• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 22 Ақпан, 2023

«Хат қоржын»

356 рет
көрсетілді

Киелі киіз үйіміз шекара аспасын

Киіз үй ықылым заманнан қазақтың қасиет тұтар мүлкі саналады. Ал оның киесі бар бөлшегі – шаңырақ. «Шаңырағың биік болсын!» – батаның үлкені. Оны қашанда қадір тұту – халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан бұлжымас салты. Мейманасы тасып, есіре көкіген пендеге немесе менменшіл жауға: «Шаңыраққа қара» деп тоқтау айту – ертеден қалыптасқан ата дәстүр. Оның тәуелсіз мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі – Елтаңбаның дәл ортасында орналастырылғаны да көп нәрсені аңғартады.

Мен мұны не үшін айтып отырмын? Мәселе мынада: 1988 жылы Арменияның Спитак қаласында болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстан гуманитарлық көмектің бірі ретінде киіз үйлер апарғаны мәлім. Бірақ сол кездегі алыпқашпа сөздерге қарағанда, армяндар оларды дұрыс пайдаланбай, кереге, уық, шаңырақтарды отқа жағып жылынып, киіздерін аяқасты еткен. Сондықтан қасиет тұтар шаңырағымыздың шалғайдағы жат жерлерде керексіз дүниедей домалап жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естімесін деген тілектемін.

Жуықта Қазақстан кәсіпкерлері өз тарапынан соғыстан зардап шеккен Украина халқына көмек ретінде киіз үйлер апарғаны туралы ақпарат тарады. Әрине, қиналған жандарға мейірімділік таныту, көмек беру – парыз, бірақ... Түркиядағы зілзала салдарынан орын алған өлім-жітімге қазақстандықтар қайғыра көңіл айтып, үй-жайсыз қалғандарға көмек ретінде ұшақтармен жедел түрде 100 киіз үй жеткізгені ресми мәлімделді. Ата-бабаларына пана болған киіз үйге түрік бауырлар құрметпен қарап, дұрыс пайдаланып жатыр деген үміттеміз. Олардың қайғылары сейіліп, жаралары жазылып, еңселерінің көтерілгенін қалаймыз.

Киіз үй тігу оңай шаруа емес, жөнін білумен қоса, бұл іс күш пен ептілікті талап етеді, ал олардың ұшақтарға да жеңіл жүк болмағаны анық. Қазақтар киіз үй жабдықтарын атан түйеге тиеген. Жеткізілген мүліктің қабылдаушыға ауырлығы мен ауыртпалығы болмағаны жөн. Бұл – кімнің де болса жадында сақталуға тиіс қағидат. Ал шындап келгенде, киіз үйді еліміздің шекарасынан шығармаса деймін. Зардап шеккен аймақтарға баспана ретінде әскери палаткалар не басқа да жеңіл шатырлар жіберілгені жөн. Қай жағынан алып қарасаңыз да дұрысы осы.

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-құқықтанушы, публицист

 

АСТАНА

 

 

Қазақтың Қадырына арналған кеш

«Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ жырының Қадыры» тақырыбында ғибраты мол әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Іс-шарада ақынның қазақ әдебиетінде алатын орны, оның туындыларын өскелең ұрпақтың жүрегіне дарыту, бай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру хақында кеңінен сөз қозғалды,

Кешті орталық директоры Арман Дәулетов ашып берсе, мәдени ұйымдастырушы Маржан Жәрдемқызы қызмет алушыларға ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Әдеби кештің өтуіне себепкер болған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әлі өлеңдерін насихаттаушы, өңірге белгілі фотограф Рафхат Халелов ақынның суреттерінен дайындаған бейнеролигін кітапхананың жаңа кітаптар қорына табыстады. Келесі кезекте Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы» әні шырқалды. Содан соң орталықтың қызмет алушылары ақынның «Қонақ пен қазақ» , «Апам неге жылады?», «Туған жердің ауасы» атты өлеңдерін оқыса, орталықтың вокалдық тобы «Тамаша» әнін орындап берді.

Ал ғибратқа толы әдеби-танымдық әдемі кеш:

«Өзің шыққан биіктер талай заңғар,

Дейтін емес қыран-жыр қалай самғар.

Сен өмірден өтсең де, қайран Қадыр,

Қалды артыңда өлмейтін талай томдар...»,

деген «Атамекен» әнімен мәресіне жетті.

 

Динара МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,

орталық қызметкері

 

ОРАЛ

 

 

Жарнама жүйкеге тимесе игі

Кейінгі кездері көпшіліктен «осы жарнама дегенің жүйкеге әбден тиіп бітті» деген сөздерді жиі еститін болдық. Шындығында да «көк жәшікті» ашып қалсаң да, радиоқабылдағыштың түймесін басып қалсаң да жарнама дегенің алдыңнан андыздап шыға келеді. Оның үстіне газет-журналдарымыздың беті де жарнамадан босамайтын болды. Мұны нарықтық қатынастар жүйесінің өмірге әкелген жаңалығының бір түрі десе де болғандай. Былайша айтқанда, «өз күніңді өзің көр» деген сөз.

...Сыйлас құдайы көршіміздің үйіне бас сұққанбыз. Әдеттегідей әлдебір көрсетілімді тамашалап отыр екен. Өңі сынық, қабағы салыңқылау көрінді. Сәлемімізді алып, аз-кем амандық-саулық сұрасқаннан кейін ол:

– Бір мезгіл көңіліңді көтерейін деп теледидарға үңілсең, жарнама дегенің сәт сайын беріліп, жүйкеңді жұқартатын болды. Басқа арналарға ауыстырсаң да көретінің сол, – деді кейіп. – Бұған тыйым бола ма, жоқ па? Жоғарыдағы басшылар қайда қарап отыр? Жазу-сызуға біртабан жақын жүретін едің ғой, осыны неге айтпайсыңдар?

Бұл мәселе жайлы бұрын да аз айтылып жүрмегенін білсем де, «көрші ақысы» деген тәмсілді назарға ала отырып, азаматтың тілегінен аттап кете алмадық. Біздің пайымдауымызша, нарықтық экономика жағдайында жарнама – қаржы табудың бір көзі. Сондықтан оны әркім әрқалай жүзеге асырады. Жарнама неғұрлым көп болса, танымдылықтың да соғұрлым арта түсетіні белгілі. Ендеше, оны жасама деп тағы айта алмайсыз.

Бұл жерде біздің айтпағымыз мүлде басқа. Жарнама берілмесін демейміз, берілсін. Алайда әр нәрсенің шегі бар емес пе? Ертеңнен қара кешке дейін бере бергеннен гөрі, бір ізге салуға болмас па екен? Айталық, жарнама белгілі бір уақытта берілсе. Болмаса, сәт сайын беріп, көрерменді ығыр еткеннен гөрі, хабардың басында, ортасында немесе аяқ жағында жарнамалауға болады ғой. Қалай дегенде де жұртшылықтың өтініші мен талап-тілегін ескермеуге болмайды. Ерте ме, кеш пе, мәселенің шешімін табарынан күдерімізді үзгіміз келмейді.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

 

Түркістан облысы