• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Ғылым 22 Ақпан, 2023

Топырақ құнарын еселейтін технология

435 рет
көрсетілді

Орталық Азия халқының шамамен 60 пайызы азық-түлік пен кіріс көзі ретінде ауыл шаруашылығына тәуелді. Алайда бұл өңірдегі суармалы жерлердің 40-60 пайызына дейінгі бөлігі тұзды болып келеді. Бұдан Түркіменстан (жал­пы аумақтың 68 пайызы), Өзбекстан (51 пайыз), Қазақстан (50 пайыз) және Түркия (30 пайыз) зардап шегіп отыр. Тіпті топырақтың болмашы тұздануының салдарынан дақылдардың өнімділігі 20 пайызға төмендейді, ал тұздылығының мөлшері жоғары жерлерде 70-80 пайызға дейін жетеді.

Қазақстанда мұндай жерлерге Қы­зылорда, Түркістан, Алматы жә­не Же­тісу облыстарындағы күріш және басқа да ауыл шаруашылығы дақыл­дарын өсіретін егістік алқаптарын жат­­қызуға болады. Оның негізгі се­беп­теріне топыраққа минералды тыңайт­­­қыштарды есепсіз сіңіру, дренаж жүйесінің бұзылуы, ауыспалы егіс­тіктерді өз деңгейінде қолданбау және суару режімін дұрыс сақтамау жатады. Әрине, тұзды топырақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге тиімсіз болатыны бесенеден белгілі. Өйткені сортаңға айналған егістік алқап­тарында қарашірік мөлшерінің азаюы топырақ құнарының төмендеуіне, биологиялық белсенділігінің нашарлауына және сілтілігінің жоғарылауына әкеліп соғады.

Сондай-ақ тұзданған топырақтың тұздылығын жоюдың баршамызға белгілі дәстүрлі химиялық әдістері қазір­гі таңда түрлі себептерге байланысты қолданылмай отыр. Ауыл шаруа­шылығы саласын дамыту мақсатында химиялық тыңайтқыштарды қолданудың пайдасымен қатар тигізетін кері әсерлері де болады. Күріш дәнін себер алдында жүргізілетін топырақты өңдеу әдістерінің көптігі (қыртысты жырту, көктемгі жырту, қопсыту, таптау, тырмалау және тағы басқалары) және минералды тыңайтқыштар мен химиялық заттарды шамадан тыс қолдану арқылы мол өнімге қол жеткізуге болады. Бірақ бұл уақытша ғана табыс. Керісінше топырақ құнарының негізгі бөлігі болып саналатын қарашіріктің тез ыдырауына, салдарынан топырақ құнарының күрт төмендеуіне тікелей әсер етеді.

Ел аумағында іргелес республикалардан бастау алатын Сырдария, Іле секілді ірі өзендердегі су деңгейі түрлі себептерге байланысты жылдан-жылға төмендеп келеді. Бұл күрішті суаруға арналған су көлемінің жыл сайын 30-40 пайызға төмендеуіне әкеліп соғады. Бұған қоса бұл сулар өнеркәсіптік және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтармен ластанатынын да атап өткен жөн. Қазіргі таңда күріш дақылдарын өндіру құны өте жоғары, ал керісінше дәннің тауарлық сапасы бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан суды көп қажет ететін кү­ріш дақылдарының көлемін барынша қысқартып, топырақтың құнарлылығын сақтауда күріштің ауыспалы егіс танаптарында мал азықтарына қажетті бұршақ тұқымдас дақылдарының көлемін (түйе жоңышқа, жоңышқа) 30-40 пайызға ұлғайту керек. Судың мөлшерін үнемдеу және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мақсатында осы өңірдің ауыл шаруашылығын ет және сүт ба­ғытындағы мал шаруашылығын дамы­туға бағыттау маңызды.

Осылайша, топырақтың экологиялық жағдайын жақсартудың және екінші рет тұзданған топырақты қалпына келтірудің бірден бір тәсілі ретінде кешенді түрде тұзға төзімді өсімдіктерге фитомелиоранттарды қолдану әдісі бірінші орынға шығады. Келешегі зор мұндай фитомелиоранттарға жоңышқа мен түйежоңышқа жатады. Сондықтан бұл дақылдардың алқаптарын кеңейту және оларды күрішке ауыспалы егістік ретінде барынша пайдалану жемшөп базасының дамуына, мал азығындағы ақуыз тапшылығы мәселесін шешуге едәуір әсер етеді және мал шаруашы­лығының одан әрі дамуына зор үлесін тигізеді.

Қазіргі уақытта күріштің ауыспалы егісінде жоңышқа дақылының ат­қарар маңызы зор. Алайда оның кемшіліктері де аз емес. Атап айт­қанда, жоңышқа суару кезінде түйежоңыш­қамен салыстырғанда су­дың мөлшерін екі есе көп қажет етеді. Сондай-ақ жоңыш­қаның өніп-өсуі төмен. Бұл жоңышқа тұқымының сырт­қы қатты қабығына байланысты. Көбінесе жоңышқаның дәні себілген алқаптардың төрттен бірі өспей қалады. Себілген тұқымдардан тек 30-40 пайызы, ал кейбір аймақтарда 15-20 пайызы ғана өсіп-өніп шығады. Тұзды топырақ өсімдіктердің зат алмасу жағдайларына да кері әсерін тигізеді. Жоңышқа дақылы тұзға төзімсіз болғандықтан, өсімдік тұқымының өсіп-өнуі барынша төмендеп, өте сирек шы­ғады. Салдарынан жоңышқаның өнімділігі айтарлықтай төмендейді.

Жоңышқа дақылының тағы бір кем­шілігі зиянкес фитономустың ең сүйікті қорегі екендігі. Бұл зиян­­кестер, әсіресе құрғақшылық жылдары жоңышқа өсімдігіне едәуір зиян келті­реді. Яғни жапырақтарын тез зақымдап, тек сояу-­сояу сабақтарын қалдырады. Бұл құбы­лыс, әсіресе жоңышқаның бірінші орымы кезінде байқалады, кей жағдайда алғашқы орымды толығымен жеп қояды. Жоғарыда келтірілген дерек­терді түйіндей келе, жоңышқа дақы­лының екінші рет тұздалған суармалы егістіктер үшін фитомелиорант ретінде болашағы жоқ екенін айта кеткен жөн.

Тұзға төзімді екінші фитомелиорант – малазықтық бұршақ тұқымдас өсімдігіне жататын түйежоңышқа дақы­лы. Бұл өсімдік топырақтың құрамын­дағы тұздарды тамырлары арқылы  бойына сіңіріп, тұздың мөлшерін бірінші жылдың өзінде екі есеге, ал екінші жылында 70-80 пайызға дейін төмендетеді. Себебі аталған дақылдың сабағының бойы биік, тамыры нық әрі көлемі өте үлкен (20-25 т/га дейін) және тамыры топыраққа терең енеді де, топырақтағы микроорганизмдердің көмегімен органикалық заттар түзіліп, оның құнарының артуына мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде, топырақтың ең құнарлы бөлігі қарашірікке (гумус) айналуына тікелей әсер етеді. Гумус – бұл органикалық компоненттер (гумин және фульвоқышқылдары) мен бейорганикалық бөліктерден (гуматтар мен фульваттардың құрамына кіретін минералдар) тұратын үлкен қосылыс. Топырақты қоректік заттар­мен қамтамасыз ету функциясы­нан басқа, ауыр металдар мен радионуклидтердің тұздарын байланыстыратын биология­лық сүзгі ретінде де әрекет етеді. Сондай-ақ ол егістікте ылғалды сақтауға және топырақта су мен ауаның тепе-теңдігін орнатуға ықпалын тигізеді.

Сонымен қатар түйежоңышқа, әсі­ресе жасыл балаусасы азықтық құн­дылығы жоғары өнімді дақыл ретінде ерекше бағаланады. Ол суармалы егіс­тік­терде бір вегетациялық кезеңде сор­тына байланысты 350-ден 800 ц/га дейін көк балауса береді. Алайда қазіргі уақытта түйежоңышқа дақылдарының көлемін ­ұлғайтуға кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар. Соның бірі – түйежоңышқаның тұқымдық дәнінің сыртқы қабығының қаттылығына байланысты шығымдылығының өте төмен болуы.

Тұқымдық дәннің өнімділігін арттыру үшін түрлі әдістер қарастырылған. Әсіресе өндірісте көбінесе арнайы ма­шиналардың көмегімен дәннің сыртқы қатты қабығын бұзу үшін механикалық зақымдау (скарификация) әдісі жиі қолданылады. Аталған әдіс көп жағдайда дәннің қабығын ғана ыдыратып қоймай, сонымен қатар оның ішкі құрылысын да едәуір зақымдап, дәннің физиологиялық өніп-өсу үдерістеріне кері әсерін тигізеді. Салдарынан дәннің кейбір ауруларға тез шалдығуына жағдай жасайды. Олар топырақта шіріп өнбей қалады. Оған қоса бұл әдіс, яғни механикалық скарификация едәуір қосымша шығынды талап ететіні де анық.

Осы орайда Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орта­лығының ғалымдары аталған әдісті алмастыра алатын, тұқымдық дәннің шығымдылығын биологиялық жолмен арттыратын целлюлозолитикалық бактериялар негізінде жасалған тиімді­лігі жоғары отандық биопрепарат әзір­леп, өндірісте кеңінен пайдаланып отыр. Тұқымдық дәнді себу алдында атал­ған препаратпен өңдегенде, дән­нің өніп шығуына едәуір кедергі келті­ре­тін сыртқы қалың қатты целлюло­за қабы­ғының ыдырауына ықпал етеді. Нәтижесінде, аталмыш дақылдың шы­ғым­­дылығы 80-90 пайызға дейін артады. Аталған әдіс дәнді механикалық скарификациялау әдісін толығымен алмастырады.

Жоғарыда аталған мәселелер то­пы­рақты құнарландырудың химия­лық жолдарына балама түрде агроэко­жүйелерде үзіліссіз жүріп отыратын микробиологиялық үдерістерді реттеу­ге баса назар аудара отырып, құнары төмендеген топырақты биологиялық жолмен бастапқы қалпына келтірудің жаңа әдістерін іздестірудің өзекті екен­дігін көрсетіп отыр.

Экономикасы жақсы дамыған елдер қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында химиялық қоспаларды қолданудан бас тартып, табиғи биологиялық таза әдістерді толық пайдалануды ұсынып отыр. Биологиялық немесе органикалық егіншіліктің тағы да бір ерекшелігі – топыраққа табиғи органикалық заттарды ендіру және топырақтың құнарын арттыратын фитомелиоранттар егу арқылы топырақтың биологиялық белсенділігін арттыруға тікелей қатысты топырақ микроорганизмдерінің тыныс-тіршілігін қадағалап отыруға мүмкіндік тудырады.

Әдетте, өндірістік жағдайда күріштен жоғары өнім алу үшін топыраққа жыл сайын орта есеппен 250-350 кг/га азот және 150-200 кг/га фосфор минералды тыңайтқыштары беріледі. Бірақ оларды үздіксіз беру топырақтағы қарашірік мөлшерінің төмендеуіне әкеліп соғады. Қазіргі уақытта күріш алқаптарының топырақтарындағы қара­ші­ріктің мөлшері шамамен 0,5-0,7 па­йызды құрайды. Бұл ретте топырақ құнар­лылығын қалпына келтірудің хи­мия­лық әдістерге балама жолдарының бірі – микроорганизмдер негізінде жасал­ған биологиялық препараттарды қолдану.

Біздің орталықта топырақты биоло­гиялық азотпен қамтамасыз ететін атмосфералық ауадан азотты сіңіруші микроорганизмдер негізінде биопрепарат әзірленіп, өндіріске енгізілді. Табиғи жағдайда бұршақ дақылдары, атап айтқанда, түйежоңышқа бір веге­тациялық кезеңде топырақта өздігінен гектарына шамамен 60-70 кг ғана биологиялық азотты жинақтайды, ал оның тұқым­дарын биопрепаратпен өңдеген жағ­дайда 300-350 кг/га дейін артып, келесі егілетін басқа да дақылдардың азотқа деген қажеттілігін толығымен қа­нағаттандырып, өнімділігін 30-40 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Топыраққа фосфор минералды тыңайтқышын бергенде, оның 8-10 пайызын ғана өсімдіктер сіңіре алады, қалған 90-92 пайызы жыл сайын топырақта «қажетсіз» қор болып жинала береді. Табиғатта тек микроорганизмдер ғана фосфордың ерімейтін түрін еритін түріне, яғни өсімдіктерге қажетті формасына (Р2О5) айналдыру қабілетіне ие. Бұл үдерісті фосфатсіңіруші (фосфат­мобилиздеуші) микроорганизмдер ғана жүзеге асырады. Ал орталық ға­лым­дары шығарған биопрепаратты қол­данған жағдайда сол «қажетсіз» фос­фор­ тыңайтқыштарын өсімдікке сіңім­ді түріне айналдырып, минерал­ды тыңайтқыштар қолданбай-ақ, өсімдіктің жасыл массасының өнімділігі 20-30 пайызға артады. Осылайша, азот сіңіру­ші және фосфатмобилизациялау­шы микроорганизмдер негізінде жасал­ған биологиялық препараттарды қол­да­ну азот пен фосфор минералды тыңайт­қыштарын толығымен алмастырады. Нәтижесінде, дақылдардың өнімділігі төмендемей, керісінше артады.

Химиялық тыңайтқыштар мен пес­тицидтерді қолданбай, органикалық жолмен алынған өнімдер қоршаған орта мен адамдар үшін пайдалы және қауіпсіз. Органикалық егіншілікке көшудің бірінші және негізгі міндеттері – химиялық тыңайтқыштар мен өсімдік­тердің зиянкестермен күрес барысында қолданып жүрген химиялық препараттардан толығымен бас тарту.

Сонымен қатар түйежоңышқаны мал азығы ретінде тиімді пайдалану жөніндегі мәселе түбегейлі шешілмей, оның көлемін арттыру мүмкін емес. Алайда бұл дақылға тән, оның гүлдену кезеңінде қышқыл дәмді және жағымсыз иісті органикалық қосылыс – кумарин алкалоиды түзіліп, ауыл шаруашылығы түліктері оның көк балаусасын мал азығы ретінде жемей қояды. Сондықтан шаруа қожалықтары амалсыздан оны орып, тек пішен дайындауға мәжбүр. Бірақ кептіру барысында оның жапырақтары түсіп, тек сояу-сояу болып сабақтары ғана қалады. Оған қоса кепкен кезде құрамындағы коректік заттардың мөлшері азайып, дайындаған пішеннің де сапасы едәуір төмендейді. Сапалы мал азығын дайын­даудың жалғыз жолы – сүрлем.

Бұдан бөлек мал өнімділігін көтерудің маңызды шарттарының бірі – малды азықтандырудың қыстық түрін жаздық түріне мүмкіндігінше жақындату. Сон­дықтан түйежоңышқаның көк балаусасын орып алғаннан кейін ылғалдылығын шамамен 55-60 пайызға дейін дегдітіп, арнайы траншеяға салып, нығыздап, ауа кірмейтіндей етіп бетін пленкамен жауып тастау қажет. Шамамен 30-45 күн өткен соң пайдалануға әбден болады. Осылайша дайындалған пішендеменің құрамында алмасу энергиясы, про­теин, қант, каротин толығымен сақталып және сонымен бірге жоғары өнімді малдарды құнарлығы жоғары, сапалы мал азығымен қамтамасыз етеді.

Сүрлемді сүтқышқылды және про­пионқышқылды бактериялар негізінде жасалған отандық бактериялық биопрепаратпен дайындаған жағдайда, кума­риннің мөлшері күрт төмендеп, ауыл шаруашылығы малдарының ағзалары үшін пайдалы органикалық қышқылдар, оның ішінде сүт қышқылдары түзіліп, зиянды май қышқылдарының түзілуіне едәуір кедергі жасайды. Сапалы дайын­далған пішендеме тұздалған көкөніс­тердің иісіне ұқсас сәл қышқыл жағымды иісімен ерекшелінеді. Соны­мен қатар осы дақылды сүрлеуге түйежоңышқаның алғашқы жылында бірінші және екінші орымын, екінші жылында бірінші орымын пайдаланған дұрыс. Содан кейінгі күзгі орымды тұқымдық дәнге қалдыру керек.

Топырақтың құнарлылығын, тұқым­дық дәннің өсіп-өнуін, дақылдардың өнімдерін арттыру және жемшөп базасын нығайту бойынша толық технологиялық циклды жүзеге асыру мақсатында біздің орталықта жоғарыда аталған биопрепараттарды өндіріске кең ауқымды енгізу үшін өндірістік желі ұйымдастырылды. Бұл препараттарға барлық құқықтық құжаттар мен тауардың шығу тегі туралы сертификаттар алынған. Микро­организмдер штаммдары, биопрепараттарды жасау технологиялары, тауар белгілері патенттермен қорғалған.

Осылайша, біз ұсынған биологиялық технологияларды қолдану, келесідей негізгі міндеттерді шешуге көмектеседі. Біріншіден, топырақтың тұздылығын барынша төмендету, қарашіріктің мөлшері мен оның құнарлылығын арттыру арқылы екінші рет тұзданған суармалы егістік жерлерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Екіншіден, топырақты таза биологиялық азот және фосфор тыңайтқыштарымен қоректендіруге жол ашады. Үшіншіден, түйежоңышқаның көк балаусасын сүрлеу арқылы мал шаруашылығын құнарлығы жоғары әрі сапалы мал азығымен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Жалпы алғанда, ұсынылған іс-шаралардың барлығы биологиялық немесе органикалық егіншілік стандарттарына сәйкес келеді – топыраққа енгізілетін химиялық препараттарды өте аз мөлшерде қолдана отырып, топырақтағы микроорганизмдердің мүмкіндігін кеңінен қолдану.

Ұзақмерзімді ғылыми зерттеулердің нәтижесінде, біздің орталықта агро­өнеркәсіптік кешенді дамытуға қажетті көптеген жаңа және болашағы зор әзірлемелер дайындалды. Бұл ғылыми жетістіктердің тікелей өндіріске шығуы әбден мүмкін.

Журналистер, блогерлер, экологтер, қоғам белсенділері табиғатта эко­ло­гиялық жағдайлардың жыл сайын төмендеп жатқандығы туралы мәсе­ле­лерді көтеріп жүр. Бірақ олар осы мәселелердің шешу тетіктерін нақты айта алмайды. Ал біздің орталық әзірлеген биологиялық технологиялар мен биопрепараттарды қолдану, топырақтың екінші рет тұздану проблемасын шешу арқылы бұршақ тұқымдас дақылдардың көлемін егіс алқаптарында ұлғайтып қана қоймай, Қазақстанның бірқатар өңірінде құнарлы мал азығы өндірісін дамытуға жаңа серпін береді. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасына айтарлықтай үлесін қосады.

Ұсынылып отырған технология­лар біздің климаттық жағдайларға бейім­делген бірегей отандық биопрепарат­тар және өндіріске ірі көлемде енгізіл­ген. Қазіргі уақытта біз ұсынған техно­логияның баламасы жоқ.

 

Амангелді САДАНОВ,

Микробиология және

вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры