• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2010

ОТЫЗ ЕКІ ЖЫЛДАН СОҢ...

528 рет
көрсетілді

Төрткүл дүние қара­шы­ғында ұстап отырған әлем чемпионаты мәреге таяп қалды. Кереметтей қызық болып жатыр деп айтуға ауыз бармайды. Осы жолы бәйгені шап­пай алады деген Брази­лия айғай-ұйғай аламан­да атынан ауып түсіп қал­ды. Әлемнің ең үздік фут­болшысы Мессиді арқаланып, іріктеу ойынында қарсылас­та­ры­ның қабырғаларын біртіндеп сөк­кен Аргентина болса Германия құрамасынан оңбай жеңілді. Осындай тар қолтықтан тал­мау­сырап оқ тиген кезде бапкерлер де өзінің шынайы келбетін танытып жатыр. Өзіндік ойын өрнегімен дараланған Чили құрамасы Брази­лиядан 0:3 есебімен же­ңіл­генде бас бапкер Марсело Бьелса: “Біз бұдан да ірі есеп­пен жеңілер ед­ік, құ­дай сақтады. Брази­лия­лық­тардың десі қатты, ойын­шы­ларымызды қарыс қа­дам аттатпады”, деп шү­кіршілік айтқан. Сол Бра­зилияның жолына Голлан­дия басын мұз құрсаулы мәңгі қар басқан Гималай секілді күжірейіп жатып алды емес пе. Нәтижесі анау. Бес рет әлем чем­пио­­ны болған команданы елі­не қайтарып жіберді. Со­дан бері Кака әлі өзіне келе алмай жүр деседі. “Осы жолы әлем ку­богы біздің қолда деп ой­лаған едім. Команданың ойы­ны үшін бойымдағы ба­рымды бердім. Бірақ, мұ­ның бәрі таблодағы нәти­женің жанында есеп емес екен”, – депті жам­поз өкі­ніштен өзегі домна пешінің жалынындай өртеніп. Ал, Марадона төбелес шығарды. Даңқты Пеле: “Ол – нашар бап­кер”, дегенде “оның өмір сүру дағ­ды­сына қарап-ақ құраманың жағ­дайына өзгеріс әкелетініне сен­беймін” дегені екен ғой. Тулаған қаны алпыс екі тамы­рына сыймай тұратын Марадона жеңілістен соң киім шешетін бөл­меге өтіп бара жатып трибунадағы неміс жанкүйерлерінің мазақ сөздерін естіп қалады. Сол сол-ақ екен жалғыз өзі мыңдаған адам­дар­ға ақырып тұра ұмытылады. Абы­рой болғанда, қызы Далма мен қа­сындағы көмекші бапкерлер: “Әкетай, көкетай, ол ақымақтарды қайтесіз, сізден мықты ешкім жоқ”, – деп зорға ұстап калады. Аузынан жалын атқан жаралы арыстандай Марадона ақырып тұрған соң Ар­ген­тинаның жанкүйерлері қарап қал­сын ба. Екі жақтан жаға жыр­ты­луға, көз көгеруге таяғанда ста­дионның қауіпсіздік қызметкерлері оларды зорға айырған. Қара құрлықтың соңғы үміті ганалықтар овертаймның соңғы минуттарында жеңіске Уругвайдан гөрі анағұрлым жақын еді. Бір рет қақпаға кіретін допты кеудесімен қорғап қалған Суарес екіншісінде амалы құрығандықтан қолмен қақты. Қызыл қағаз және алаңнан қуылу. Төреші осыны жасаған. Ал, Гананың қара маржаны Асамао Гьян африкалықтарды тарихында тұңғыш рет жартылай финалға шы­ғарар тұста мүлт кетті. Оның ба­сын­дағы жағдайды ешкімге бер­ме­сін. Жігіттің сырттаны не бүл­дір­генін білді. Оны ешқашан түзей ал­майтынын түйсініп, жердің жыр­тығы болса ойланбай кіріп кетер хал­д­е тұрды. Көзден жас емес қан ақты деген осы. Гананы пенальти нә­­тижесі бойынша жолда қалдыр­ған Уругвай да әлем чемпионатына көл­денең қосылған көк атты емес бо­латын. Бірақ бақ дегенді қой­саң­шы... Ол басқаның қанжығасында кетті. Голландықтар финалға өтті. Сар­ғайған тарих парақтарын ау­дар­саң осы нәтижеге 32 жылдан соң қол­да­ры жетіпті. Ойын алдында футбол­дың отымен кіріп, күлімен шық­қан­д­ар, букмейкерлер бір ау­ыз­дан гол­ландықтардың жеңетін­ді­гін айт­қан. Азуы алты қарыс Бра­зилияны тұсаған құрама расында да мықты. Бірақ, жеңілістің жолы жеңіл емес. Уругвай бапкері алаңға жа­рақат алған Лугано, Фусиле және Ло­дейросыз шықты. Ганамен ой­ын­да допты қолымен ұстап оңтүс­тік­америкалықтарды жартылай финалға алып шыққан сұрмерген Суарес айып қағазының кесірінен ойынды сырттан көруге мәжбүр болды. Оған қарағанда Верт ван Маврейк ешкімді жоғалтпады десе де болады. Ойын аңдысумен басталды. Екі жақ та қорғаныста сауатты ойнауға тырысып, өткір шабуылдың жұл­дыз­ды сәтін күтті. Ван Бронкхорст айып алаңының сыртында доп ал­ған. Пастың еш нәтиже бермей­ті­нін ұқ­қан құрама капитаны күрт тәуекелге келіп, қақпаға допты зеңбірекше атты. Фернандо Муслер де қабы­лан­ша қарғыған. Сәл ке­шікті. Гол. 0:1. Алма-кезек шабуылдың бірінде Форлан да тәуекелдің қайығына ая­ғын салды. Айып алаңының орта тұ­сында ойқастаған оғлан 25 метр жер­ден Бронк­хорст секілді шірене тепті. Мартен Стекеленбург екі аттап алға шығып қаққанымен, шыр көбелек айналған допты қақпа сыртына шы­ғарып жіберуге дәрмені жетпеді. Есеп – 1:1. Уругвайлықтардың есепті есе­лейтін мүмкіндігі болған. Қақпашы шабуылшының бетін қайтарамын деп алға кеткенде қақпа ашық қал­ды. Емін еркін келген допты жа­­нын шүберекке түйіп жет­­кен Бронк­хорт сыртқа те­уіп шы­ғарып жіберді. Уру­гвай­лықтар шабуылды күшейт­кенімен сәттілік олар­дың жағында емес екен. Гол­лан­дықтар қақпа ал­дында қара дауыл тұр­ғыз­ды. Роббен мүлт кетті. Есесіне Снайдер гол соқты. 1:2. Осы гол чемпионатта өз атына жақсы сөз айт­қы­зып жүрген өзбекстандық қазы Равшан Ирматовтың беде­лі­не сын болары сөзсіз. Бей­неқайталау ван Перси­дің офсайтда қалып қойға­нын көрсетті. Араға үш ми­нут салып Куйт сол жақ қа­наттан ортаға доп тас­та­ды. Аяғына доп тисе дүр­бе­лең туғызатын Роббен бас­­пен қапысыз соқты. 1:3. Қосым­ша минуттарда уруг­вай­лық­тар жанын салды. Парейра әдемі гол соқты. 2:3. Оскар Таварес жігіт екен. Қызуқанды Марадона сияқты жынын алған бақ­сы­дай бол­­ған жоқ. “Гол­лан­дықтардың екінші голы ой­ын­нан тыс соғылды. Бірақ, судья­лардың қателігі біздің жеңі­лі­сімізге себепші емес. Өйткені, қарсылас­тары­мыз­дың күшті екені анық”, – деді ол. Уругвай осылайша әлемдегі үз­дік бестікке кірді. Берт ван Мар­вейктің сөзі қысқа, бірақ дүмді. “Біз финалға 32 жылдан соң іліктік. Гол­ландия – шағын мемлекет. Со­ған қарамастан бас айналдыратын жеңіс­терге жеттік. Бұл – зор мәр­те­бе. Ал, алдағы ойын туралы ке­сіп-пішіп ештеңе айтпаймын”. Бапкер ойын осылай қайырды. Қазақта тәбәрік деген болады. Күш атасы Қажымұқан қонаққа келгенде ауыл әйелдері көйлегінен білдіртпей қиып алуды армандайды екен. Балам, немерем атақты бол­сын деп. Реті келсе борбайының астынан өткізеді, түкіртіп алады. Әлем чемпионатында да осын­дай қызықтар болып жатыр. Мун­диальдың ең үздік мергені Давид Вилья Португалиямен ойнап, же­ңіс­ке жеткен соң жейдесіз қалды. Әдет­те, мұндай дағды қарсыластар қоштасуында ескерткіш ретінде жасалушы еді. Бұл жолы олай болмапты. Ойын бітісімен оның жейдесін Испанияның спорт істері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Хайме Лиссаветки шешіп әкеткен. Өзіне емес болып шықты. Оны Ис­пания мемлекетінің төрағасы Хосе Луис Сапатероның қызы Лаура ханым аттай қалап сұратқан деседі. Ал, Германияның канцлері Ан­гела Меркел де мемлекеттік жұ­мыс­­тарды бір сәтке ысырып қой­ып, футбол додасының ішінде жүр. Аргентина құрамасын жерлестері ойсырата жеңгенде Меркел қуа­ныш­тан асып-тасып, қасын­да­ғы­ларды қайта-қайта құшақтай бер­генін көрдік. Жайшылықта сал­мақ­ты көрінетін канцлер қанаты болса көкке ұшып, сүйікті Германиясы үшін тамағы қарлыққанша ән салудан еш тайынбас еді-ау. Миллиондаған адамдарды ар­баған футбол деген сиқырыңыздың бір құдіреті осы... Бақтияр ТАЙЖАН. АЛТЫН КУБОК АСТАНАДА ҚАЛДЫ Астанада қала күні қарсаңында Бокс федерациясының ұйымдастыруымен спорттың осы түрінен мұнда екінші мәрте өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы халықаралық турнир мәреге жетті. Бір аптаға созылып, 16 елдің был­­ғары қолғап шеберлерін жи­на­ған бәсекеде бас бапкер Мыр­за­ғали Айтжановтың жетекшілігімен Қа­зақстан ұлттық құрамасы 6 ал­тын, 5 күміс және 14 қола медаль­ді жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Сонымен бірге бұл сында ку­ба­лықтар бір алтын, бір күміс, бір қо­ла медаль иеленсе, Ресей құ­рамасы бір алтын, үш күміс және бір қола жүлдені алып қайтты. Кубаның са­пы­нда алтын жүлдені 81 кг. сал­мақ­тағы Иросбанис Дю­вергель, Ре­сейден бас жүлдені 64 кг. сал­мақ­та­ғы Александр Бес­путин жеңіп ал­ды. Ал Украина құрамасының олар­дан медаль са­ны аз болса да екі алтын медальді мойындарына тақ­ты. Мұнда Олим­пиада және әлем чемпионы Василий Лома­чен­ко (60 кг.) топ жар­ды. Бір аптаға со­зылған тур­нир­де бес кездесу өт­кі­зіп, солар­дың бәрінде қарсылас­та­­рын айқын басымдылықпен жең­ген Баркер кубогының иегері әлемнің ең үздік боксшысы екенін тағы да көрсетті. Украинаға екінші алтынды Алек­сандр Усин (91 кг.) әперді. Осылардан басқа турнирде тағы бір алтынға жапон боксшысы қол жеткізді. 54 кг. салмақта сынға түс­кен Катсуаки Суса финалда бұрын­нан бергі қарсыласы ресей­лік Вис­лам Далхаевты ұтты. Сон­дай-ақ, осы бәсекеде Моңғолия, Сирия, Қыр­ғызстан мен Үндістан бокс­­шылары жүлдегерлер қатары­нан көрінді. Соңғы кездері бұл ел­дер­дің қолғап иелері халық­аралық жа­рыс­тар­да жүлдегерлер қата­ры­нан көрі­ніп жүргені Азия құр­лы­ғында бә­секелестіктің кү­шей­іп ке­ле жатқа­нын көрсетеді. Осы тур­нир­де де Моңғолия мен Сирияның былғары қолғап иелері Қазақстан, Куба, Ре­сей құрама­ла­рымен иық теңестіріп бәсекелесе алатындарын дәлелдеді. Турнир аяқталған соң Туризм және спорт министрі Темірхан Дос­мұхамбетов, АИБА президенті Чонг Куо Ву, министрліктің спорт істері жөніндегі комитетінің төра­ға­сы Ел­сияр Қанағатов, Бокс фе­дера­ция­сының вице-президенттері Юрий Цхай мен Серік Қонақбаев турнир­дің жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиевке үздік бокс­шыға арналған сыйлық­ты тап­сыр­са, Қазақстан ұлттық құра­ма­сы­ның бас бапкері Мыр­за­ғали Айт­жа­новқа “Үздік бапкер”, Ра­қым­жан Рыс­баевқа “Үз­­дік рефе­ри”, Бақыт­жан Бекпен­бе­тов­ке “Үздік төреші” атағын табыс етті.