• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Тамыз, 2024

Байланыс нығая түседі

69 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынас туралы келісімге екі мемлекет басшылары 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойып, оны осы жылы Қазақстан тарапы ратификациялаған болатын. Бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің бірден-бір айқын көрсеткіші.

Одақтастық Қазақстан мен Өзбекстанның экономика, сауда, өнеркәсіп, білім, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы серіктестігін одан әрі нығайтады. Былтыр екі ел арасындағы та­уар айналымы 4,5 млрд долларды құрады. Жақын аралықта тараптар бұл көрсеткішті 10 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда құны 178 млн доллар болатын 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бауырлас халықтардың жақын­дасуына, туризмнің дамуына өзара Қазақстан мен Өзбекстан аумағында уақытша тіркеусіз болу мерзімінің күнтізбелік 5 күннен 30 күнге дейін ұзартылғандығы өз септігін тигізеді.

Қазақстан мен Өзбекстан эко­номикаларының тұрақ­тылығы көлік-логистика сала­сының дамуы­мен тікелей байланысты. Бүгінде Қазақстан үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетінің өсуі, яғни жүк тасымалының көлемі­нің артуы аса маңызды. Осы орайда 2 тамыз күні Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Қазақстан-Өзбекстан Сарапшылар кеңесінің бірінші отырысы өткен болатын. Іс-шара барысында екі елдің көлік саласындағы мүдделері салыстырылып, талқыға түсті. Ашық диалог барысында жаңа ұсыныстар қарастырылып, ортақ келісімдерді қалыптастыруға септігін тигізді. Бұл Өзбекстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары мен 9 тамызда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне нақты алдын ала ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.

Бүгінде Орталық Азия әлемнің «ең жас» аймақтарының бірі болып есептелінеді. Халықтың орташа жасы небәрі 28,7 жас. Салыстырмалы түрде алсақ, Еуропада бұл көрсеткіш 44,4 жас­ты құрайды. Осындай орасан зор демографиялық әлеуетті ескерсек, Орталық Азия дамуының ең маңызды факторы – адам капиталы.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ Орталық Азияның өңірлік интеграциялануына бағытталған жобалардың маңызы зор. Осы ретте, аймақ жастарына ақпараттық технологиялар, су, қоршаған орта, мәдениет, өнер бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкін­дік беру қажет. Сондай-ақ ірі жобалармен қатар, қарапайым кәсіпкерлердің онлайн сауда алаңдарында өз тауарларын көрші елдерге сатуға мүмкіндік алуы да аймақтың заман талабына сай дамуына серпін бермек.

 

Бауыржан ӘУКЕН,

Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы