• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Ақпан, 2023

Қамкөңіл отбасы қолдау күтеді

214 рет
көрсетілді

Тағдырдың ауыртпалығына мойымай, алдағы күннен жақсылық күтіп жүрген жарымжан балалардың анасы Әсия Төрениязова Талғар қаласына 2010 жылы Қарақалпақстаннан қоныс аударған екен. Үш баламен көшіп келген отбасы бірден тұрғын үйдің кезегіне тұрады.

Содан бастап жеті жыл пәтер жалдап, кісі үйінде күнелткен отбасы мүшелері осы уақыт аралығында тағы екі сәбимен толығады. Алайда ерлі-зайыпты Фархад Тәжімұратов пен Әсия Төрениязованың бес баласының үшеуі «ДЦП», яғни, балалардағы церебралды паралич ауруына шалдығып, қиындықтың қамытын киеді. Біреу емес, үш баланың мұндай күйге түсуі ата-ананың еңсесін езіп, сары уайымға салады.

Бес баламен пәтер жағалаған отбасының әлеуметтік тұрмыс-жағдайы ескеріліп, 2017 жылы Талғар қаласынан 2 бөлмелі, жалпы алаңы 58,90 шаршы метр арендалық пәтер бұйырған. Оның ішінде тұрғын бөлме алаңы 33,54 шаршы метрді құрайды. Бастарына бас қалқа табылғанына қуанған Әсия мен Фархад бар күшін науқас балаларын емдетуге жұмылдырады. Алайда уақыт бір орнында тұрмайды. Жылдан-жылға балалар есейіп келеді. Тұла бойы тұңғышы Нұрия бойжетіп, колледж бітіріп, биыл 21 жасқа толса, ұлы Серік 11-сыныпта оқиды. Ал 2007 жылғы Қайрат, 2012 жылғы Әсет пен 2016 жылы дүниеге келген Венераның сал ауруына шалдығуы отбасы үшін ауыр қасіретке айналған. Туғаннан соңғы екі-үш жылда анықталған диагноздарының емін таппай жүрген ата-ана жанын шүберекке түйіп келеді. Айналдырған екі бөлменің бірі – жатын орын болса, екінші бөлмесі науқас балалардың жағалап жүруіне, қимыл-қозғалысын жаттықтыруға арналған темір-терсек құрылғыларға толып тұр. Осында жатады, ойнайды әрі жаттығады. Әрине, айтуға оңай. Шын мәнінде, ауру балалардың бірі жыласа, екіншісі тырыспасы ұстап ата-ана мен бауырларының есін екеу, түсін төртеу қылатын сәттер жиі қайталанады. Жүрекке инедей қадалатын мұндай жағдайға көндіккен отбасы мүшелері үшін баспананың тарлығы күннен-күнге тұрмысын қыса түсуде.

–  Үйді жолдасым Фархад Тәжімұратовтың аты­нан алғанбыз. Ол кісінің көзі нашар көреді, лин­­замен жүреді. Мүгедектікке комиссиядан өткен­де опе­рация жасату қажеттігін айтқан. Алай­­да біз ба­ла­ларды емге апарамыз. Егер опера­ция жа­салса, төменге қарауға, ауыр көтеруге бол­­майды екен. Сол жағынан қиындық туып тұр. Мү­гедек бала­лардың үлкені Қайраттың талмасы жиі ұстап қалады, оны көтеруге әкесінің ғана шамасы жетеді. Оған қоса балаларды ем-домға да әкесі тасы­малдайды, – деген бес баланың анасы Әсия Төрениязова сөзін одан әрі сабақтай түсті. – Сол жылы үйлі болғандардың көбі баспанасын жеке­шелендіріп алды. Ал бізге келгенде ондай мүмкіндік болмай тұр. Үйімізді жекешелендіру үшін былтыр комиссиядан өткенде ауданнан мынандай қорытынды алдық: балалардың ата-анасы бар, мүмкіндігі шектеулі болса да қараушысы бар есебінде болғандықтан отбасымызға үй тегін берілмейді екен. Үйдің иесі болып табылатын күйеуім мүгедектік алуы керек. Нашар көретін көзіне операция жасалса, балаларға қиын болайын деп тұр. Сонымен әрі-сәрі күй кешудеміз. «Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі тұрғын үйді жекешелендіру туралы №2376610662 шарт жасап, үйдің бағалау құнының 30 пайызын, ол 1 240 672 теңге, 2022 жылдың 29 желтоқсанына дейін төлеп, қалған құнын 10 жылға, 2032 жылға дейін, ай сайын 24 124,10 төлеуге кесте шығарып берді. Яғни толық жекешелендіру үшін 4 млн теңгеден артық ақша төлеуіміз керек. Содан өткен жылдың желтоқсан айында несие алып 30 пайызын, яғни 1 млн-нан артық ақшаны құйдық.

Аядай екі бөлмеде өмір сүріп жатқан жеті жан болса, олардың ішінде үш баласы мүгедек, күйеуі де көру қабілеті төмен, мүгедектік алудың алдында тұрғанын айтып, жанары жасаураған көпбалалы ананың бар арманы – балаларының денсаулығы түзеліп, керегесі кең үйде өмір сүру, науқас балаларға қолайлы жағдай жасау. 2017 жылы кіргеннен екі бөлмеге ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тіпті бірінің қабырғаларындағы құрылыс материалдары да ағармаған күйде қалғаны жанға батты. Науқас балалы отбасының бұл күйін көру кімге болса да оңай соқпасы анық. Ал бойжеткен қыз бен ержеткен ұлдың да жеке бөлмесі болу қажеттігін ойлаудың өзі артық.

Мұқтаждықтың мұңын арқалап, зарын илеп жүрген отбасына жанашыр, атымтай жомарт азаматтар табылып қолұшын берудің орайы келсе, қане?! Ең болмағанда дені сау балалардың жағдайы жасалып, қысылып-қымтырылмай сабағын оқуына, еңбек етуіне, сөйтіп, ата-анасының бір жағына шығуына жағдай жасалар ма еді? Осылайша, тағдырдың басқа салған ауыртпалығын арқалап жүрген отбасының бар арманы – баспанасын жекешелендіру. Сонда оны сатып немесе ауыстырып болса да кеңірек үйге қол жеткізер едік, дейді.

 

Ұлбосын ИСАБЕК,

журналист

 

Алматы облысы,

Талғар ауданы