• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Наурыз, 2023

Тарихи құжаттар – замана зердесі

412 рет
көрсетілді

Еліміз үшін тарихи маңызы бар құжаттарға қатысты сөз қозғағанда, алдымен Қазақ­стан Республикасы Ұлттық архиві қызметкер­лерінің атқарған жұмысына кеңінен тоқталған жөн. Бұл ретте олар «Архив-2025» жобасы аясында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Биыл Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің үйлестіруімен республикалық мемлекеттік архивтер, оның ішінде Ұлттық архивтің қызметкерлері алыс және жақын шетелдерге барып, еліміздің тарихына байланысты тың материалдар мен құнды құжаттарды жинақтап, оларды елімізге жеткізген. Мә­се­лен, Ұлттық архив мамандарының тобы Германиядағы Федеральды архивте, Пруссия мәдени мұрасының құпия мемлекеттік архи­вінде, Стази архивінде, Дрездендегі «Саксондық мемориалдар» қорының құжат­тама орталығында, Дрезден қалалық Орталық мемлекеттік архивінде өнімді жұмыс істеді.

Аталған жоба аясында кезінде Қазақстанда болған Аустрия-Мажарстан империясы зерттеушілері­нің этнографиялық есептері, Шығыстағы қазақ хандық­тарының сыртқы қатынастарын зерттеу ісі, XIX ға­сырдағы Қазақстан мен Орталық Азияға неміс зерт­теу сапарларының нәтижелері табылды. Стази архи­вінде (бұрынғы ГДР құпия полициясы) Байқоңыр ға­рыш айлағы мен 1986 жылғы Алматыдағы оқиға­лар­ға қатысты құжаттар анықталды. Сонымен бірге «Сак­сон мемориалдары» Дрезден қорының құжаттама орта­лығынан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, неміс тұт­­қынына түскен отандастарымыздың тізімі де табылды.

Ұлттық архивтің зерттеушілер тобы Санкт-Петер­бургтегі Ресей мемлекеттік тарихи архивінде де (РМТА) жұмыс істеді. Онда XVIII – XIX ғасырдың басындағы қазақ сұлтандарының императорлық әкім­­шілік өкілдерімен Қазақстан аумағындағы жағ­дай туралы жазысқан хаттары табылған. Мысалы, Айшуақ ханның 1811 жылы жазған хатында Қаратай сұлтанның ұлы Жантөреге қастандық жасап, оны өлтіргені туралы айтылады. Назар аударарлық істің бірі, көптеген жылдар бойы қазақ даласында өмір сүрген, қазақ тарихының білгірі, атақты шығыс­танушы Василий Григорьев қорымен жұмыс істеуге де ерекше көңіл бөлінді. Григорьевтің 1821 жылғы 2 ақпанда жазылған жазбаларында Ұлы даланың заңдық мәселесіне сәйкес, кісі өлтіру, ұрлық пен басқа да қылмыстарға қатысты құн төлеудің қазақ заң­дарынан үзінділер жинақтап, оны басып шыға­ру­дың қажеттілігі туралы жазылған. Яғни қазақ дала­сында құқықтық нормалардың дамыған жүйе­сінің жұмыс істегені туралы айтуға болады. Бұл қа­зақ көш­пелі қоғамы артта қалды деген жаңсақ пікір­лерді жоққа шығарады. Григорьевтің 1857 жылы жазған «Орданың орта бөлігінің басқарушысы Мұхамед Баймұхамедовтің Орынборға келуі туралы» баяндамасы да үлкен қызығушылық тудырады. Онда Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-эко­номикалық жағдайдың, қазақ ақсүйектерінің отаршыл әкімшілікпен қарым-қатынасының нақты сипаттамасы берілген.

Осы жоба аясында Ұлттық архив қызметкер­лері Түр­кияның Анкара және Ыстанбұл қалаларына сапарлаған. Атап айтар болсақ, Анкара қаласындағы Мемлекеттік архив төралқасының рес­публикалық архивінде, Түркия Сыртқы істер министрлігінің түрік дипломатиялық архивінде және Ұлттық қор­ғаныс министрлігінің әскери тарих архивінде болып, еліміздің тарихына қатысты 1000-ға жуық беттен құралған 90-нан астам құжат әкелінді. Ыстанбұл қаласындағы Осман архиві мен Ыстанбұл университетінің кітапханасын­дағы құнды құжат­тар да зерттеп-зерделеніп, 250-ден астам құжат елге оралды. Белгілі түркітанушы, Қазан Император­лық университетінің профессоры, фольклортанушы Н.Ф.Катановтың мұрасы ретінде сақтал­ған көне кітаптардан ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ жеріне қатысты құнды дүниелер де елімізге жеткізілді.

Татарстанда архивтерден мұсылман мәде­ниеті мен білімінің дамуына қатысты, қазақ­тардың басқа елдер халықтарымен мәдени, ғылы­ми және іскерлік байланыстары туралы бірқатар бірегей құжаттар табылған. «Алаш» қозғалысы­ның тарихы бойынша жаңа құжаттарды анық­тауға мүмкіндік жасалған. Әрі осы сапар аясында Татарстан Республикасы­ның Ұлттық архивіндегі №92 қор негізінде XIX ғасыр мен XX ғасыр­дың басындағы құжаттарды қамтитын «Қазан оқу округінің қамқоршысы» атты бұрын зерттелмеген құжаттар елімізге әкелінді. Бұл материал­дар Ішкі Бөкей ордасы аумағындағы және 1917 жылғы революцияға дейінгі Қазан оқу округіне кірген қазір­гі Қазақстан аумағының бір бөлігіндегі мектептік білім беру ұйымына қатысты белгісіз деректерді ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланованың айтуынша, XIX-XX ғасыр басында Қазақстанды зерттеген шығыстану­шы ғалымдардың (Радлов, Григорьев, Катанов) құжаттары табылған. Сонымен бірге елімізге профессор Николай Катановтың Сібір, Жоңғария, Шығыс Қазақстан бойынша 1890 жылғы саяхатының бұрын толық жарияланбаған күнде­лігі әкелінген. 1891 жылы Жетісу мен Тарбағатай­ға сапарлаған Николай Катановтың еліміз туралы жаз­ған күнделігі де анықталған. Бұл еңбекте зерттеуші этнографиялық және лингвистикалық материалдарды жинақтай отырып, қазақ халқының тұрмысы мен тілін сипаттайды.

«Біздің Ұлттық архивтің қызметкерлері «Ар­хив-2025» жобасы аясында бірқатар шетелге са­пар­­­­лап, өнімді жұмыс атқарды. Соның бірі ретінде Мажар­стан Ғылым академиясының архивінен табылған шы­ғыстанушы Арминий Вамберидің еңбектерін атап өтуге болады. Бұл атақты ғалым өмірінің көп жылын Қазақстан мен Орталық Азияны зерттеуге арнаған. Мажарстанда А.Вамбери жинаған қазақ құжаттары мен әдеби шығармалар жинағы зерттелмеген, цифрланбаған. Цифрланбаған экспонаттардың қатарында поэмалар, халық ертегілері, өлеңдер, сондай-ақ мүлдем ашылмаған және зерттелмеген қолжазбалар бар. Сондықтан А.Вамберидің мұрасы қазақ тарихы мен мәдениетін зерттеушілер үшін зор құндылыққа ие. Оны қазақстандық тарихшылар мен филологтардың мұқият зерделеуі қажет», дейді Сағила Нұрланова.

Ұлттық архив директорының сөзіне қарағанда, Қазақстан тарихын зерттеуде Будапешт қалалық архивінен табылған 1960-1980 жылдардағы «Теңіз» мұнай кен орнын игеруге мажар инженерлері мен жұмысшыларының қатысуы туралы құжаттардың маңызы зор. Мәселен, №355 «Теңіз» қорында Қазақ­стан­да мажар мамандары жобалап салған азаматтық және әкімшілік нысандар туралы мәлі­меттер, сондай-ақ мажар сәулетшілері мен инже­нерлері, елімізде жұмыс істеген басқа да мамандар туралы деректер сақталған. Осы қорда мұнай саласында жұмыс істеген Қазақстан мамандары туралы, соның ішінде еліміздің мұнай-газ саласын техникалық жарақтандыру туралы мәліметтер бар. Қазақстанда алғаш рет мажар құрылысшылары қолданған құрылыс технологиялары туралы ақпарат та маңызды.

Сондай-ақ Ұлттық архив қызметкерлері Чехияға жасаған сапары барысында Қазақстан тарихы бойын­ша көптеген құнды құжаттарды анықтады. Бұрын отандық тарихшыларға жабық болған Чехияның әскери-тарихи архивінің (ӘТА) OČSNR жабық қорына (Ресейдегі Чехословакия Ұлттық Кеңесінің бөлімшесі) рұқсат берілді. Бұл қордан Қазақстан аумағында шетелдік әскери бөлімшелердің құрылуы туралы деректер анықталды. Румыния Ұлттық коми­тетінің Петропавлдағы жұмысы, Румыния еріктілер корпусының қызметі туралы мәліметтер де кездесті. Аталған материалдар ХХ ғасыр бойынша Қазақстан тарихымен айналысатын тарихшылар үшін таптырмас деректер болатыны күмәнсіз.

«Чехияда біздің архившілер 1980 жылы Алматыда және басқа да қазақстандық қалаларда болған чех фотографының екі жүзге жуық белгісіз туындыларын тапты. Табылған бұл фотосуреттер құнды дереккөз ретінде тарихты объективті түрде түсіну үшін жазбаша құжаттардан еш кем емес. Чехиядағы жұмыстың нәтижесінде біздің мамандар бұрын зерттелмеген тарихи карталармен отандық тарихтың қайнар көздерін байытты», дейді Сағила Нұрланова.

Ұлттық архив қызметкерлері батыс еуропалық картографтар жасаған XVIII-XIX ғасырлардағы тарихи карталарды да елге сәтті жеткізіпті. Сол құжаттарға сәйкес, әртүрлі кезеңдердегі қазақ жерлерінің Ресей империясының құрамына ену уақыты да көрсетілген. Мұнан өзге, сәтті табылған құжаттар қатарына 1856 жылғы Мейердің географиялық атласы да кіреді. Онда әлемдік маңызы бар елдер мен қалалардың карталары мен жоспарлары бар. Бұл басылымда XIX ғасырдың ортасындағы қазақ жерлері, қалалар, шекаралар мен әкімшілік бөліністер егжей-тегжей көрсетілген. Мысалы, «Тартария картасы» Жоңғар экспансиясы кезіндегі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында болған өзгерістерді айқын көрсетеді. Ал 1799 жылы Лондонда жарияланған Ресей империясының картасында қазақ даласының қалалары мен басқа да ескерткіш орындарының қирандылары бедерленген.

Сонымен қатар еліміздің Ұлттық архив қыз­мет­керлері бірқатар құжатты елге жеткізді. Соның айқын дәлелі ретінде, өткен жылы Ресейдің бірқатар қала­сына жасалған іссапарлар кезінде Алаш қайрат­керлеріне, Исатайға, Кенесарыға, басқа да тұлғала­рымызға қатысты тың деректер табылып, олар елі­мізге әкелінген. Сағила Нұрланованың сөзіне қара­ғанда, бұл тұрғыда татар саясаткері Гаяз Исхақидің қоры өте құнды болып тұр. Ғалым, саяси қайраткер Г.Исхақи Ақпан, Қазан төңкерістері қарсаңында қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді түрде қатысқан. Әрі ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сын­ды Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста бол­ған. Исхақи қорының құжаттарында мұсылман съез­дерінің қарарлары мен қаулыларының хаттамалары бар. Ал Татарстанның Ұлттық архивінен Алаш қай­раткері Әбубәкір Алдияровтың бұрын белгісіз бол­ған құжаттары табылды. Сондай-ақ,  Ұлттық архив қыз­меткерлері 1920-1930 жылдардағы саяси үдерістерді қам­титын құжаттарды анықтаған. Жалпы айтқанда, ал­дағы уақытта бабаларымызға қатысты тарихи құ­жат­тарды терең зерделеу ісі одан әрі жалғаса бермек.

 

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,

журналист