• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТІЛЕГІН ТІЛЕЙМІН

646 рет
көрсетілді

Елімен етене Елбасы Мен мамандық алғаннан кейін тағдырдың жазуымен Қазақстанға келдім. Бойда жастық жалын бар, жақсы оқуға, ғылыммен айналысуға, шаруашылық басқаруға, мемлекеттік қызметке белсене араласуға талпындық. Бүкіл саналы ғұмырым Қазақстанда өтіп келеді. Қостанай облыстық партия комитетінің хатшылығына, республиканың Ауыл шаруашылығы министріне дейін көтеріліп, биік лауазымдарда болғандықтан, елге еңбегі сіңген атақты адамдармен жиі кездесіп жүрдім. Өмірдің осы сыйы үшін тағдырыма ризамын. Қаншама атпал азаматтармен жолым қиылысса да, маған тұлға деген ұғымның нағыз шынайы мағынасын Нұрсұлтан Назарбаев ұғындырғандай. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін сырттай естігенім болмаса, жүзбе жүз кездеспеген едім. 1979 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің хатшысы боп істеп тұрған кезінде облыс мал шаруашылығында жеткен жетістіктері үшін КОКП Орталық комитеті мен Министрлер Кеңесінің және республикалық ауыспалы туларды тапсыру мақсатымен Нұрсұлтан Әбішұлы Қостанайға келді. Облыс активі шақырылды. Онда мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болғандықтан, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және облыстық атқару комитетінің төрағасымен бірге Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан ауыспалы туларды алғанмын. “Жоғары жақтың” жіберген адамына бәріміз де сын көзбен, қызықтап қарағанымыз рас. Ол сол жолы бәрімізді таңғалдырды. Алдымен хатшы мінберге қағазсыз шықты. Өзі жап-жас, қазақтың маңдайы жарқыраған өте әдемі жігіті екен. Терең мазмұнды сөйледі, облыстың эконо­микасын бес саусақтай біліп тұр. Тек мақтай бермей, ауыл шаруашылығындағы проблемаларды мысалдармен нақтылап, талдап тұрып айтып берді. Мінбердегі еркіндігімен, сауатты сөйлей білуімен залды әп-сәтте өзіне баурап алды. Оның сөзінен алып держава саналатын Кеңестер Одағында жаңа экономикалық және саяси тәсілдердің қажеттігі пісіп-жетіліп келе жатқаны сезілгендей еді. Мен партия-кеңес басшылығында жүрген адамдардың арасынан мұндай басшыны бұрын кездестірмеппін. Аузым ашылып, таңданысымды, іштей ризашылығымды да жасыра алмадым. Мінбердегі сөзін қағаздан оқып беретін, партияның қатып қалған тәртібімен қасаң сөйлейтін партия-кеңес басшыларына етіміз үйреніп кеткендіктен мына жас хатшының жұмыс істеу тәсілі ғана емес, өзі де ерекше жан сияқты көрінді. Мен ертеңіне сол кездегі Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Бородинге кірдім. Ол Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірімді білгісі келді. Андрей Михайловичтің өзі де республика Компартиясы Орталық комитетінің хатшысына деген таңданысы мен сүйсінісінен арыла алмай отыр екен. “Валентин, алғы гвардияны ауыстыратын осындай жігіттер болады деп ойлаймын”, деді. 1986 жылы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа тағы келді. Бұл уақытта ол Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы болатын. 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың бас кезі ауыр, экономикада да, саясатта да өліара шақ болатын. Ескі жүйенің тарих сахнасынан кетуге сыр бере бастаған тұсы еді-ау. Оны Нұрсұлтан Назарбаев сияқты биіктен қарап, алысты көретін тұлғалар сұңғылалықпен сезе білді. Сондықтан облыстық партия комитетінің пленумында Нұрсұлтан Әбішұлының ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді қатты сынға алғаны жұрттың біразына ауыр тигені де рас. Әсіресе, сүт өндірудегі қосып жазудың масқара шындығын Назарбаев батыра, әрі дұрыс айтты. Жоғарыға “пәлен сиырдан пәлен литр сүт сауылды” деген желбуаз есептер кетіп жататын. Бірақ дүкендерде сары май көрмейсің, сүтке иірілген кезек. Тұқымы нашарлаған сиырларды көбейте бергенмен, қанша жемдегенмен олар сүтті молайтқан жоқ. Сүт өңдеу зауыттарына өнім қажеттіліктен әлдеқайда аз түсті. Оның себебі, сүттің барлығы қоғамдық тамақтандыру орындарына жіберіледі деп түсіндірілді. Мұндай көрініс тек Қостанайда ғана емес, барлық облыста қалыптасқан еді. Бірақ Қостанай облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Василий Демиденко Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сынына тулап өкпелесін. Мен облыстық партия комитетінің екінші хатшысымын және ауыл шаруашылығы мәселелерін қадағалайтынмын. Нұрсұлтан Әбішұлы үзілісте менің жаныма келіп: “айтқан сыным дұрыс емес пе?” деп сұрады. Мен, әрине, көзжұмбайлық жасап келе жатқан бұл мәселенің ашық айтылғаны дұрыс болғанын айттым. Қоғамда қалыптасқан жасанды экономикалық жағдайды сылып тастауға саяси ерік-жігердің керектігі мәлім еді. Оның үстіне “үйге келгенде үйдей өкпеңді айтпа” дегендей, Демиденконың сынды қабылдай алмағаны, басшы мәдениетін көрсете алмағаны да Нұрсұлтан Әбішұлын ыңғайсыздыққа қалдырса керек. Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміздің арамызда қысқа да болса ашық әңгіме болды, мен онымен пікірлес екенімді сезіндім. Әлі Кеңес Одағы тарамай тұрған кезде, 80-ші жылдардың аяғында аудандық ауылшаруашылық бірлестіктері құрылды, мұны қазіргі түсінікпен айтқанда, кластер деуге болады. Шаруашылықтарды ет комбинатына, сүт зауыттарына біріктіріп, онда өндірілген өнімді өзінің фирмалық дүкендерінде сату керек болатын. Бұл бастамаға сол кезде қарсылық танытқандар да аз емес еді. Сондықтан облыс басшысы Демиденко мені Алматыға рұқсат сұрауға жіберді. Мен сол кездегі республика басшысы Колбиннің қабылдауында болдым. Ол мені орнынан қозғалмай, қол да бермей, түксиіп отырып қарсы алды. Бай­қауымша, ол мен ұсынған мәселенің маңызын бажайлай алмады немесе түсінгісі келген жоқ. Колбиннің азық-түлік мәселесін киік пен жыл құсын атып алып шешкісі келгені жұрттың есінде болар. Колбин Министрлер Кеңесінің төрағасына көзімше телефон шалып, мені сонда сілтеп жіберді. Нұрсұлтан Назарбаев орнынан тұрып, қолымды қысып амандасып, қарсы алды, келген шаруамды баяндауымды сұрады. Оның лауазымының биіктігін емес, адамгершілікті алдына салып қарсы алғаны маған да еркіндік бергендей болды. Оған келген мәселемді түсіндіріп, қызылтер болғаным жоқ. Бәрін өзімнен артық біледі, бастаманың дұрыстығын бірден қолдады. Бір аптадан кейін республика Министрлер Кеңесінің Қостанай облысында Қостанай, Таран, Боровской агрокомбинаттарын құру туралы қаулысы шықты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезде мен Орталық комитеттен шақырту алдым. Ол кісімен Жоғарғы Кеңестің сессияларында, Министрлер Кеңесінің мәжілістерінде кездесіп, сұхбаттасып жүргендіктен, мен өзіме жауапкершілік жүктелетінін де іштей сезгенмін. Маған Орталық комитеттің ауыл шаруашылығын қадағалайтын хатшылық қызметі ұсынылды. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Осы салада қордаланған проблемалар бар, іске кірісіңіз” деді. Қолдан келгенше қызмет еттім. Михаил Горбачевтің жариялылығы алғашында қоғамды бір серпілтіп тастағандай болды. Бірақ бұл “жаңаша ойлау” нақты іспен жалғаса берген жоқ, адамдарға азық-түлік молшылығы, сапалы киім, әлеуметтік тұрмыстың жақсаруы одан да маңызды еді. Қысқасы, Горбачев қанша көп сөйлегенмен, елдің экономикалық жағдайы кері кетіп бара жатты. Осыны түсінген Саяси бюроның жаңа мүшелері Горбачевтің таразысын басатындай, елдің экономикасы туралы “жаңаша ойлайтын” адамды іздеді. Олардың барлығы да бұл тұлғаны Назарбаев деп білді. “Алдымен экономика, сосын саясат” деген ұстанымы бар Назарбаев сол кездің өзінде мықты саясаткер болып мойындалып қалған еді. Өйткені, көптеген саясат­кер­лер сөзде аузымен құс ұстайды, ал оны жүзеге асыруға келгенде шабандайды. Ал өндіріс қазанында қайнап шыққан Назарбаевтың экономикалық негізі мықты еді. Саяси бюроның “жастар қанаты” сол кезде Назарбаевты Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің екінші хатшылығына немесе Министрлер Кеңесінің төрағалығына ұсынды. Маған осы әңгімелердің барлығын Мичурин атындағы жеміс және көкөніс институтында студенттік өмірдің ботқасын бөліп жеген Егор Строев талай айтып берген еді. Егор досым Мәскеуде партияның Орталық комитетінің хатшысы болып қызмет істеді. Ол КСРО экономикасының дамыған елдерден неге артта қалғанын талдап түсіндіретін Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерінен мысалдар келтіретін. Сол кезде Кеңес Одағында, бейнелеп айтсақ, 70 пайыз станоктар мен танктер, 30 пайыз ғана халық тұтынатын тауарлар өндірілетін. Танктер зауыттан шығады да қатарға тұрады, ал дүкен сөрелері бос. Соғыстан кейінгі экономиканың моделі дұрыс болған жоқ, уақыт талабына жауап бере алмады. Танктер тұрып тозды, ескі үлгідегі станоктардың да қатырғаны шамалы болды. Бір ауыз сөзбен айтсақ, Назарбаев экономикадағы осы қатынасты өзгертуді, яғни 70 пайыз азық-түлік пен тұтынатын тауарлар, 30 пайыз өндіріс құралдарын өндіруді ұсынды. Кейін осылай істеген Қытай экономикасының қалай қарыштап дамығаны жұрттың барлығына белгілі. Михаил Горбачев Нұрсұлтан сияқты ерік-жігері күшті, білімі де, харизмасы да, экономист ретінде де мықты саясаткерді өзімен қатар ұстағысы келген жоқ. Нәтижесінде Кеңестер одағының экономикасы кері кетті. Екінші жағынан Нұрсұлтан Назарбаев “жоғарыға” бару туралы алдына мақсат қойған жоқ. Оған өз елінің жағдайы, тәуелсіздігі маңыздырақ еді. Көреген саясаткер бір одаққа біріккен республикалардың арасындағы жылдар бойы шиелене байланған экономикалық байланыстарды бірден үзіп тастауға болмайтынын, мұның өзі барлығына да қиындық әкелетінін ескертті. Солай болғанын кейін көрдік те. Кеңес Одағы және Коммунистік партия тарағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Президенті болып сайланды. Мен Ауыл шаруа­шылығы министрі болып тағайындалдым. Бірде ол “маған кіріп кет” деді. Екеуміз ауыл шаруашылығын реформалауды әңгімелестік. Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы бірінші байлық – астық екені белгілі. Сондықтан мен элеваторлардың 7 миллион тонна сыйым­дылығын республиканың меншігіне қалдырып, қалған 17 миллион тон­на­лығын сол кездегі кеңшарлар мен ұжымшарлар меншігіне беруді ұсындым. Көп ұзамай Президент Жарлығы шығып, директорлар мен төрағалар бөріктерін аспанға атты. Оларға акция таратылды. Кейін меншікті мемлекет қолынан алу, жекешелендіруге ұласты. Сол кездегі белгілі бір жағдайлар мені биік лауазым орынтағынан қайтадан “жерге” оралуыма мәжбүр етті. Мен Қостанайға келіп, осында ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын және “Заречное” тәжірибе-үлгі шаруашылығын басқардым. Бір жиында Нұрсұлтан Әбішұлы: “Өз еркімен өндіріске қайта оралып, оны өркендетіп жіберген жалғыз министр Двуреченский ғана. Ал сендерге тек шенеуніктік қызмет тарата беру керек” депті. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевпен жыл сайын ол Қостанайға келгенде кездесеміз. Ол мен авторы болып саналатын құрғақшылықта да өнім беретін агротехнологияны, оның өндіріске енгізілу барысын сұрайды. Уақыттың аздығына қарамай, ауыл шаруашылығын дамытудың жолдары жөнінде пікірлесіп қаламыз. Нұрсұлтан Әбішұлы осындай биік лауазым иесі бола тұра адам­гершілікті пір тұтатын адам. Жайқалған егінді аралап жүріп, еркін сөйлесеміз, өзіне тән жарасымды әзілдерін айтып, рахаттана күліп аламыз. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ана тілінде ақынжанды адам екенін білемін, ал орыс тілінде өте шешен сөйлейтіні мені таңғалдырып қана қоймай, табындырады. Бұрынғы уақытты айтпағанда, қазіргі ТМД елдері бас­шыларының ешқайсысы орыс тілінде Нұр­сұлтандай шешендікті көрсете алған емес. Жеке кездескенде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы айтқан әзіл-қалжыңнан сондай сер­піліп қаламын. Бірақ жұрт алдына шық­қанда, үлкен жиындарда Прези­дентіміздің бір ауыз артық сөйлегенін, сүрінгенін көрген емеспін. Мұндай қасиет тек біртуар тұлғаларда ғана кездессе керек. Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған ішкі, сыртқы саясатын дүние жүзі мойындап отыр. Аз ғана жылдың ішінде Қазақстан қарыштап дамыды. Еліміздің халықаралық ұйымды басқарып отырғаны, әлемге танылғаны Президентіміздің беделінің арқасы екенін мен де қадап айтқым келеді. Нұрсұлтан жүргізіп отырған ұлт саясатына еріксіз басымды иемін. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақтарды, қазақтар оларды сыйлап тұрады. Қазақстандағы ұлттар татулығы өзге елдердегіге қарағанда шы­найы көрінеді маған. Соның арқасында елде бірлік бар. Менің ұлтым орыс, Ресейге кетіп қалатын талай мүмкіндік болды. Әлгі студенттік шақтағы досым Егор Строев Орел облысының губернато­ры болып тұрғанда өзіне орынбасарлыққа да шақырды. Бірақ Қазақстаннан кеткен жоқпын, маған Нұрсұлтан Әбішұлындай тұлғамен қызмет істеуім, кездесулерім өмірімді мәнді ете түсті. Өзімен достық, жылы қарым-қатынасым мерейімді өсірсе, оның халқы – қазақтар маған да, менің балаларыма да жақын туыстай болып кеткен. Менің тамырым қазақ жеріне байланған, Қазақстанның тілегін тілеймін. Елде тыныштық болсын. Президентті бүкіл қазақстандықтар мақтаныш тұтады, ал онымен қызметтес, пікірлес, сапарлас болған менің мақтанышым еселеніп кеткендей. Валентин ДВУРЕЧЕНСКИЙ,Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры. ҚОСТАНАЙ.