• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Тамыз, 2024

Ғабеңді ортаға алып...

123 рет
көрсетілді

Кешегі кеңес өкіметі кезінде де ел жағдайына елеңдейтін, халық үшін бәрін де берем дейтін, еңбегін ақ жүріп, адал атқарған, сөйтіп, мықты басшы деген атты алған азаматтар аз бол­ған жоқ. Солардың бірі – Жамбыл облысындағы шалғайда жат­­қан Мойынқұм ауданына ширек ғасырға жуық жемісті жетекшілік еткен соғыс ардагері Айтбай Назарбеков.

Ақыл, парасаты мол Айтекең ұлты­мыз­дың көптеген ақын-жа­зушысын, өнер адамдарын жиі-жиі ауданға шақырып, қонақ еткен. Кейбіреуімен, тіпті дос­тас, сырлас та болғаны белгілі. Қазақ әдебиетінің клас­сигі, сөз зергері Ға­бең, Ғабит Мү­сіреповпен де әр­дайым әңгімесі жарасып, жақ­сы сыйласқан. Дара суреткер Мойын­құм же­рінде үш-төрт рет аса қадірлі мей­ман болып, аң атқан, балық аулаған, тіпті бірге келген се­ріктерімен таңды-таңға ұрып, та­лай рет карта-преферанс ой­наған.

Ал енді осындай өзара қарым-қатынастан кейін Ғабең­нің Мойынқұмға қалайша бүйрегі бұрмайды. Сондықтан ол кісінің мына суреттегідей құмды өлке азаматтарының арасынан табылуының да өзінше бір мәні бар.

...1973 жылы 22 қарашада қазіргі Тараз, бұрынғы Жам­был қаласында облыс интел­лиген­циясының І съезі өткізіліп, бұл алқалы басқосуға Ғабең де қатысқан. Иә, шырайлы, шынайы шығармаларымен қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған жазушы Жамбыл облысы зиялы қауымының жиы­нына Мойынқұм ауданынан сай­­ланған делегаттардың қақ ор­тасында отыр. Баяғы өзіне ғана тән, өзіне ғана жарасатын маңғаз, тәкаппарлау кейіпте...

Сол жағында Айтекең, Айтбай Назарбеков, оң жағында Мойынқұм аупарткомының екін­ші хатшысы Билібай Қашағанов (қалың қазаққа танымал мемлекет және қоғам қайраткері Екей­бай Қашағановтың інісі) пен білікті педагог, мектеп директоры, сондай-ақ мықты аңшы, балықшы болған майдангер Әлихан Есжанов.

Қалғандарының атын атап, түсін түстеуге газет беті көтер­мейді ғой...

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы