Саясат саңлақтары
Берген ифтары сауаптан болсын
Қасиетті Рамазан айының оразасын ұстау мұсылман үшін парыз. Ораза – мұсылман үшін барлық істе сабыр танытатын үлкен мектеп. Бұл айда мұсылмандар таңнан кешке дейін тамақтан ғана тартынбайды, оғаш іс-әрекеттердің, жаман ой-пиғылдың бәрінен тартынып, өзінің бойын тазартады. Бұл айда ораза ұстаған хақ мұсылманның жүзінен нұр тамып, жан-дүниесі жарқырап тұрғанын байқауға болады.
Мұсылмандар Рамазанды өзінен басқа он бір айдың сұлтаны, қасиетті ай деп есептейді. Адамзатты түзу жолға бастайтын шамшырағы – қасиетті Құран Кәрім де Алладан осы айда түсірілген.
Бүгінгі күні көптеген әлемдік державалардың лидерлері де Рамазанның қасиетіне бойлап, мұсылмандардың сенімін сыйлап, ифтар дастарқанын жаюда. Соның ең басында Америка Құрама Штаттарының бүгінгі президенті Барак Обама тұр. Оның былтырдан бері Ақ үйде ифтар дастарқанын жаюы – әлемдік ой-санадағы Ислам туралы кереғар пікірлердің бәрін серпіп тастағандай болды. Әлемдегі бір жарым млрд. мұсылман осы ісі үшін Б.Обамаға алғысын айтып, Алладан оның саулығын тілеп, ісіне сәттілік білдіруде.
Қасиеті мен қадірін білместен Ислам туралы өте ұшқары пікірлер айтып, адамзатты оған қарсы қоюға тырыспақ болған да америкалық президенттерді білетін едік. Бірақ солардың бірі де бүгінгі күні жақсылықпен ауызға алынбайды. Ал кезінде, осыдан 200 жылдан артық бұрын, Рамазан айында қабылдауына келген мұсылман елі Тунистің елшісіне күн батып бара жатқанын ескеріп, Ақ үйдегі алғашқы ифтар дастарқанын жайғызған президент Томас Джефферсонның есімін Америка халқы күні бүгінге дейін құрметпен еске алады. Оның Вирджинияда: “Барлық адамдарға дін ісінде өздерінің көзқарастарында қалуына азаттық беріледі” деп конституцияға енгізген алғашқы түзетуін адамзат жоғары бағалаған. Иншалла, Барак Обаманың есімі де елінің ғана емес, ғасырлар бойы адамзаттың аузында құрметпен аталатын шығар. Өйткені ол “бүгінгі жарқылдаған өмірді” ғана емес, ертеңгі күнді де ескеріп тұрған президенттердің бірі болып отыр.
Ақ үйде мұсылмандарға арналған ифтар қасиетті Рамазанның үшінші күні, яғни 13 тамыз күні берілді. Оған дипломатиялық корпус өкілдері, Ақ үй әкімшілігі мен Конгрестің мүшелері қатысты. Соның ішінде Конгрестегі екі мұсылманның бірі – Андре Карсон да қатысқан еді, Барак Обама оның атын атап тұрып, арнайы құттықтады. Бұл да, президенттің ұнатпай қала ма деп, басқа жұртқа жалтақтауды білмейтін, ой-өрісі мен ақыл-ойы азат адам екендігін көрсетті.
Біз, деді өзінің сөзінде Б.Обама Ақ үйде рождестволық қабылдау, седера мен Дивалиді мерекелейтіндігіміз сияқты ифтар беруді де дәстүрге енгіземіз. Бұл істер біздің бәріміз де бір Құдайдың баласы екендігімізді білдіреді және біз оған деген сенімнен күш пен ақыл аламыз.
Әрине, әлем аузына қараған саясаткер, дүниежүзілік лидер болған соң ол үлкен саясаттың сара жолынан ауытқымай сөйлеуге тырысты. Соның ішінде Америкада діннің қаулап өсуі америкалықтардың сенім бостандығына іс жүзінде қол жеткізгендігінің арқасында болғанын атап өтті. Америкалықтар біздің елімізді құрған ата-бабаларымыздың дана істерінің арқасында ақырында дінге тереңнен сенетін ел болып қалыптасты және барлық діндер өзара сыйластықтың нәтижесінде тату-тәтті өмір сүруде, деді ол.
Соңғы кездері әлемдік қауымдастықтың назарында болып жүрген оқиға - Нью-Йоркте 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі шабуылдан қираған үйлердің жанындағы орынға мешіт салу ісін де Президент айналып өтпеді. Әрине, 11 қыркүйек біздің елімізге ауыр жарақат салды. Туыстары мен жақындарын жоғалтқан адамдар қан жұтып, қайғы шегіп қалды. Сондықтан да мен мешіт салу ісіне таласып жатқан адамдардың эмоциясын жақсы түсінемін.
Бірақ азамат ретінде және президент ретінде мен біздің еліміздің басқа да тұрғындары сияқты мұсылмандардың да өздерінің діндеріне сену құқы бар екенін мәлімдеймін. Бұл олардың құдайға құлшылық ететін орындарын салу құқын да ешкім шектей алмайды деген сөз. Сондықтан жеке меншіктің иелігінде болып табылатын Төменгі Манхэттендегі учаскеге олардың жергілікті заңдар мен нормативтердің шегінде мешіт құрылысын салу құқы бар, деді президент.
Айта кететін жәйт, Нью-Йорктегі осы жер Фейзал Абдол Рауф есімді имамдікі болатын. Осында құрамына мешіт те енетін Ислам мәдениет орталығын салу идеясын қозғаған осы кісі болатын. Осы күнге дейін ол көптеген қарсылықтарға қарамастан жергілікті биліктің келісімін алған, енді Америка президенті де бұл идеяны қолдап отыр.
11 қыркүйекте бізге шабуыл жасаған жауларымыз діни сенім бостандығын танығысы келмейтіндер. “Әл-Каиданы” айдап салған ислам емес, исламды өрескел бұзушылар. Сондықтан бізге қарсы тұрған жауларымыз – дін басшылары емес, ешқандай кінәсі жоқ адамдарды, соның ішінде балалар мен әйелдерді қырғысы келетін терроршылар. “Әл-Каида” өлтірген адамдардың арасында мұсылмандар өзге дін өкілдеріне қарағанда көп екенін ұмытпайық. Соның ішінде 11 қыркүйектегі қырғын да бар. Міне, біздің жауымыз осы өздерінікінен басқа дүниені мойындағысы келмейтін терроршылар. Біз оларға қарсы соғысамыз. Және бұл істе бізге қаруымыз ғана емес, құндылықтарымыз да көмек беріп, жеңіске жеткізеді. Біздің құндылықтарымыз біз қорғайтын демократия, біз бағалап, қадірлейтін бостандық, біздің ешкімнің нәсілі мен діни сеніміне, мүліктік жағдайына қарамай, бәрін тең көретін заңдарымыз. Міне, осы қасиеттеріміз бізді 11 қыркүйекте шабуыл жасағандардан бөліп тұрады. Олар америкалықтардың осынау қасиеттеріне нигилизммен қарайтындар, ондайлар бізге қарсы әлі де өздерінің арам жоспарларын құруда, деді Барак Обама.
Одан әрі президент өзін ұлықтау кешінде сөйлеген сөзін еске алды. Мен онда Американың алуан түрлі екендігін айтқан едім, осының өзі біздің күшіміз, әрі біздің осал жеріміз деген болатынмын. Біз христиандар мен мұсылмандардың, иудейлер мен индустардың және ешқандай дінге сенбейтіндердің еліміз. Біздің қоғамды құруға ғаламшардың барлық түкпірінен келген тілдер мен мәдениеттер өздерінің үлестерін қосты. Әрине, алуантүрлілік қызу айтыстарды да тудырмай қалған жоқ. Елімізде синагогалар мен католик шіркеулерін салу жөніндегі айтыстардың өткеніне де көп бола қойған жоқ. Бірақ америкалықтар бірте-бірте мұндай таластарды еңсерді, қазір де солай болатынына мен сенімдімін.
Басқа діннің өкілдері сияқты мұсылмандар да жақсы тұрмыс құрамыз деп бізге ғасырлар бойы келе бастаған. Олардың арасынан жақсы фермерлер мен коммерсанттар шықты, олар зауыттар мен фабрикаларда да еңбек етті, темір жолдар салуға қатысты. Бір сөзбен айтқанда, олар да Американы тұрғызуға көмектесті. 1890 жылы Нью-Йоркте олар ең алғашқы ислам орталығын ашты. Солтүстік Дакотада бірінші мешіттерін салды. Ал Америкадағы ең алғашқы мешіт Айова штатындағы Сидар-Рапидс қаласында болса керек, ол әлі күнге қолданылады, дей келіп президент мұсылмандардың бүгінгі күнгі еңбектерін атап өтті. Олар өмірдің барлық саласында табыстарға жете отырып, біздің еліміздің нығаюына өздерінің үлесін қосуда. Бүгінгі күні Американың барлық 50 штатында да мұсылман орталықтары мен мешіттері бар. Америкалық мұсылмандардың дінбасылары терроризм мен экстремизмді айыптап, халықты оларға қарсы күресуге шақыруда, деді ол.
Барак Обама мұсылмандардың әскер қатарында да көптеп қызмет ететінін айтты. Алдымыздағы аптада Пентагонда да ифтар берілетін болады. Сонда Иракта қаза болған үш мұсылман солдаттың рухына құрмет көрсетілмек.
Сөзінің соңында президент америкалықтардың бәрі бір Құдайға бағынған біртекті ұлт болып қала беретінін айта келіп, мұсылмандарды Рамазанмен құттықтады.
Айта кететін жәйт, Рамазан айында мұсылмандарға Ақ үйде ифтар беру кіші Дж.Буштың кезінде де болған. Бірақ оспадарлау саясатының кесірінен бір жағынан Ирак пен Ауғанстанда мұсылмандарды қырып жатып берілген ифтарды мұсылман әлемі жылы қабылдамағаны анық. Ал Барак Обаманың жөні бір басқа. Ол өзінің сайлауалды сөздерінде де Ирактан Америка әскерлерін шығаратынын мәлімдеген еді, қазір соған қол жеткізді. Еуропаға америкалық зымырандарды орналастырудан да бас тартты. Оны әлем қауымдастығы жоғары бағалап, Нобель сыйлығын алды. Енді 2011 жылдың жазында Ауғанстаннан да Америка әскерлерін шығарамын деп отыр. Осы және басқа да әрекеттері Б.Обаманың адамгершіл, ізгілікті қасиеттерін көрсетеді. Әрбір бесінші америкалық Обаманы мұсылман деп есептейді. Әкесінің мұсылман болғаны рас, бірақ ол шешесімен Обаманың кішірек кезінде ажырасып кеткен. Ал Индонезияда өгей әкесінің қолында тұрғанда оған мұсылман құндылықтары егілген деген сөздердің жаны бар сияқты. Бірақ Ақ үй Барак Обаманың христиан дінін тұтынатынын жариялады. Кім болса да ол “адамзатты сүйетін” әрекеттер жасауда. Осының өзі оның мұсылман әлемі алдындағы беделін арттыра түсуде және оның өнегелі ісі өрісін тауып, басқа да көптеген елдердің басшылары да өз мұсылмандарына құрмет көрсетуде.
Жақсыбай САМРАТ.