Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткізетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Президент Қазақстан халқына Жолдауы барысында кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалына да ерекше тоқталып өтті.
«Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл ретте Мемлекет басшысы салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын әділ механизм енгізу қажет екенін қоса айтты.
«Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін», деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін де назарға алып, бұл азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырғанын айтты.
«Бүгінде нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет», деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз барысында Президент Қазақстан азаматтарының қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін еске салды.
«Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.