«Астана Опера» сахнасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұсынылған Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсының премьерасы өткен аптаның ғана емес, жалпы театрдағы жаңа маусымның ең жарқын оқиғаларының бірі болғаны анық. Айтулы шығарма классикалық барокко музыкасын, бірегей заманауи режиссерлік тұжырымдаманы һәм отандық опера шеберлерінің кәсіби кемелдігін бір арнаға тоғыстырған айтулы оқиғаға айналды.
Сахнаға сән кіргізген «Қаһарлы Орландоның» басты жаңалығы – қазақ театрларында алғаш қойылуы дер едік. Бұған дейін әйгілі Антонио Вивалдидің «Жыл мезгілдерін» ұйып тыңдаған көрермен енді кемеңгер композитордың тағы бір кереметіне жан суарып, көңіл сүйсінтті. Оғлан Орландоның ой орамдары мен сезім шарпысуы оқиға өзегіне айналған тамаша туынды тыңдаушысына естен кетпес ерекше әсер сыйлағаны сөзсіз.
Опера сюжеті сұлу Анжеликаға деген жауапсыз махаббатының салдарынан есінен адасатын басты кейіпкер – жауынгер Орландоның айналасында өрбиді. Құштар сезімді бастан өткеретін Орландо қызғаныш пен ызаға беріліп, ақылынан алжасады. Оның басынан кешкен оқиғалары мен ауыр дертінен бөлек, шиеленіске толы басқа да махаббат желілері өрбіп, ақыр аяғында операның негізгі кейіпкерлерін бақытқа алып келеді.
– Антонио Вивальди өзінің аспаптық шығармаларымен танымал болғанымен, ол көптеген вокалдық туындылар, оның ішінде опералар да жазды. Біздің сахнадағы «Қаһарлы Орландоның» премьерасы осының жарқын көрінісі болғаны анық. Жалпы, камералық опера бароккодан бастау алады, дәл осы бағыт опера өнерінің одан әрі дамуына негіз болды. К.Монтеверди сынды ерте кезеңдегі композиторлардың арқасында біз бүгін тамашалап жүрген опералар, мәселен, Дж.Верди, Дж.Пуччини немесе Ж.Бизенің туындылары пайда болды. Бұл ұлы композиторлардың барлығы да ерте кезеңдегі опера шеберлерінен үйреніп, олардың бароккоға салып кеткен дәстүрлерін жалғастырды. Бүгінде театрымыздың сахнасында «Piccolo театры» жобасы аясында Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» немесе жас Джоаккино Россини жазған «Жібек саты» опералары жүреді. Айтулы туындылар – Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландосы» секілді ерте кезеңдегі туындыларға салынған дәстүрлердің жалғастырушылары. Нәтижесінде, театрымыздың көрермендерге опера өнерінің қайнар көзін паш етіп қана қоймай, сол арқылы логикалық тізбек құра отырып, түп тамырға бойлап жатқанын көреміз, – деді қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.
Аз-кем опера тарихына бойлап көрсек, А.Вивальди «Қаһарлы Орландоны» 1724 жылы жазған. Оған операны дүниеге әкелуге Лудовико Ариостоның сол кезде-ақ әдеби жауһар ретінде танымалдылыққа ие болған аттас эпостық поэмасы шабыт берген. Композитор кейіпкерлердің эмоциялық тереңдігі мен оқиғалардың драмалық өзектілігін атап көрсету үшін жаңа операда музыканың мүмкіндіктерін барынша қолданған. Опера Венецияда пайда болды. Ол кезде Вивальди «Sant'Angelo» театрында жұмыс істейтін. Вокал әдемілігі мен әсерлі арияларға қатты назар аударуды талап еткен жалпы дәстүрлерге қарамастан, композитор кейіпкерлер мінезінің дамуына және симфониялық сүйемелдеуге баса ден қойды. Вивальдидің музыкасы үйлесімді шешімдердің күрделілігімен, әсіресе, Анжеликаға деген жауапсыз махаббатының салдарынан ақылынан адасқан басты кейіпкер Орландоның ессіздігін атап көрсететін тембрлер мен ырғақтардың қарама-қайшылығымен ерекшеленді.
– Бұл операда біз өзімізге үйреншікті болған арфа, литавр мен тромбондар жоқ камералық оркестрді көреміз. Мұнда негізінен флейта немесе гобойдың сирек сололары бар ішекті аспаптар тобы жұмылдырылған. Оркестрдің дәл осындай жеңіл құрамы бізге музыка тілінің қалай дамығанын бақылауға тамаша мүмкіндік береді. Вивальдидің вокалдық партияларға деген көзқарасы да қызықты. Композитор контртенорды, контральтоны белсенді қолданып, колоратураларды орындайтын төмен дауыстарға айрықша көңіл бөледі. Бұл жерде колоратура – біз ойлағандай дауыс жоғарылығының сипаттамасы емес, оның жылжымалылығы екенін айта кету маңызды. Осылайша, тенор да, баритон да колоратуралық дауыстар бола алады. Операдағы аспаптық және вокалдық желілер арасында шексіз әрекеттесу байқалады. Бұл Вивальдидің композитор ретіндегі ерекшелігі мен жаңашылдығын айшықтайды, деп камералық оркестрді басқарған қоюшы дирижер Абзал Мұхитдин Вивальди музыкасындағы қарама-қайшылықты, яғни құштарлықтың екпінді дауылынан бастап, лирикалық баяу сәттерге дейін атап көрсетті. Оның жетекшілігімен оркестр операның барлық эмоциялық қыр-сырын сәтті жеткізді.
Сондай-ақ қойылымның режиссері Алла Симонишвилидің солистермен атқарған қажырлы еңбегі де зор қошеметке лайық. Жаңа музыкалық тұжырымдама авторының сахналық пайымдауы тарихи мазмұн мен барокко музыкасын біртұтастық биігінде асқақтатты. Онда дәстүрлер мен жаңашылдық жарасымды үйлесім тапты. Камералық зал сахнасы мұндай ауқымды опера үшін тым шағын болғанына қарамастан, режиссер спектакль кезіндегі әртістердің орнын ептілікпен ойластырып, соның арқасында сахнаның әр бұрышында тіршілік қайнап жатты. Танымал сценограф Манана Гунианың декорациялары мен костюмдері бұрын өткен дәуірдің атмосферасын керемет жандандырды. Толып жатқан еріген майшамдар, канделябрлер, құпия күштің атмосферасын жасаған басқа да дүниелер таңғалдырды. Әскери костюмдер батырлық рухын жеткізсе, тастармен безендірілген кестелі сәнді көйлектер, қиял-ғажайып кейіпкерлердің костюмдері суретшінің танымал әлемдік классикаға деген өзгеше көзқарасын паш етті. Ал Сергей Кулак жасаған жарық эффектілерінің сиқыры таңданысты тіпті күшейте түсті. Соның әсерінен оқиға сахнада емес, бейне бір алып құтының ішінде болып жатқандай әсер сыйлады.
Елді ерекше сезімге бөлеген опера премьерасында сахнада танымал солистер, атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Лейла Аламанова (Брадаманте), «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Әсем Сембина (Анжелика), Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова (Альчина), Расул Жармағамбетов, Сұлтан Бақытжан (Орландо), Артур Габдиев, Абылай Бекен (Медор), Нарұл Тойкенов, Батыржан Смақов, Талғат Аллабиринов (Руджеро), Алтынбек Әбілда, Ермек Қасым (Астольфо) бастаған талантты әртістер ансамблі сәтті өнер көрсетті.