• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:28

Майдан мен еңбектің біртуар батыры

36 рет
көрсетілді

Келесі жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. 1 418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста сан мыңдаған қандасымыз отқа түсіп, қаншама боздағымыз ерлік көрсетті. Солардың бірі – биыл туғанына 100 жыл толған Кеңес Одағының батыры Сейітқасым Әшіров.

Кеңес Одағының батыры Сейітқасым Әшіров қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Арыстанбаб кесенесінің жанындағы Қоғам ­ауы­лында 1924 жылдың 6 шілде­сінде дүниеге келді. Бұл жылдары туғандардың балалық шағы ауыр болғаны белгілі. Сейітқа­сым ағамыз да талай қиындық кө­ріп­ жетілді. Сегіз жасында, 1932 жылы ашаршылық болып, аяғы­нан енді тұра бастаған елді сарсаң­ға түсіріп, тентіретіп жіберді. ­Ал 1941 жылы соғыс басталғанда, ол небәрі он жетіде еді. Ә дегенде оның да Отан қорғауға аттанбақ ойы болды. Бірақ бірінші кезекте ша­қырылғандардың ішінде аты атал­мады. Есесіне қос бірдей аға­сы Мұратбек пен Сейітбек алғаш­қы­лардың бірі болып майданға аттанды. Өкініштісі, олар сол кеткеннен қайтып оралмады.

Сейітқасым өз дегенін істеуге дағдыланған өжет, қайсар бала бо­латын. Ол ұжымшардың арбасын ай­дауға сұранып, арбакеш бала ата­нады. Жұмыс ауыр. Елең-алаң­нан басталған тіршілік қара кешке де­йін созылады. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін «Бәрі де Отан үшін, майдан үшін!» деген ұранның төңірегіне топтасты.

Соғыстың екінші жылына аяқ басқанда Сейітқасымға да Арыс әс­кери комиссариатынан шақыру қағазы келді. Бұл 1942 жылы оның 18 жасқа толған күні еді. Сейіт­қасым бірден майданға апаратын шығар деп ойлаған. Бірақ олай болмай шықты. Арыс стансасынан шыққан эшелон батысқа емес, оңтүстік-шығысқа қарай тартты. Өз­бекстанның Самарқан облысына қарайтын Қаттақорған қаласы­на келіп бір-ақ тоқтады. Осы жер­де оларды жаяу әскер училищесі­нің әртүрлі салада әскери маман­дар даярлайтын бөлімдеріне бө­ліп жіберді. Сейітқасым барлау­шылар бөліміне тап болды. Қа­тал уақыттың тәртібіне қарай оқу қысқартылып, олар небәрі үш айдай ғана оқып, жаттықты. Деген­мен үш ай уақыт аз сын болған жоқ. Күн демей, түн демей тоқсан тәу­лік бойы жүргізілген тактикалық жаттығу сабақтары өрімдей жігіт­терді қай жағынан алғанда да шы­нықтырды. Айналдырған үш айда олар адам танымастай өзгерді. Мыл­тық жинаудан бастап, жаумен бет­пе-бет кездескенде қолдана­тын айла-тәсілге дейін үйреніп, шап­шаңдыққа машықтанды.

Кіші сержант С.Әшіров ұрыс даласындағы ерлік жолын Бірін­­ші Беларусь майданына қарас­ты ­96-атқыштар дивизиясының 331-­полк құрамында қатардағы жауын­­гер-барлаушы болып бас­тады. ­1942–1945 жылдары взвод командирі бол­ды. Полтава қала­сын азат ету үшін болған шайқаста С.Әшіров Қызыл Ту орденімен ­марапатталды. Бұдан кейін соғыс­та көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз және III дәрежелі «Даңқ» ордендерін алды. 1944 жылдың ­8 шіл­десінде аға сержант Сейіт­қа­сым Беларусьтің Барановичи аумағындағы Заболотье деревня­сында екі қандыкөйлек майдан­дасымен бірге жау тылына бар­лауға шығып, тұтқиылдан мино­мет батареясына шабуыл жасап, 20-дан аса фашисті өлтіреді, қал­ғанын қашуға мәжбүр етеді. Осы шайқаста жаудың 6 минометін, 2 тягачын, 4 автомашина және радиостансасын қолға түсіреді. Жау­дың 11 жауынгері мен офи­церін тұтқынға алады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының 1945 жылы 24 нау­рыздағы жарлығымен барлаушы С.Әшіровке Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, Ленин орде­німен бірге Алтын Жұлдыз ме­далі қоса тапсырылады. Ағамыз со­ғысты 1945 жылы 3 мамырда Бі­рінші Беларусь майданының құра­мында Балтық жағалауында аяқтады.

Соғыстан кейін, 1946-1948 жылдары С.Әшіров Оңтүстік Қазақ­стан облысы Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы бо­лып қызмет атқарды. Қазақ мемлекет­тік университетінің заң факульте­тін бітіріп, заңгер маманды­ғын алып шықты. 1951-1957 жылдары Қызылқұм аудандық сотында халық судьясы болып істеді. Кейін Шардара ауданы Шардара кеңшарында директордың орынбасары қызметін атқарды. Осы қыз­метте жүріп, Самарқан қаласындағы ауыл шаруашылы­ғы институтын бітіріп, ғалым-зоо­техник мамандығын оқып алды. 1964 жылы Көксу, Шардара кеңшарларында бас зоотехник бо­лып істеді. 1975-1987 жылдары зейнетке шыққанға дейін С.Әші­ров Шардара кеңшарының директоры болып қызмет атқарды. Атағы бүкіл одаққа кең танылған кеңшардың даңқты дәуірі оның есімімен тығыз байланысты болды. С.Әшіров басқарған жылдар Шардара кеңшарының ең бір өр­кендеген, гүлденген, жұлдызы жанған алтын кезеңі болып тарихта қалды. Шардара кеңшарын Сәкең қабылдап алғанда, 40 мыңға жетер-жетпес қой болса, ол мұны 70 мың басқа жеткізіп, сапалы қара­көл елтірісін өндіруде аудан, об­лыс қана емес, республикаға әй­гілі, экономикасы қуатты кең­шарға айналдырды. Сәкең ауыл тұр­ғындары тұрмысының, әл-ауқатының артуына үнемі назар аударып, қамқорлық жасады. Кең­шар орталығы заман талабына ­сәй­кес қайта жанданды, Қы­зыл­құм жиегінде жаңа фермалар пайда болды. Жүздеген гектар суармалы жер пайдалануға беріл­ді. Шопандарға арнап үйлер, мон­шалар салынып, құдықтар қазылып, электр желілері тартылды. Осы жұ­мыстардың бә­рін­де Сейітқасым ағамыздың ұйым­дастырушылық, іскерлік қабілеті айрықша көрініп тұрды. Оның ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ордендер мен медальдармен марапатталды.

Кейіпкеріміз зейнетке шық­қаннан кейін де өмір мектебі­нен жинаған тәжірибесін халыққа қыз­мет етуге жұмсап, барша елге ақыл­шы, көпке үлгі болды. Жары Жәмиламен бірге екі ұл, төрт қыз, ондаған немере тәрбиелеп өсір­ді. Олардың бәрі үлгілі отбасын құ­рып, еліміздің өркендеуіне үлесін қо­сып келеді. Кеңес Одағының ба­тыры С.Әшіров 2004 жылы 1 шіл­деде 80-ге келген шағында дүние­ден өтті. Ол әйгілі Арыстан­­­баб әулие­нің жанына жерленді. ­Содан бері ­­­20 жыл өте шығыпты.

Біз батыр ағамыздың ерлік­тері туралы бала кезімізде ауыл ақсақалдарынан, мұғалімдердің әңгімесінен естіп, газеттерден оқып-біліп өстік. Кейінірек 70-жыл­дары Шардара ауданында қызмет­тес болып, аға-іні ретінде етене араласып, сыйласып, сырласып жүрдік. Ағамыз орта бойлы, денелі, дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, реңді кісі еді. Ол табиғатынан сезім­тал, жаңалыққа жаны құмар, із­денгіш, адамгершілік қасиеті жоғары, терең ойлап сөз қозғайтын, елдің, жердің жағдайын, арғы-бергі тарихын айтып отыратын, көпті көрген, дала академигі болды.

Бірде Жеңіс күнінің қарсаңында ағамыз соғыстағы бастан кешкен оқиғаларын айтып отырып былай деді: «Соғыста жеңіл-желпі тірлік болмайтынын өзің де білерсің. Мен барлаушы болдым. Әрине, барлаушы болу оңай емес. Қадам басқан сайын ажал аранын ашып тұрады. Мен батырлыққа ұсынылғаннан кейін сол атақты 8,5 айдан соң ал­дым. Сол екі арада опат болып ке­туім де мүмкін еді. Әйтеуір, тірі қалдық. Барлаушылық – нағыз жүрек жұтқан батыр адамның ғана қолынан келетін әскери мамандық. Соғыста барлаушы болып, «тіл» алып келу қандай қиын болса, оның абыройы одан да бір кем емес. Олар тапсырманы орындау­ға жанын шүберекке түйіп аттанады. Әр тапсырманы орындауға аттанып бара жатып, енді қайтып келмеуің мүмкін екені еріксіз са­наңда тұрады. Барлаушы көбіне жата қап, еңбектеп алға жылжиды. Одан тізең жауыр болады. Кей­де сызы өңменіңнен өткен саз то­пырақтың үстінде қыбыр етпей бірнеше сағат бойы жатуыңа тура келеді. Басқасын былай қойған­да, сені неміс снайперлері де аңди­ды. Сәті соқса, қағып түсіреді. Ал «тіл» әкелсең, бүкіл полк үшін үлкен мәртебе. Өйткені жаудың тактикалық жоспары мен айла-тәсілін, ішкі-сыртқы күш-қуатын алдын ала біліп алсаң, бұл жартылай жеңіске пара-пар. Егер шыбын жаныңды шүберекке түйіп жүріп әкелген «тілің» көп нәрседен хабарсыз, маңызды ештеңе болмай шықса ше? Мұндайда түн қатып, жау тылына қайта бет алу­ға тура келеді. Көлденеңінен тар­тып тасталған тікенек сымға, құ­рып тасталған минаға, атылған пулемет оғына ұшырап қалам ба деп қорыққаныңнан түртіңдеп, төңірегіңді сипалаумен жүргенің... Кенет алдыңнан қара түнді қақ тіліп оқ борайды. Айнала төңірек соның жарығынан самаладай жап-жарық болып кеткенде жер­бауырламақ түгілі, қара жерге кіріп кете жаздайсың. Тастай қап-қара түнде қанша жерден қырағы, епті болғаныңмен, немістердің тосқауылына тап болуың әбден мүмкін. Мұндайда тез шешім қа­былдай білу де жеңісті оңтайлы ше­шеді. Кейде өз әскерлерің танымай қалып, жаудың барлаушылары деп оқ боратып жіберетін кездері де болмай тұрмайды. Несін айтасың, барлаушылық – үлкен абырой ғана емес, өз басыңды қауіп-қатерге тігу деген сөз».

Кейінгі кезде Сәкеңді еске түсір­ген сайын мені бір ой мазалай бе­ретін болып жүр. Соғыста ерлік көрсетіп, аман-есен елге оралған соң, еңбек майданына араласып, бұл жерде де ерен еңбектің үлгісін көрсеткен адамдар аз болған жоқ. Оның ішінде «Социалистік Еңбек Ері» атағын алғандар да баршы­лық. Міне, С.Әшіровтің еңбектегі көрсеткіші де шын мәнінде Еңбек Ері атағына әбден лайық жан еді. Өкінішке қарай, кейбір кертартпа басшылар мен керексіз талас-тартыстың есебінен оған бұл атақ берілмей қалды.

Батырдың абыройын биікке көтерген асыл қасиеті – оның адал­дығы, әділеттілігі, туралығы. Қан­дай қиын-қыстау кезде де ол арын таптатпады, намысын биік ұстады. Ар-намыс, адамдық пен әділдік үшін ұрыс майданында да, еңбек майданында да қарақан басы үшін емес, елдің намысын ойлады. Бұл тұрғыдан оның рухы халқымыздың от жүректі ұлдары Бауыржан Момышұлы, Рақым­жан Қошқарбаев бастаған қаһарман қа­зақтармен үндесті.

Ол елін сүйген патриот, халқы­ның болашағына сенетін асқан оптимист болып өмір сүрді. Қандай кедергіге тап болса да, тіпті аузын арандай ашқан ажал да оның ха­лық алдындағы парызын өтеуге бөгет бола алған жоқ. Қажырлы еңбек өмірінің ақырғы сәтіне дейін жансерігіне айналды.

Сәкеңдей батыр ұлын туған халқы көзінің тірісінде-ақ аялап, алақанына салды. Адамгерші­лігі, азаматтығы үшін құрметтеді. ­Шар болаттай шыныққан мықты­лы­ғын, қара нардай шыдамды­лы­ғын таныды. Оның майдан мен еңбектегі ерлік істері туралы 1985 жылы белгілі жазушы Қапан Қамбаров «Сейітқасым­ның жұлдызы» деген роман жазды. Ал биыл батыр ағамыздың туғанына 100 жыл толу қарсаңында елімізге белгілі қаламгер Болат Шарахымбайдың «Сұрапыл сынақ ғұмыры» атты кітабы жарық көрді.

Сейітқасым Әшіровтің 100 жылдық мерейтойы Түркістан облысы көлемінде кең ауқымда аталып өтіп жатыр. Аудан орталығы Шәуілдір ауылында Кеңес одағы­ның батырына арналған «Ер есімі ел есінде» атты ғылыми-практика­лық конференция, ақындар айтысы ұйымдастырылады.

Ел үшін ерлік жасап, еңбектің қара нарына айналған мұндай ерек­ше жандарға қандай құрмет көр­сетілсе де көптік етпейді. Ел үшін етігімен су кешкен ерлердің ісі ұмы­тылмақ емес. Елдің тынышты­ғы мен халықтың бостандығы жолында күрескен ерлерді ардақтау, олардың көрсеткен жолын үлгі ету – әр ұрпақтың парызы.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері