Экспорттық әлеует сақталады
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев жұмыс бабымен Ақмола облысының Бурабай ауданында болды.
Министр әуелі “Бурабай-2007” ЖШС-нің егістік алқаптарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Биыл серіктестік 29345 гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын сепкен екен. Соның 21 мың гектары бидай. Ораққа кіріскен бір апта ішінде 3200 гектар алқаптың астығы бастырылды. Алымдылығы жоғары шетелдік жеті жатка тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуде. Канадалық “Макдональдс” фирмасының алымдылығы 12 метрлік жаткасының өнімділігі тәулігіне 240 гектар алқаптын егінін дестеге салуға мүмкіндік береді. Бұл “Енисей” комбайнының көрсеткішінен екі есеге артық. Алдын-ала деректер бойынша, “Бурабай-2007” ЖШС әр гектардан 12 центнерден өнім алуға сенімді.
Бұдан кейін министр биылғы астық орағының ерекшеліктері туралы журналистермен сұхбат өткізді. Оның айтуынша, жаз айларындағы қуаңшылыққа қарамастан, елімізде астық жеткілікті дәрежеде болады және өткен жылдардағы деңгейде астықты экспортқа шығаратын әлеуетіміз бар. Биыл еліміз бойынша жалпы көлемі 13-14 миллион тонна астық жиналады деп болжамданып отыр. Оған қоса, элеваторларда өткен жылдан қалған 6,1 миллион тонна астық тағы бар. Соны есепке алғанда, биылғы астық қоры өткен жылдардағы деңгейден кем түспейді.
Үстіміздегі жылғы ауа райының ерекшеліктері егін өсірудің озық технологиясын қолданудың артықшылықтарын анық көрсетіп берді. Қазір еліміз бойынша 11,2 миллион гектар егіс алқабы ылғал үнемдегіш технология бойынша өңделді. Бұл жалпы егіс көлемінің 67 пайызын құрайды. Алдағы уақытта мұндай алқаптардың ауқымын онан әрі көбейту қажет.
Ауыл шаруашылығы министрі астық мониторингін өткізудегі өзгерістер туралы да айтып өтті. Бұрын астық түсімі туралы ақпараттар жергілікті әкімдіктер арқылы жинақталатын. Биыл мұндай мәліметтерді статистика органдары жүргізеді. Себебі, шаруашылықтар астық түсімі жөніндегі ақпараттарды дәл бермей, көбіне кемітіп көрсетіп жататын. Биылғы жаңа ережеге сай, жалған ақпарат берген шаруашылықтар заң шеңберінде жауапкершілікке тартылып, алдағы жылы алатын субсидиядан қағылмақшы.
Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ, астық экспорты мен биылғы астықтың бағасына да тоқталып өтті. Биыл күзде әлем елдерінде жалпы көлемі 645 миллион тонна астық жиналады деп күтіліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 миллион тоннаға кем. Ресейдегі және бірқатар ТМД елдеріндегі егіннің күйіп кетуіне орай, Қазақстан астығын іргелес елдерге шығару мүмкіндігі туып отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биыл алдын-ала жасалған келісім бойынша Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға 4 миллион тонна, Қап тауы елдеріне 2 миллион тонна астық шығарылады. Қалған астықты негізінен іргелес достастық елдеріне шығаратын боламыз. Әлем рыногында астық бағасы уақыт өткен сайын көтеріліп келеді. Бұның өзі диқан қауым үшін тиімді екендігі белгілі және бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет.
Ақылбек Күрішбаев еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де жан-жақты тоқталып өтті. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы биыл шаруалардан 1,5 миллион тонна астық сатып алмақшы. Оған қоса, өткен жылдан қалған 2 миллион тонна астық бар. Бұл еліміздің ішкі рыногын астықпен толық қамтамасыз етіп, оның бағасының тұрақтылығын сақтауға ықпалын тигізеді.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.