• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Ақпан, 2023

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартатын кез

236 рет
көрсетілді

«Қыс – қатал сыншы». Бейқамдықты, қамсыздықты кешірмейді. Еліміздің орталық және солтүстік облыстарындағы Екібастұз секілді бірқатар қалада болған төтенше жағдайлар соның айғағы. Енді міне, көптің көмегімен стансаның қазандықтары мен жылу жүйелері ақауларын әупіріммен әзер жөндеп бәрін де қалыпқа келтіргендей сыңайдамыз. Біз қыстың осы бір сыны­нан сабақ ала алдық па? Бар гәп сонда...

Кеңес үкіметі кезінде энергетика саласы үш бағытта қарастырылған еді. Еліміздің Еуропа бөлігін – атом, Сібір бөлігін – гидро, ал Орталық Азия респуб­ликаларын гидро және қатты отынға арналған стансалармен қамтамасыз етуді жүзеге асырды. Екібастұздағы Жылу энергетика орталығы сол өзінен шығатын көмірге арналған. Оның қазандық агрегаттары кеңес заманында орнатылған. 50-60 жылдан бері тозығы жеткен техникалық жабдықтар сын көтермейтінін қыс маусымы көрсетіп берді.

Кешегі алапат апат айтпай келген жоқ. Соңғы он жыл бедерінде қазандықтар мен жылу тасымал магистралдарынан ақаулар шығып, ескертулер жасалды. Көмірдің сапасын да өте жоғары деп айта алмаймын. Таза жанса күлі соншалық көп болмас еді ғой. Оның айнала қоршаған ортаға тигізер зияны қаншама. Сол ескірген қазандықтарды әрең жөндеп, құбырлардың жарылған жерлерін жамап, қайта іске қосумен болды. Әкімдер мен стансаның қызметкерлері осымен іс бітті деп арқаны кеңге салған. Жоқ. Бұл өздерін алдағанмен бірдей. Ішкі миграция есебінен қалалар көлемі өсіп, жылу қажеттілігі жылдан-жылға артып келеді. Келер жылдың қысында осы келеңсіз жайдың қайталанбасына кім кепіл?! Сондықтан қазандықтарды бүгінгі та­лап­қа сай заманауи жаңаларымен ауыс­тыру қажет. Кеңес заманында қазандық шығаратын зауыттар Барнаул мен По­дольск қалаларында орналасқан болатын. Оларды іске қосу үшін білікті әрі білімді мамандар қажет. Мамандардың білімді болғаны жақсы-ау. Бірақ жылдармен жинақтаған іс-тәжірибесі болмаса, істің көзін табу оңайға түспейтіні тағы бар.

Мен құралпы аға буын өкілдері ке­ң­­ес­тік жоғары білім беру жүйесі еле­гінен өттік. Өзім әуелі Шымкент облысының Арыс қаласында тепловоз депосындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жұмысшы жас­тардың кешкі орта мектебін, одан кейін В.Ленин атындағы Қазақ поли­тех­никалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық университеті) тәмамдап, еңбек жолымды «Казэнергоналадка» меке­ме­сінде инженер болып бастадым. Басшымыз Кежек Ысқақов орыс тілінде де еркін сөйлейтін, энциклопедиялық білімі бар кісі еді, маған қай жағынан да үлгі болды. Жұмыс барысында кә­сіби білімімді ұдайы жетілдіріп отыр­дым. Бұл ретте шеберлігімізді шыңдайтын сан алуан іссапарлар мен кездесулердің әсері орасан болды. Сөйтіп жүріп Мәскеудегі Серго Орджоникидзе атындағы басқару институтының ас­пиранту­расына түстім. Сонда жүріп «Екі­бастұз көмірін қолдану аясындағы кейбір сұрақтардың шешімін іздестіру» тақырыбын ұсынып, оны ғылыми же­текшім экономика ғылымдарының док­торы, профессор Евгений Штейнгауз ә дегенде қабыл алды. Диссертациямды И.П.Крапчин, Л.И.Албегова, И.И.Конья, Р.Е.Лещинер, Б.Л.Пекин сияқты ғалым­дар шұқшия қарап, сұрақ жаудыратын. Зауыттар сапалы көмірге арнап, сол кездегі технологиялық, техникалық же­тіс­тіктерге сай қазандықтарды шыға­рып, өндіріске жіберген. Бір қара­ғанға мінсіз-ақ. Алайда мен қазандық­тың әлі де жетілмеген жақтарын Екібастұзда көрініс бергенін алға тарттым. Мұнда қазандықтың ғылыми негізін жасаған бұрынғы ғалымдар Екібастұз көмірінің басқалардан ерекшелігін ескермегенін, оның қазандықта жанған кезде 50 па­йызына дейін күлге айналатынын, сол қалдықтың «абрагивтік» қасиетін қапер­ле­рінен шығарып алғанын, қазан­дық ескірген сайын сапасыз көмір оның жұмыс істеу мүмкіндігін одан сайын қиындатып, экологияға кері әсерін тигізіп жатқанын ашып айттым. Кандидаттық диссертациямды қорғау барысында осы кемшіліктерді анықтап қана қоймай, қазандықтың басқа да ақауларын түзету­дің тиімді жолдарын көрсетіп, өзім­нің ғылыми тұжырымдарымды дәлел­деп шықтым. Кеңес мүшелері ұзаққа созылған айтыс-тартыстан соң, ғылыми жаңа­лығымды бір кісідей қолдап «Келе­шегі бар ғылыми еңбек» деп оң бағасын берген болатын.

Соңғы жылдары Петропавл, Қара­ғанды, Ақтөбе, Семей, Балқаш, Темір­­тау және Риддердегі жылу-энергия орталықтарындағы туындаған олқы­лық­тар мен кешегі Екібастұздағы апатты жағдай осы саланың маманы ретінде менің де жанымды ауыртты. Апатты күннің ертеңіне-ақ облыстарда қызмет еткен өзім құралпы мамандармен хабарласып, пікір алыстым. Бізге энергетиканың кәсіпқой, білікті мамандары жетіспей жат­қандай көрінді.

Энергетика – экономикалық дамуы­мыз­дың негізгі өзегі. Ол өндірісте де, ауыл шаруашылығында да пайдаланылады. Қазір ел алдында энергетика саласын түбегейлі әрі бүтіндей жаңартудың аса маңызды міндеті тұр. Мұны нағыз жанашыр мамандарсыз іске асыра қою қиын. «Ауруын жасырған өледі» демекші, қазіргі мамандарға көңілім тола бермейді. Біраз энергетик жастармен сөйлесіп, байқағаным – көбінің сауаты төмен. Әрине, барлығы сондай деуден аулақпын. Ішінде білімді, біліктілері де бар. Ондай мамандардың санының аздығы жанға батады. Әдетте «Бәрін де маман кадрлар шешеді» дейміз. Ал сондай білікті мамандарымыз болса, осындай апатқа жол берер ме еді? Стансаның жұмысын күн сайын қадағалап отырған жауапты энергетик-инженерлер тозған құбырлардың жоғары қысымды көтере алмайтынын қазандықты іске қосатындарға қалай ескерт­пеген. Демек өз қызметіне жетік емес деген сөз ғой. Ал білім-білігі жоғары деңгейдегі мамандарды табан астында қалай дайындай аламыз?

Екібастұз апаты энергетик дайындайтын жоғары оқу орындарына сын. Шағын қалаларға қоныстанушылар саны жылдан-жылға артып, көпқабатты тұрғын үй қатары барған сайын ұлғайып келе жатқан шақта жылу-энергия орта­лықтарының қызметі де еселеп өсіп жатыр. Бұл қаланың инфрақұрылымын дұрыс жүргізуді талап етеді. Әсіресе, қол жете бермейтін жерасты жұмыстарын анықтап отыратын автоматтандыруды реттеу күрделі мәселе болып тұр. Егер осы Екібастұздағы техникалық апатты бүгін дұрыс шешіп, жөнге қоймасақ, ертең бармақ тістейтініміз анық. Бұл елдігімізге, энергия инженерлеріне сын. Оның үстіне дәл Екібастұздағыдай бол­ма­ғанымен Өскемен, Семей, Қос­танай, Атырау, Риддер және басқа қала­лардың жағдайлары да мәз емес. Олардағы жылу орталықтары құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр.

Жоғарыда айтқанымыздай Екібастұз көмірінен шығатын күн аз емес. Соған байланысты қазан агрегатының артқы бөлігі қатты металдан жасалуы керек. Осыған бүгінгі энергетик-инженерлер көңіл бөліп жүр ме? Күмәнім бар.

Алдымызда тозған қазандықтарды, жылу тасымалы құбырларын жаңалай міндеті тұр. Оны жүзеге асырудың тиімді жағын қалай ұйымдастырамыз? Тығырықтан шығар жолды Үкімет тапсын деп біз қалай ғана қол қусырып отырайық. Ондайға мына менің арым бармайды. Кейінгі мамандарға білге­нім­ді, ойға түйгенімді айтпасам еліме деген жанашырлығым қайсы? Жаңа қазандықты орнату мен жерасты жылу тасымал жүйелерін жүргізу күрделі әрі қиын жұмыс. Қазақ «Істің көзін тап» дейді. Жылудың техникалық жаб­дықтарын бір-біріне математикалық дәлдікпен жалғамасаң, бар ісің босқа кетті дей бер. Біріншіден уақыттан ұтыласың, екіншіден шығынға батасың. Зейнеткер деп дәрежелемесе, біздің де әлі көп істің күрмеуін шешу қолымыздан келеді. Ойымыз жеткен жерге қолымызды жет­кізе аламыз.

Тағы бір ескеретін жайт, қазандықтарға қатты отынның сапасы үлкен әсер етеді. Екібастұз ашық көмір бассейнінің бағасы арзан. Өйткені сапасы төмен. Соны жаппай қазғаннан гөрі кейбір мамандардың айтып жүргеніндей шығыны болса да талғап, таңдап қазу тәсілінің жаны бар-ау деймін. Бұл қазандық жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалға оң әсерін берер еді.

Адам денсаулығынан қымбат не бар? Немесе оның сапасын көтеретін қайта өңдеу фабрикасы қажет. Үкімет инвестицияның көзін тапса, бұл да шеші­летін мәселе.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» сая­сатын қолдаймын. Әзірге тығырықтан шығар жол сол болып тұр. Түптеп келгенде мақсатымыз жаңа инвестициялар тарту арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту ғой. Алдымызда үлкен міндет тұр. Бәріміз бір кісідей жұмылып, осы шараны жүзеге асыруда өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың тиімді жолын қарастырсақ, оң іс болар еді.

 

Сәкен СЕЙДУӘЛИЕВ,

экономика ғылымдарының кандидаты