• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 12 Қыркүйек, 2024

Болмысы кемел зиялы

128 рет
көрсетілді

Амангелді Әбдірахманұлы көзі тірі болғанда биыл сексен бес жасқа толар еді... Қазақ пен орыстың арасын шекараның қызыл сызығы бөлгенде ауылы­ арғы бетте қалды. Ата қо­ныс­­­тан бозбала шағында елге өт­кен қаршадай бала саналы ғұмырын қазақты ел етем деумен сабақтап, ақсақалдықтан асып, елдің абызына айнала алды.

Ұлтаралық қатынас мәселесі – А.Айталының студент кезінен бергі ғылыми ізденістер тақырыбы. Алғашқы іргелі нәтиже 1968 жылы келді: интернационалдық тәрбие тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғалды. Одаққа белгілі ғалым М.Сужиковтің жетекшілігі­мен жүргізілген ғылыми еңбек қоғам­тану­шылар тарапынан жоғары баға­ға ие болды. Ғылыми кеңестің ұсы­ны­сымен толықтырылып, дамытылып «Социализм және бұқараны ин­тернационалдық тәрбиелеу» атты монографияға ұласты. Ұстаздық, ағар­тушылық қызметімен бірге өрбі­ген ғылыми зерттеулері 1988 жылы Мәскеуде докторлық диссертация қорғауға әкелді. Айтуға жеңіл болға­ны­мен, бұл жетістік Әбекеңе оңай кел­ген жоқ. Ғылыми проблеманың күр­делілігіне тоталитарлық жүйеге қыз­мет еткен моноидеологияның қасаң қағидаларын қатаң сақтау талабы қо­сылды. Желтоқсан көтерілісіне қатысты тұтас ұлтқа таңылған «қазақ ұлтшылдығы» жаласының салқыны да тимей қалған жоқ. Алайда әу бастан таңдаған мақсаткер ағартушылыққа негізделген қарекетті бәсеңдетпей, әрі қарай ұлғайтып, тереңдетуге жігер, күш-қайратын жұмсады.

Амангелді Айталының ғылыми із­де­нісі мен қайраткерлік қарымын елге ай­рықша танытқан кезең – Парламент Мә­жі­лісінің депутаты қызметін атқарған жыл­дары. Ол депутат жүгін Мәжілістің екі ша­қырылымында, 1999-2007 жылдары ара­лығында арқалады. Қоғамдағы қор­да­ланған өзекті мәселелерді құқық­тық тұ­р­­ғыдан реттеуге аянбай атсалыс­ты. Бұл жөнінде сол кез­дегі Парла­мент­тегі әріптесі, Халық жазушысы Фариза Оңғар­сынова былайша куәлік етеді: «Аман­гелдінің үлкен тұлғаға айналғанына осы Пар­­ламентте көзім жетіп, қуандым. Ұлт­тық, халықтық тұлға деңгейіне көте­ріл­ген азамат палатаның бір шешімге келе ал­май тығырыққа таянған сәттерінде ше­шімді, парасатты пікірлерімен талай алып шыққанын Мәжіліс депутаттары жақ­­сы біледі. Қазақ тілінің мәртебесін көте­­ру, шет­елдерге бала сатуды тоқтату, министр ауысқан сайын өзгеріп жататын білім, ғылым саласындағы реформалар, шет­елдердегі қандастарымыздың тағдыр-тау­қыметі – міне, осы мәселелердің бәріне бас­та­машы болған Амангелді Айталы болатын».

Шерхан Мұртаза айтса айтқандай: «Парламентте өткен бес жыл ішінде Айталы республика мүддесі үшін, ұлт мәртебесі үшін аянбай күрескен азамат. Басқа көптеген еңбегін былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінің беделі үшін жанталасқан айтыстары оның абырой-атағын биікке көтерді».

Сол кездегі Парламент азулы еді. Халықтың шерін ішке бүкпейтін Шер­хан Мұртаза, айтаққа ермейтін, өзіндік айтары бар Амангелді Айталы сол ша­қырылымның алдыңғы шебінде болды. Билікке жақпаған тау тұлғалар кешікпей шеттетіліп, нағыз демократияның ала­уын жаққан сол жолғы депутаттық кор­пус кезекті текетірестен соң таратылды. Бірақ сол шақырылымдағы депутаттардың біразы қазаққа жанашыр, мемлекетшіл тұлға ретінде шын халықтың қалау­лысы болып тарихта қалды. Одан кейінгі депутаттық корпус қиғаш кетіп бара жатқан саяси ойынның тізгінін тарта алмады. Тәуелсіздіктің отыз жылдық саяси сахнасында бас шұлғумен, жыл сайынғы жолдауды жарнамалаушы деңгейден аспады. Ілуде біреуі болмаса А.Айталы, Ш.Мұртазаның ширегіне келмейтін қос палатаға қарап қарны ашқан елдің әлеуметтік сала депутаттарынан үміті сейілгені қашан.

Қайраткер ағамыз депутаттықтан соң әр кеңсені бір сығалап, жылы кабинет ізде­­ген де жоқ, мандатын тапсырған соң маң басып Ақтөбесіне қайтып оралды. Ға­лым болып қалыптасқан жылы ұясы – Қ.Жұбанов университетіне келіп, ұлы іс – ұстаздығын жалғастырды.

Қазақтың ұлттық руханиятын ояту жолында тіл, дін, саясат, әдебиет пен мәдениет тақырыбында оқшау ойлы, терең танымды еңбектер жазды. Ғылыми ізденістерінің нәтижелері «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы», «Байсалды ел бай­қау­сыз қате жібермес», «Қазақты намыс қам­шыласын», «Дін және діндарлық» атты кітаптарда жарияланды. Қоғам­танудың сан-салалы мәселелеріне арнал­ған жүзден астам ғылыми-публи­цис­ти­­калық мақала жазып, олар респуб­ли­калық баспасөзде жиі жарияланды. Дү­ниеден өтер өткенінше қаламы қолы­нан түспеді. Көп оқитын. «Кітапты көп оқыған адам алжымайды екен», деп күліп отыратын. Ұлтты тану тұрғысынан, ұлт­тану теориясы бойынша қазақ тілінде жазылған тұңғыш еңбек – «Ұлттану» кітабының соңғы нүктесін қойып үлгерді.

Екі мыңға жуық құнды кітабы бар жеке кітапханасын табыстаған Қ.Жұ­банов университетінде Амангелді Айталының ғылыми кітапханасы бар. Оның ішінде сирек кітаптар қорына енгізілген 1891-1896 жылдар аралығын­да «Санкт-Петербург» баспасынан шыққан 82 томдық «Новый энциклопедический словарь» кітабының құндылығын атап өтсек те жетілікті. Ол жерде ғалымның жиған кітаптары ғана емес, құнды қолжазбалары, көп адам арнайы жазылып ала бермейтін шетелдік ғылыми журналдары да сақталса, кейінгі ғалымдар мен студенттерге таптырмас дүниелер болары хақ.

Бүгінде адамзат баласына рухани­ азық жетіспейді. Жетіспейді емес, жұмыр басты пенде рухани азықты қа­жет­сінбейтін болды. Ал рухани кемел­дікке ұмтылғандар әсте азайып бара жатқандай. Осыдан ғасыр бұрын қазақ­тың ішінен қармана іздеген Абайдың «Толық адамы» да төбесін көрсетпейтін заманға тап болғандаймыз.

Қашаннан қазақтың бүгінгі мен бола­шағына алаңдап, сол алаң көңіл ойларын суық ақылға салып, жан-жақты білімнің қайнауына суарып барып қағаз бетіне түсіретін ғалым, қоғам қайрат­кері Амангелді Әбдірахманұлы Айталы ағамыздың соңғы жылдарда жазған бас­пасөздегі ғылыми, ғылыми-публицис­тикалық мақалаларын, сұхбат­тарын жинап, ғалымның сексен жылдық мерей­тойына орай «Рухани кемелдік» деген атпен ұсынып, алғысөз жазғаныма, яғни ағамыздың кезекті бір кесек туын­дысы­ның шығуына зәредей болса­ да атса­лыс­қаныма бүгін шүкіршілік айтамын.

Ұлт мәселесі, ұлттық құндылықтар деген тақырыпқа барған зерттеушілерге әлі күнге «ұлтшыл» деп тосырқай қарау­шылық – бойымыздан кете қоймаған кеңіс­тік көзқарастың мысы басым. Көр­шіге жалтақтау, басқа ұлтқа имене жол беру санада әлі де сақталып отыр. Қазақ­станды тіпті ұлттан тыс мемлекет моде­ліне бағыттап, ұлттық проблемаларды көрсе де көргісі келмей, жауырды жаба тоқыған пікірлер әлі де айтылып жүр.

Әрине, Қазақстан қазақтардың мемлекеті ме, әлде қазақстандықтардың мем­лекеті ме деген мәселенің төңірегінде пікір­талас болуы орынды. Бірақ бір мәселенің басы ашық. Әр елде де мемлекет құраушы, елдің тілін, мәдениетін құраушы ұлттың орны бөлек. Осы­ған байланысты «Барлығына таяныш болған қазаққа сүйеніш те керек», деп ұлтқа ерекше жанашыр автор қазақ мәселесін әр қырынан саралап, бүгінгі өткір мәселе­лерді көрсетеді. «Қазақ болу: рухани арпа­лыс» деп аталатын мақала атының өзі бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін байқатады. Рухани кемелдік деп Аман­гелді Айталы бүгінгі ұлттың, әсіресе қазақ сияқты отарланған ұлттың, жетілу, жаһан­дану заманында ұлтсыздықтан, ниги­лизмнен тазарып, толық қазақы мәде­ниетке, имандылыққа жақындауын сөз етеді. Қазақ әлемдік өркениетті өз төл­тума мәдениетімен байытады, оны үйре­неді.

«Ұлттану» кітабын парақтағанда көп саясаттанушы-ғалымдар байқастап баратын ұлт проблемаларына, оның ішінде ұлт және мемлекет, ұлттық идео­логия, ұлттық рух, дін, ұлттық патрио­тизм, жаһандану және ұлт мәселесі, қазақстандық ұлт, Ресей қазақтары, Желтоқсан көтерілісі, Қордай оқиғасы, Қаңтар қасіреті сияқты өткірдің жүзін­дей қылпып тұрған тақырыптарға батыл барып, қоясын ақтара зерттеп Ұлт жоқшысына айналды. Біле-білгенге бұл еңбек – тізгін ұстап отырған әр басшының алдында жататын кітап.

Ғалымның сонау 2015 жылдары айт­қан сөздері әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Тәуелсіздік туғанда жақсы-ақ бас­талып, кейіннен сұйыла бастаған пар­тия­лар­дың ісінен тиянақ таппаған А.Айталы аға­мыздың пікіріне құлақ түрейік: «Бүгінгі әкімшілік партия­дан тыс, саяси жағынан кескіні анықтал­маған, күнделікті тір­шіліктің ауырт­палығынан титығына жетіп шаршаған халықпен істес болып отыр. Бұл да саяси өмірдің дабылын қаға­тын, ойландыратын белгі (индикатор). Саяси селқостық, ықыластың жоқтығы, жеке бастың қамымен, мұңымен шектелу қоғамда көзге көрінбейтін жасырын әлеу­мет­тік күш-қуаттың, энергияның шоғыр­лануына әкеледі. Ерте болсын, кеш болсын ол сыртқа теуіп шығады. Бірақ қоғам өміріне, оның тұрақты дамуы­на әсер етуі эволюциялық жолға емес, революциялық секіріске, жанжалдарға сүйенуі мүмкін», деген еді ғалым. Бүгінгінің Мөңке биіне Әбілқайырдай құлақ асар ел билеушілері табылмады. Табылғанда Айталы сөзінің астарын ұғып, қазақты «қаңтардан» аман алып қалар ма еді, кім білген?

Сана тәуелсіздігіне салқынын түсі­ріп тұрған мәселелерді ашық айтып: «Еуразиялық одақ, еуразиялық кеңістік деген жалаң ұранмен төлтума ұлттық мәдениет үлгілерін орыс мәдениетіне қарай ыңғайлау әлі де орыстандыру идеяларының жалғасып келе жат­қан­дығын анықтайды», деп баға береді. Әри­не, ұлттану, ұлшылдық, ұлт­жандылық, тіл, дін, Алаш тақырыбын айт­қандар өкіметке қарсы, халықты дүрліктіруші, ұлтараздықты туғызушы деп бағаланады әуелден, қазір де сол. Ал, шын мәнінде, бұл ушығып тұрған мәселелерді жабулы күйінде қалдыруға болмайтынын ес­кертеді ғалым. Осылардың әрқайсы­сының диагнозын қойып, емдеу жолдарын нұсқайды. «Қазақ ұлтының бүгінгі тынысы күрделі. Ұлтқа төніп тұрған қауіп – ұлтсыздық. Бұл асқынып кеткен дерт, оның микробтары ұлттық организмді кеңінен жайлаған. Алдын алса ұлтсыздықтан, орысшылдықтан бара-бара айығуымыз да мүмкін, ал бұл мәселедегі немқұрайдылық, самарқаулық ұлттың түгелдей ассимиля­цияға ұшырауына әкеледі. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ ұлты – тарихи жол торабында тұрған ұлт» – деген сөзі, керек десеңіз дабыл қағуы – қаншалықты үрейлі болғанымен, соншалықты шындық. Мұндай сананы тітірентер тұжырымдарды салмақты басылымдарда А.Айталы ғана айта алды. Ағамыз тәуелсіздік туралы толғағанда М.Твеннің «Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген ел саяси лотореяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек», деген сөзін жиі келтіріп отырушы еді...

Біз Абайдың толық адамын, кемел адамын көктен іздейміз. Немесе сол ақынның заманына дүрбі саламыз. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста­ған қаншама кемел адам арамызда жүрді, бүгінде де жүр. Бірақ соны байқа­май­мыз. Меніңше, Абай аңсаған толық адам­ның бірі қазақты қайтсе ел етем деген Асан қайғылар мен Мөңке билердің жал­ғасы осы – Амангелді Айталы ағамыз.

Ешкімге жалтақтамайтын, жағым­паз­дана сөйлемейтін адами болмысы биік, кейінге қалдырған мұрасы құнды, ұстаздық келбеті кемел Амангелді Ай­талы болмысы – Абай бабамыз қар­­мана іздеген толық адам. Ендеше, Амангелді Айталыны тани түсу – сіз бен бізге, келешек ұрпаққа парыз.

 

Бауыржан Ердембеков,

филология ғылымдарының докторы, профессор