• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Елорда 21 Ақпан, 2023

Көк түтінге қашанғы көмілеміз?

435 рет
көрсетілді

ХХІ ғасыр – экологияға айрықша мән беретін ғасыр. Табиғат байлығын шексіз пайдаланамыз деген ашкөздік пиғыл жаһандық апатқа алып келді. Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау мәселесі адамзатты толғандырып отыр.

Ауасы таза елді мекенде өмір сүрудің өзі – бақыт. Көшелері кең, тап-таза, көрікті, жасыл же­легі мол, ғимараттары сәулетті қалада тұру әрбір жанның арманы екені анық. Мемлекетіміздің бас қаласы Астана солтүстік өңір­де орналасқандықтан, қысы қатты. Бұл жақтың аязды, боранды күндері өте көп. Кезінде өзімен-өзі бұйығы жатқан облыс орталықтарының бірі болды. Жеке сектордағы үйлердің бәрі қыста бұрқылдатып көмір жақты. Тіпті 80-жылдары шағын көшелерге оттың күлін төккен жағдайды да көз­бен көрдік. Әрине, ол кезде қа­ла шағын, зардабы көп байқал­мады. Жиі соғып тұратын желі бар. Сол себепті қаланы түтін бас­пайтын еді.

Дегенмен жыл өткен сайын тұрғындар саны артты, үйлер де көбейді. Қала сыртына орман егілгендіктен де шығар, бұрынғыдай өңменіңнен өтіп кететін жел де азая бастағандай. Кейінгі жылдары, тіпті, үп еткен жел соқпайтын тымық күндер пайда болды. Сондайда қаланы түтін басып кетеді. «Кейбір тұрғындар көмір былай тұрсын, ұзақ жылу береді деп автокөліктің доңғалағын жағады» деген әңгімені де естіп жүрміз. Түрлі қоқыстарды, плас­тикалық қораптар мен ыдыс­тарды отқа салатындар да кездеседі. Шынымен де, кейбір үйлердің мұржасынан қара түтін будақтап жатады. «Қаланы улап не жағып жатсың?» деп оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ауыл­да өс­тік. Көмір жаққанды көрдік. Бас­тапқыда бықсып, түтін шық­қан­мен, сәлден кейін жанып жататын еді ғой. Ал қазір күні-түні қара тү­тін будақтап жатқанын көреміз. Тиіс­ті құзырлы органдар қаланы улап жатқан үйлерге барып, тексеру жұмыстарын жүр­гізсе, орынды болар еді.

Астананың оң жағалауында оңтүстік-шығыс ауданы бар. 20-25 жыл бұрын өмір сүруге қо­лайлы, ауасы таза аймақ болған еді. Ал қазір тымық күндері түтін басып тұрады. Атап айтқанда, Б.Мо­мышұлы даңғылы мен Ғ.Мұстафин көшесінің сол жағы көпқабатты тұрғын үйлер болса, ал оң жағында жеке сектор үйлері орналасқан. Бұл М.Жұмабаев даңғылы мен Қобыланды батыр көшесі ара­лығын қамтиды. Жел тымық күн­дері пәтердің желдеткішін ашу мүмкін емес. Көшеге де шыға алмай­сың. Тіпті облыс орталықтарында ауа мұндай лас болмас. Мәселен, өзім бұрын Орал, Қостанай қалаларында тұрдым. Аталған қалаларда жеке тұрғын үйлерді газбен қамту мә­селесі әлдеқашан шешімін тап­қан. Көмір жағып, күл шығарып жүрген адамды көрмейсің. Бес жыл бұрын жазда Қостанайда тұратын бір досымның үйінде бол­дым. Қаланың шет жағынан жер учас­кесін алып, жеке үй салып алыпты. Ауласы кең екен. Соны көрген бір досы: «Мына аулаңа ошақ салып алып, ара-тұра үйдің нанын пісіруіңе болады ғой» деді. Сонда ол: «Біздің қалада аулаңа ошақ салу түгілі, бірдеңе жағып, түтін түтетуге болмайды. Айыппұл төлейсің», деп жауап берді. Міне, өркениетті қалада осындай қатаң тәртіп сақталады.

Ал Астанада әркім ойына кел­генін істеп жатыр. Мысалы, жаздыгүні кәуап сататын дәмхана, асханалар бар. Олар есігінің алдына үлкен темір ошақ орнатып қойып, түтіндетіп, кәуап дайындап жатады. Оларға мұның не деген адамды көрген жоқпын. Сондай қызмет көрсететін орынның бірі – Ғ.Мұстафин көшесіндегі «Киш-миш» дәмханасы. Бүгінгі дамыған қоғамда кәуапты заманауи пештерде дайындауға толық мүмкіндік бар емес пе?

Мемлекет басшысының қол­ға алуы­мен кейінгі үш-төрт жылда Ас­тананың жеке тұрғын үй алаптары көгілдір отынмен қам­тамасыз етілді. Бұл ретте ауқым­ды істер атқарылды. Алайда газ­ды қымбатсынып, «үйреніп қалған көмірім жақсы» дейтіндер де бар. Алдағы кезеңде көмір және түрлі қоқыстарды жағуға мүл­дем тыйым салу қажет. Сол аумақта тұратын қариялар, сондай-ақ де­мікпе, жүрек, қан қысымы және басқа да дертке шалдыққан адамдар түтіннің иісінен зардап шегіп жүр­гендерін жиі айтады. Бірақ олардың ша­ғымдарына құ­лақ асып жатқан құзырлы орган көрінбейді.

Жеке тұрғын үйлер ғана емес, автокөліктер де қаланың ауасын улап жатыр. Әсіресе пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен ескі жеңіл автокөліктерден қара түтін шығатыны белгілі. Жүк кө­ліктері мен ескірген автобустар да бағдаршамға тоқтап, орнынан қайта қозғалған сәтте жанында тұрған машиналарды түтінге көміп кететінін де көріп жүрміз.

Қаланың қаншалықты таза не лас екенін қарға қарап анық­тауға болады. Ауасы нашар аймақтың қары санаулы күнде-ақ қарайып кетеді. Ал таза мекендерде жауған қар қанша күн өтсе де, аппақ күйінде жатады.

Әлемнің өркениетті қалалары тазалық сақтауға ерекше мән бере­ді. Мысалы, Сингапурде бел­­гіленбеген жерде шылым шек­­кен адамға 1 мың доллар айып­­пұл салынады. Ал темекінің тұ­қылын асфальтқа тастасаң, 500 син­гапур долларын (175 мың тең­геден аса) төлейсің. Жаяу жүр­­­­­гін­шінің көшені кез келген тұ­­сы­­нан кесіп өтуі, тротуарға тү­­­кір­гені және басқа да осындай заң бұзушылықтар 500-ден 1 мың сингапур доллары кө­ле­мінде айып­пұл төлетеді. Тіп­­ті метрода сағыз шайнауға тыйым салынған, көшеге бір жа­пы­рақ қоқыс тастауыңа болмайды. Айып­­пұлдары өте жоғары. Ал біз­де тәртіп те, тазалық та сын көтер­мейді.

Қазақстан Республикасы Эко­ло­гия кодексінің 8-бабында мем­лекет, жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау мен сақ­тау, ластануы мен оған залал келтірілуін болғызбау мақсатында нақты іс-шараларды жүзеге асыратыны айқын жазылған. Ал 13-бапта табиғатты сақтау және оның ресурстарына ұқыпты қа­рау барлық жеке және заңды тұл­ғаның борышы мен міндеті екені атап көрсетілген. Сондықтан әр­­бір азамат еліміздің экология заң­на­ма­сының талаптарын сақ­тауға тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана Астана қала­сын дамытуға қатысты кеңесте сөз сөйлеп, күрделі мәселелерді көтерді. Елорданы газбен қамтуда олқылықтар орын алғанын атап өтті. Мемлекет басшысы елор­даның жаңа әкімі Жеңіс Қасым­бекке маңызды міндеттер жүк­теді. Тұрғындар да қаланың эко­но­микалық және экологиялық жағ­дайы анағұрлым жақсарады деп үміт артып отыр.

Астана бас қала ретінде ерекше қорғалуға тиіс. Қаланың эко­логиялық қауіпсіздігі – өте ма­ңызды мәселе. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығы қымбат де­сек, бұл мәселені кешенді түрде қарап, қажетті шаралар қабылдау қа­жет. Жалпы, ел астанасын лас­тау­ға ешкімнің де құқығы жоқ. Осы мақсатта жаңа іс-шаралар қол­­­ға алынады деген сеніміміз бар.

 

Айбатыр СЕЙТАҚ,

журналист, Астана тұрғыны