кісілерге айтып, 7 кісіге ара түсіп, олардың бұған қатысы жоқ деп, барлығын босаттырып жібереді» – деп жазылған. Жаладан құтылып, Әулиеатадағы Базарбай деген ағайындарының үйіне келіп, таң атқанша ән айтылып, жыр төгіледі. Бұл әлбетте, «Ашаның алты салы» атанған Сауыт­бек, Қазақбай, Жидебайлар туралы құнды мағлұмат. Бұл оқиғалар қолжазбада 1922 жылы болған деп көрсетілген.

Кеңес үкіметі осылайынша он жыл бойы Ашаның алты салының арты­нан түсіп аңдумен болады. 1929-1931 жылдары Голощекиннің «Кіші қа­зан» қиянаты кезеңі, тәркілеу мен кол­хоз­дастыру науқаны кезінде 1929 жылы ақын­дарды НКВД ұстатады. Қазақ­бай Алматыдан былай деп жазады:

«Бір біз емес,

боп жатыр барша жұртқа,

Анасын ажыратып құлын-тайдан.

Төңкеріс боп, келіпті ойдан-қырдан,

Күніндей ғаззауаттың болды

майдан.

 

Орыс, жөйт, персиан, түрк, араб,

Әрқайсысы келіп

жатыр әрбір жайдан.

Қытай, дүнген, тараншы,

қырғыз, тәжік,

Бұларды дейтін емес келдің қайдан.

 

Адам атын білмейтін әртүрлі жан,

Кеп жатыр төңкеріс боп

осындаймен.

Алматыда бас қостық

үш жүз түгел,

Орта жүз – Қоңырат, Қыпшақ,

Арғын, Найман».

Өмірінің соңына дейін ел тыныш­тығы мен берекесін ойлаған ақындар көрме­генді көреді. Түрме тақсіретін тартады. 1931 жылы Сауытбек сал Сәкен Сей­фул­линге өлеңдетіп хат жаза­ды. Оны Сауытбектің Балым деген әпкесінен туған жиені Смайыл Қали­панов Сәкенге апарып береді. Онда:

«...Бір Құдайға бар шығар,

Айып-қате, мініміз.

Алпыс бірге келгенде

Ел ішінде қуғын жеп,

Осылай болды күніміз...»,

– деген жолдар бар.

Дәп осы кезде Ашаның бас көтерер азаматтарының барлығының қамалып жатқан кезі болатын. Бұл жайында Қазақбай:

«Иманбек пен Сатылған

өз қасымда,

Құданың көріп жүрміз көр дегенін.

Ашадан қанша азамат

қамауда жүр,

Шамам жоқ,

бәрін бірдей терер менің»,

–  деп Ашадан өте көп адам қамалғанын айтады. Сәкен Сейфуллин Сауытбектің жолдаған өлең-хатына көңіл бөліп, арнайы органдарға тапсырма беріп ақын­дарға шарапатын тигізеді.

Жазбаша, ауызша және архивтік деректерде әр түрлі жылдары Әулиеата, Шымкент, Алматы қалаларындағы те­мір­торға дүркін-дүркін қамалған Аша­ның алты салы Сауытбек, Қазақ­бай, Жи­д­ебай, Әтібектер екені анық айтыл­ған, жазылған.

Қазақбай ашаршылықтың тақсіретін тартқан халықтың әлі келгенше көз жасын сүртісті. Қара ормандай халық­тан тым болмаса бір перзент аман қалса екен деп арпалысты. Ақыры жан төзгісіз өмір миханатынан арылмай, туған жерден жырақта, қырғыз ағайындардың арасында өмірден озады. Шерлі қазақ тарихында туған жерін тастап босып, жат жерден топырақ бұйырған ақын­дар аз емес. Соның бірі болып шетте қалды. Қазақбай – заманында Сауыт­бек, Жиде­бай, Балқыбек, Әтібек ақындар­мен үзеңгілес жолдас болған Ашаның алты салының бірі. Қазақбайдың өзі жазып қалдырған өлең-хаты мен профессор Темірбек Қожакеевтің деректі әңгімесі және халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлының қолжазбасы (1945-1953 ж.ж. аралығы) мен шежіреші Мұрат молданың жатқа айтатын өлеңдері осы­ның айғағы. Алматыдағы қамаудан бо­санған Сауытбек, Қазақбайлар елін ашаршылықтан аман алып қалу үшін қырғыз жеріне көшеді. Жол-жөнекей Сауытбек сал қайтыс болады. Қазақбай мен Сауытбектің ауылындағы Досеке қажы қырғыз жерінде қайтыс бола­ды. Шетінен ақын, сөзге шешен, сал-се­рілік құрып, Жетісу өңірі мен Оңтүс­тік Қазақстан өңіріне, қырғыз ағайын­дардың ішінде де атақтары шыққан өнер­паздардың тағдыры осылай бол­ған. Олардың ашаршылық келген қиын-қыстау заманда да, үлкен той-жиын­дарда да жұптары жазылмаған. Атақ­ты әнші Балуан Шолақ туған еліне бір кел­генінде Шудың барлық игі жақсылары мен Ашаның алты салы да атақты әнші, әрі балуан бауырларының жанын­да болған. Бірге ел аралаған. Кенен Әзір­баев та Балуан Шолақтың қасында бір ай жүрген. Әндерін үйреніп, елге таратқан.

Тарихшылардың Ұлттық Конгресі ұсынған Тұңғышбек Байқұловтың «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» дей­тін кітабында Сауытбек пен Қазақ­байды түгел жатқа білетін Мұрат Әдбі­рашитұлы: Ашаның алты салының бірі – Сауытбек ақын 1916 жылы Ақкөз батыр бастаған Шу-Меркі көтерілісіне қатыс­қан, 27 жасында Тілеуқабыл бо­лыс­тың шілдехана тойында қыпшақ Өтел­байқызы Ақбөпемен танысып, айтысқа түскен. Аша болысының екін­ші ақыны Қазақбай Ергөбекұлы да Қор­ағаты мен Шу өзендерінің қиылысқан же­ріндегі елді мекенде 1880 жылы ту­ған» – деп жазады. Қазақбай 1929-1931 жылдары Алматыдағы абақтыдан:

«Ескі Аша, аман болғын

қайран елім,

Тройске, Қорағаты қайран жерім.

Күнту, Қыпшақ,

Сарыүйсін әм Боққайнат,

Бестерек, Шымырдағы

барлық бегім»,

– деп кіндік қаны тамған Аша бойы мен ондағы бауырларына хат жолдайды. Қазақбайдың жазған хатынан сол заманда Шу өңірінде өмір сүрген игі-жақсылардың барлығының есімдері түгел жазылған.

«Ерлерім ел ішінде жолдас болған,

Басқаша өзгелерден бөлек жөнің,

Сауытбек Әтібекпен төңкеріс боп,

Бұл жерде көзім көрді жөнелгенін...

 

Балқыбек, Бәзілқұл, ер Қалманбет

Шыққан жоқ ешқашан жаманаты.

Бәйбек, Молдабек пен ер Жайсаңбай,

Артық тұр қатарынан

салтанаты.

 

Ескі дос, сізге сәлем Іздібайға,

Тілеулес, Сырайыл мен Тұрғынбайға,

Қайран аға Әлдибай, Бектиярмен,

Жүрсіңдер қалт-құлт

етіп қандай жайда?»

– деп, Ашаның алты салын хатқа ті­зіп шығады. Ешбір ақында Ашаның ал­ты салы дәл осылай толық аталмайды. Ше­шен Жидебайдың бұл жерде атал­маған себебі – 1922 жылы Әулиеатада бірге қамалған досы 1926 жылы дүниеден озған болатын. Кенекең айтқан алты сал­дың есімдері тек Қа­зақ­байдың ғана жыр жолдарында сақ­талған. Қамау­да жазған өлеңдерін өткен ғасырдың 30-шы жылдары Қазақбайдың жары, Арғынның қызы Алтынай апамыз Алма­тыдан Ашаға жеткізген.

НКВД тартып алып, жарты ғасырдан аса үні шықпаған бұл өлеңдерді Тәуел­сіздік жылдары Қазақбай ақынның ұлы – КСРО және ҚазКСР білім беру ісінің үздігі, Шу ауданының құрметті азаматы Дота Қазақбаев (1927-2012) Мұрат молдадан жазып алған. Дотаның шын есімі – Досеке. Досеке – қажы, атақты Сауытбектің ауылындағы ел жанашыры, қажылыққа барған кісі. Қазақбай ұлының атын ел ішіндегі абыройлы кісінің есімімен атап ырымдап қойған екен. Досеке қажы да Қазақбаймен бірге қырғыз жеріне барғанда қайтыс болған. Мұрат молда Шу өңірінде өмір сүрген Доспанбет, Сауран, Жомарт, Өтебай, Төлеген ақындардың, шежірелі Дігәрбек пен Тойдалы молдалардың кө­зін көрген екен. Халық ақындарынан жатқа үйреніп, хатқа түсірген.

 

Мырзатай Жолдасбеков