• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Ақпан, 2023

Шіріген жүйе, тозған жүйке

340 рет
көрсетілді

Былтыр Үкімет отырысында Алматы облысындағы кәріз жүйелерінің жай-күйі қаралған болатын. Онда аймақтағы инфрақұрылымның ахуа­лы алаңдатарлық екені айтылды. Әсіресе Қонаев қаласындағы жағдай сын көтермейтіні жария болды. Яғни Үкімет облыс орталығындағы кәріз жүйесінің әбден ескіргенін көріп, біліп отыр.

Мамандардың айтуынша, қаланың кәріз жүйесіне қатысты мәселе тез арада шешілмесе, онда Қапшағай су қоймасы лас­танып, салдарынан жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына үлкен қауіп төнуі мүмкін. Ал өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жария еткен мәліметке сүйен­сек, облыстағы кәріз же­лі­ле­рінің жалпы ұзындығы 714 шақырымды құрайды. Сондай-ақ орталық кәріз тазарту құрылыстары аймақтың 3 қаласы мен 9 ауылдық елді ме­кенінде қызмет көрсетеді. Өкініштісі, осы құрылымның ескіргені болып отыр. Мыса­лы, Қонаев қаласының инфрақұ­рылымы1968 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі есеп бойынша облыс орталығындағы кәріз жүйе­сінің ұзындығы 172 ша­қырым болса, ондағы желілердің 80 пайызының тозығы жетіп тұр.

Сарапшылардың пікірінше, Қонаев қаласын, сондай-ақ Іле өзені мен Балқаш көлінің бо­йында тұратын Алматы және Же­тісу облыстарының тұрғын­дарын ауызсумен қамтамасыз ету көзі болып табылатын Қап­шағай су қоймасына қәріз ағы­ны суларының қосылу ық­ти­малдылығы жоғары, бұл ауқым­ды экологиялық апатқа әке­луі мүмкін.

«Қонаев қаласында 44 104 адам тұрады, тұрғындардың 91 пайызы су бұру жүйелерімен қамтылған. Қаланың кәріз-та­залау құрылыстарының са­лын­­­ғанына жарты ғасырдан ас­қандықтан, 85 пайызының то­зығы жеткен. 16 дана кәріздік су сорғыш стансасы және қуат­тылығы тәулігіне 25 мың тек­ше метр кәріз тазалау құрылыс­тарының 95 пайызының тозған­дығы, әрине, алаңдарлық жағ­дай», дейді облыстық энер­гетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқар­масы, сумен қамтамасыз ету және су бұру бөлімінің басшысы Қайсар Абсейтов.

Облыс орталығының басты мәселесі бірнеше жыл бұрын да назарға алынған екен. 2015-2016 жылдар аралығында «Алматы облысы Қапшағай қаласының (қазіргі Қонаев қаласы) тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және салу» нысаны бойынша техникалық-экономикалық не­гіздеме әзірленіп, 15.03.2016 жылғы № 18-0132/16 мемле­кет­тік сараптаманың оң қоры­тын­­дысы алынған. Оны «Қазгипроводхоз» институты жасапты. Енді жобаның мем­лекеттік сараптамасының оң қоры­тындысы 2016 жылғы 15 нау­рыздан, яғни үш жылдан астам уақыт бұрын алынған­дығына байланысты техникалық-экономикалық негіздемеге тү­зету жұмыстары енгізілмек екен. Ал оны түзету үшін жалпы сомасы 95,3 млн теңге қажет. Әрине, Қонаев қаласының әкімдігі қол қусырып отырған жоқ. Ат­қарушы билік барлық мүдделі құрылымның қатысуымен облыс орталығында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия құр­ған. Былтыр Қонаев қала аума­ғында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдаған.

«Бүгінде Қонаев қаласының кәріз тазалау құрылыстарын реконструкциялау жөнінде бір­не­ше ұсыныс қаралып жатыр. Оның біріншісі республикалық бюд­жеттен берілетін трансферт­тер есебінен ойлас­ты­рылса, екіншісі мемлекеттің кепілдігі ар­қылы Еуропа қайта құру және даму бан­кі­мен осы жобаны қаржыландыру бойын­ша келіссөздер жүргізілуде. Қаржы 3 жылдық жеңілдік кезе­ңімен 13 жылға тартыла­ды. Қарыз қаражатын қай­тару рес­публикалық және жер­­гілікті бюджеттерден суб­си­диялау және тариф көзі ар­қылы болмақ. Сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріп­тестік тетігі арқылы «Daur Capital» серік­тестігімен және «Dutchcleangroup» халықаралық компаниясымен келіссөздер жасалып жатыр», дейді Қ.Абсейтов.

Жалпы, Индустрия және ин­фра­құры­лымдық даму министр­лігі Қонаев қала­сындағыдай жағдай еліміздің 27 қаласында бар екенін, 41 қалада құрылыс­тардың тозуы 70 пайыздан асатынын есептеп шығарған. Яғни бұл тек Алматы облысына ғана тән жағдай емес.

 

Ұлбосын ИСАБЕК,

журналист

 

Алматы облысы