• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Тамыз, 2024

Отандық такси қызметі неге тоқырап тұр?

108 рет
көрсетілді

Еліміздегі такси нарығының тарифі жыл өткен сайын қымбаттап барады. Бұған себеп болатын басы ашық екі фактор бар болса, соның бірі де бірегейі – негізінен шетелдік ірі платформалардың қызмет көрсететіні. Такси қызметі халыққа қолжетімді болуы үшін отандық такси қызметін іске қосудың маңызы зор. Мұндай маңызды стартап жақын арада жүзеге аса ма?

Такси тарифтері 9,1 пайызға өскен

«Energyprom.kz» мәлі­ме­тін­ше, такси қызметін ұсынатын компаниялардың табысы бір жылда (2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында) 17 пайызға өсіпті. Осы кезеңде такси қызметін пайдаланатын адам саны азайған. Былтырғы қаңтар-қарашада такси секторындағы негізгі капиталға салынған инвестиция бір жыл бұрынғымен салыстырғанда өсіп, құндық мәндегі инвестицияның жылдық өсімі 51,8 пайыз болған. Инвестицияның ең көп көлемі Алматы қаласына түскен.

2022 жылдың желтоқсанында такси тарифтері өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 9,1 пайызға өскен. Өңірлер бо­йын­ша ең көп өсім Алматы қа­ла­сында, ең аз жылдық өсім Маң­ғыстау облысында тіркелген. Тағы үш облыста — Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақ­станда баға бір жыл бұрын­ғы деңгейде қалып отыр. Сондай-ақ такси қызметінің құны 0,61 дол­лар­ды құрап, ТМД елдері ара­сын­дағы ең жоғары көрсет­­кіш­ті тіркеді.

 

Арман ақиқатқа айналмай тұр

Еліміздегі такси нарығының ең үлкен көлемін алып отырған ірі такси платформасы – ресейлік «Яндекс» компаниясы. Одан бөлек, «inDrive», «Enrive», «Aparu», «Region» сияқты шағын так­си сервистері бар. Өз такси агрегаторымызды жасайық деп айтылғалы біраз болды. Алай­да бұл білек сыбанып кірісіп кете­тін­дей оңай шаруа емес. «NEO AI» негізін қалаушы, ІТ маманы Айдын Маутханның айтуынша, жобаны жүзеге асырудың өзіндік қиындығы жетерлік.

«Өйткені ІТ саласында қате­лікке жол беруге болмайды. Әсі­­ресе такси қызметі секілді са­ға­тына мыңдаған сұранысты қам­тамасыз ете алатын және тұ­ты­нушының жеке дерегінің қауіпсіздігін сақтай алатын өнімді құрастыру оңай емес. Мұндай жобаны жасау миллиондаған қаржыны талап етеді. Бізге ресурсы өте ауқымды, технологиясы дамыған, «Яндекспен» бәсекелесе алатын жоба керек. Өкінішке қарай, қазір бұл мүмкін емес. Елі­міздегі таксопарктерге «Яндекспен» жұмыс істеген ың­ғайлы. Сондықтан серіктесті өзгертуді қажет деп санамайды. Тіпті қытайлық гигант «Didi» компаниясының өзі де біздің нарықта онымен бәсекелесе алмады. Кез келген такси қызметі жетістікке жету үшін алдымен тұтынушының сеніміне ие болуы керек. Біздің халық «Яндекс» ұсынып отырған ыңғайлы, жайлы, тұрақты сервиске үйреніп қалды. Халықты жаңа сервис­ке көшуге көндіру үшін шын мәнінде таңғалдыра алатындай жоба жасалуға тиіс. Отандық такси платформасын жасағысы келетін азаматтар үшін қаржыдан бөлек, лицензия мен рұқсат қағаздарын алудың қиындығы өз алдына бөлек әңгіме. Осының барлығын ескерсек, жақын арада «Яндекспен» бәсекелесе алатын Қазақстанның өз такси қызметі іске қосылады деп айту қиын», дейді Айдын Маутхан.

 

«Қайырымды жан» неге сәтсіздікке ұшырады?

Бұл салада бағын сынап көргісі келген отандық такси платформалары жоқ емес. Бірақ бәрі де басын жақсы бастағанымен, орта жолда тоқтап, әрі  қарай жұмысты үй­лес­тіре алмаған. Солардың бірі – «Қайырымды жан» онлайн такси сервисі. Алты аймақты қам­туды қолға алған отандық такси сервисі жұмысының нелік­тен сәт­сіздікке ұшырағанын жоба же­­тек­шілерінің бірі Әсет Болатбеков­тен сұрап көрдік.

«Жұмысымыз өте жақсы бас­талды. Өзге такси сервистерінен ерекшелігіміз – біздің қолданба­мыз­да тек балалар мен әйел аза­маттарына жекелей қызмет көр­сететін бөлімді таңдау мүм­кін­дігі болды. Сондай-ақ таксиде келеңсіз жағдай орнаса, жолаушы мобильді қосымша ішіндегі «техникалық қолдау» батырма­сын басып, бірден телефон шала алады. Бәсекелестерімізге қара­ған­да жүру құнын арзан және тұрақты қылдық. Жүргізушілерге зейнетақы, әлеуметтік төлемдер және салықтық төлемдерді ауда­рып отыру мүмкіндігі қарас­ты­рыл­ды», дейді.

Айтуынша, такси қыз­метін пайдаланған әр адамға қайы­рым­дылық жасау мүмкіндігі де ұсынылған. Мысалы, әр жүр­гізу­ші­ден ұсталатын 13 пайыз комис­сияның 7 пайызы «Қа­йы­рым­ды жан» қайы­рым­дылық қо­рына аударылып, болашақта мұқ­­таж адам­дар­ға көмекке жұм­­салады деп жоспарланған. Қал­­ған 6 па­йыз­­дың 3 пайызы жүргізушінің әлеу­меттік төлем­де­ріне, 3 пайызы ком­пания қа­же­тіне деп есептелген.

«Қызметімізді Астана, Ал­маты, Шымкент, Тараз, Орал, Ақ­төбе қаласының тұрғын­да­ры­на ұсындық. Тұтынушылар «Қайырымды жан» мобильді қо­сымшасын пайдаланды. Ал жүргізушілер «Қайырымды такси» платформасына тіркелді. Осындай жоспармен бір жылдан астам уақыт халыққа қыз­мет көрсеттік. Басында демеу­ші­леріміз жақсы инвестиция салды. Әр қаладан 1 000-2 000-ға дейін жүргізуші тіркелді. Бірақ олардың тек 10 пайызы ғана жұмыс істеді. Тұтынушыларымыздың саны 50 мыңға дейін жетті. Алайда Астана, Алматы, Шымкент секілді үлкен қалаларда жұмысты жүргізу қиындық тудырды. Тек Таразда ғана жыл бойына тоқтаусыз қызмет көрсеттік. Үлкен қалаларда автобус жола­ғына рұқсат ала алмадық. Оның үстіне жарнамамыз да жеткіліксіз болды. Отандық телеарналардан қызметімізді жарнамалауды өтіндік. Бірақ олардың сұрайтын ақысы өте қымбат. Оны біздің қалтамыз көтермеді», дейді.

Осыдан соң инвесторлар да біртіндеп қаржы құюды тоқтатып, жобаға ақша салу былай тұрсын, операторлардың жа­лақысын төлеу де мұңға ай­нал­ған. Дегенмен жоба негізін қалаушылардың бұдан сағы сынған жоқ. Қазір жобаны дамытып, оған жеткізу қызметін қосуды ойластырып отыр.

«Отандық такси қызметіне қолдау көрсеткісі келетін кәсіпкер азаматтар қаржы құйса және мемлекет тарапынан автобус жо­ла­ғына рұқсат алуға, жарнама жасауға қолдау болса жұмысты жандандыруға әбден болады. Жұ­мысымызды жалғастыру үшін демеуші іздеп жатырмыз», деді Ә.Болатбеков.

 

Қанатқақты жобаның пайдасы

Мемлекеттік кірістер комите­тінің хабарлауынша, 2023 жыл­дың қыркүйегінде елдегі такси қызметін платформалық жұ­мыспен қамту бойынша қанат­қақты жоба іске қосылған. Бірін­ші кезеңде «Яндекс Такси Корп» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы келісім жасалып, жобаға 13,3 мың такси жүргізушісі қатысқан.

Жобаға қатысудың жүргізу­шілер үшін тиімді тұсы көп. Біріншіден, салық мөлшерлемесі төмендейді. Екіншіден, салық декларацияларын толтыру қажет­ті­лігі болмайды, яғни мобиль­ді қосымша кірістер бойынша есепке алуды автоматты түрде қалыптастырады. Үшіншіден, жүргізушілер таксопарк комис­сиясын төлеуден 4 пайыз мөл­ше­рінде босатылады. Жоба аясында жүргізушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі және арнайы мобильді қосымшаны қолданады. «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы чекті қа­лып­тастыруды және оларды «Яндекс» платформасымен беруді қамтамасыз етеді. Сон­дай-ақ кірістерді есепке алу, мін­дет­темелерді автоматты түрде есептеу жүргізіледі, осыған байланысты декларация өткізу­дің қажеті болмайды. Жеке табыс салығы мөлшерлемесі – та­быстың 1 пайызын, әлеуметтік төлемдердің мөлшері 17,4 мың теңгені құрайды.

IT маман, блогер Аршат Ораздың айтуынша, отандық такси қызметін жасауға болады.

«Негізі отандық такси жобасы туралы ойластырып көрдім. Жасауға болатын нәрсе. Бірақ сервер ұстау, төлем модулі, қауіп­сіздік, салық мәселелері сияқты нәрселерге біраз ресурс керек екен. Ал мұндай фундамент банк­терде бар. Сондықтан алдағы уақытта банк тарапынан осындай қызмет ашылса, таңғалмаймын», дейді.

 

Баян СҮЙЕУОВА, журналист