21 000 000 000
Бұл – Маңғыстау облысында осы жылы білім беру саласына бөлінген қаржы мөлшеріОсы сала қызметкерлері болса мол қаражаттың биік белестерге жеткізгендігін көрсете білді. Жоғарыда айтқанымызға айқын дәлел бар. Олай дейтініміз – облыстық білім беру саласы ҰБТ қорытындысына сәйкес осыдан төрт жыл бұрын республика бойынша соңғы орындардың бірінде қалып қойған еді. Ал соңғы үш жылда шырқай көтеріліп, әуелі алтыншы, содан кейін төртінші, ал осы жылы бірінші орынға табан тіреді. Төрт жыл бұрын “Алтын белгі” иелерінің саны 13 болса, биыл 54-ке жетті.
Ұстаздар мен оқушыларды арнайы қабылдаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев “Алтын белгі” иелерінің барлығына ноутбук сыйға тартып, “Ең үздік мектеп” номинациясы бойынша белгіленген әрқайсысы 1 млн. теңгелік жүлдені Ақтау және Бейнеу экономикалық лицейлерінің өкілдеріне салтанатты түрде тапсырды.
Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.
8 500 000 000
теңге өңірді алдағы жылыту маусымына дайындауға бөлініп отыр
Жетісу халқы өткен қыстың қаталдығына сыр бермеді. Өйткені, өңірдегі коммуналдық сала мамандары өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар отыннан таршылық көрмесе, жылу жүйесінде ақау кездеспеді.
Жаз бойы алдағы қысқа дайындықтарын бастайтын коммуналдық сала мамандары барлық жылыту қазандықтарын жөндеуден өткізуді қолға алып, жөндеу жұмыстарын жүйелі бастап кетті. Алдағы жылыту маусымына бюджеттен 8,5 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржының 5,5 млрд. теңгесі “Жол картасы” бағдарламасынан, 3,0 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды. Сондай-ақ, “Талдықорғанжылусервис” мемлекеттік кәсіпорны 477,0 млн. теңгеге қажетті көмір алатын болды.
Осылайша көп қабатты үйлерді қысқа дайындау, жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
2 500 000 000
теңге қаржы ауыз суға жұмсалды
“Ауыз су” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Сарыкөл ауданына 175 шақырым су құбыры жүргізілмек. Бүгінге дейін оның жартысынан астамы төселіп, ауданның елді мекендері өмір нәрімен қамтамасыз етілді.
Аудан тұрғындары осы кезге дейін ауыз суды қып-қызыл ақшаға сатып алып ішті. Ақшасымен қатар, оны алыстан тасудың өзі ауылдағыларға ауыз судың азабын еселеп жіберетін. Осыдан жарты ғасыр бұрын Есіл өзенінен ауданға тартылған су құбырының мерзімі әлдеқашан өтіп, тозып кеткен. Мемлекет бөлген орасан мол қаржы бір ауданды ғана ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалуда. Үш жыл бойы мамандар мен жұмысшылар өнімді жаңа техникалардың арқасында құбырлар желісін әр ауылға жақындатып келеді. Ал аңқасы кеуіп отырған ауыл су құбыры жеткенде өзгеріп сала береді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.